8 мамырдағы мәлімет бойынша, әлемде кемінде 3,8 миллион адам COVID-19 вирусын жұқтырып, 270 мың адам көз жұмған.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон "елде індеттен 30 мың адам қайтыс болды, құрбандар санынан АҚШ-тан кейін екінші орында тұрмыз" деп мәлімдеді. Алайда ол вирус жұқтырған жаңа оқиғалар тіркелмесе, келесі аптадан бастап карантин шараларын жеңілдетуге кірісетінін жеткізді.
АҚШ-та коронавирус жұқтырғандардың саны 1,2 миллион адамға жетті. 73 мыңы көз жұмды. Ел президенті Дональд Трамп пандемияны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Перл-Харборға шабуылдан да, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактіден де "сорақы шабуыл" болды деп атады.
Трамп пандемияның таралуына Қытайды тағы айыптады. Ол Бейжің вирустың кең таралуына жол бермеуі тиіс еді деді. Қазір Құрама Штаттардың тең жартысы карантин шараларын жеңілдетуді талап етіп жатыр.
Қытай үкіметі елінде вирустың кең таралу қауіпі төмендегенін мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, соңғы үш аптада Қытайда COVID-19 вирусынан қаза болғандар тіркелмеген. Бірақ сарапшылар Қытай шын мәліметті жасырып отыруы мүмкін деген күдігін жасырмайды.
Abai.kz