«Сенің дінің өзіңе, менің дінім өзіме»
...Телефонмен сөйлесіп жатқанымда «Иншалла», «Алла қаласа» деген сөздерді көп қолдансам керек, тұтқаның арғы жағындағы Р.Безертинов бірден «Сен исламшылсың ба? Аллаға сенесің бе?» деген мазмұндағы бірнеше сұрақты қойып үлгерді. Ол сұрақтарға жауап беріп, «ақталып» отыратын уақыт жоқ. Роумингтің ақшасы ұрып барады. Содан «Аға, бұйыртса, жақында барамыз. Сол кезде сөйлесейік», дедім. Қасымда отырған белгілі саясатшы Рашид (Рашид Нутушев) ағаға айтып едім, «əлі баяғы ұстанымында екен-ғой», деп күлді.
...Ұзақ түндерді таңға жалғап саяси сараптама жасайтын Рахаң 90-шы жылдардың бас кезіндегі іргесі шытынай бастаған одақтас елдердегі «Халық майдандары» туралы сөз қозғағанда Рафаел Безертинов туралы да айтатын. Сондықтан да ол кісінің саяси ұстанымы, діни көзқарасы туралы біраз ақпаратқа қанық едік.
...Белгілі сыншы-ғалым Құлекеңмен (Құлбек Ергөбек) Чебоксардан шығып, Қазан шаһарына да жеттік. Келіскеніміздей Рафаел мырза күтіп алды. «Қонақүй сіздерге жайсыз болады, одан да үйге жүріңіздер» деп, Қазанның сыртындағы үйіне алып кетті. Қонақ етті. Сол төңіректе салынып жатқан аспан астындағы ашық этно-музейді аралатты. Содан бізді бір үлкен төбенің басына алып барды. Сол төбеге өз қаражатына үлкен тас орнатыпты. Айтуынша, бұл үлкен тас – тәңіршілдіктің ұстыны. Осында келіп, өзі діни жөн-жоралғысын жасайды екен. Біздің көзімізше тасты айналып, діни ритуалын қалай жасайтынын көрсетті. Құлшылық дейтін құлшылық та емес, менің көз алдыма шаманның бейнесі елестеді.
...Сөз арасында ол кісі бұл жерде жылда жазда лагерь ұйымдастырлатынын, оған түркі халықтарынан біраз «белсенділер» келіп қатысатынын айтты (Қазақстаннан да біз білетін 2-3 екі адамның аты-жөнін айтты).
...Содан күнде қызу пікір талас. Түркілер тарихы, түркішілдік негіздері, өркениеттер қақтығысы, мәдениеттер тоғысы, бүгінгі түркітану мәселелері т.с.с. Әңгіме ауаны түркілердің сеніміне қарай ойысатын кезде Құлекең әңгімеден «түсіп» қалады. Тәңіршіл мен исламшылдың тартысы қызық болмаса керек. Біз «қырқысып» жатқанда Құлекеңнің көзі ілініп кетеді. Оянып кетіп: «Ей, сендер әлі отырсыңдар-ғой» дейді. Былай шыға бере маған ағам «Қоя салсайшы» дейді. Қайдағы қойған?! «Дешті қыпшақ даласында ислами әдебиеттің тууы және қалыптасуы» тақырыбында жазылған ғылыми жұмысымызды қайта қорғап жатқандай, қызыл кеңірдек боламыз-ғой.
...Содан бесінші күні қонақүйге шықтық. Тәңіршіл мен исламшылдың пікір таласы саябырсығандай болды. Обалы не керек, Р.Безертинов мырза бізді өз үйінде құдайындай күтті. Екі апта бойына жасаған қызметіне алғысымызды айттық. Соңында Рафаел мырзамен «Пікір таластарда артық кетсем, кешірім сұраймын. Сіз өз сеніміңізде, біз өз дінімізде қалайық», деп қоштастық.
ТҮРКІШІЛДІКТЕН ТӘҢІРШІЛДІККЕ
Тәңіршілдікті уағыздап жүрген Рафаел Безертинов мырзаны түсінуге болады. Оған екі негіз бар: өскен ортасы мен өз ұлтына деген жанашырлығы. Кеңес одағы тарардың алдында оянған кейбір түркі халықтарында «Халық майдандары» құрылып, азаттық, егемендік ұрандарымен қатар, ұлтшылдық, түркішілдік мәселелері қайта көтерілген уақытта ол кісі Әзербайжанда болған. Себебі сонда туылған. «Халық майданы» жеңіске жетіп, марқұм Елчібей билікке қол жеткізенде Татарстанға қоныс аударған. Қай түркішілдікті ұстанамыз? Тәңіршілдіктегі ме, әлде ислами сенімдегі ме? Бұл сұрақ түркішілдерді қашанда мазалағаны белгілі (Мен білетін саясаттағы түркішіл рухтағы екі ағайындыны да айырған осы ұстанымдар болатын).
Рафаел мырза өскен Әзербайжанда мұсылмандар екі үлкен тармаққа бөлінеді: сүннидтер мен шейіттер (шиғалар) (Ирандағы әзербайжандардың негізгі бөлігі шейіттер). Сырт көзге бәрі мұсылман болып көрінгенімен де, діни танымы мен көзқарастарында айырмашылық бар. Ал, Рафаел мырзаның өз ұлтының, яғни татар бауырларымыздың жайы тіптен бөлек. Мұсылмандар және христиандар. Түркішілдік – түркілердің рухани тұтастығы емес пе? Онда сүннид және шейіт болып екіге бөлінген әзербайжандар мен мұсылман һәм христиан болып екіге айырылған татарларды қандай сеніммен біріктіруге болады? Содан ислам да емес, христиан да емес, осы екі дінге дейінгі тәңіршілдік келіп шыққан. Сондықтан да Р.Безертиновтің тәңіршілдіктегі түркішілдікке қарай бет бұруының астары осында деп пайымдауға болады.
Р.Безертинов – өз консепциясын тәңіршілдік платформасымен толықтай байлаған адам. Өзі айтқанына өзі сенеді. Тәңіршілдікті біздегі кейбір тәңіршілдікті бетперде қылған дінсіздерге ұқсап, ерекшелену үшін, яғни «поза» ұстау үшін айтпайды. Өзі тұрғызған үлкен тасқа өзінше тәуап етеді, білгенінше шамандық ритуалдарын жасайды. Түркітанушы-миссионерлердің еңбектері негізінде кітаптар жазады. Оқулықтар құрастырады. Сондықтан да пайғамбары жоқ тәңіршілдіктің бүгінде ол кісі «ялауашы» (парсыша пайғамбары, арабша расулы) рөлін атқаруда десек те болады.
Осыдан оншақты жыл бұрынғы оқиғаны еске алып, Р.Безертиновтің сенімін сөз қылуымызға себеп, кейінгі кездері осы кісінің кітаптарындағы идеялармен қаруланған бауырларымның көбейе түсуі болатын.
ТӘҢІРШІЛДІКТІҢ АРТЫНА ЖАСЫРЫНҒАН ДІНСІЗДЕР
Ал, біздегі бүгінгі тәңіршілдердің жөні тіптен бөлек. Тәңіршілдікті кеңінен насихаттап жүрген біздің «оқығандардың» басым бөлігі өз айтқандарына өздері толық сене қоймайды. Сенімдерін шыңдап отыру үшін, өз иланымдарындағы құлшылықтың жөн-жоралғысын да жасамайды. Тек қана жазады. Онда да өз сенімдерін негіздеп, ғылыми еңбек жазбайды, тек қана айтады. Айтқанда да, көпшілігі ғылыми ортада емес, әлеуметтік желілерде жасырын, бүркеншік атпен «сүйкейді». Біразы аты-жөндерін ашып жазбайды. Ашып жазса, «пәленшенің баласы кәпір» екен деген сөзден аяқ тартады. Ертең өлсем жаназам шығарылмай, ислами жөн-жоралғысыз жерленуім мүмкін деп шошиды. Себебі ұстанған бағыттарының түбі шикі екенін өздері де біледі. Содан әлеуметтік желіде бірнеше парақша ашып алып, дін туралы жазғандарды «аңдиды». Басқа дінді ұстанатын өзге ұлттарды емес, өзінің мұсылман қазақ бауырларының намысына тиіп, имани сенімін аяқасты еткісі келеді. "Бас тәңіршінің" Исламды қаралап жазғанына өз сенімін қорғаштап бір мұсылман жауап жазса, бірнеше парақшаларды «ойнатып» отырған фейк авторлар шиебөрідей жабылып, табалайды. Дәлел-дәйексіз, көбінесе сөзді ойнатады. Өкінішке орай, біздегі тәңіршілдердің кейпі осындай бүгінде.
Тәңіршілміз дегені бер жағы, шын мәнісінде көпшілігі сол сенімнің артына жасырынған дінсіздер, ғылыми тілде айтсақ, атеистер, мұсылманша атасақ, кәпірлер. Олай деуімізге себеп, сол «жазғыштардың» өзі тәңірлік сенім бойынша да құлшылық қылып жарытпайды. Немесе жүрегінде Жаратушыға деген титімдей иманы бар адамның басқа дінді ұстанушының сеніміне, оның ар-ұжданына тиісудің күнә екендігін білсе керек-ті.
"ӨЗГЕШЕ" ТАҚЫРЫП
Исламға дейінгі сенімді «армандау» бізде ғана емес. Бұл үрдіс, тіпті, діні мен дәстүрі сабақтасқан елдердің өздерінде де кейде бой көрсетіп жатады. Бірақ оларда көпшілік ұстанатын ресми дінге қатты шүйлікпейді, төзімділік танытады. Бізде анайылық басым. Анайылық емес, жабайылық. Миллиондар ұстанатын Исламға тіл тигізгені соншалық, бір кездері Алланың дініне қарсы кітап жазып, әлемді шулатқан ағылшын шпионы Салман Рушди далада қалды. Исламға шүйліккендердің әдісі белгілі, қашанда. Қасиетті Құраннан кемшілік іздеу, пайғамбардың тұла бойынан пендешіліктің іздерін табу және т.б. Бұл Исламның алғашқы жылынан жалғасып келе жатқан айла. Біздегі «сыншылар» да осы әдіске жүгінуде. Ондағы мақсат не? Осы уақытқа дейін қазақ даналарының бәрі қастерлеген Құранды мансұқтап, ардақтаған пайғамбарына тіл тигізіп, аяқастынан «ақылды болудың» астарында не пиғыл жатыр? Мұсылман бауырыңның шамына тию ме? Әлде жұрттың бәрі Исламды айтып жатқан соң, жұрттан өзгешеленіп «өзгеше» тақырыпты қаузау ма? Ғылым-білімнің тұралап қалуына Ислам кінәлі болса, онда тәңіршілдікті ұстанып, бүгінде өркениеттің шыңына жетіп отырған бір елді көрсеткені абзал болар еді. Біз білетін шамандық немесе тәңірлік дінді ұстанатын бүгінгі түркі халықтарының басым бөлігі өркениет тұрмақ, ұлт ретінде жойылып кету қаупінің алдында тұрғаны ақиқат. Кейбір түркі халықтары секілді (Әзербайжандар секілді екі үлкен ағымға, татарлар сияқты екі дінге) бірнеше діндерге бөлінбестен, осы уақытқа дейін бір имани сенімде болып келген қазақтың арасында тәңіршілдікті немесе дінсіздікті насихаттағанда кім ұтады?
ЖАЛАҢ ПІКІР
Жалпы, бізде Исламға дейін түркілердің бәрі тәңірлік дінін ұстанып, тұтастай бір сенімде болған деген жалаң пікір қалыптасқан. Егер түркілердің бәрі өз сенімдеріне берік болса, онда Исламға дейін-ақ христиандық, буддалық, манихейлік діндердің киелі мәтіндерін арғы бабаларымыздың көне түркіге аударуында не қажеттілік туындады екен? Манихейлік дінін насихаттайтын «Хуастуанифт», Христианның неостариан ағымын үгіттейтін «Абыздардың құлшылығы», Буддалық мәндегі «Алтын Жарық», «Майтри симит ном бітік» жазба жәдігерлері түркітануда көп зерделенген. Зерттеушілер кейбір түркі тайпаларының осы діндердің иланушысы болғанын алға тартқан. Яғни, киелі кітабы һәм пайғамбары жоқ тәңіршілдік сол замандағы діндермен бәскеге түсе алмаған. Сондықтан да Исламға дейін-ақ түркі тайпаларының кейбірі тәңіршілдікке «қиянат» жасаған еді. Түркілердің басым бөлігі бертін келе шынайы имани сенімді Исламнан тапты. Ислам өркениетін жасаушылардың бірі болды. Ортағасырлық Ислам тарихы, шын мəнісінде, мұсылман түркілер тарихы екені белгілі.
Исламды қабылдаған түркі халықтары үшін, тәңіршілдік – өтіп кеткен кезең. Яғни, тәңіршілдік түркілердің балаң кезеңі болса, Ислам - кемелдену кезеңі. Сондықтан да бүгінгі қоғамда тәңіршілдікті дін ретінде насихаттаудың қажеттілігі де шамалы.
ДІНСІЗДЕРДІҢ ШЫҒУЫНА КІМ КІНӘЛІ?
«Маңдайларына мұсылман болу бақыты бұйырмаған» деп қысқа жауап беруге де болады. Анығы сіз бен біз кінәліміз. Мың жылдан артық ата-бабамыз ұстанып келген дінді дұрыс насихаттай алмадық. Өзіміз шынайы иланушының үлгісі бола алмадық. Қазақтың даласына мұсылманшылықтың келгеніне мың жылдан асса да, таза Ислам кешегі тәуелсіздіктен кейін келгендей, қазақы танымға, салт-дәстүрге тиісуден бастадық. Қоғамды ширк пен бидғат "жайлады". Мың жылдық дін мен дәстүрдің сабақтастығын жоққа шығардық. Басқасын былай қойғанда, отбасылық ғұрыптарды реформалай бастадық. Содан келіннің салған сәлемі алғыс емес, қарғыс болды. Тіпті тілді реформалап, Алланы – Аллаһ, адалды – хәләл деп «түзедік». Иманды жүректен емес, сыртқы бейнеден іздедік. Жүзіміздегі артық түкті қырмастан, қараға бүркендік. Хақ діннің ақиқатын емес, арабтың дәстүрін үйреніп келген ділмарлар «ширк пен бидғат» хақында уағыз айтқанда, жергілікті мешіт имамдары далада қалды. Хақтың сырларын айтады-ау деген бауырларымыз ижазасы болмағандықтан да сопылық тариқаттарды мидай араластырды. Сырттан қадири болып келіп, қоғамда яссауи болып көрінуге тырыстық. Содан қазақ даласындағы дәстүрлі тариқаттардың арасына сына қағумен болдық. Дәстүрлі ишандық һәм ахундық мектептері әдірем қалды. Кейбіріміз шеттен дұрыс дінді үйреніп келгенімізбен де, өзімізді либерал ретінде көрсетуге тырысып бақтық. Ең сорақысы, алғашында Исламды насихаттап кітап жазғанымызбен де, бертін келе Батыс өркениетінің алдында ислами құндылықтарды құбыжық ретінде көрсете бастадық. Қажылыққа барып, иманын күшейтіп келген зиялылардың имани қуаты екі-үш-ақ жылға жетті. Қасиетті жердегі қара тасты сүйіп, имамның артында сапқа тұрғанымызбен де, қайтып келіп мұнапықтың рөлін сомдадық. Соңғы жиырма жылдағы бет-пердеміз осы болды. Содан сырт көзге арабқұлдар болып көріндік. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы дінге деген махаббат суый бастады. Жұрттың басы қатты. Екі топтың айырмашылығын саралаймын деп жүріп, діни білімі болмағандықтан да, діннің «кемшіліктерін» көре бастады. Жалаң ұлтшылдыққа ұрынды. Содан Абай ұстанған дінге сыни көзқарас қалыптасты. Кейбірі тәңіршілдікті насихаттайтын еңбектерден іздегенін тапса, көпшілігі солардың айтқанын жөн көріп, арттарынан ерді.
ИСЛАМ – ПЕССИМИСТЕРДІҢ ЕМЕС, ОПТИМИСТЕРДІҢ ДІНІ
Оның үстіне соңғы кездері тым қияметшіл болып барамыз. Ақыр заманның үлкен һәм кіші белгілерін жиі санамалап жүрміз. Хазірет Мәдінің әскері болғымыз келеді, Тажалдың қалай шығатынын, Йәжүж-Мәжүж қауымын көрсек дейміз. Осындай үреймен сенімімізді күшейткіміз келеді. Сын сағатының таяп қалғанын қайта-қайта еске салуды өзімізге міндет қылып алғандаймыз. Дұрыс. Қияметке иланамыз, оның үлкен һәм кіші белгілеріне де сеніміміз кәміл. Ол ауамның (яғни, көпшіліктің) емес, хастардың (шынайы ғалымдардың) тақырыбы. Әрісі Жаратқанның құзырындағы дүние. Оның үстіне жүрекке иман үреймен емес, махаббатпен кіргені абзал. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, Ол Алланы жаннан тәтті» деп Абай босқа айтпаса керекті. Діннің негізі, азап пен үрейде емес, махаббат пен ғашықтықта. Ортағасырлық жарандардың айтпағы да осы болған. Содан «Жүрегің – Аллада, қолың – еңбекте» болсын деген түсінік қалыптасқан. Немесе «Мәңгі өлмейтіндей еңбек қыл, ертең өлетіндей құлшылық қыл!».
-Ислам надандықтың емес, ғылым-білімнің діні. Санада тозақтың азабы емес, жүректе Алланың махаббаты орын тепкені абзал. Дінді арабтың дәстүрімен емес, қазақтың бай рухани мұрасымен байланыстыра отырып насихаттау жағы жетіспейді бізге. Елімізде соңғы он-он бес жылда пайда болған уахаббист-сәләфилер тарапынан туындаған мәселелерге қарап, мың жылдық дәстүрлі дінімізден бас тарта алмаймыз. Терроризммен күрес - Исламмен күрес емес. Біз - діні мен дәстүрі сабақтасқан мұсылманбыз.
ҚОРЫТЫНДЫ ОРНЫНА
Атеистердің заманы кешегі Қызыл империямен кетті деп ойлайтын едік. Кеңестер Одағында дінсіздік қоғамды орнатқан орыстар деп түсінетін едік. Егеменді елімізде енді тұтас иманды қоғам орнайды деп сеніппіз. Жоқ. Олай емес екен. Дәстүрлі дініңен жеріну үшін біреуге бодан болуың шарт емес екен. Жалаң ұлтшылдықты жалау етіп, арандатуға бейім болсаң жеткілікті екен. Сырттан һәм іштен қолдайтындар табылады екен.
Демократиялық қоғамда толеранттылық деген ұғым бар. Яғни, біреудің дінін ұстанбасаң да, оның имани сеніміне түсіністікпен қарау. Өзің құлшылықтан рухани азық алалмасаң, ғибадаттан ләззат алатындарға бөгет жасама. Жат ағым болса бір сәрі, дәстүрлі дінді ұстанып жүрген өз бауырыңның сенімін мансұқтау – адамшылыққа да жат. Демократиялық қоғамдамыз деп, мұсылман бауырыңының имани сеніміне тіл тигізіп, аузыңа келгенді айта беру мәдениеттен емес. Оның сенімі еліміздің заңымен қорғалатынын да ұмытпаған жөн.
Төрәлі Қыдырдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz