Бұл жөнінде комитет төрағасы, президенттің одақтастарының бірі, республикашыл Линдси Грэм мәлімдеді.
Оның сөзінше, комитетте әділет министрлігінің және бұрынғы президент Барак Обама тұсындағы Ақ үй шенеуніктерінің іс-әрекеттері қаралады.
Мәселе, құпия есепте Трамптың бұрынғы кеңесшілері Картер Пейдж бен генерал Майкл Флиннің ізіне түсуі және телефон әңгімелері тыңдалғаны жайында айтылған.
Комитет сонымен бірге Роберт Мюллердің арнайы прокурор ретінде тағайындалуы қаншалықты заңға сәйкес келетінін де зерттемек деп хабарлайды "Америка дауысы".
Бірақ сенатордың айтуынша, бұл істі қайта қарау барысында бұрынғы президент Барак Обамадан жауап алынбайды.
Трамп "ресейлік тергеу" ісі басталғанда, мұны әдейі ұйымдастырып отыр деп демократтарды айыптаған.
Әділет министрлігі генерал Флиннге тағылған айыптардың алынғаны жөнінде мәлімдегеннен кейін, Трамп демократтарға, әсіресе Обаманың жеке басына қатты шүйлікті. Оның ойынша, демократтар, Обаманың жақтастары, 2016 жылы президент сайлауы кезінде өзінің позициясын әлсірету үшін "Ресеймен байланысы бар" деген мәліметті әдейі ойлап тапты деп есептейді.
Трамп твиттер парақшасына Грэм сенатқа Обаманы да шақыруы керек деп жазды. "Егер мен сенатор не конгрессмен болсам, ең бірінші, АҚШ тарихында саяси қылмыс жасаған бұрынғы президент Обаманы шақырар едім. Ол бәрін білді... Менің өтінішімді орында, Линдси Грэм", - деп жазады президент.
"Осыған дейін мені тергедіңіздер, енді сіздерді тергеу менің кезегім" - деп жазады президент твиттер парақшасына.
Abai.kz