Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 7161 20 пікір 18 Мамыр, 2020 сағат 11:32

Бұрынғы премьер-министрдің хаты...

Еліміздің 1994-97 жылдарғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин елдегі саяси-экономикалық дағдарысқа байланысты ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған екен. Dalanews.kz сайтында жарияланған осы хатты ықшамдап назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Бұрынғы шенеунік Президентке жазған хатында ел үкіметінің осыған дейін жүргізген экономикалық саясатын сынайды. Оның айтуынша, бос мақтанға құрылған экономикалық жоспар бос қиялға айналып, өз-өзімізді жұбатудан ары аса алмады.

- Кәрім Мәсімов алға тартқан «жедел дамудың кластерлері» есіңізде шығар? Содан бері он жыл уақыт өтті, осы кластерлердің біреуі де жоқ, қайда? Осы қиял 2020 жылға арналған жоспарда тағы да жазылған: «Шекарааралық өндірістік кластерлер құру мүмкіндігі үшін талдау жүргізу…». Нағыз ақымақтық деген осы шығар!

Осы жоспардың негізінде біреулер шын мәнінде қандай да бір инвестиция аламыз деп жүргеніне сену қиын. Шикізат бағасы жоғары болған жылдары шенеуніктер осындай құжаттарды желеу етіп, «әбден жеп үйренген» шетелдік инвесторларға мемлекет меншігін ұстатып жіберді.

Осыдан кейінгі жалғасқан дау-дамай, дүние-мүлікті тәркілеу және батыстағы арбитраждық сот істері – байыпты бизнес өкілдерін астаналық кабинеттерден бақыт табам деген ниеттерінен айнытты.

Ал әлемдік нарықта көптеген бос инвестиция көздері өте көп, олар капиталды қолдану аймақтарын іздейді. Бұл – қазіргі және болашақтағы кәсіпкерлердің ұрпақтарына пайда әкелетін ауқымды және ұзақ мерзімді жобалар болуы керек, - деп жазады экс-министр.

Әкежан мырза бұрынғы биліктің сәтсіз экономикалық жоспарын сынаумен қатар, жақын арада өзінің жоспарын ұсынатынын айтады.

- Қазақстанның жемқорлыққа бейім емес тобы батыстық белсенді серіктестеріне ұсынары көп. Мен таяудағы 10 жылда 85 млрд долларға дейінгі инвестициялық бағдарлама негізінде елдің бүкіл экономикасын модернизациялау жоспарын ұсынамын. Бұл тек қана инфрақұрылымды дамытуға салынатын инвестиция!

Бұл жоба елдің барлық индустриалды ландшафтын өзгертеді және жаңа өндіріс салаларына одан да көп инвестициялар тартуға жағдай жасайды.

Қазақстан қайтадан аймақтық мұнай базасы емес, «Еуразияның шеберханасына» айналуы керек.

Инвесторларға әділетсіз немесе сыбайлас жемқорлық жолмен жасалған келісімдер негізінде берілген көптеген нысандар осы трансформацияның материалдық базасына айналады. Мұндай келісімдер тоқтатылуы керек, мүліктік нысандар қазақ мемлекетінің иелігіне қайтарылады.

Ел үшін қолда бар нақты дәлелдер кез келген сот төрелігінде өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Алайда мұндай жағдай орын алмауы да мүмкін: пара беруге жүгінген корпорациялар дау тудырмай, топ-менеджерлердің алдыңғы буынының кінәсін мойындап, Қазақстанмен іскерлік қарым-қатынасты сақтайды.

Қажет болған жағдайда дау туғызатын мәмілелер тізімін қайта қарап, еліміздің Теңіз жобасына қатысуы, «МаңғыстауМұнайГазды» жекешелендіріп, қайта сату, Каспий қайраңы жобаларындағы активтердің күмәнді түрде берілуі, уран кен орындары мен сирек кездесетін қазбаларды сату, сондай-ақ «Қазақмыс» пен «Қазмырыштағы» барлық операциялар қайта қарастырылуы керек, - деп жазады.

Экс-премьердің пікірінше, бұрынғы билік тұсында және қазіргі уақытта үкіметтің жасаған кейбір келісімдерін жедел түрде тоқтату керек.

- Ақшатау кен орнындағы вольфрам-молибден кен көздерін шетелдік инвесторларға ешуақытта беруге болмайды! Осы жобада Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін топырлатып әкелу көзделгенін де естідім. Мұндай жобалар тіпті Африкада да жүзеге асып жатқан жоқ.

«Самұрық-Қазына» қоры Қазақстанда жаңа өндірістік базаны құруға қаражат жұмсай алмаса, сол сияқты «даму институттары» деп аталатын толып жатқан басқа кеңселер не үшін қажет?

Құрметті Президент мырза!

Ел азаматтарын шетелдік «делдалдардың» араласуымен көмекшілік жұмысқа тартып, сәтті болашағынан айыруға болмайды. Біз елімізді шикізат экспорттаушыдан – әлемдік экономика үшін энергия, тауарлар өндіретін, қызмет көрсететін елге айналдыруға міндеттіміз, - дейді Әкежан Қажыгелдин.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529