Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6105 1 пікір 19 Мамыр, 2020 сағат 11:48

Тосын әуен (әңгіме)

Осы жұрттың үйлерінде шаруалары жоқ па, әлде күн барында бар тірліктерін тындырып тастап, кешкі серуенді ғана тосып отыра ма, әйтеуір, алтыншы қабаттан төмен қарасаң жұп болып тізіліп жүрген өңшең ерлі-зайыптыларды көресің. Айдында жүзген аққулар дерсің бейнебір. Жаттандылау болса да әлгі теңеудің ойға оралғанына кәдімгідей іші жылыды. Қарайып қалмағандығына шүкіршілік айтты. Бір жағынан күлкісі де келді. Маржанкүлдің кешкілік балконға шығып кір жаятындығын, ащы термен маңдайға жабысқан бір уыс шашын кейін серпіп, кеудесін толтыра таза ауамен тыныстағанда ғана төңірегіне тіктеліп қарайтындығын біреулер сыртынан аңдып, бақылап жүре ме түбің түскір! Аңдысын, аңдығанда не табады. Мұны азсынсаңыз әне: газ плитасындағы қазан бұрқ-сарқ қайнап төгіледі; төменгі сыныптағы қызы мысал есептің жауабы дұрыс па, бұрыс па, тексеріп беріңіз деп қиылады; соның артынша жарымжан аяғын сүйретіп көрші кемпір әлдене сұрап келеді... Таза ауамен тыныстау ма саған! Екі қолын алжапқышына жолай сүртіп, соның бәріне үлгеру үшін Маржанкүлдің аяғы-аяғына жұқпай зыр қағып жүргені. Гүлзар бақтағыларға деген қызығушылығы әдіре қалады сонан соң. Жә, жастардың жағдайы белгілі, олардың жыртың-жыртың күлкілері мен ұзақ сонар әңгімелері түгесілуші ме еді! Ал жасамыстар не тауып айтады сонда?! «Солардың арасында қара көбейтіп, біз де жүрсек, уақыт өткізерлік тақырып табылар еді-дағы ит жегір!» Батырхан екеуінің алғаш қалай танысқандары да таусылмайтын жыр-дастан... Содан үйленді, екі-үш қара домалақ дүниеге келді. Алды жетінші сыныпта, зіңгіттей жігіт. Оу, осыларды тізбелей берсе...  Естелігің тұрғанымен сағыныш және ол екі адамға қатысты. Бірі баяндап, екіншісі ұмытып қалған тұстарды қайта жаңғыртар. Қызықты жағдайлар еске түскенде біріне-бірі еркелеп, бірін-бірі құшақтап, бірінің иығына бірі бас қойып, ақыр соңында: «оу, біздікі не талтаң,  жұмысы жоқ бездельниктер құсап!..» деп күлкіден ес жия алмай, үйге қарай асығыс аяңдамас па?! Серуеннің жан семіртер кереметі де осы ғой. Ой-хой, дәурен-ай! Соңғы рет, соңғы!.. Тамағына әлдене кептеліп қалғандай әзер жұтынды. Соңғы рет Батырханмен қашан серуен құрғаны есте қалмапты.  

Кешелі-бері төргі бөлменің есігі тарс бекітулі. Екі жеті тас түрменің сыз еденін армансыз кезгілеген,  сұйық сорпасының да дәмін татқан  Батырхан  батырың сонда. Не істеп, не қойып жатқаны және белгісіз. Қабағы түсіңкі. Серуен түгілі баяғыша балаларды айналып-толғанудан да ада. Күллі тіршіліктен күдер үзген кісідей бұйығы. Шоп-шолақ екі ауыз сөзді де сатып алғандайсың.

–Ыстық шәй ішемісің, тамаққа тәбетің тарта ма? Терезені ашып таза ауамен дем алсаңшы. Соңғы жаңалықтарды естігің келсе телевизорды қосып берейін. – Маржанкүл тарапынан қойылатын сұрақтардың дені жауапсыз.

–Тамақ ішкім келсе айтармын. Адам қызығатындай не жаңалық бар  бұл қоғамда. Гүмпілдеген өтіріктен жалықпайтындарың-ай осы сендердің!

Маржанкүлдің іші аздап кіп алып қалды.  Әулетінен түрмеге түсіп, жазасын өтегендерді емге таппайсыз. Сол сүреңсіз тарихтың көшін Батырхан бастады, мінекей. Тіфә-тіфә, тісінен шығармауын шығармайды ғой, десе де... Түрме! Аза-бойың тік тұратын аты-заты қандай үрейлі! Өз жағдайы екібастан белгілі, кімнің аузына қақпақ қояды, айтсын, айыздары қанғанша айта берсін. Оппозиционердің әйелі екендігін кімнен жасырады. Бұлдағандары орта мектептің математика пәнінің мұғалімдігі ме? Біреулерге керек екен, қазір-ақ орын босатуға дайын. Ал желкілдеп өсіп келе жатқан балаларына кесірін тигізбей ме әлгі аты өшкір түрмеңіз?! Компьютерге түскен деректер балталасаң өшірілмес. Оу, ертең олар да зіңгіттей жігіт болмай ма, оқу бітіріп, әжептәуір қызметтердің құлағын ұстамай ма, өзгелер секілді қызметтік баспалдақтармен жоғары өрлемей ме?! Кенет... әне, әкесі Батырхан Әлімбетов сондай да сондай статьямен түрмеге түскен... 

                                                      ХХХ

Ішінің кіп алып қалғаны рас. Жә, алдымен үйдегі балаларынан, қалды көшедегі таныстарынан жасырынып, құдды дін жолына түскен келіншектей аузы-басын тұмшалап, қала сыртындағы түрмеге апарар автобус аялдамасында бүрсең қағып тұрғанын қойшы; түрменің темір есігі жартылай ашылысымен кезекші жүгірмектердің: «кімге келдіңіз, атақты композитордың сүйікті жары екендігіңізді бірден айтпайсыз ба?» деп орынсыз қылжақтайтынын қойшы... Оның бәрі ұмытылған. 37-ші жылғы «халық жауының» әйелдері секілді  түрменің оймақтай терезесінен өкшесін көтеріп-көтеріп, Батырханның дидарын бір көріп қалайыншы дейтін жанталасуды мүлдем ойға алғысы келмейді бүгінде. Күйеуі аман-есен үйге оралған соң, әжік-гүжікті қопсытып қайтеді. Өтті-кетті. Керісінше, ара-тұра рұқсатсыз митингі ұйымдастыратындардың арасынан табылып, өзінің осы қаладағы санаулы зиялы қауым өкілі екендігін есінен шығарып алып, көпшіліктің талап-тілектері мінсіз орындалсын деп, жұлқынып мінбеге шығып сөйлейтін Батырханға бұл жолғы ескерту үлкен сабақ, әрине. Екінші мәрте қайталанса, мұнан да сорақысын көрсетпесіне кім кепіл. Бүйткен демократиясы бар болсын! Оу, шаңырақтың діңгегі айдың-күннің аманында әрі қылмысы дәлелденбестен бірден түрмеге тоқытылса, оның несі жақсылық? Таққан айыптары да адам күлерлік. Батырхан осы аумақтағы «шындық үшін шырылдап жүргендердің» тобына қосылып, қала іргесінен қоныс тебетін шетелдік зауыт құрылысына қарсылық білдіреді-міс; зауыт мұржасынан ұшатын улы газ онсыз да көк түтінге көмілген алып шаһардың тыныс-тіршілігін әбден тұйыққа тірейді деп дабыл қағады-мыс... Бұл негізі сарғыш түсті газеттерде күнде жазылатын проблема ғой. Жұрт мұнан әбден мезі болған. Мезі болғандығы сондай, зейін қойып тыңдамауға, елең етпеуге айналған. Себебі, үкіметтің құрығы ұзын, ол – «шынжыр табанды, соқа тісті дүлей мәшине» айтқанын бәрібір орындайды. Ал сен көрінген қараға шабалаңдап үретін күшік секілді ақырында тілің салақтап, айдалада қаңғып қаласың!» Бүгінгінің жазылмаған ережесі осы. Оның аржағынан «көмусіз қаласың» дейтін сұмдық үрейдін құлағы және қылтияды. Әйтсе де орта мектептің ортаң қолдай мұғалімі Маржанкүл тиісті сабағын беріп, тып-тыныш жүргенімен мұның да ара-тұра жұдырығын түйіп, әлдекімдерге сырттай айбат шегіп қоятыны бар. Мейлі, қолынан анау айтқандай ешнәрсе келмесе-дағы, әлденені түбірімен аударып тастамаса-дағы сол кіжінуі арқылы-ақ ішін бір босатып алады. Ой-хой, сөйле, сөйле оппозиционердің сүйікті жары! Осы тұстан тоқтайды. Әйел адамына мұның өзі әжептәуір олжа. Яғни, Маржанкүлдің де қоғам дамуының бет алыс-бағдарын бір кісідей ажырата білетін болғаны ғой, шынтуайтына келгенде «оппозиционердің әйелі» дегенге де марқайып қалатындығы рас. Сезеді, бәрін сезеді. Мектеп табалдырығынан әрі аттады ма,   әріптестері мұның қарасы көрінгеннен ішке дию кіріп келе жатқандай,  апыр-топыр жан-жаққа бытырай қашады, не сыныптың есігінен біразға дейін сығалып қарап тұрады. Бұрын бүйтпейтін. Бұрын «олимпиядалық есептің жауабын бірлесіп шығарайық» деп Маржанкүлді дәлізде жүргізбейтіндер бүгін тым-тырыс, мұғалімдер бөлмесінде де өлі тыныштық. "Батырханның шығармашылық кешіне шақырамысың, әлде ақсүйектердің ортасына түскен соң, бізді ұмытып кетемісің?!» деп қалжыңдасатындардың да қаралары сирексіген. –  Атақты композитордың шай-суын әзірлеп бергенің өзі неге тұрады?!  Сен бәрімізден оздың, жаман қатын!..»

 Маржанкүл осы тақілеттес сөздерді естігенде әнтек күледі, күледі де дереу әңгімені басқа арнаға бұрып жібереді: «немене, Батырханнан басқа айтатындарың жоқ па, тоқсан аяқталуға таяу. Ал сендердің жүрістерің мынау. Сазгерге шын ғашық болсаңдар, айдың соңында өтетін жеке концертіне билет алыңдар. Сендердің қолдарыңды қағатын кім бар?!» Десе де композитордың халықшыл мінезі, ерекше көзқарасы оның тұлға-бітімін де  асқақтатып жіберген тәрізді-ау!   Мектепке кірісімен бойын лезде  тіктеп үлгіреді, енді қайтіп еңсе түсірмейді, баяғы жылы жымиысын да жоғалтпайды.

Оу, Батырханның мына жатысы не жатыс? Сыртқы әлемді  мүлдем ұмытқан. Түрмедегілер ес-түсінен айыратын дәрі егіп жібергеннен сау ма, ұрып-соқты ма дейін десең, дене мүшелері сап-сау.  Кешегі жұмбақтау  сөздерін тағы бір есіне түсірді: «Бұл қоғамда адам қызығатындай не бар, өтірік гүмпілден шаршамайтындарың-ай сендердің!» Екі қолын қайда сыйғызарын білмей, ащы термен ұйпаланып, маңдайға жабысқан бір уыс шашын бір сілкіп, ауызғы бөлменің арғы бұрышына барып, самсоз күйде бүрісіп отыра кетті.

                                                      ХХХ

Телефондағы бейтаныс дауыс өктем: – Сіз шынымен Батырхан Әлімбетовтің әйелісіз бе? 

–Болсақ болармыз,– деді Маржанкүл де қитығып.

–Болармыңыз қалай?

–Солай...

–Әй, қалқам, кіммен сөйлесіп тұрғандығыңызды білесіз бе? Бұл қалалық... органнан... Менің аты-жөнім...

–Өстіп жөнге көшпейсіз бе, бірден жаушаптылағанша.

–Мәселе былай, тәжікелесіп тұруға уақыт тапшы. Батырхан қайда?

–Қайда болушы еді, үйде...

–Шын айтамысыз, егер өтірік болса өзіңізге өкпелеңіз. Біздің құрығымыз ұзын әрі қауқарлы.

–Білеміз...

–Білгеніңіз жақсы. Біздің жігіттер біраздан бері үйіңіздің төңірегін торуылдап жүр. Бірақ Батырханды көре алмапты. Бұл біз үшін аздаған қуанышты жағдай. Басбұзардың жөнге түскені маңызды бәрінен.

–Басбұзарыңыз кім?

–Немене, оның да бүге-шүгесін дәлелдеп беруіміз керек пе? Одан қашпаймыз.  Ұрпақ тәрбиелейтін ұстаз ғой деп, өзіңізге сеніп жүрсек.  Әлде пәтеріңізге адам жіберейік пе?...

–Тінту ме?

–Мейлі, солай-ақ деңіз, дей беріңіз... Біздің адамдар Батырханның түрмеден соңғы тіршілігін өз көздерімен көрсін... Сізден де қорқайын дедік қой ақыры... Немен айналысып, не бітіріп жатыр?! Бәлкім,  бүркеніп алып, келесі митингіде сөйлейтін жалынды сөздерін дайындап жатқан шығар, сыбайластарымен жасырын түрде кездесетін шығар, біз оны қайдан білеміз. 

–Жо-ға. – Маржанкүл де аздап сынайын деді.

–Күйеуіңіздің елге сіңірген еңбегін жақсы білеміз... Әйтсе де тәртіптің аты – тәртіп, бәріміз де сол тәртіптің құлымыз. – Дауыс екпіні сәл бәсеңсіген сыңайлы,– Бізге де аман жүргені керек Батырханның. Естіп тұрсыз ба, аман жүргені керек атақты композитордың!

–Естігенде қандай!

–Әлгі сөзге шамданып қалдыңыз, ә?!

–Ол қандай сөз?

–Басбұзар!  Ғафу етіңіз! Бұл әрине, Батырхан Әлімбетовке бағышталатын теңеу емес еді! Бізді де түсініңіз... Сізге түн жарымында қоңырау шалып, не басымыздың іскені. «Батырханның концертіне бір-екі билетті қайдан табуға болады?» деп хабарласқан қандай жарасымды! Алдағы уақытта өстіп хабарласуды жазсын маңдайымызға! Кім біледі, кейін Батекеңмен де дос-жаран боп кетерміз. Пагон таққандарды сезімнен жұрдай, өңшең топастар деп ойламаңыз...  Жақсы әнді естігенде жүрегіміз жарылыла жаздайды. Сұлулық ортақ бәрімізге... Естіп тұрсыз ба?

–Айта беріңіз.

–Айтатын да түк қалған жоқ. Сіз түгілі біздің де қабырғамыз сөгіліп, жанымыз ашиды Батекеңе! Сол шуылдақтардың ортасынан не жоғалтқандығын қайдам. Олардыкі  баяғы байбалам: «дүние қызыл оттың көмейіне түсіп, өртеніп жатыр. Алға жүретін жол тұйықталған. Енді қандай амал бар?!» Сіз де оқыған-тоқығаны мол, көзі ашық адамсыз ғой. Ал айтыңызшы, қай тұсымызды топан су басып жатыр!? Естіп тұрсыз ба?.. Ол кісіге бізден гөрі сіз жақынсыз. Жаңа шығармасының жанашыры да, сыншысы да өзіңіз. Сондықтан сізге айтып жатқан бұйымтайымыз. Жүр ғой Батекеңнің балтырына жетпейтін композитор сымақтар дүниені шайқап-төгіп. Бір тойға барғаны біз байғұстың екі-үш айлық жалақымызды жолда қалдырады... Зауыт салына ма, әуіт қазыла ма, мына қаланы басқа жаққа көшіріп әкете ме... Кибенематрий, оған композитор несіне басын ауыртады?!..  Ал-ло, ал-ло, естіп тұрсыз ба?.. Телефон үзіліп кеткеннен сау ма?..  Менің сонда манадан бері далаға сөйлеп тұрғаным ба?.. Не құптамайсыз,  не қарсы келмейсіз... Бұл не ойын, а, бұл не ойын сіздікі!?..

Біреу желкеден түйіп жібергендей, төргі бөлмеден сүріне-қабына атып шыққан Батырханды көргенде  Маржанкүл телефон тұтқасын тастай салып,  көзі жыпылықтап ұшып түрегелді. Самайынан бұрқ ете түскен суық терді саусақ ұшымен сылып тастағанын біледі; көптен бері тысқа шықпаған күйеуіне не деп тіл қатудың ретін таппай қолдары дірілдеп, жейдесінің өңірін қаусырмалай бергенін біледі. Қуанғаны ма, қорыққаны ма, о жағын ажыратуға шама қайда. Әйтеуір, тірі жанның әлденеден рақым күтетіні рас қой. Балаларын кеш батысымен кітап оқып, ертегі айтып, бастарынан сыйпап, ұйықтатып тастағаны мұндай жақсы болар ма?!..  «Әкелерінің таяуда дүрілдеген шығармашылық кеші өтеді, кешке қаланың зиялы қауым өкілдері түгел жиналады, тау боп үйілген сый-сияпатты сұрамаңыз. Отбасы мүшелеріне алдыңғы қатардан орын тиеді, кештің соңында ұйымдастырылатын аста-төк дастархан басына тағы да Батырханның балалары жайғасады тізіліп... Сондықтан әлдекім қызығушылық танытып, әкелері жайлы сұрай қалса, мірдің оғындай жауаптың жұтынып тұрғаны маңызды. Кешікпей концертке киетін киімдерге тапсырыс беріледі. Маржанкүлдің қандай көйлек тіктіретіні әзірге белгісіз...»

Ойпыр-ай, осындай өтірікке ақыр аяғында шеберленіп алмаса қайтсін! Әрнәрсенің өзіне лайық шек-шекарасы болады. Оу, шалғайына шалынысып, айдың-күннің аманында көрінген қарадан үркектеп, ақыр соңында туған балаларына өтірікші боп, кім үшін «азып-тозып» жүр десеңші! Батырхан үшін, әрине. Ал сөйткен Батырханның үйқамақта жатып, жылқының сүр етіне керелеп  шыққандай, үлкен ожаудағы мұздай суды демалмастан басына бір-ақ көтеріп, талтайып тұрған тұрысы мынау! Артынша балконға жүгірді, тыстағы өлі тыныштыққа көңілі толмағандай, ауызғы бөлмеге қайта кірді. Қайта шықты, көкірегін толтырып таза ауа жұтты.

Сосын... сосынғысы адам сенбейтін тосын әрекет. Мә, безгелдек!  Маржанкүл тұла бойынан жан кетіп қалғандай, сол орында состиып әлі тұр. Не ілгері, не кейін қозғалуға дәрмені жоқ. Біреу түртіп қалса ұшып түсетіндей. Сол ғой, сол... одан басқа ойына не түсуі мүмкін. Адам баласының әлсіздігін қойсаңшы, жақсылықтан бұрын жаманатты хабарды бірден қабылдауға бейім тұратыны несі екен, а?! Әлгілердің оқыстан телефон соғуы – көңіл аулау үшін ойластырылған іс-шара. Тәртіп сақшыларының да өздеріне жүктелген міндеттері бар. Батырхан үйінде. Тым-тырыс. Тірі пендемен байланыс жасамаған. Мұның тегін үнсіздік еместігі бесенеден белгілі. Яғни, бүлікшіл-басбұзардың кезекті митингіде жұртқа бомба жарылғандай әсер ететін  жалынды сөзін қағазға түсіріп жатқаны. Одан басқа себеп  жоқ. Батырхан тек ән жазып жүр ме десе, елді лезде аузына қарататындай шешендігімен де ерекшеленеді екен ғой. Әрбір талдауы құйма қорғасын, дәлелдері адам жаңылдырады, ондыққа дөп тигізеді. Әрі жиналғандарды лепті сөздерімен байлап-матап, біразға дейін тыпыр еткізбейді.  Батырхан мінбеге көтерілді дегенше, төңірек лезде тыныштық құшағына жұтылады. Мұның не құдіреті бар шырағым-ау, бұл неткен құдірет?! Ал біздің «ауызбірліктің арқасында айрандай ұйып отырған қоғамға» мұндай «жалаң қылыштың» керегі шамалы. Бұл – бір, екіншісі, ондай «қызыл көзді» ұясында тұншықтырған. Тыста торуылдап жүргендер Батырханды қазір әкетеді...

Маржанкүл тілден қалған. Көңілге медеу тұтатыны – Батырханды көріп тұр. Ал өмірі өтіп бара жатқандай, оның бір орында байыз тауып тұрғысы жоқ,  бөлмелерді де бір мәрте аралап шықты. Тағы да балконға жүгірді. Аспандағы жұлдыздарға қарап, әлдене деп күбірлейді. Алғаш рет қызбен қыдырған бозбала секілді саусағын бүгіп, жұлдыз санайды.  Жүзіне жылы шырай шуақ жүгірген.

–Тамақ, тамақ ішесің бе? – деді Маржанкүл ақыры үйреншікті тірліктің ыңғайына жүгініп.

–Тамақ, тамақ ешқайда қашпас. – Дауысында біртүрлі діріл бар. –Балалар қашан ұйықтап еді?

–Біраз болды...

–Ендеше сен былай істе, бөлмелердің есігін мықтап бекіт.

«А...а, құдай-ай, тағы... түрме ме?!» – дегенше Батырхан күректей алақанымен Маржанкүлдің аузын баса қойды. Жүрегі атқақтай соқты. Ертең әкелерінің орнын сыйпап қалатын балаларына тағы қандай өтірік айтады. Композиторлар одағындағы шұғыл жиналысқа кетті дей ме, өнер академиясына барып лекция оқушы еді дей ме. Батырханның бүгінгі жүріс-тұрысы жігерлі әрі жылдам. Есік-терезені өзі барып қымтады ақыры. Үркек қояндай көзі шарасынан шығып, Батырханның мына тірлігінен мүлдем бейхабар, сырттан әлдекімдер әкіреңдеп кіріп келе ме деп, әрбір дыбысқа жіті құлақ түрген Маржанкүлді кенет қарулы қолдардың жерден тік көтеріп әкеткені!.. Батырхан, мынау шынымен Батырхан ба? Жын-пері елестегеннен аман ба? Батырханның рөлін ойнаған әлдекім жан әлемін сиқырлап тастағаннан сау ма? Ойбай-ау, мына құбылысты ара-кідік түсінде көрмесе өңінде ұмытқалы қаш-шан. Иә-иә, баяғыда... мұнан бәлкім он, жиырма жыл бұрын ба... Жақсы шығарма тудырғанда Батырханның құдды бала секілді риясыз күліп, төңірегінде өзінен басқа бақытты адам жоқтай, Маржанкүлдің толыса бастаған денесін өстіп жерден тік көтеріп алып, қары талғанша дөңгелене билеуші еді-ау! Мынау сол, айна-қатесіз қайталанған сол көрініс! Ашқұрсақ адамды аямай, қашанғы тұрады аспанда тербетіліп. Әрине, өстіп Батырханның қолында ақ қағаздай ма, әлде ақ мақтадай ма, жеп-жеңіл боп тұра бергенге не жетсін! 

Күйсандық тұрған бөлмеге барды да, Батырхан бейнебір жемтігіне тырнақ батырған бүркіттей қонжия кетіп, перне үстінде ойнақ салған саусақтарына шынымен ие бола алмады. Жан жадыратар әдемі әуеннің ырғағы құлағына көктем желіндей жұпар бүркіп, әлдебір тылсым әлем бесігінде тербеткенімен Маржанкүл де мұның қандай тосын шығарма екендігін түсінбеді. Түсінуге де мұршасы жоқ-ты. Тағдырдың ойда-жоқта ақы-пұлсыз ұсына салған осы бір көп-көрім олжасын бүгінше бойға сіңіріп алса да жарар.  Қас-қағымда дүние кемпірқосақтай құлпырып, айнала таңғы шықпен қауыз жарған раушан гүліндей жайнап, жасарып сала берді. Мұнан бір сағат бұрынғы алай-дүлей ішкі сезімімен арпалысып, келер күндерден үміті үзілмегенімен табан тірер темірқазығы шамалы, жүдеп-жадаған Маржанкүл қандай; күйеуінің иығына қолын асып, қайратты шашынан бір сипап, өзіне беймәлім әуенді ұйып тыңдап тұрған мына Маржанкүл қандай!

–Түрмеге дейін де, түрмеден кейін де жанымды көзіме көрсеткен ауыр толғақ еді. Ақыры шешімі табылды, түйін шешілді. Енді ешнәрседен қиналмаймын... Үйдің ауасы тыныс тарылтты. Жүр, жүрші, далаға шығайықшы, аяулым!

Маржанкүл өң мен түстің ортасында қалқып жүр. Өңшең ерлі-зайыптылар серуен құратын гүлзар бақ тып-тыныш. Батырхан бірде адымдап алға жылжиды, бірде жүрісін баяулатып кейін шегінеді. Бейтаныс әуенді бір уақ ішінен ыңылдайды, кезі келгенде дауысын көтеріп айқайға басады. Түн жарымынан ауды, елдің тыныштығын бұзам-ау, мазасын алам-ау дейтін ой да, түйсік те жоқ...

Қуаныш Жиенбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475