Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 6964 3 пікір 22 Мамыр, 2020 сағат 15:33

Қазақтың бас батырларының бірі - Тайлақ батыр

«Рухани жаңғыру» дегеніміз өткенге көз тастап, бабаларымыздың кол жеткендерін бүгінгі және ертеңгі күнге жеткізу, бабаларымыздың көпке үлгі боларлық істерінің ең жарқын беттерін жарқырата көрсетіп,  келер ұрпаққа үлгі ету. Сондай, көпке үлгі боларлық өмірдің иесі, ел мен жер үшін жан аямай  жасаған ерліктің иесі, аты аңызға айналған адам - Тайлақ батыр.

Бұл есімді мен кішкентайымнан естіп өстім. Елдің үлкен  кісілері бастары қосыла калғанда жыр етіп әңгімелейтіндері -  Тайлақ батыр тарихы, оның ерлігі  болаты. Ол кездегі ақсақалдарды еске алғанда таңқалмасқа амал жоқ. Қанша жарыса сөйлегенмен олар, бірі бастаған әңгімені бұзбай, аяғына дейін тыңдап, содан барып, бірінің айтпағанын екіншісі толықтырып, әсерлеп, тыңдаушыға қызықты етіп жеткізуге тырысатын. Бір кереметі олар әңгімелерін қанша қайталаса да, өзгертпей, сол баяғы қаз-қалпында жеткізетін. Не деген зейін, не деген еске сақтау қабылеті! Сол шалдардың көбісі онша білімді де болмайтын. Бар білетіндері бір-екі жыл ауыл молдаларының алдында отырғандары, болмаса жаңа мектептің екі-үш сыныптық білімдері ғана. Бірақ, атадан балаға қалған ел әңгімелерін бұлжытпай жеткізетін.  Мен бүгін сол шалдардан естіген әңгімелерімнің бір – екеуін ғана сіздерге жеткізіп көрейін. Кіміге болса да түсінікті болуы үшін олар әңгімені арғы тектен бастайтын. Мен де сол жолмен жүріп көрейін.

Бірінші ақсақал: Алшыннан үш бала болған. Олар: Қыдыр қожа (Қыдырбай бай), Сәдір қожа (Сәдірбай бай), Нәдір қожа (Нәдірбай бай). Нәдірқожадан жеті бала туады. Олар бірігіп, Жеті рулы елді құрайды (Жеті ру). Нәдірқожа қайтыс болғаннан кейін балалары «әкемнің белгісін» аламыз деп жиналыпты сонда:

Бірінші болып сөз алған Тама тұрып, мен әкемнің ақша салатын оқшантайын аламын, деген екен. Сондықтан Тамада ақша ұстаған, оқып, білім алған бай адамдар көп болыпты.
Екінші болып сөз алған Табын тұрып, мен әкемнің айбалтасын аламын, деген екен. Сондықтан да, Табыннан шыққан батырлар мен тентектер көп болған екен.
Үшінші болып сөз алған Кердері, мен әкемнің бәйгіге қосатын көк арғымағын аламын, депті. Сондықтан да, ол заманда бәйгі болса, Кердері жарыстың алдын бермеген екен.Төртінші болып сөз алған Керейіт, мен әкемнің қобызын аламын, депті. Сондықтан болар, Керейіттен шыққан қобызышылар, өнер адамдары көп болыпты.
Бесінші болып сөз алған Рамадан әкесінің айыл- тұрманын алса, алтыншы болып сөз алған Телеу әкесінің тобылғы сапты қамшысын алыпты.

Жетінші болып сөз алған Жағалбайлы, мен әкемнің туын аламын, депті. Осылайша Жеті рудың әкесі – бабамыз Нәдірқожаның қонған жерде тігетін  Туы Жағалбайлыда қалған екен деген сөз бар... (соңы).

Екінші ақсақал: Әрине бұл аңыз болар. Аңыз болса да, шындыққа  жақын аңыз. Сол Жағалбайлыда қалған Жетірудың туын туды Шеген бабамыз Хан тауының басына қадаған екен. Ол тау қазір Ресейдің,  Жайық өзенінің бастауына жақын жерде, жерде жатыр. Хан тауы ол кезде Жағалбайлының жылда бас қосып, бабаларды еске алатын, неше түрлі жиындар, той – томалақ, түрлі ойын-сауық, жарыс өткізетін жері болыпты. Осында өткізген бір- екі жарыста Малатаудың Әлдеберлісінің Қоңыр деген ұлы, жастығына қарамай, белінен ұстағандардың бәрін жығып, өзінің жауырыны жерге тимей, жеңімпаз атанып жүріпті.

Ол заманда Жағалбайлы асыл тұқымды жылқы ғана емес, асыл тұқымды түйе де өсірген екен. Сол асыл тұқымды түйенің бір тайлағы батпақты көлге батып, бүкіл ел болып шығара алмай жатқан уақиғаның үстінен шыққан Қоңыр жолдастарымен әп сәтте тайлақты батпақтан шығарып, аяғынан тұрғызыпты. Бала Қоңырға алғашқы кезде «тайлақты батпақтан шығарған батыр», деген ат тағылып, келе-келе Тайлақ батыр, болып атанып кетіпті. Жылдар өтіп, оның сол лақап аты, нақты есіміне айналыпты. Тіпті ата-анасы, жора-жолдастары - бәрі оны өз есімі емес, сол лақап аты «Тайлақ» деген есіммен атайтын болады.

Үшінші ақсақал: Тайлақ жастайынан Кіші жүздің болашақ ханы  Әбілхайырмен жолдас болды. Өсе келе ол екеуі қарулас дос болып,  бірге талай шайқастарға қатысып, ел шетіне келген жауларға тойтарыс та беріпті. Әсіресе қалмақтар, орыс казактарымен болған талай шайқастарға қатысып, ерлігімен көзге түсіпті. Ханмен бірге айналадағы аулдардағы жастарды жыйнап, шынығу, әскери жаттығу жұмыстарын да жүргізіп,  шайқастың не бір әдістерін де игеріпті. Енді ол ауыл арасындағы жай ғана «Тайлақ батыр» емес, қол бастаушысы ретінде де қатарынан оза біліпті. Хан Әбілхайырмен үзеңгілес жүріп, Жағалбайлының қолын да басқарған екен.  Осылайша ол, ел арасында  абырой – атаққа да  ие болған екен.  Оның аты енді жағалбайлы ғана емес, бүкіл Жетіруға, Әбілхайырға қарасты барлық жерге тарапты. Тайлақты, тіпті қазақтар мен қарақалпақтар, башқұрттар ғана емес, ата жауымыз қалмақтар мен орыстар да жақсы білетін болыпты. Тіпті шабуылға шыққанда, болмаса бекіністерді қорғауда Тайлақтың қолы тұр, болмаса ол шепті Тайлақтың қолы ұстап тұр, дегенді естісе, шабуылға шыққан қалмақтар мен орыстар  ат басын кейін бұрған  екен.

Осы атақ қой, Тайлақ батыр қол бастап, ел мен жердің азаттығы жолында жоңғарларға қарсы бас көтергенде, алдымен жағалбайлы жастары, кейін маңайдағылардың барлығының оның соңынан еріп жүргені. Бұл жасақтың қол жинап, бірлесе жоңғарларға қарсы бас көтерулеріне күш берген, қазақ жасақтарының Тайлақ батырға, өздерінің әскери  басшыларына деген берік сенімдері болса керек. Сенім ғой, Тайлақ батыр бастаған қазақ жасақтарының бастырын біріктіріп, ел мен жерді азат ету жолында жоңғарға қарсы күш жұмсауға әкеліп жүрген,- дейді ол  (соңы).

Тәуке хан өлгеннен кейін-ақ, көп ұзамай қазақ билері - біреуі таққа таласып, біреуі баққа таласып, ел арасынан бірлік кетті. Қазақтардың арасындағы осы жайды күтіп отрған жоңғарлар мен қалмақтар қазақтарға көз алартып, қайткен күнде олардың осынша кең жері мен бар байлығын қолға түсіруді ойластыра бастады.

Енді бір сәт тарихшыны тыңдап көрелік:

-«... қазақтардың арасындағы Тәуке хан орнатқан тыныштық ұзаққа бармады. Көп уақыт өтпей-ақ қазақ билеушілері арасындағы өзара талас пен тартыс туындап, бұл жайды көршілері тиімді пайдалана білді. Батыстан Еділ қалмақтары бас көтерсе... шығыстан басқа көршілерді былай қойғанда Ресей мен Кытайдың өздерін алаңдатқан, сол кездегі ең қуатты қолбасшы Галдан Церен бастаған жоңғарлдар ерекше қауіп төндірді... (В.В. Вельяминов – Зернов. Исследования о касимовских царях и царевичах. СПб 1885. Т.2. 165-166 б.б).

-«1723 жылдың күзінің бас кезінде Еділ қалмақтарының ханына жоңғар қонтайшасы Суан Рабтаннан, қазақтарға қарсы қол біріктірейік деген ұсыныспен кезекті хабаршы келді. Ол ұсынысты Аюке хан қуана-қуана қарсы алды. Бірақ, жоңғарлардың Аюкемен қазақтарға қарсы әскери одақ құру жөніндегі ойларын сезген, әлде тыңшылары арқылы білген Кіші жүздің ханы Әбілхайыр олардың бұл істерін іске асыруға, сөйтіп қазақтарды екі жақтан қыспаққа алуға жол берген жоқ. Әбілхайырдың қажырлы қимылдары қалмақ қонтайшалары Доржы Назаров, Хошот - Дондук пен Лекбейлердің үрейлерін қашырып, қазақ ханы бастаған әскерлердің екпінінен үрейленген олар тездетіп Жайықтың сол қанатынан, оң жағалауында жатқан Красный яр мекеніне қарай көшті (У. Эрдниев. Калмыки (историко-этнографические очерки). Элиста. 1980. 129-130 б.б.).

-«Қазақтардың бұл сұрапыл шабуылдарынан қорыққан Аюке енді, шығыста жатқан жоңғарлармен қазаққа қарсы қол біріктіру былай тұрсын, Кіші жүздің ханы Әбілхайырға арнайы елші жіберіп, қорыққанннан оны келіссөзге шақырды. Бірақ, қалмаққа әбден өші кеткен Әбілхайыр оның өтінішіне құлақ аспай, қайта орыс – қалмақ қолдарын тықсырып, алдымен Доржы Назаровтың ұлы Лобжының қолын, екінші бір шайқаста Аюкенің негізгі қолдарын тас - талқан етіп жеңді. Сөйтіп, қазақ даласында жоңғарлар мен қалмақ  қолдарының бірігіп, қазақтарға қарсы шығуларының  алдын алды». Бұл жайлар тарихшы И.Ерофееваның 1999 жылы «Санат» баспасынан жарық көрген «Абулхаир хан полководец, политик и правитель» деген еңбегінде кең көлемде жазылған. Бұл шайқастарға Тайлақ батырдың өз қолымен қатысқаны сөзсіз. Себебі, осындай қысылтаяң кезде ол ылғида, жан жолдасы Әбілхайырдың қасынан табылатын. Ал бұл жолы қалмақтарға қарсы шайқас Тайлақ батырдың жерінде, Жайық өзенінің жағасында өтіп отыр.

Бірақ, бұған дейін қазақ даласының шығыс жағында керемет көп күш жинаған жоңғарлар «шешінген судан тайынбас» деген қағиданы басшылыққа алып, қалмақтардан хабарды күтпей-ақ, қазақ жеріне басып кірген болатын. Әрі қарай орыс тарихшысы М. Вяткинді тыңдайық: -«Набеги джунгарских ойратов под предводительством Шуны – Бахадура на казахские кочевья в 1723 году сопровождались неисчеслимыми бедствиями для казахского народа, потерей богатейших пастбищ Семиречья, Таласа и Сыр-Дарьи, массовой гибелью скота, убийством и пленением многих тысяч казахов. Казахи были вынуждены покинуть старые кочевья и массами переселиться в пределы Среднеазиатских ханств- Бухарского и Хивинского. Около 1725 года города Ташкент и Туркестан были потеряны казахами (М.Вяткин. Сырым батыр. Алматы. «Санат». 2002. 141.).

Ия, бұл атақты «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұламаның», бар қазақтың «Елім-айлап» жылағанының басы осы болатын.  Қожаберген жырау тап сол кезде:

Бұл заман, қай-қай заман, азған заман,

Бұл жұртым апат келіп тозған заман.

Көрші екі ел мылтық беріп, есірткен соң,

Қазақтан сасық жоңғар озған заман.

Еділ менен Жайық жақтан көш келеді,

Ат пен нар әр көш сайын бос келеді.

Айырылған жер мен судан жаман екен,

Мөлтілдеп екі көзден жас келеді,- деп жырға қосқан  екен.

Жаудан (жоңғардан) қашқан қазақтың сол көші басы ауған жаққа, оңтүстік, әсіресе Аралды айналып, солтүстік жаққа көшкені белгілі. Онда барғанда, көштің тірелетін жері Жайық өзені. Жайыққа сол жағынан Елек өзенінің құйыларына дейінгі жері негізінен Жағалбайлының қоныстанған жері. Көшкен ел осында келіп ес жиып, енді не істеу керек, қайткен күнде туған жерді жаудан азат етуге болады, жалмауыз жоңғарды қайткенде жер жастандыруға болады?- деген сұраққа жауап іздей бастайды.  «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деген сұрапыл соққыдан кейін алғашқы болып ес жиғандар, сол Жайық бойында жатқандардан болды. Тарихшыны тыңдалық. М.Вяткин:

-« Как устные предания казахов, так и записанные русскими наблюдателями рассказы старишин о годах «великого бедствия» подчеркивают, что решающую роль в организации борьбы с ойратами сыграли батыры: Тайлак – в Младшем, Санрык – в Старшем и Бөкенбай – в Среднем жузах (сол еңбекте 141 б.), десе, И. Ерофеева:

-«Қазақ қолдары 1727 жылы Бұланты өзенінің маңында «Қарасиыр» деген жерде қалмақтарға  бірінші рет ойсырата соққы берді. Кейін бұл жер «Қалмақ қырылған» деп аталған. А.Диваев жазып қалдырған қазақтың тарихи әфсанасында , бұл жерде жоңғарлар тас – талқан болып жеңілді. Қазақтың алғашқы Жеңіс туын көтерген жері «Қарасиыр» болатын. Бұл соғыста , қазақ жігіттерінен құралған ірі әскери топтарды басқарған  Кіші жүздегі Жеті рудан шыққан Тайлақ батыр мен оның жиені – Ұлы жүздегі Ошақты руынан шыққан Саңырық батыр, ерекше көзге түсті (И.Ерофеева. Абулхаир хан: полководец, правитель и политик. 142 б. Тап осы уақиғаны жазушы Әнуар Әлімжанов былайша жалғастырады:

-«Три дня сарбазы хоронили своих друзей, павших в битве, принося в жертву боевых коней. К ним шли и шли люди, иногда целыми отрядами. Санрык и Тайлак устроили торжественную встречу Богенбаю, когда тот после победы, над джунгарами вместе с шестьюстами своих сарбазов к берегам Буланты. Рослый, плечистый Богенбай был добродушен и спокоен. Он искренне, по братски обнял батыров, простотой своей сразу завоевал их доверие и уважение. И после тоя Тайлак и Санрык не сговариваясь, предложили Богенбаю принять положение старейшины среди них..» (А.Алимжанов. Гонец. ).

Бұл не деген сөз? Бұл көргендік. Үлкенді сыйлау, қазақтың қанына біткен қасиет. Бұл дегеніңіз, бұған дейін Қарасиыр жазығында ұлы жеңістің тұтқасы Тайлақ пен Саңырықтың қолында болды, деген сөз. Қазақ қолдарын бастаушылар да осы жастар болғанын көрсетсе керек.  Үлкенді сыйлап үйренген жас батырлар Жеңіс туын ағаларына - Бөгенбайға беріп жатқандары ғой.

Қазақ халқының тағдыры шешілетін тұста бірінші болып бас көтеріп, қалған елді бастап, 1723 жылы қазақтарды жеңіп, жан-жаққа қаңғыртып жіберген, қылышынан қаны тамған жоңғарды осылай жеңіп, атойлатып, жоңғардың жауынгерлерін ат бауырына байлаған Тайлақ батыр мен Саңырық батырды елімізге осынау Жеңісті алып келіп жүрген, ол жеңістің туын қазақтың салты бойынша ағалары Бөгенбаға ұстаттқандары үшін, жас батырлардың Ұлы Жеңістерін қалайша өздеріне бұйыртпаймыз. Бізше, солай болып отыр. Барлық жерде жеңіс туын Бөгенбайға байлап, жас батырларды естен шығарып жүрміз.  Неліктен?

Жоғарыда біз, қазақтардың алғашқы жеңіске жеткен жері «Қарасиыр» деген болатынбыз. Тарихшылар ол жерде болмаған соң, ол жерді көрмеген соң Қарасиырдың қай жерде  екенін дұрыс жазбай жүр. Қарасиыр жазығы бүгінгі Қостанай облысы, Қамысты ауданының оңтүстігі мен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының ортасында жатыр. Ені 30 - 40 шақырымға, ұзындығы елу - алпыс шақырымға созылып жатқан теп - тегіс, ен дала. «Қарасиыр» жазығының солтүстік жағында «Кіндікті» деп аталатын үлкен көл жатыр. Сол көлдің қақ ортасында, көлдің кіндігендей болып «Қаратөбе» деген арал бар. Ауыл ақсақалдарының айтулары бойынша, осы Қарасиыр шайқасында қаза болған батырлар мен сұлтандарды Қаратөбенің төбесіне жерлеген екен. Былайша айтқанда, Қаратөбе, сол шешуші шайқаста қаза болған батырлар мен сұлтандардың пантеоны болғанға ұқсайды. Осыдан 30-40 жыл бұрын сол Қаратөбенің басында 30 шақты, керемет көк тастан жасалған отыз шақты құлыптас болатын. Бүгінде бір де бір құлыптас қалмапты. Шамасы, ол көктастар Оркаш ауылының сол маңда салынған үйлерінің ірге тастарына кеткен болар.

Қарасиыр жазығынан кейін Тайлақ бастаған қазақтар қолы жоңғарларды қуып, Торғай жағына, ол жерлерде де бірнеше «қалмақ қырылған» деген жерлер бар. Одан оңтүстікке қарай жүріп, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағаларында да талай қырғын болып, қазақтар ол жерде де жоңғарларды қырғынға ұшыратып, Ұлы Жеңістің соңғы нүктесін Анрақай жазығында қояды. Осы шайқастардың барлығында Тайлақ батыр бастаған қол ерлік көрсетіп, қазақ әскерінің Бас қолбасшысы Әбілхайыр ханның тапсырмасымен қазақтар  енді қайтып қазақ жеріне аяқ баспасын деген оймен, жоңғарларды Ертістің арғы бетіне  қуып салады. Ертістен өткізіп қана қоймай, Әбілхайыр хан Тайлақ батыр бастаған Кіші жүздің 40 мыңдай қолын Тарбағатай жақта қалдырады. Ол жақтай Тайлақ батыр бастаған қолдың қанша жыл тұрғаны белгісіз, бірақ олардың отырған жерлерін Семей жақтың қазақтары бүгінге дейін «Жағалбайлы жотасы» дейді екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Керей Жәнібек батырдың тойына барғанда, сол жақтың ғалымдарының ауыздарынан естіген едім.

Тайлақ батыр жайлы әңгімені осымен аяқтауға да болар еді, бірақ соңғы жылдары Тайлақ батыр кімнің бабасы, яғни, оның нақты руы кім, деген талас әңгімелер көбейіп кетті. Шынымен де Тайлақ батырдың Жеті рудан екені рас, солай бола тұрып, батыр сол Жеті рудың қайсысынан? Бас батырға Жеті рудың барлығы ие болғысы келетін сияқты. Олар- жетеу. Бір батырды жетіге қалай бөлеміз?

Тайлақ батыр жайлы сөз бастаған ақын Қожаберген жырау болатын. Ол өзінің «Елім-ай» дастанында:

Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген,

Сұлатты көздегенін атқан жерден.

Бір мерген Саңырық атты жараланды,

Тайлақтың жолдас болып соңына ерген.

Екеуі Кіші жүзден «шекті» еді...

Қожаберген жырау болса екеуін де  «батыр» емес, «мерген» дейді. Онымен қоймай екеуін де «шекті» дейді. Ал осы мәселеге байланысты таласқа түсіп, газет-жорналдарға түрлі материалдарды  жариялап жүрген ғалым, жорналшылар да Тайлақ батырды өздерінің  аталарына қарай тартып, біреулері оны Телеу

(филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы), енді бірі оны –Керейіт (өлкетанушы Тынышбек Дайрабайұлы) десе, бір топ жағалбайлылықтар Тайлақ батырды- Жағалбайлы, деп өздеріне қарай тартады. Сонда, ерлігімен көзге түсіп, 1726 жылы, Үш жүздің игі жақсылары бас қосқан, Ордабасыдағы жиында Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланған Тайлақ батыр Жеті рудың қай атасына жатады? Меніңше, о баста бір адамнан (Қожаберген жыраудан болса керек) кеткен қателік талай адамды дұрыс жолдан тайдырып, адастырып отырғаны рас. Олай дейтініміз, оншақты тарихшы «батыр» деп таныған Тайлақты «мерген» деп басқа жолға түсіріп отырғаны көрініп-ақ тұр. Тайлақ батыр болған. Батыр болмаса,  Ордабасыда оны неге Кіші жүз әскерінің қолбасшысы етіп сайлады? Өзі қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып сайланғаннан кейін, Әбілхайыр хан өзінің орнына Тайлақ батырды ұсынып отрыған жоқ па? Бұл басы ашық мәселе, немесе Қожаберген жырау басқа бір Тайлақ пен Саңырықты айтып отыр ма?

Менімше, қателескендердің ішінде Қазақ ұлттық энциклопедиясының авторы да бар. Ол үлкен еңбектің 8 - ші томының 177 бетінде –«Тайлақ Мәтіұлы... Кіші жүздің Жеті руынан шыққан, деп жазыпты. Тайлақ батыр шынымен де Мәті бидің ұлы ма? Біздің білуімізше Тайлақ батыр Кіші жүздің ханы Әбілхайырмен құрдас болған дейді білетіндер. Әбілхайыр хан болса 1693 жылы туған. Яғни, Тайлақ батыр да сол жылғы – 1693 жылғы. Ал Тайлақ батырдың әкесі деп жүрген Мәті би, Қызылорда облысының энциклопедиясында, шамамен 1627 жылы туып, 1711 жылы қайтыс болды делінген. Сонда Тайлақ батыр дүниеге келгенде, оның әкесі деп жүрген бабамыз Мәті би 86 жаста екен. 86 жастағы шалдан (әруағы кешірсін) бала тууы мүмкін, ал Тайлақтай батыр бала туды, дегенге сену тіпті де қиын. Мұны бір деп қоялық.

Екінші: Семей жақтағы «Жағалбайлы жотасы» дегеніміз, біраз мәселенің бетін ашары сөзсіз. Неге ол жерді «Жағалбайлы жотасы» деп атаған. Не ол жерде жағалбайлы жауынгерлері қазақ жерін жонғардан қорғып тұрған, болмаса ол әскердің қолбасшысы жағалбайлы азаматы болғаны. Біз Тайлақ батырдың, 1726 жылға дейін Жағалбайлы қолының қолбасшысы болғанын жақсы білеміз. Бұны екі делік.

Үшінші айтарым, алдағы уақытта  тарихи мәселеге келгенде, анау «алай» деді, мынау «былай» деді, дегенге аса көңіл бөлмеген дұрыс болар. Себебі, қазақта «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», деген ұғым бар. Қателеспейтін адам жоқ. Бәріміз де қателесеміз. Ең бастысы, дәлел керек. Бүгінгі Тайлақ бабамыз жайлы жазғандардың бірі – бірінде де дәлел жоқ. Тайлақ бабамыз жайлы жазғандардың ішінде, бәрін былай қойғанда, көңілге қаяу түсіретін «Айқын» газетінің биылғы жылғы 127 санындағы «Тайлақ батырдың тегі қандай?» деген материал болды. Автор өзі Тайлақ батыр туралы жазғандардың еңбектеріне «еш дәлелі жоқ», дей отырып, өзінің жазған материалында да ешқандай нақты дәлел келтірмейді. Материалдың кей жерлерінде адамның намысына тиер сөздер айтып, Мырзабай Жақсылықов пен Баянғали Құлтаевтың жер-жебіріне жеткен. «.. өлі аруақтардың сөйлей алмайтынына арқа сүйеп отыр-ау», дегені не деген сөз? Журналистикада – «сына, бірақ ешкімнің намысына тимейтіндей етіп сына», деген ұғым бар еді. Сол жағы ескерілмеді-ау деймін.

Тайлақ батыр жайлы әлі де талай материалдар жазылар. Бірақ,  көп болып бұл тақырыпты әлі де тереңірек зерттесек  дұрыс болар еді. Сосын барып өз ойымызды ортаға салайық, ағайын. Себебі, Тайлақ батыр көп батырлардың бірі емес. Ол «қазақ» деген халықтың басына күн туып, жоңғар деген жалмауыз жұтып қоямын деп тұрған кезде, жаудың айбынынан жасқанбай, бірінші болып бас көтеріп, артынан мыңдарды ертіп, ел мен жер бостандығы жолында өзінен екі-үш  есе күшті жаумен жан алып, жан бере күресіп, жауын жеңген, елдің солтүстігінде  көтерген Жеңіс туын, елдің оңтүстігіне әкеліп, атақты Анрақай шайқасынан кейін, қанша жыл қоқаңдаған жауды  жеңіп, жер бетінен «жоңғар» деген халықты түбегейлі жойып жіберген қазақтың Бас батыры –Тайлақ батыр. Оны білу, оның ерлігін насихаттау әр қазақтың міндеті болса керек. Ал бас батырды өзінің атасына тартып, өз атасының  ғана мақтанышы етіп көрсетуге тырысқан жазғыштарға айтарым, дәлелсіз тарихи материл жазбай ақ қойсақ дұрыс болар еді. Көзінің тірісінде бар қазақтың амандығы, ел мен жердің бірлігі үшін күрескен Бас батырдың  ерлігі мен есімі, сол қазақ рулары өкілдерінің арасына ірткі салып жүр. Бас батырдың есімін, мақтаныш үшін тоқтыша тартқанша, оның есімін бүкіл қазақтың мақтанышына айналдырғанымыз дұрыс болар еді, ағайын!

Қуанышбай Орманов

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394