Сәрсенбі, 28 Шілде 2021
Талқы 2514 27 пікір 27 Мамыр, 2020 сағат 15:00

Путин тағы парадқа шақырды...

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 маусымда Мәскеуде өтетін Жеңіс парадының, Путиннің шақыртуын қабыл алды. Бұл туралы кеше Тоқаевтың өзі айтты.

«Бүгін Ресей Президенті В.Путинмен телефон арқылы сөйлесу барысында 24 маусым күні Қызыл алаңда өтетін Жеңіс парадына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырту алдым. Шақыртуды ризашылықпен қабылдадым», - деп жазды Twitter желісіндегі парақшасында.

Негізі Кремльдің бұлжымас дәстүр, айнымас салтына салса, бұл Жеңіс шеруі 9 мамырда өтуі тиіс еді. Кремльдің дейміз-ау, бұрынғы одақтас елдердің көпшілігінде 9 мамыр Жеңіс күні деп белгіленіп, сол күні алаулатып-жалаулатып әскери шеру өткізу дейтін бір дәстүр қалыптасқан.

Жыл сайын мамыр туса болды, Қызыл алаңда қыруар әскер мен әскери техниканы қаз-қатар тізіп қойып шерулететін Мәскеудің бұл жолғы дөңгелек датаға құрған жоспарын covid-19 бұзды. Жарты әлемге жайылған індет Ресейде де жылдам тарап, әуелі Кремльдің кең дәліздерінде жүрген шенді-шекпенділерге дейін жұқтырып жатқан соң, Мәскеудегілер мақұлдаса келіп, Жеңіс шеруін кейінге ысырып қойған.

75 жылдықтың парады маусымда өтеді

Путин объявил о проведении парада Победы 24 июня - Ведомости

Міне, сол шеру 24 маусымда өтетін болыпты. Оны Ресей президенті айтты.

«Біз мұны 1945 жылғы жеңімпаздардың тарихи шеруі өткен күні, сол Мәскеу түбінде күрескен, Ленинградты қорғаған, Сталинград үшін шайқасқан, Еуропаны азат еткен, Берлинді алған батырлар Қызыл алаңмен алғаш жүріп өткен күні өткіземіз», - депті В.В.Путин.

Депті де, 75 жылдыққа арналған шеруге тас-түйін дайындықты қазір бастауға, қауіпсіздікті қатаң бақылауға тапсырма беріпті. «Бессмертный полк» дейтін жаяулар шеруін Жеңіс парадынан кейін 1 айдан соң, 26 шілдеде өткізуді және жоспарлап қойыпты.

Әуелде 9 мамырда өтуі тиіс парад өршіп тұрған індетке байланысты кейінге шегерілді дедік қой. Міне, Ресейдегі ахуал қазір де мәз емес. Індеттілер саны бойынша Ресей әлемдегі алғашқы үштікке кірді. 360 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. 3800-ден көп адам қайтыс болған.

Былтыр Кремль қожайыны қасына қыруар тілшіні топтап алып, баспасөз жиынын өткізіп, сол жиында парадқа қатысуды міндеттей сөйлеген.

Путин: парадқа қатысу – міндет!

Ресей президенті 75 жылдықтың құрметіне қолындағысы мен қорасындағы бар қаруының тегі жақсыларын теріп, әскери әлеуетін әлемге әйгілейтін әлемет бір парад өткізетінін айқан екен. Мақұл ғой, отты қарудың түр-түрін Қызыл алаңда саппен тізіп, әскери парад өткізу – Кремль идеологиясының бұлжымас дәстүріне айналғалы қашан. Сондықтан, ерен санамай, «жылдағысынша өтер» деп қоя салар ма ек. Жоқ. Бұл жолы Владимир Путин «бұрынғы бодан елдердің басшыларының барлығы Мәскеуге келіп, парадты бірге көруі керек», деп сөйлепті.

«Мен Совет одағының жоқтығына өкінемін. Бұл олардың құқығы. Бірақ егер біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың бүгінгі ерекшеліктеріне байланысты кейбір мемлекет басшылары келмесе, олар үшін бұл үлкен қателік болады деп ойлаймын. Себебі бұл олардың өз Отандарының тәуелсіздігі үшін соғысып, өмірлерін қиған адамдарға лайықты құрмет көрсетпейтіндігін білдіреді», депті Путин.

Сонымен, Путиннің пікірінше егер Совет армиясы жағында соғысқан немесе бұрын одақтас болған, Кремльдің шақыртуын алған елдердің басшылары 24 маусымда Мәскеуге әскери парад көруге келмейтін болса – онда бұл үлкен қателік екен. Тіпті, соғыста шейіт кеткендерге деген құрметсіздік болады-мыс. Сондықтан, келу – парыз! Біз осылай деп ой түйдік.

Большая пресс-конференция Владимира Путина. Онлайн

Кейін Владимир Владимирович тағы сөйледі. «Біз соғыс жайлы фактілерді бұрмалап, Кеңес әскерінің тарихи жеңісін қаралап, өтірікті қосып, бізді нацизммен тең қойғысы келетіндердің аузын жауып, үнін мәңгіге өшіреміз. Біз оларға бұлтартпас айғақтар мен тарихи құжаттар, фильмдерді ұсынатын боламыз»,- деді.

Ал биыл: «Біз 27 млн. адамнан айырылдық. Егер кімде-кім бізге басып келсе, Екінші дүниежүзілік соғысты қайталаймыз. Бізге қылышпен келгендер, қылыштан өлетін болады», - депті, әне.

Айтпақшы, биыл бұрынғы одақтас елдер арасында Жеңіс парадын тұп-тура 9 мамыр күні өткізген жалғыз ел – Беларусь болды. 3 мың сарбаз сап түзеп, 150 әскери техника тізіліп өткен парадтың соңы кәнсерт пен отшашуға ұласқан. 75 жылдыңтың парадын көруге қала тұрғындары да келген.

Ал бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко: «Соғыстан ең көп жапа шеккен ел - Беларусь», деп жариялаған. Жариялап қана қоймай, 9 мамырдағы парадқа посткеңестік елдердің барлық басшыларын шақырған.

«Барлық мемлекет басшыларын жария түрде шақырамын. Ең құрығанда бұрынғы Кеңес одағы елдерінің басшыларын Минскіге келіп, осы парадта болуға шақырамын. Біреу-міреу келіп қалар деп үміттенеміз. Келмесе – әдеттегідей өзіміз өткізе береміз», - деген Беларусь басшысы. Алайда Лукашенконың бұл шақыртуына біздікілер жауап қатқан жоқ. Барған да жоқ.

«Жеңістің мұрагерлері – беларусьтер!»

Ал 9 мамыр күні Парад мінберінде тұрып: «Бұл мереке біз үшін қасиетті. XX ғасырдағы сұм соғыстың орасан зор зардабын көрген Беларусь халқының трагедиясы – бүгінгі күннің ешқандай қиындығымен салыстыруға келмейді.

Біз тіпті, міне 75 жыл бойы жеңімпаздардың ұлы ерліктерін ұлықтап келе жатқан дәстүрді өзгерту туралы ойдың өзіне жол бере алмаймыз.

Бірақ, мынау бағытынан жаңылған әлемде біздің бұл қасиетті шеруді өткізуімізді, оның уақыты мен орынын сынайтын адамдар табылады. Оларға айтарым – қорытынды шығаруға асықпаңғыздар! Бізді, Жеңістің мұрагерлері – беларусьтерді  айыптауға асықпаңыздар!

Біз басқаша жасай алмадық. Біздің басқа таңдауымыз болмады. Тіпті, болған күннің өзінде біз осылай жасайтын едік! Өйткені бізге біздің бостандығымыз үшін опат болған совет солдаттардың рухы қарап тұр. Олар өмір сүргісі келді. Бірақ, біз өмір сүруіміз үшін өлді.

Мейлі, биылғы әскери парад посткеңестік елдер ішінде жалғыз парад болса да, ол әлемді нацизмнен азат еткен барлық совет солдаттарының құрметіне өтеді», - деп сөйлеген.

Лукашенконың мұнысы Кремльге көп ұнай қоймағаны да рас. Осы парадтан соң, орыс ақпаратында Лукашенконы айыптай сөйлеген бірлі-жарым материал жарияланды. Сондай-ақ, «Путиннің Жеңісін Лукашенко ұрлап алды», «Лукашенко Путинге ерегескенде парад өткізді», т.б. мақалалар қынадай қаптап шықты.

Енді міне, 24 маусымда Кремль де өз парадын өткізетін болыпты. Бұған дейін, Мәскеу парад көруге бұрынғы одақтас ел басшыларынын басқа шетелдік лидерлерді де шақырған.

Түйін. Кремль үшін Жеңіс парады – пропоганда құралына айналған. Қазір көптеген шетелдік лидерлер Мәскеу шақырған мұндай парадтарға бармайды. Себебі, біреу ғана. Ресей әлем үшін агрессор ел.

Мәскеу жыл сайын парад өткізеді. Биыл сол сұм соғыстағы ең жас сарбаз 90-нан асты. Қызыл алаңға келетін соғыс ардагерлері жыл сайын азайып, әскери аппараттар, ұшақтар, танкілер т.б. көбейіп келеді. Кремль өткізетін Жеңіс парады құдды сұм соғыстың зұлматын көрген қарт майдангерлерді емес, Ресей билігін, Путин әскерінің «құдіреттілігін» ұлықтау процессі іспетті.

Әне, Владимир Путин ертең 75 жылдықтың парадына келуді міндеттегендей сөйлеп, «келмесеңдер қателік жасаған боласыңдар», деп жатыр. Лукашенко шақырғанда бармаған Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің шақыртуын қабыл алды. Хош, Лукашенконың парады пандемияның өршіп тұрған тұсында өтті. Бұл бір жауап бослын. Ал әлемде індеттілер саны бойынша үшінші орында тұрған Ресей парад өтетін маусымда індеттен құлан таза айығып кете ме?

Мақұл ғой, шешімі шығып қойған бұл мәселеде біз өзгеріске ықпал ете қоймаспыз. Десе де, дөп келгенде, «деп» қалуымыз керек-ақ!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

27 пікір