Щербак ісі. 4,5 жыл аз ба, көп пе?
Еліміздің солтүстік өңірінде Ресейге қарап еміреніп, «көршіміз қашан келіп, өзіне қосып алар екен» деп түн ұйқысы төртке бөлініп, мазасы қашып жүргендер онша көп емес десек, өзімізді-өзіміз алдаған болып шығамыз. «Сепаратизм» деген аурауға шалдықққандар мұнда жетіп артылады. Сырт көзге тыныш секілді көрінгенімен ішінде ит өліп жатқандары жетерлік. Ал өздерін Қазақстанның азаматы емес, Ресейдің «шын патриоты» санайтындар мұндай мақсат үшін қолына қару алып, қан төгуге де дайын.
Солардың бірі Қостанайдың тұрғыны Евгений Щербак деген азамат көршіміз өздерінше көлгірсіп айтатын, шын мәнініде қылмыскерлер қатарына жататын «ерікті», орысша айтқанда атақты «доброволец». «Орыс әлемі» дегенде жан беруге дайын бұл «батырың» бір күні еш ойланбастан Украинаның өздерін «Донбасс халық республикасы» деп атайтын аймаққа барып, сондағы Арсений Павлов (лақап аты «Моторолла) басқаратын «Спарта» отрядының құрамында сондағы Широкино және Дебальцево деген елді мекендерді «қорғауда» асқан «ерлікпен» шайқасады.
«Қасиетті соғыстан» әбден құмары қанған соң, сол Ресейде қалып, шат-шадыман өмір сүруді ойлайды. Ендеше, сол елдің азаматтығын алу керек екендігі белгілі. Бұл үшін ол «ойбай маған Қазақстанда тыныштық бермеді, саяси қуғындады» деген «ертегіні» ойлап шығарады. Кім біліпті, оған Ресей сұрағанын бере салар ма еді, егер ол сол соғыстан әбден жүйкесі жұқарып, мінезі өзгеріп, әркіммен бір жағаласып, шатақ шығармаса. Оның үстіне бұл «жалдамалының» аса қауіпті құрт ауруына (туберкулез) ұшырағаны белгілі болады. Өзі ауру, өзі бұзақы адам кімге керек, сосын Ресей жанашырлық танытқан болып, бізге итере салады.
Міне осыдан кейін «аттанға бергісіз» ойбай басталып кетеді. Ресейдің кейбір баспасөз құралдары «елді қорғаған асқан батыр мен шынайы патриотты Қазақстанға ұстап беріп жатыр» деп шулай жөнеледі. Бір қызығы, оны осы өзіміздегілер де іліп ала жөнеледі. Қостанайдағы белгілі бір портал осының ізін суытпай «Россия выдала «на расправу» Казахстану «добровольца» воевавшего на Донбассе с «Мотороллой» деген мақаланы сол Донбастағы бір порталдан көшіріп баса қояды. Не деген оперативтілік пен жеделдік десеңізші. Бұл туралы біз өз порталымызда «Бұл не қылған «жанашырлық?» деген мақала да басқанбыз. Онда біз мұндай сепаратистік пиғылды дер кезінде әшкерелеп, алдын алып отырмасақ, түбі өкінішке ұрынатынымызды ескерткенбіз. Алайда, өкінішіке орай, бұл жан айқайымызды ешкім де естімеді. Ешкім де құлағын ілмеді. Ешкімді де алаңдатпады.
Бұлай деп өкіне сөйлеуміздің өзіндік сыры бар. Сол Щербак дегенді «Қазақстанға қайтарып берді» дегенді өткенде айттық қой. Міне енді, өткен мамыр айында Қостанай қалалық сотында оған үкім шығарылды. Енді орындықты мықтап ұстаңыз. Құлап қалуыңыз мүмкін. Қазақ елін отаным демей, одан қатты қорлық көрдім деп, қолына қару алып, шетелге барып, қаншама адамның қанын мойнына жүктеген осы қылмыскерді (қан төкпесе онда неменеге барды?) небәрі 4,5 жылға ғана соттады.
Бұл енді көп пе, аз ба , мұны оқырмандардың үлесіне қалдырдық. Біздің айтпағымыз, бұл сот процесі туралы республикалық деңгейдегі түгілі, облысымыздағы ешбір баспасөз құралдары ләл-лим деп жақ ашпады. Оларға сірә, бұл әншейін ғана, көңіл аударуға тұрмайтын, ұсақ-түйек дүние секілді. Облысымыздағы бюджеттен қаржыландырылатын екі газет пен екі бірдей теледидардан да бұл жолы ештеңе білмедік. Олардың не себепті осынау сирек кездесетін және күнде бола бермейтін сот процесін жан-жақты талдап, түбегейлі сараптап, Щербактың қылмысының түп-тамырын ашып беретін мақала немесе хабар жасауға не кедергі? Әлде жоғары жақтан «ойбай, мұны қозғамаңдар. Олай істесеңдер ұлт араздығын қоздырасыңдар» деген қатаң талап түсті ме екен. Біз мұны да жоққа шығармаймыз. Өйткені бюджетен күн көріп отырған баспасөздің барлығы да жергілікті билікке тікелей тәуелді. Ал жергілікті билік те кей мәселелерде жоғары жаққа қарап, аңдысын аңдитындығы да өтірік емес. Мәселенің мәнісін білмей, біреуге кінә тағудан аулақпыз. Қалай болғанда да осындағы қалың оқырман «ерікті» Щербактың Украинаға барып «нені бүлдіріп» қойғандығынан мүлдем хабарсыз қалды. Түптеп келгенде, газеттерді өз ақшасына жаздырып алатын қалың оқырман жан-жақты да обьективті ақпарат алу құқығына мүлдем айрылыды десек, артық айтқандық болмас.
Сөз соңында ресейліктердің «Орыс әлемін» кеңейту жолында ерекше еңбек еткен Щербак секілділерді жанын салып қорғаудағы жанкештілігіне таң қаласың әрі тәнті боласың. Мәселен, анау-мынау емес, Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Шаргунов деген мықтысы осындағы сот процесін қатаң қадағалап, тікелей атсалысқан көрінеді. Онысын ол өзінің Facebook желісінде ешкімнен қысылмай ашық жазқыпты. «Русского человека Женю Щербака суд города Костаная (Кустаная, Николаевска…) приговорил к 4 с половиной годам лишения свободы. Напомню: парень поехал ополченцем в Донбасс, где чудом выжил. Из России, которая его поманила на войну всем блеском и шумом своих телеэкранов, Евгения выдали в Казахстан. Хотя он умолял предоставить ему убежище. И уж, конечно, никто не озаботился дальнейшей судьбой преданного. Пришлось полностью оплатить адвоката. Был бы „государственный защитник“, было бы хуже. Могли дать и 9 лет. Так что даже такому приговору семья рада», - деп, қуанышын да жасырмайды.
Айтпақшы біз өткендегі «Бұл не қылған «жанашырлық?» деген мақаламызды: «Әлде «Үндемеген үйдей пәлдеден құтылады» деген саясатпен өмір сүру әлдеқайда пайдалы әрі тыныш па екен? Онда мемлекет мүддесін, еліміздің тұтастығын кім қорғайды, әлгіндей арандатушылық әрекеттерге кім тойтарыс береді? Халық үнсіз, билік саңырау», - деп аяқтағанбыз. Біздің бұған қосып-аларымыз жоқ.
Жайберген Болатов
Abai.kz