«Асекең үмітіміздің шамшырағы еді...»
1984 жылы қоңыр күз. Әлде құрбан айт әлде ҚХР-дың республика күні, әйтеу бір мәре-сере болған мереке күні. Орталық ұлттар университетінің аумағы сол заманның еркесі атанған әр қиырдан келіп бір шаңырақ астында білім қуған қыз-жігіттерге толып кеткен. Әртүрлі өрнектегі киім, бірін-бірі қайталамайтын әуен. Қызықтың бәрі осында келіп құйылып жатқан сияқты.
Бізде топтың ішінде құрбы-құрдастарымызбен мамыражай табиғаттың шуағына шомып, студенттік шақтың ұмытылмас сәттерін тамашалап жүргенбіз, кенет көптеген жанарлардың қақпаға қарай жамырай қадалғанын, кері бағытта кетіп бара жатқандардың тоқтай қап бұрылғанын жан-тәнімізбен сезіндік. Бізде мойынымызды бұрдық. Сары шашын кері қарыс қойған ақсары жүзді, орта бойлы батыс киноларында ғана көретін шақпақ-шақпақ костюм киген боз бала достарының қаумалуында кіріп келеді екен. Ұлттық киім киген немесе сол кездегі дәстүр бойынша төрт қалталы, тік жағалы джонгшань формасын киетін мына қауым үшін бұл жігіт ғарыштан түскендей сезілді. Әсіресе қыздардың қиылған қасы жазылмай қалғандай. Бұл жігіт Асқар Жакулин еді. Біз екінші курсты аяқтап, үшінші курстың табалдырығын аттаған кезіміз. Ауылда жүрген кезімізден Жакулин деген тосын фамилияны естіп өссек, міне тірі Жакулинді көріп тұрмыз, оның үстіне ұзын құлақтан бүкіл Шыңжаң бойынша мемлекеттік тестте барлық ұлтты артқа тастап, ең жоғарғы балл алған, мәдениет төңкерісінен кейін тұңғыш рет әлемге аты мәлім Цинхуа университетіне қабылданған алғашқы қазақ Асқар Жакулин деген хабарды естіп алғанбыз. Мына жүрісі мереке кезінде өз жерлестерін, класстастарын іздеп шығуы екен.
Осыдан кейін анда-мұнда аптаның соңында университет ауласынан сарбас баланы көріп қалатын болдық. Қазірден санасақ Асқарды алғаш көргеніме аттай заулап отыз алты жылға таяу уақыт өтіпті, бірақ дәл қай күні, қай уақытта танысқанымыз есімде жоқ, тек таныса салып дос болып кеткен сияқтымыз. Келесі жылдың көктемі аяқтап, жадыраған жаздың алғашқы күнінде Асқар бізді іздеп келді. Тәтті қиял, бала көңіл қанат болып арманшыл студенттердің бірнеше бас қосуынан кейін “Артта қалған елге не істеп береміз?” деген сұрақ қабырғасынан қойылды. Бұл кез атышулы мәдениет төңкерісі аяқтап, бүкіл қытай халқы білімге бет қойған, білім жүйесіне қаралық араласпай, әр ауылдың шын жүйріктері маңдайы жарқырап, бәйгеден келетін кез.
Сонымен “Шыңжаң мал шаруашылығы районындағы оқу ағартуды ілгерлету қоғамы” атты студенттердің қоғамдық ұйымы құрылып Пекин педагогикалық университетінің, педагогика соңғы курс студенті Мақадас төраға болып, Кеңес, Рахым Айыпұлы, Айдын Оразанбай, Асқар Жакулин, Болатқан және мен тұрақты жорасына сайландық. Орталық ұлттар университеті дайындық курсының үлкен залында ұйымның құрылу жиналысы ашылып, төрағамыз Мақадас бастаған бірнешеуіміз ұйымның мақсаты, атқарар жұмысы, халықаралық жағдай, қазақ халқының өткені мен бүгіні жөнінде баяндамалар жасадық. Пекинде оқып жатқан қазақ студенттердің негізгі бөлігі қатынасты.
Ол жылдар реформатор Дэн ақсақалдың пышағы кесіп тұрған кез еді. Батыспен, жалпы әлеммен қарым қатынасы дұрысталған, ғылымның көктемі келіп, білімнің айы оңынан туған, еркін ойлау дағдыға айналған еді. “Есі дұрыс ел өз территориясында соғыс шаласын бықсытпайды” деген Дэнның әйгілі сөзі қытайдың сыртқы саясатының параметріне айналған кез. “Студент заманының еркесі” атанып отбасының, әулеттің, рудың, ауылдың, ауданның аты, атағы сол жылғы жоғарғы оқуға түскен студенттердің саны мен сапасымен өлшенетін заман туды. Ай сайын туған жерімізден өзіміз танымайтын жеткіншектердең толасыз хат алатынбыз. Олардың аңсары да арманы да “қайтсем жоғарғы оқуға түсу” болатын. Атышулы мәдениет төңкерісінің зардабын тартқан алыстағы кедей мешеу райондардағы білім жүйесінің жағдайы мәз емес еді. Оқулықтармен, оқу материалдарымен толық қамтылмаған. Пекинде жыл сайын бүкіл Қытай бойынша біртұтас тестілеудің сұрақ-жауабын кітап қылып шығарып сол жылғы абитуриенттерге ұсынатын. Біз осы сұрақ жауаптарды қазақша аударып май баспамен көшіріп басып, қазақтар шоғырланған өңірлердегі қазақ мектептерге бірнеше данадан поштамен жіберіп бердік. Бұдан сырт Пекинге жиынға, үйренуге келген қазақ ақын, жазушы, тарихшыларын танымал тұлғаларын шақырып, студенттерге лекция сөйлеттік. Ұлттық өнер мен құндылықтарды дәріптейтін сауық кештерін, поэзия кештерін ұйымдастырдық.
Алғашқы қаржы көзін студенттік стипендия үнемдеп, басын құрап сенбі, жексенбі күні базарға шығып, сол кездегі Пекиндіктердің жеңсік асы болған Шыңжаң кәуәбін сатып жинадық. Одан сырт орталық ұлттар баспасы, орталық аударма мекемесі, орталық радио станциясының қазақ бөлімдерінен көмекке қағаз алдық. Орталық партия мектебінде оқып жатқан қазақ басшыларына ақыл, көмек сұрап барған едік. Талай саяси күрестің тезінен өткен кәрі шораяқтар “біздің қазіргі ең басты міндетіміз ұйым құрып қоғамдық жұмыс істеу емес, қайта партия мен үкіметтің қамқорлығын ұмытпай, жақсылап оқу екендігін” есімізге салды. Осы жұмыстардың бәрінің басы-қасында Асекең жайнап, жадырап жүрді. Қала сыртындағы Цинхуа университетінен барлық шарамызға үлгеріп келетін. Қала балаларындай тәкаппар мінезі жоқ, кіммен болса да көне танысындай жатсынбай сөйлесіп кететін. Әдемі әзілдің реті келгенде бар денесімен селкілдеп күлетін. Осылай студенттік шақтың көңілді сәттері зуылдап өте шықты да, төрағамыз Мақадас бастаған бірнеше жігіт оқуын аяқтап, елге қайтты. Болатқан, Құрмет Қадылғазы, Жеңіс Түркия бастаған жігіттер дайындық курсты тәмамдап, оқуларын басқа қалаларда жалғастырды. Осыдан кейін жұмысымыз саяқсып кетті, кейін келген студенттер тым белсеніп шықпады, мамандығымыз бойынша “Жас қанат” деген әдеби кружок құрылып, негізгі уақытымыз бен зейініміз осы жаққа ауып кетті. Оқуды аяқтап Пекинде жұмысқа орналастық, екі жылдан кейін Асқарда Пекинде жұмысқа тұрды. Әуелі бір жылдай қытайдың қиыр шығысында бір компанияда ғылыми практикадан өтіп келді. Осы кезде араласуымыз тіпті қою болып, Асқардың іскерлігіне, жұрт алдындағы тартымдылығына компьютер мамандығын оқыса да қоғамдық ғылым саласында ұшаң теңіз біліміне куә болдық.
Бір күні біздің жатақта бірнеше жігіт бас қостық, осы кезде Асекең өзінің паспорт жасатқанын, енді Пәкістанға баратынын, одан ары жол түссе Америкаға не Еуропаға кететінін айтты. Екі чемодан ақ жібек сатып алғанын, оны Пәкістанға апарып еселеп сатып, жол, оқу қаржысын шығаратынын айтқанда достарымыздың көздері бақырайып кетті. Әрине, ауылдан шығып қалаға әрең аяғы іліккен жігіттер үшін жылы орнын суытып, жат елге екі чемодан арқалап кету Қожанасырдың қылығы еді. Жакулиндер әулетінің ұрпағы үшін қай қала, қай салада болсын орны күреулі еді ғой. Ол заманда бизнеспен айналысу, шетелге шығу ішкі қытайлық жастар үшін өмірдің ең нақты нысанасы болса, біздер үшін газет журналдан оқып, кино-теледидардан көретін “ертегіге” ұқсайтын.
Сонымен Асекең Жайнаның көзін мөлдіретіп, басқа да көзін сүзген қыздарды ақылатып-үкілетіп мұхит асып кетті де, сырттай тілектес болып жүрдік. Еміс-еміс Түркияға барғанын, Германияда бір жағынан қара жұмыс істеп, бір жағынан білім алғанын естіп жаттық. Енді бірде Пекинде құрылыс компаниясын ашып, Жайна екеуінің марафон махаббатының нүктесін қойып үйленгенін, студенттер мен жастардың басын қосып тұңғыш қытай қазақтарының латын алфавитіндегі “Ауыл” деген сайтын дүниеге алып келгенін естідік. Ақыры жаңа ғасырдың алғашқы жылдарында, тәуелсіз Қазақстанда жолымыз түйісті.
2000 жылы ғасыр түйілісі. Алматының бірдемде жаңбыр сіркіретіп құйып кетіп, бірдемде күннің көзі бұлттың астынан жарқырап шыға қалатын жаз айлары. Досымыз Айдын Оразанбайұлы Пекиннен Асқардың келгенін, кеште Алмагүлдегі үйінде бас қосатынымызды хабарлады. Сол кезде Пекинде қатарлас оқыған біраз курстас, достар Алматыға жиналып қалғанбыз. Кеш көңілді болды. Екі ғасырдан бері жиналып қалған естеліктерімізді айтып, жастық шақты еске алдық. Асекең қаржыландырып отырған “Ауыл” сайтына кіріп, жаңа заманның айдынында қалықтап көрдік.
Бірнеше күннен кейін Асқар, Айдын және бір жігіт төртеуіміз Байтұрсынов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы, сол уақытта таңға дейін жұмыс істейтін бір кафеде отырып, аттың басын жібердік. Айтылмаған әңгіме қалмады. Құдіретті қазақия, көркем болашағымыз, өтпелі дәуірдегі бизнестің мүмкіндігі, ұрпағымыздың ертеңі, бәрі бәрі қамтылды. Ол кез етек жеңімізді түріп, ес жиып қалған кезіміз. Қытайдан туыстарымыз, достарымыз топ-топ болып, туысшылап, саяхаттап келіп жататын. Айдын досымыздың жалықпайтын бір жұмысы олардың бала-шағасына отанның артықшылықтары мен жақсылықтарын күні-түні айтып дуалап тастайтын. Соңында балалары оқуға түсіп, әйелдері пәтер, жұмыс іздей бастайтын немесе барахолка деген халықаралық еңбек базарының бір жауынгеріне айналады. Тілектер айтылып, армандар Көктөбені қалықтап өтіп, Медеуде тұрақтамай, Абай шыңына қарай беттегенде, Асекең көп жыл өткен соң Токио ауруханасында ажалмен арпалысып жатып, жазған өсиетінде айтатын “Осы жарты ғасырлық өмірімдегі мен үшін ең керемет оқиға ол, Қазақстанның тәуелсіздік алуы еді. Ал өз өмірімдегі үлкен шешімім, ол менің Қазақстанға қоныс аударғаным болды” деген тарихи шешімін қабылдады.
Жылға жетпейтін уақыт ішінде Асекең де келіп үлгерді. Біз сияқты жалғыз чемодан арқалап емес, едәуір қормен, нарықтың сырын игерген тәжірибиемен келді. Аралықта елбасының бір кітабын өз қаржысымен қытай тіліне аударып, Пекин ұлттар баспасынан баспадан шығарып үлгерді. Дәстүр бойынша, салт көшіп келген Асқарды Айдынға қосып, үйге ерулікке шақырдық. Сол кезде аға-інідей қатар жүрген екеуінің бірлесіп фирма ашқанын, Айдекеңнің Астанадағы жоспарлап қойған жұмысын қайырып тастап, Алматыдағы тірлікке бел шешіп кіріскенін білдік. Әрине екеуінің туыстық жақындығы да бар еді, өкіреш бабаның, “беттің көркі” деген руынан тарайтын. Күнге қарай талпынған екі алақанның сұлбасы бәйтерекке ұқсап кететін логотипі бар, Асқар мен Айдынның аттарының алғашқы буынының қосындысынан шыққан, асай-мүсейін көп болсын дегенді де білдіретін “Ас-Ай” деген компания сол күндерде Алматы қаласындағы Әділет басқармасына тіркеліп жатты.
Бәріміздің мұрнымызға су жетпейді. Реформаның сәтті жүргізіп, инвестицияның икемді тартылуы, энергия мен қазба байлыққа сұраныстың артуы Қазақстанның экономикасын тығырықтан шығарып, ішкі өнім он неше пайызға көтерілді. Жүргенге жөргем ілініп, қимылдағанның қадамына гүл бітті. Асекең кәсібін бір белеске көтеріп, жан жарын жанына алып келді. Ұзақ сыннан өткен адал махаббаттарының жемісі Айдана дүниеге келіп, қашанда жарқылдап, жайнап жүретін жүзі бақыттан, қанағаттан балбырап кетті.
Тағы бірде телефон шырылдай бере, ар жағынан Асқардың жағымды қоңыр дауысы естіле кетті. Сол кездегі модный сөзбен айтқанда елге келіп елеулі болғанын, әзілге сүйеп айта келіп, талай тойдан дәм татқан, ендігі той кезегі өзіне келгенін, қызы Айдана мектеп жасына толып, тілашар тойын жасауға ниеттенгенін сол үшін кәдімгі қандастарша жасалатын кеңес шайынын бір жағына шығысуымды өтінді. Қутірліқпен жүріп, сәл кешігіп барсам біраз қандастар жиылып қалыпты. Асекеңнің өрісі кеңейіп, ортасы толғанына, құрметі артқанына шын жүректен риза болдық. Асекең мен Жайнаның жаңа ортаға бейімделуге қаншама ынтызар болғанын, тойға деген дайындығынан байқауға болатын еді. Асқардың ұсынысымен той жұмысының жалпы дайындығына жауапты адам мен болдым, кейін қосылған кейбір достары “сонда біз не істейміз?” деп қомпылдағанда, “сендер менің айтқанымды мүлтіксіз орындасаңдар жетеді” деп әзілдегенім есімде. Үйсін ресторанында өткен тойдың сәні де, салтанаты да мол болды. Той залының қабырғасына бейнеленген тәңірқұт пен Шие Ю ханша құдалағының май бояулы суреті келген қонақтардың езуіне күлкі үйіріп, Жайна ханымның сыр мен сымбатын арттыра түсті. Осы тойдан кейін Асқар пен Жайна қолымызға оңайлықпен түспейтін болды. Иненің көзімен өтетін пысықтар мен білермендердің ортасында қалды. Бұл жағдайлар Жайнаның “Той”, “Өсек” деген екі эссесінде әдемі юмор, жылы сарказммен суреттеледі. Осы тойда сексеннің сеңгіріне шыққан Бәтимә шешеміз, Жәкуладан жалғасып келе жатқан қара шаңырақты сүт кенжесі Асқарға қалдыратынын салтанатпен жариялады.
2013 жылы сәуірдің май тоңғысыз жылымық күндерінің бірінде Асқардың офисында біраз кісі бас қостық. Асқар жаңа жылдың алдында атасы Жәкулә болыстың кіндік қаны тамған атамекені ШҚО-ның Тарбағатай ауданына бірнеше жігітпен барып келгенін, биыл атасының 150-жылдық мерейтойы екенін, сол себепті үлкен тойға дайындалып жатқанын ашалап айтты. Бірнеше кездесуден кейін арнаулы той дайындығына арналған комиссия құрылды. Тарбағатайың Қызыл кесік ауылында ақындар айтысы, ат шабыс, концерт, спорттық шаралар өткізіліп, ас берілетін болды.
2013 жылы, сәуірдің 27-сі күні Алмас Ахметбекұлы, Әрмиябек Сағындықұлы, Ділдәхан Дәлелұлы, Ертай Нұрмұхаммед, Асқар Жакулин және мен алтауымыз екі машинамен ас өткізетін өлкенің аужайын түйіп қайтуға сапарға шықтық. Таң сыз бере қозғалған темір тұлпар, күн қызыл арайын шаша ұясына еңкейгенде Жәкуләнің қызыл тасы атанған жайлауға жеттік. Трассаның бойына атасының құрметіне Асекең жақында орнатқан зәулім қордайдың қызыл тасының түбінде, Қызық кесік ауылының атқа мінерлері мен ақсақалдары және ет жақын туыстар ән мен жырдың тиегін ағытып, шашу шашып күтіп алды. Жол жөнекей Асекең осы өңірден аталары Жәкулә мен Жәбиннің атында шаруа қожалығын ашу үшін, бес мың гектар жер алғанын айтқан еді. Сөз кезегі маған келгенде “Асеке, бұрын бізде туған жер бар еді, бірақ Отанның барын сезінбей келдік. Қазір Отанымыз бар, бірақ кіндік тамымыз тамған жер көзден бұл-бұл ұшты. Атаң қодас өсіріп, шай еккен, билік айтқан қасиетті мекенге табанымыз тиіп тұр. Арқамыз Аякөз, алдымыз Ақсуат шаруа қожалық құрып жатқаныңды естідік, ендігі туған жеріміз бабаларымыздың басы жатқан осы өңір деп білеміз. Жыл сайын өзіңмен бірге келіп, аунап-қунап қайтамыз” дедім. Ауыл аудан әкімшілігімен кездесуіміз сәтті болды. Ас өткізетін орын, уақыт тұрақтанды. Ел жұрттың ықыласы да ерекше, Асқар да бірнеше жылдан бері бұл ауданға көмегін аямапты.
Асқар, Алмас үшеуіміз бір машинада болған соң әңгімемізде қамтылмаған тақырып қалмады. Әкесі туралы сөз болғанда, әкемнің қателіктері де болды, халыққа пайдасы да көп тиді. Ол өз заманының туындысы. “Апырау, әкемнің қайтқан жасына да таяп қалыппын-ау” деген еді. Атасының тарихы, алда болатын астың маңызы мен дайындық жағдайы да сөз болды. Өткен ғасырдың қазақ үшін зобалаң ғасыр болғанын айтты. Кезінде Қытай мен Совет дос болып тұрғанда, әкесінің қызметтік сапарымен Алматыға келгенде, Семей облысына ел жұртты іздеп келіп, ешкімдіде таппағанын, рулы елдің тозы-тозы шыққанын мұңая айтты. Мына біз көрген туыстары өткен ғасырдың 80 жылдардан кейін босып кеткен жақтарынан естерін жиып, оралғандар екен. “Атам Жәкулә көтерілісті бастап, біраз елді Қытайға бастап барғанмен, көп бодау берді. Өзінің Мерғазы деген ұлы тұтқынға түсіп Семей түрмесінде қайтыс болды. Осы елге бірнеше жылдан бері келіп жүріп, туыстарымның көзінен ауыр мұң, не үшін деген жауабы жок, сұрақ көремін. Осы жаныма қатты батады. Асты өткізудегі мақсатым, осы сұрақтарға жауап іздеу. Қасіреттің дерті сейіліп, елдің еңсесі көтерілсе. Мынау тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін сезінсек деймін. Әулетіміз сол үркіншілік заманда көз жазып қалған немесе өлген балаларының атын Қытайда туылған балаларына қайтадан қойып отырған. Сағынғаны әлде аты өшпесін деп дәтке қуат қылғаны шығар.”
Асекеңнен кемеліне келген кезде көз жазып қалдық. Үмітіміздің шамшырағы, сеніміміздің кепілі еді. Сол сапарда оңаша қалған кезімізде “Асеке, енді саясатпен айналыс” деп едім. Өзінің ақ жарқын, әдемі жымисымен жымиып қана қойғанды. Бірақ, құйрықты жұлдыздай көрген білгенді өкіндіріп өте шықты. Артында кәсібі қалды, балалары өсіп келеді, жары махаббат дастанының алғашқы тарауларын жазып, құлақ күйін шертті. Қатерлі ісікпен ауырған балаларға арналған Асқар Жакулин атындағы қор өз шарапатын қазақияға тигізіп жатыр. Қысқа да әдемі ғұмыр аңызға айналып бара жатқан сияқты. Өмірдің мәні мен мағынасы осы шығар.
Омарәлі Әділбекұлы
Abai.kz