Ақылбек Шаяхмет. «Мен» дегенің – мына біз
«Мен» – кез келген адамның талантын танытатын философиялық категория болса, ол өзін-өзі тану ғана емес, өзін өзгеге де таныту, жекенің мені арқылы көптің мінін көрсету, қоғамдағы келеңсіз көріністердің себеп-салдарын зерттеу.
Күні кеше Бұқар жырау: «Сен бұзау терісі шөніксің, мен өгіз терісі талыспын» десе, Махамбет: «Мен, мен едім, мен едім» десе, оның не өрескелдігі бар. Керісінше, сол сөздерді айтушының қайтпас-қайсар мінез-құлқы көрініп тұрған жоқ па?!
«Мен» – ғұмырбаяндық хамса. Бұл – автордың ғана емес, қазақ елінің белгілі бір кезеңдегі ғұмырбаяны. Кітаптың: «Қаламға және оның жазуына серт!» деген эпиграфы Құраннан (68 сүре, 1-аят) алынуы да тегін емес. Сөзді «Бисмиллаһ ир-рахман иррахимнен» бастаған жазушы мақсаты – ақиқатты жеріне жеткізе айту.
«…Менің еншілі өмірім мен таңбалы жазуым. Бастан өткен ғұмырдың көңілдегі суреті. Қаламға ілінген жазудың жүректегі жүгі. Тұтас ғұмыр емес, бедерлі белестер ғана. Бар жазу емес, дертті толғаныстар ғана. Өмір – арқау, жазу – өрмек. Екеуінің тумысы бір – Менің өзім. Мен. Мен… Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім – кісі, дінім – ислам, нәсілім – түрік, ұлтым – қазақ, ұраным – Алаш, есімім – Мұхтар, сойым –Мағауин…». Жазушы осылай дейді.
Жазушы өзінің кім екенін жақсы біледі. Сондықтан да «Менге» жүгінеді. Мен арқылы өтіп бара жатқан баянсыз ғұмырдың қуыс-қалтарысын зерттейді, фәнидің жақсылығы қайсы, жамандығы қайсы, досы кім, дұшпаны кім, соларды ажыратып алу үшін жүрегінің түбіне үңіледі.
«Мен» – қаламгердің өткенге деген естелігі, «Мен» – қаламгердің келешекке деген сенімі. «Мен» – жазушының наным-сенімі ғана емес, тәні, қаны, жаны. «Мен» оның автопортреті ғана емес, қоғамдағы рухани болмысы, айқын көрінісі. Демек, «Меннің» ішінде мен де, сен де, ол да, барлығымыз да бармыз. Яғни, «Мен» дегеніміз – мына біз. Жеткен жеріміз қайсы, тапқан олжамыз қайсы, сүрінген, жығылған кезіміз бар ма – «Мен» соның барлығын көрсететін бейнебаян тәрізді.
Алланың қалауымен, әруақтың аманатымен қолына қалам ұстаған жазушының: «Мен дегенім – өзім, Мұхтар Мағауин. Осылай деп сендім. Қазақ деген – мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен – ұлттық мұрат. Мен – Алаштың жолы», – деген жолдарынан оның авторлық кредосын, мақсат-мүддесін көреміз.
«Мен»-нің бірінші кітабы «Шытырман немесе жазушының жан азабы» деп аталса, екінші кітап «Қия жолдар немесе ғылымдағы машақат» деп аталады. Атынан көрініп тұрғандай, шығармада жазушы әрі ғалымның ғұмырындағы жаптым жала, жақтым күйе, аяқтан шалу, етектен тарту, жағаға жармасу секілді жағымсыз әрекеттер суреттеледі, суреттеліп қана қоймайды, ақиқаты айтылып, лайықты бағасы беріледі. Оқырман жиренетін, тіпті жиіркенетін жайлардың беті ашылады.
Шынында да, жазушының тастан емес, қасиетті сөзден қаланған, құламайтын, тозбайтын, өшпейтін, мәңгі жасайтын, қазақ халқының мерейін өсіріп, мәртебесін асыратын алтын сарайын ешқашан да тат басуы мүмкін емес.
Ғабит Мүсірепов («Қазақ әдебиеті» газеті, 1984 жыл, 27 маусым): «Мұхтар Мағауин қай шығармасында болсын еркін отырады. Тақырыптары ұсақ-ұлаң емес, бүгінгі күніміздің іргелі сауалдарына толымды жауап береді. Атүсті емес, терең жауаптар. Алған тақырыптарын терең зерттеп алатыны байқалады», – деп бағалаған қаламгер қалыпты жүрісінен танған жоқ. Ақиқатты ашып көрсетті, бояма жапсырған жоқ. Шындықты шыңғыртып жазды, жалған қосқан жоқ. Романдағы барлық хамса автордың өз сөзімен айтсақ: «Өшпес ақ қағаз бетіндегі куәлік». Шынында да, «қаламды нық ұстады, қолайын тапты, қиялай шауып, қапысыз сілтеді. Әруақтың аманатын ақтады». Бұл роман – жазушының жан азабы ғана емес, тұтас бір дәуірдің келбеті. «Мен» – мен, сіз бен біз ғұмыр кешкен заманның, сол замандағы қоғамның айнасы.
«Мен» роман-эссесі осымен аяқталды деп ойлайсыз ба? Жоқ! «Меннің» заңды жалғасы – тарихи танымы жоғары, дәйекті және дәлелді жазылған «Ұлтсыздану ұраны», «Ғаламат апат шындығы», «Қазақсыз Қазақстан», «Қан төгілді!», «Жер қазақтыкі!», «Жармақ», тағы басқа туындылар. Осы шығармалардың барлығында да автордың мені «мен мұндалап» тұр. Тіпті оның кезінде әртүрлі басылымдарда жарық көген «Қол қоя салып едім» секілді мақаласын немесе «Подонок», «Бесінші түлік» секілді әңгімелерін оқысаңыз да ойыңызға «Мен» келеді. Қаламгердің «Естеліктер» кітабында да барлық образдар «Мен» арқылы ашылады.
Жазушының: «Өзім… Мен… Мен Өзім… Қайдан келдім? Қайда барам?» деген көп нүктелі және сұраулы сөйлемдерден басталатын «Өзім» деген әңгімесінде де «МЕН» алға шығады. Бұл әңгімесінде автор кесімді сөзін айтады:
«Жоқ! Шеңбер – шексіз. Менің бар ғұмырым – сарқылмас. Сөзге, таусылмас Таңбаға түскен. Ендігі жерде Өзімді Өзім қайта көруім шарт емес. Тамшыдан жаралғаннан топыраққа айналғанға дейінгі бар болмысым мәңгілікке жалғасқан. Өткен жүз сан әруақтың аманаты, келешек мың сан зәузаттың тілек-мұраты. Тұманға сіңіп жоғалар бір сәттік елес емес, ұлтыммен, ұлысыммен бірге жасар фәнилік әрі бақилық тас ұстын, ұлағатты дәріс. Нық Сенім, шын Өзім – осы!» – дейді.
Жазушының әр сөзінен терең мағына іздейсің. Әрбір әңгімесінен ел құлағын елең еткізетін жақсы жаңалық, ізгі лебіз күтесің. Мұхтар Мағауиннің қанатты сөздері жетіп артылады. Бір ғана мысал келтірейін. Абай айтқан уәжді одан әрі жалғап: «Қазақтың «Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа – жақсылық ер адамның ісі» деген мақалымен келіспеймін. Былай деп өзгертер ем: «Жақсылыққа – жамандық әр адамның ісі. Жақсылыққа – жақсылық ер адамның ісі», – дейді.
Жазушының әрбір шығармасы өмірдің айнасы тәрізді. Мұхтар Мағауиннің «Жармағындағы» Мұрат пен Марат, «Оңғағындағы» Иман мен Жиған, «Наладағы» арыдағы Шорман, берідегі Зорман, «Подоноктағы» сілімтік Подонок, айта берсек, толып жатқан кейіпкерлер қазір де арамызда жүргені өтірік емес қой.
Біз көптеген жазушыларды орыс әдебиетінде Гогольдің шинелінен шыққан, қазақ әдебиетінде Би-ағаның (Майлин) шапанынан шыққан деп жатамыз. Осы орайда Мұхтар ағамен Прагада кездескенім есіме түседі. Ағаның иығындағы костюмін Бақытжамал жеңгеміз «жұғысты болсын» деген ырыммен иығыма жауып еді. Өз басым ұлт мүддесі тұрғысынан Мұхтар ағаның шапанынан шыққым келді. Ел арманын Мұхтар аға секілді ұққым келді. Елге келген соң аға туралы өлең жаздым:
Жем болғанда кездейсоқ көлденеңге,
Жақсы сөзге қаталап шөлдегенде,
Сізді таптым.
Ақиқат сөзді таптым
Айызымды қандырған «Мен!» – дегенде.
Бүгінгі ісі ертеңге қайшы келген,
Қазағымды ұстайсың қай шідермен.
Заман болды текелер төрге шығып,
Қойшылардың қызығын тойшы көрген.
Бағынса да Жаратқан жарлығына,
Төбеттердің төзсе де зорлығына,
Байлаудағы қасқыр да өліп кеткен
Шыдай алмай қанденнің қорлығына.
Ұлттың рухы атойлар келбетінен,
Бар жазғанын қалдырған елге түгел,
Бағалы сөз санада жүрері хақ,
Жалғыз қазақ көшкенше жер бетінен.
Ел болмасын елінің ерте сезген,
Шәкәрімдей қайғы ойлап, елден безген,
Айттың. Жаздың. Күйіндің.
Шер байланды.
Алла Сізді сақтасын тіл мен көзден!
Сексеннің сеңгіріне шығып отырған қайсар ағаға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Оның жазғаны көп. Шетінен шедевр! Таңдай қақтырады. Толғантады, тебірентеді. Жазу мәнері ырза қылады. Ендігі тілек – Алла денсаулық берсін, алтын қаламы іркілмесін, жазары таусылмасын!
Ақылбек Шаяхмет,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры
Abai.kz