«2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылды»
Қазақстандағы шошқа шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі жайлы қоғамда біраз пікірталас туындаған еді. Бұл мәселе жөнінде біз де ой қосып, «Министрлік: «шошқа баққан озар» депті, әне...» атты мақала жазған едік. Ал, бүгін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі аталған жайтқа қатысты ақпарат ұсынды.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда екі жылдан бері шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылған. Сонымен қатар, бүгінде елімізде шошқа етінің ішкі тұтыну үлесі 8% төмендеген.
«Осы орайда, қоғамда түрлі пікір тудырған тақырып бойынша мынандай ақпарат ұсынамыз. Мемлекет әрқашан экономикалық тұрғыдан тиімді болу үшін көршілес елдердің сұранысына мән беріп, нарықтағы тұтынушы талабын ескереді.
Қазақстанда 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылған, бұл шошқа өндірісіне мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемінің 2 есе азайғанын көрсетеді. Қазіргі уақытта салада тек екі субсидия бар: асылдандыру мен өсіруге кеткен шығындарды өтеу. Алайда, өткен жылы бұл субсидияны тек бір шаруа қожалығы ғана пайдаланып, небары 6 бас мал алынды.
Салыстырмалы түрде, 1991 жылы Қазақстанда 2,9 миллион бас шошқа болған, ал 2018 жылы - 800 мың ғана. 2019 жылға қарай Қазақстандағы шошқа санының артуы, шошқа еті экспортының өсуіне әсер етті. Егер 2017 жылы Қазақстан шетелге 300 тоннаға жуық ет сатса, былтыр ол 800 тоннаға жетті. Осы кезең ішінде шошқа етінің ішкі тұтыну үлесі 8% төмендеді» - делінген министрлік хабарламасында.
Одан бөлек, АШМ отандық жылқы шаруашылығын қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Бүгінгі таңда мемлекет жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге төмендегідей мүмкіндіктер қарастырылған:
- сатып алынған асыл тұқымды айғырлар үшін субсидиялау нормасы әр басқа 100 мың теңгеден;
- бие сүтін өндірушілер үшін әр литріне 60 теңгеден;
- асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне жылына 20 мың теңгеден;
- жылқы шаруашылығын дамытуға арналған техникалар мен жем-шөп дайындайтын жабдықтарды сатып алғанда мемлекет 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық субсидия береді;
- несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 10% субсидиялау.
АШМ өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда бүгінгі таңда жылқы саны 2,9 млн басқа дейін өскен көрінеді. Бұл 1991 жылғы жылқы санынан 1,7 есе, ал 2000 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Тиісінше, жылқы шаруашылығы мен бие сүтінің өндірісі дамып, асыл тұқымды жылқылардың саны артты. 2011 жылдан бастап мемлекет сатып алуды субсидиялап олардың үлесі 1,9 есе өсті.
«Жылқы өсірушілерге «жылқы сатып алуға» 10 жылға дейінгі 6% жылдық жеңілдетілген несие беру қарастырылған. 2016 жылдан бері «Құлан» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. 2018 жылы 12 мың бас мал сатып алуға 512 шаруашылық қаражат алды, былтыр 1440 шаруашылыққа 40 мыңнан астам жылқы сатып алуға жеңіл несие берілген. 2020 жылы қаржылық қолдау алушылардың саны едәуір артады деп күтілуде»,- дейді министрлік.
Айта кетейік, елімізде 2011 жылдан бастап асыл тұқымды жылқыларды сатып алуға, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау бағдарламасы іске қосылған.
Abai.kz