Жұма, 29 Наурыз 2024
Өзекті 4360 30 пікір 8 Маусым, 2020 сағат 11:33

Қазақ отбасында орыстілді сәбидің пайда болуы ұлттық трагедия!

ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП КОНЦЕПЦИЯСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛА МА?

Сайтымызда жарық көрген журналист Қуаныш Қаппастың «Отыз жыл бойы орыс губернаторының «дегенімен» келеміз» атты танымдық сараптама мақаласы көпшілікке ой салды. Бұл проблема – бірді-екілі мақаламен шектеліп қалатын дүние емес. Ұлттың болашағына алапат қатер төндіретін зұлмат.  Ел болып қарсы тұратын һәм жұмыла күресетін нөмірі бірінші міндет!

Қазақ санының артуына байланысты ана тілінде білім алатын шәкірттер саны артты. Ұлттың ділі мен тілін сақтап қалу жолында туындаған өзекті мәселе, орыс тілді қандастарымыздың өз балаларын орыс мектебіне беру үрдісін қалай доғарту және мономемлекет құруға бет алған тұста өзге ұлттың балаларының қазақ тілін жете меңгеруі сынды бұрын мүлдем назар аударылмай келген проблемалар туындады. Өз шешімін табу үшін қазақ қоғамын жабыла жол іздеуге мәжбүр етті. Міне, қазақтың өзге тілде білім алуына тосқауыл қойылуы һәм өзге ұлттың балаларының мемлекеттік тілді мектеп қабырғасында меңгеруі үшін зиялы қауым өкілдері мен ұлтшыл саясаткерлеріміз «Ұлттық мектеп» концепциясын құру қажеттілігін түрлі деңгейде, бірі – либералды, енді бір – радикалды жолмен көтере бастады.

Бұл концепцияны кім, қалай өмірге әкеледі? Реформадан көз ашпаған білім ошақтары нені қалайды? «Ұстаздардың «Ұлттық мектеп концепциясына» көзқарасы қандай?» деген мәселелер басы бүтін ашық қалып отыр. Бұл сауалды ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бас болып көтерді. Елімізде элитарлық және жалпы білім беретін білім ошақтары шәкірт тәрбиелеп жатыр. Элитарлық білім беруде шәкірттер мен ұстаздар тарапынан қазақ тілінің меңгерілуі деңгейіне мониторинг жасалуының жолы қарастырыла ма, жоқ па? Қарастырылса, орындалмағаны үшін қандай шара қолданылуы тиіс? Сауал көп, көңіл көншітер жауап жоқ. Бұлай кете беретін болсақ, қайта шыға алмайтын рухани-мәдени батпаққа белшеден батамыз.

Ал, жалпы білім беретін білім ошақтарында қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде білім берілуде. Олар да қолданылып жүрген оқу құралдарының тіл-әдебиет және ұлт тарихынан басқасы қазақ, ұйғыр, өзбек және тәжік тілдеріне орыс тілінен тікелей аударылған оқулықтар болып табылатыны да жасырын емес. Оны қазақ, ұйғыр, өзбек және тәжік шәкірттері түгілі ата-ана мен білім беретін ұстаздардың өзі зорға түсінеді.

Еліміздегі жалпы білім беретін мектептер білім беру мазмұнына қарай: ұлттық, аралас және диаспоралық деп бөлінеді. Қазақ және орыс тілінде білім беретін мектептер «Ұлттық мектеп» саналса, аралас мектепке қазақ немесе орыс мектептері ішінде ашылған не орыс, не қазақ сыныптары жатқызылып келді. Әрі орыс мектептеріндегі білім беретін мұғалімдерден санатын көтеруде мемлекеттік тілді білуі еш талап етілмейді. Бюджет ақшасын босқа шашпай барша өзге тілде білім беретін мектептердегі ұстаздарға қазақ тілін білуді міндеттеу керек. Білмесе санатын төмендетіп тиісті жаза қолданылуы қажет. Ұлтқа ұстаз болып отырған жанның өзі тұратын республиканың мемлекеттік тілін білмеуі – кешірілмейтін күнә. Әрі республикалық, облыстық  және ауданық білім басқармаларын қазақ тілді басшы басқармаса, бәрі бетімен кетеді. Қазақ тілінің есіктегі басы ешқашан төрге озбайды. Мектеп басшылығында да қазақ тілді қазақ отырмаса, ол білім ошағында қазақ тілінің исі де аңқымайды.

Қазір ұлттық мектепке тек қазақ тілінде білім беретін оқу ошақтарын ғана жатқызуды талап еткен үнқатулар жиі естіле бастады. Орыс тілді мектептерді ұлттық мектеп мәртебесінен айырып, 50/50 немесе 70/30 пайызда білім беретін аралас мектепке айналдыру және 10-11 сыныпты қазақ тілінде оқып бітірту мәселесі төтесінен қойылып отыр. Бір жарым миллион қазақ тұратын Ресейде бірде-бір қазақ ұлттық мектебі жоқ! Біз неге өз тарихи отанынан жырақта тұратын, ел тұрғындарының 15 пайызын құрайтын этнос үшін оның ана тілінде ғана оқытатын білім ошағын ашып беруіміз керек?! Осы ауандағы наразылық зиялы қауым өкілдері мен ұлтшыл саясаткерлеріміз тарапынан жиі сөз бола бастады.

«Нұр Отан» бастаған ресми тіркелген саяси партиялар өз сайлаушысы болып табылатын ұлттық көпшіліктің көңілінен шығатын өздерінің «Ұлттық мектеп» концепциясын ұсына ала ма әлде жоқ па деген мәселе Алаш жұртшылығын алаңдата бастады. Қазақ тілді отбасында орыс тілді сәбидің  пайда болуы ұлттық трагедияға айнала бастады!?

Ең сорақысы қазақ баласына қара танытатын, көкірек көзін ашып, білім алуға құлшындыратын бастауыш сынып ұстаздарының мәртебесі мен алатын жалақысы өзге пән ұстаздарымен теңгеріле салынуда. Бастауыш мұғалімі 7 сағат өз шәкіртінің көз алдында жүреді, сондықтан олар 2000 доллардан асатын жалақы алуға тиіс. Материалдық жақтан аз қамтылған ұстаз, тұрмыс-тіршіліктен жүнжіп, өз шәкіртіне дұрыс білім, тәрбие бермегендіктен қазақ елінің тал шыбықтары қиылып түсіп отырады. Мұғалімнің басқа дүниені тарс ұмытып, тек дұрыс тәрбие мен сапалы білім беруінің өз құны бар: ол – 2000 доллардан асатын жалақы. Бұлай етпесек, біз ешқашан не техникалық, не интеллектуалды ұлт бола алмаймыз. Білім негізі – бастауышта. Бастауышта білім алып жарытпағандар, өмірден білікті маман ретінде өз орын еш таба алмайды. Сондықтан, бастауыш мұғалімдерін ұлт болып алақанға салып әлпештеуіміз керек!

Қазақстанда бір ғана ұлттық мектеп бар – ол қазақ мектебі, ал қалған мектептер 2021-2022 оқу жылынан 50/50 немесе 70/30 пайыздық аралас тілде оқытуға, 10-11 сыныптар тек қазақ тілінде білім алуға көшірілуі керек. Бұған маман да, мүмкіндік те бар. Үштұғырлы тіл тек қазіргі орыс мектептерінде жүзеге асырылатын дүние. Сонда ғана латын жазуына көшуде болашақ буын тарапынан еш тосқауыл болмайды. Әрі ұлтаралық жікке бөлінушілік те орын алмайды. Аралас мектептерде Яковлевтің Орта Азиялық орыс латын жазуының енгізілуі де – уақыт өзі туындатқан қазақ пен өзбек мемлекетінің отарсызданудағы саяси бағытына айнала бастады.

Ұстаздар қауымы бұрынғы жалтақтықтарын қойып, өзі білім беретін шәкірттерінің ата-аналарымен бірігіп, «Ұлттық мектеп концепциясын» тұжырымдауға өз үлесін қосуы керек. Ұсыныстары мен талаптарын білдіруі қажет. Бұдан немере-шөбересіне ұлттық тәрбие беріп жатқан ата-әжелеріміз де тыс қалмайды деп сенеміз.

«Ұлттық мектеп концепциясын» жасауға барша алаш баласы атсалысып, оны парламентте қабылдатын мерейлі мезетке жеткізсін лайым! «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дейді. Қазақ ұлт болып сақталып қалуы үшін – ұлттық мектеп қалыптасуы керек. Бұған қарсылық – мемлекетке жасаған сатқындық пен опасыздық болып табылады. Қазақ өз ұлттық мектебін тек – Қазақстанда ғана құрады. Орыс тілді отандастарына арналған Яковлевтің Орта Азиялық орыс латын жазуын тек – Қазақстанда ғана қолдана алады. Әрі Назарбаев мектептері Ресейдің, Өзбекстанның, Моңғолияның және Қытайдың қазақи аймақтарында ашылуы да қазақ саясатының басты ұстанымына айналатын темір қазығымыз екенін ұмытпайық.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616