«Комсомолканың» көксегені «Майдан» ба?..
Әлгінде ғана, 3 маусым күні Мәжіліс депутаты, «Ақжолдық» депутат Берік Дүйсембинов вице-премьер Ералы Тоғжановқа қайрыла сөйлеп, депутаттық сауал жолдап, Сталин және оның қолшоқпарлары билеп-төстеген қандықол билік қазаққа қарсы қасақана жасаған ашаршылықты ресми түрде «геноцид» деп танып, құқықтық баға беруді талап еткені естеріңізде шығар. Естеріңізде! Күні бүгінге дейін әлеуметтік желіні шарлап жүр, сол видео. Сол кезде желідегі көп жұрт: «Бәрекелді, Беке! Дөп айттың!», десіп жатты. Өйтпегенде ше?! Бұл талап – көптің көңіліндегі күпті мәселенің бірі еді.
Соңғы жылдары ондаған, тіпті, жүздеген мұрағат құжаттары ашыққа жарияланып, деректі фильмдер түсіріліп, ашаршылық пен репрессияны айғақтайтын кітаптар жазылып, ескерткіштер орнатылып жатқанымен, 3 миллионға жуық қазақтың өмірін жалмаған сол зұлматтың «геноцид» дәрежесіндегі бағасы әлі күнге берілмеген еді.
Оны мына ел де біледі, анау Президент те түсінеді! Түсінгендіктен де өткенде, 31 мамырда мәлімдеме жасап, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары туралы сөз айтты.
Кеңестік репрессия туралы:
«Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды», - деді.
Ашаршылық туралы:
«Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты», - деді.
Тарихи әділеттік туралы:
«Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым», - деді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөздерін де қазақ қоғамы жылы қабылдады. «Тарихи әділеттік орнауы керек», - деді. «Отыз жылда күткеніміз осы сөз еді», - деді...
Маусым басындағы қоғамның, қазақ қоғамының талқысындағы бас тақырып осы төңіректе өрбіді. Біздегі орыстілді бірлі-жарым басылым бас көтермесе де, мойын қылтитып, «Қилыбайға қыжылым бар» дегендей, қарсы сөйлеуге қарекеттеніп көрді. Бірақ, алакөңіл азшылықтың «айқайын» көпшіліктің қолдаған дауысы басып кеткендей болды. Әйтпесе, біздегілерді айтпағанда, анау Кремльдің айтақтағы абалағы Владимир Соловьевтің өзі Ресейдің мемлекеттік арнасынан тұтыға сөйлеп, депутат Дүйсембиновтің дегендерін талқы қылғанын көрдік қой. Мейлі ғой, орыстың өз ішінде сүйеудей сүйкімі қалмаған Соловьев десе, өз жерінде деп жатыр. Бірінші рет пе еді?..
Біздің көзімізді һәм көңілімізді бұрғаны «Комсомольская правда» дейтін гәзеттің мына бір мақаласы болды. «Запрос до Киева доведет?», - деген екіұшты мақала.
Әуелі, неге екіұшты дедік?. Бір қарасаңыз, Қазақстан коммунистерінің депутат Дүйсембиновтің мәлімдемесіне шүйлігіп, парламенттегі – «Ақ жолға» айтқан жауабы іспетті. Яғни, саясаттағы кәдімгі сөзжарыс немесе парламенттік науқанның шеті шыға бастағандағы Мәжілістегі екі партияның арасындағы «полемика».
Ал екінші жағынан қандықол қасапшы Иосиф Сталинді ақтай сөйлеп, қазаққа нені айтуға болады, нені айтуға болмайдыны нұсқаған, одан қалса: «Абайлап сөйлемесең, Киевтегі майданның кебін киесің» деген ашықтан-ашық қоқан-лоқы!
Біз «Комсомолканың» осы жазғандарын қазақшаға түгел дерлік қотарып жатпадық. Десе де, сөзталқысы үшін бірлі-жарым сөзіне жеке тоқталғанды жөн көрдік. Ал кетік...
«Раньше мы привыкли считать, что только в странах «развитой демократии», где давно существует так называемый «политический рынок», представители партий, борющихся за власть, способны использовать ради этого даже те темы, которые априори считаются очень тонкими и деликатными. И в чем-то «неполиткорректными». Судя по всему, и в нашей стране, где политический класс только-только формируется, тоже появляются такие прецеденты», - депті.
КПК-ның сөзінше, Қазақстанда тұратын Қазақстан азаматы, онда да парламенттің депутаты қазақ тарихына қатысты жарты әлемге, жалпақ жұртқа мәлім жағдайды айтып, Советтік билік қолдан ұйымдастырған ашаршылыққа тарихи баға беруді сұраса, бұл – саяси сауатсыздық болады екен!
Әрі қарай, Дүйсембиновтің депутаттық сауал жолдағанын айтып, оны тағдыршешті мәселеге теңепті. Қош!
«Парламенттегілер «декоммунизацияны» мемлекеттік саясаттың бір бөлігі етуді талап етеді. Бір қарасаң, аргументтері де тастай! Қазақстан өткен шақтағы советтік тоталитаризммен емес, әлемнің өзге дамыған елдерінің жолымен жүру керектігін айтады», - дейді. Дейді де, «қазіргі геосаяси жағдайда бұл қаншалықты өзекті», деген сауал қояды. Ресейді мысал етеді.
«По похожему пути — понятное дело, со своими особенностями — пошли и в Казахстане. При всех разговорах об «искусственности» Коммунистической народной партии Казахстана именно депутаты от КНПК смотрятся активнее многих других в нашем не слишком ярком парламенте. Айкын Конуров и Ирина Смирнова — вот те немногие депутаты мажилиса, чьи имена на слуху у широкой публики. Оба избраны от КНПК. И, честно говоря, на этом фоне акжоловцы (за исключением их энергичного лидера Азата Перуашева) выглядят побледнее. Так что поднятый ими на партийный щит призыв к «декоммунизации» можно воспринять как попытку нанести упреждающий удар по конкурентам в преддверии будущих парламентских выборов. И не более того...».
Көрдіңіз бе, «Комсомолка» коммунист депутаттар басқалардан гөрі белсенді депті. Депті де, «нан бағасы 300 теңге болсын, орыспен ортақ ақшамыз болсын» деген Айқын Қоңыров пен «Қазақстан орыс әлемінен алыстап барады» деп сөйлеген Ирина Смирнова дейтін екі депутаттың атын атапты.
Бір қызығы – президенттік сайлауға екі рет түсіп, екі жолы да соңғы орындардан табылған әйгілі «каратарист» көке Жамбыл Ахметбековті айтпапты. Жәкең, 2011 жылғы сайлауда 1,36 пайыз, ал 2019 жылғы сайлауда 1,82 пайыз дауыс жинаған адам ғой.
Одан кейін, биыл 83 жасқа толатын, депутаттық «стажы» 13 жылға жуықтаған Мәжілістегі ең кәрі депутат Владислав Косаревті де айтпапты. Осы кісі еді ғой, бір жылдары: «Лениннің сүйегін Қазақстанға әкелейік», деп сөйлеген.
Тіпті, биыл 73 жастағы депутат Тұрғын Сыздықовты да ұмыт қалдырыпты. Бұл кісі де президенттікке үміткер болған адам еді ғой. 2015 жылғы кезектен тыс өткен, бары үш үміткер қатысқан сайлауда «суырылып» шығып, екінші орын алған, 1,61 пайыз дауыс жинаған кандидат екенін ел әлі ұмытқан жоқ.
Бұлардан бөлек, Галина Баймаханова мен Магеррам Магеррамов дейтін тағы екі депутат бар. Олардың да аттары аталмапты.
Жо-жоқ. «Ақжолды» ақтап, коммунистерді қаралау ойымызда жоқ. «Комсомолка» жазған соң, коммунист депутаттарды есімізге түсіргеніміз ғой...
Әрі қарай, депутат Дүйсембиновтың сауалын орысшаға аударып жазып, талдай бастапты. «Геноцид деген не», - деген сұраққа жауап іздепті. Сөйтіп, БҰҰ-ның 1948 жылғы резолюциясынан тауып тұрып 5 талапты тізіпті. Тізіпті де:
«Это, кстати, признают не только большинство серьезных российских и казахстанских исследователей, но и их западные коллеги. Ни один из них не нашел документальных подтверждений намерений Сталина или кого-либо из его окружения «уничтожить полностью или частично» казахскую нацию», - деп жазыпты.
«Комсомолка» өз материалында:
«1932-33 жылдардағы ашаршылық бұл талаптардың бірде-біреуіне сай келмейді», - депті! Бұл өтірік! Керек десеңіз, көзді бақырайтып қойып, тарихты бұрмалау!
Қазаққа қарсы жасалған ашаршылықты тарихи құжаттармен һәм Сталиндік билік басшыларының ресми хаттарымен айғақтайтын жүздеген материал ақпарат құралдарында жария болды. Соның ішінде, Abai.kz ақпараттық порталында тарихшы-зерттеушілердің 100-ден аса мақаласы жарияланды.
Большевиктер өкіметті басып алғаннан кейінгі жылдары қазақ жері екі дүркін, 20-шы және 30-шы жылдар басында жан түршігерлік ашаршылықты бастан өткерді. Осы аштықтарда қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны бас сауғалап, тоз-тоз болып, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды. Қазақ қалай аштыққа ұрынды? Ақиқатқа жүгінсек, аштықтың төркінінде большевиктер партиясының көсемі Лениннің және оның партиялас серіктерінің бұралаң іздері сайрап жатыр.
Архив мұрағаттарында сақталған санақ материалдары мен қазақтың зиялы қауым өкілдерінің И.Сталинге, Л.Мирзоянға жазған сол кездегі хаттары және осы тақырыпты терең зерттеген тарихшы ғалымдардың, соның ішінде М.Қозыбаев, Б.Төлепбаев, М.Тәтімов, В.Осипов, Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев К.Алдажуманов, Ж.Әбілғожин, Ғ.Сапарғалиев, Б.Қойшыбаев, Р.Конквест, Р.Дэвис, Ю.Поляков, И.Киселов, В.Михайлов және т.б. пікірлері жарияланған. Соған сүйенсек, 1930 жылы 1 маусымға дейінгі есеп бойынша Қазақстанның ауылдық жерлерінде 4,5 миллион қазақ тұрған екен. Ал 1932 жылы Л. Мирзоянға жазылған «Алтаудың хатының» иелері Ғ.Исқақов, И.Каболлов, Ж.Арыстанов, В.Айбасов, Ғ.Тоғжанов, О.Жандосов Қазақстанның Казсовнаркомының мәліметіне сүйене отырып, ауылдық жерлердегі 4 миллион 800 мың халықтың 2 миллион 250 мыңы ғана қалғанын айтқан.
Сол кездегі Қазақстанның халық шаруашылығы есептеу басқармасының орынбасары Н.Манкевич 1935 жылы 23 қырқүйекте Л.Мирзоянға жазған өте құпия хатында да осы деректерді келтіреді. Осы құпия құжатта 1930-1933 жылдардағы аштықтан қырылғаны бар, аурудан қайтыс болғаны бар және үдере босып кетулерінің салдарынан ауыл халқының 3 миллион 559 мың адамға кеміп кеткенін баяндайды. 1933 жылы 9 наурызда Сталинге жазған хатында Тұрар Рысқұлов бір ғана Балқаш ауданын мекендеген 60 мың адамның 36 мыңы аштықтан қайтыс болғанын, 12 мың адам бас сауғалап босып кеткенін ашық айтып, ашына жазған болатын.
Сондықтан, «Комсомолка» басылымы «Ашаршылық» туралы айтпас бұрын әуелі архив құжаттарын бір шолып шықса артық болмас еді. Әйтпесе, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегізгендей: «Қазақстандық, ресейлік немесе батыстық зерттеушілердің бірде-біреуі Сталин мен оның айналасындағылардың «қазақ ұлтын толық немесе жартылай жойып» жіберу туралы ниетін құжаттай дәлелдей алмады», - деуі я сауатсыздық, я «өзім білмегенді өзге де білмес» деген таяз түсінік!
Жә, әрі қарай... Әрі қарай:
«Разумеется, это ни в коей мере не оправдывает колоссальные просчеты, ошибки и даже преступления, допущенные и совершенные при массовой коллективизации и принудительном «оседании» скотоводов-кочевников. Об этой страшной трагедии, унесшей, по разным оценкам, от 1,5 до 4 миллионов жизней, написаны десятки книг, сняты фильмы, перечислять и цитировать их можно бесконечно», - деп жоғарыдағы сөзімізді растайды. Өз сөзін өзі терістейді. Дәлірек айтсақ, ел халқының 80 пайыздан астамын құрайтын қазақ қоғамы үшін өте маңызды мәселеде «ұпай жоғалтқысы» келмегендіктен бе, әйтеуір ескі биліктің мәжбүрлеу саясатын – «қателік, тіпті қылмыс», - деп бағалапты. Тіпті, жоғарыдағы 1,5-4 миллион адамның сол қылмыстан опат болғанын да айтыпты.
Одан әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашаршылық пен репрессия туралы айтқандарын еске түсіріп, сөзді Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына бұрып әкеліпті. Президент Тоқаевтың өткен жолғы «Комсомолкаға» берген сұхбатынан сөзүлгі келтіріпті. Сөйтіп: «осы мәселені жеке есеп айырысудың құралы етудің қажеті қанша», - деген сауал тастайды.
Масқараның көкесі енді басталады. Бүйдейді:
«И вот теперь одно жесткое слово — «геноцид» — способно серьезно омрачить многовековую историю наших отношений? Вопрос, между прочим, далеко не праздный. Во-первых, Российская Федерация — правопреемник СССР. А значит, формально несет правовую ответственность за все, что происходило в нашей некогда общей стране. Которую депутаты «Ак жола» — партии достаточно влиятельной в тех же бизнес-кругах — поставили (возможно, сами того не осознав) во всех смыслах убийственным словом «геноцид» в один ряд с каким-нибудь людоедским режимом Африки или с истреблявшими самих себя «красными кхмерами» Пол Пота».
Ұқтыңыздар ма? Ресей – КСРО-ның нақ мұрагері дейді. Демек, бұрынғы одақта болған барлық мәселеге құқықтық жауапкершілікті Ресей арқалайды дейді. Ал сол жақтың бизнес ортасында айтарлықтай ықпалы бар «Ақ жол» депуттары ескі саяси жүйені Африканың адамжегіштерінің саяси жүйесімен тең қоя салды дейді. Ренжиді. Кіжінеді. Айыптайды.
«Елестетіп көріңіздерші... «Ақ жолдың» ойлағаны болып кетсе не болмақ», - дейді. Қайғырады. Қам жейді. Қауіптенеді. Кім үшін? Ресей үшін!
«Экономикаға, соның ішінде саудаға санкция салынады. Тек Ресейге ғана емес, сондай-ақ, онымен саудаласуға, оның территориясымен тауар тасымалдауға, барлық әріптестеріне, соның ішінде Қазақстанға да...», - дейді. Сосын арамызға АҚШ пен Батыс түседі дейді. «Ашық теңізге жолы жоқ, Ресеймен жан-жақты, пәленше миллиардтық экономикалық байланысы бар біз секілді транзиттік елге не болатынын айтайын ба», - деп ақылсиды. «Мұндайды Жаңа Қазақстан секілді оппозициялық топтар айтса, мақұл ғой», - дегенді қосып қояды тағы. «Азат Перуашев секілді тәжірбиелі ойыншының бүйтуі қаншалықты есептелген тәуекел? Бәлкім Перуашев саяси жүрісін өзгертейін деді ме? Қайдам! Әлде Азат Тұрлыбекұлының қолымен басқа біреулер от көсеп отыр ма», - дейді және.
Сөз түйінінде:
«Как бы то ни было, а нашим политикам впредь стоит аккуратнее обращаться со словом «геноцид». Дома-то вряд ли примут всерьез, а вот за кордоном могут понять правильно. Это сегодняшние власти Украины могут позволить себе эксплуатировать заезженную в Незалежной тему Голодомора исключительно ради того, чтобы «насолить» Кремлю. У них там в экономике полный и, похоже, необратимый раздрай, ни отступать, ни наступать некуда — вот и остается политиканствовать. А мы серьезно пытаемся преодолеть поствирусный синдром, восстановить и дальше развивать экономику. И будет очень обидно, если одно неосторожное слово, что называется, до Киева доведет... А там и до пресловутого Майдана рукой подать», - депті.
Мұндағы Украина туралы айтқандарын аттап өтелік. Өйткені, орыс ақпаратының, орыстілді ақпараттың Украинаны күніне бір рет жамандамаса бастары ауырып, балтырлары сыздайтын мүшкіл хәлін бұрыннан көріп-біліп жүрміз ғой.
Ал енді: «Біздің саясаткерлер «геноцидті» айтқанда абай болуы керек. Шекараның шетіндегілер шын қабылдап қалуы мүмкін», - дегенін қалай түсінеміз? Бұл арандату ма? Арандату! Бұл қорқыту ма? Қорқыту! «Абайсызда айтылған бір сөздің кесірі Киевке жеткізуі мүмкін. Оның ақыры Майдан!», - дегені ашықтан-ашық қоқан-лоқы емей немене?!
Қазақстанның құзырлы органдары, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР ҰҚК, ҚР Бас прокуратурасы арандатушылық бағыттағы бұл мақаланың ақ-қарасын анықтап, нүктесін қоюы керек!
Біз әуелде «Комсомолканың» аталған мақаласын екіұшты деп бағаладық. Саяси партиялардың сөзқағысы болар дедік. Олай деуімізге себеп те жоқ емес еді.
Депутат Берік Дүйсембинов вице-премьер Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған күнгі, Мәжілістегі бір оқиға:
Дүйсембинов өз сауалын оқып бола сала, микрофон кезегі коммунист Жамбыл Ахметбековке беріліпті. Депутаттар өз сауалдарын кезек-кезек қою үшін алдын-ала жазылмай ма?.. Міне, сол жоспарланған регламент бойынша кезек Ахметбековке тиеді. Ал оның алдында ғана Дүйсембинов коммунистік жүйенің қылмысын айыптап сөйлеген. Содан, Мәжілістегілер Жәкеңнен жауап болар деп, түгел дерлік тесіле қалыпты. Сөйтсе, Жәкең жауап бермепті. «Спортшыларға атақ берудің ережелері туралы» мүлде басқа сауал оқыған. Залдағылар Жәкеңнің мұнысына миығынан күліпті. Бұл әңгіменің рас-өтірігі Мәжілістегілердің өзіне аян. (Десе де, бізге де сол жиында болғандардың бірі баяндап берген еді).
Арада аптадан аса уақыт өткенде коммунистерді қолдап, «Ақ жолды» айыптап сөйлеген бұл мақала шыққанда, қызыл жалаулылар ақыры жауаптаспақ болыпты-ау дедік.
Ал шын мәнін бұл саяси дискуссиядан гөрі, ашықтан-ашық қорқыту! Тәуелсіздікке қауіп төндіру! Сондықтан, құзырлы органдар: «Абайлап сөйлемесең, Киевтегі майданның кебін киесің», деген басылымға тоқтау салуы керек! Жаза қолдануы тиіс!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Сілтемелер:
Депутат Дүйсембиновтың депутаттық сауалы
Қоңыровтың нан бағасы туралы айтқаны
Қоңыровтың ортақ ақша туралы айтқаны
Смирнова орыс әлемі туралы айтқаны
Ахметбековтың президенттік сайлаулары
Косарев Лениннің денесін Қазақстанға әкелу туралы айтқаны
Abai.kz