Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8589 0 пікір 24 Ақпан, 2011 сағат 03:50

Талас Омарбеков. Ашаршылық ақиқаты

Кеңестік кезең тарихы туралы айтқанда қазақтың ашаршылық апатының қырылуы еріксіз еске түседі.
Большевиктер өкіметті басып алғаннан кейінгі жылдары қазақ жері екі дүркін - 20-шы және 30-шы жылдар басында жан түршігерлік ашаршылықты бастан өткерді. Осы аштықтарда қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны бас сауғалап, тоз-тоз болып, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды.

Кеңестік кезең тарихы туралы айтқанда қазақтың ашаршылық апатының қырылуы еріксіз еске түседі.
Большевиктер өкіметті басып алғаннан кейінгі жылдары қазақ жері екі дүркін - 20-шы және 30-шы жылдар басында жан түршігерлік ашаршылықты бастан өткерді. Осы аштықтарда қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны бас сауғалап, тоз-тоз болып, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды.

Қазақ қалай аштыққа ұрынды? Мұрағат қойнауында сақталған көптеген ресми құжаттар оқырманды шатастырып, бұл сұрақтың жауабын ауа-райының қолайсыз болып, егін шықпай қалғанынан әрі кеткенде жергілікті жердегі асыра сілтеуден іздейді.
Ақиқатқа жүгінсек, аштықтың төркінінде большевиктер партиясының көсемі Лениннің және оның партиялас серіктерінің бұралаң іздері сайрап жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Ұлы көсемнің» көзі тірі кезіндегі зобалаңға бір сәт көз жүгіртіп өтейік. М.Тынышпаев ағамыздың есебі бойынша 1917 жылы Қазақстанда 2910000 қазақ өмір сүрген болса, М.Г.Сириустың 1924 жылғы жүргізген санағы бойынша қазақтар саны 1965443-ке әрең жетіп жығылған. Табиғи өсімді есептемегеннің өзінде 1 млн. қазақ қайда? Профессор С.П.Швецов есеп-қисап бойынша тек 1921 жылғы ашаршылық салдарынан Қазақстанда болған кемудің өзі ғана 30 пайыздан кем емес екендігін айта кетеді. Мұны нақты деректер де мақұлдайды.
Десек те, кейбір зерттеушілердің «мұндай аштық Ресейдің өзінде де Еділ бойында болды емес пе?!» деуі әдбен мүмкін. Ол рас. Бірақ мынаны неге ұмытамыз: орыс жері ақ пен қызылға бөлініп алып, қырылып азамат соғысын жандандырды да, ауыл шаруашылығымен шындап айналысуға өздеріне де өзгелерге де мүмкіндік бермеді. Қазақстандағы 1921-1922 жылғы ашаршылыққа, шындығына келсек, ауа райының құрғақшылығы емес, өздері өкіметті бір түнде басып алған соң, кешікпей-ақ азамат соғысы тұтанатынын, ал одан шаруашылық күйзеліп, халық аштан қырылуы мүмкін екенін біле тұра қатерлі бағыттарынан қайтпай қойған большевиктер және олардың партиясының біржақты саясаты кінәлі.
Өкімет билігін өз қолдарына алған Сталин, Голощекин тәрізді Лениндік бағыттың мүшелері, Лениннің шәкірттері алғашқы аштықтан қажетті тарихи тағылым алмады.
Қазақтың алғашқы ашаршылықта да Қытай мен Монғолия ауа көшкені белгілі. Сон-дықтан жоғарыда біз атап кеткен белгілі орыс ғалымы С.П.Швецов «үдере көшу» (откочевка) деген сөзді 1926 жылы Мәскеуден жарық көрген өзінің еңбегінде алғаш пайдаланған еді. Дәл осыған ұқсас жағдай Қазақстанда 1930-1933 жж. да қалыптасты.
Қазір көпшілікке белгілі Т.Рысқұловтың Сталинге Л.Кагановичке, В.Молотовқа жазған (1933 жыл 9-наурыз) хатында мұндай үдере көшу көлемі төмендегідей суреттеледі: «...Қонысын тастап Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда: қазір Орта Еділде 40 мың, Қырғызстанда 100 мың, Батыс Сібірде 50 мың, Қарақалпақстанда 20 мың, Орта Азияда 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар қалмақ жерінде, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге де көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды... Бұл қазақтардың көші-қоны (әдетте жаз айларында қолында бар малын жайлауға шығарып, өріс ұзатқан сияқты) емес, көп ретте адамдардың талғажу іздеп, бас ауған жаққа кетуі. Кейбір аудандарда қонысынан ауғандардың саны сол аудандарда тұратын барлық халықтың 40-50 пайызына дейін жетеді...»
Арада 20 күннен кейін, яғни 1933 жылдың 29 наурызында осынау сорақы жағдайда Қазақстанның жаңа басшысы Левон Мирзоян Сталин мен Молотовқа төмендегідей хабарлайды: «...Қонысынан ауғандардың жағдайы күрт ауырлап барады. Біздің деректеріміз бойынша қонысынан ауғандар 71 ауданды қамтып отыр: оның 50-і көшпенді және жартылай көшпенді, ал 21-і отырықшы егіншілік аудандар. Олар әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысының, Алматы облысының аудандарында, Қарағанды облысының оңтүстік бөлігінде, Шығыс Қазақстан бөлігінің батыс бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік бөлігінде, Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында қаптап кетті. Бұрынғы егіншілік аудандарынан, мәселен, Әулиеата, Талдықорған, Мерке, Талас, Шу, Созақ, Қордай, Іле, Қаратал, Жітіқара, Семиозер және т.б. аудандарда қонысынан ауғандардың саны өте көп. Барлық облыстарды алатын болсақ, шамамен халқының саны 300.000 адам болатын 90.000-нан аса қожалық (республика шеңберінен тыс жерлердегіні есептемегенде) өздерінің туған жерлерінен басқа мекендерге көшіп жатыр, яғни қонысынан ауушылық жағдайына душар болуда.
Бұдан басқа соңғы екі айдың ішінде қонысынан ауғандар ішінен Орта Азиядан, Сібірден және Еділ бойынан кері қайтып келушілер тасқыны күшейе түсті, ол күні бүгінге дейін тоқталмай отыр».
Мұндай босқыншылықтың жалпы қазақтар санын шұғыл кеміткені және белгілі. Бұл туралы архив қойнауында біраз мәліметтер баршылық. Олардың ішіндегі ең құндысы және ең маңыздысы, біздің ойымызша сол жылдары халық шаруашылығы есебінің бастығы болып жұмыс жасаған М.Саматовтың 1937 жылдың басында (1937 ж. 5-наурыз) Л.Мирзоянға және Мәскеудегі өзінің бастығына жазған хаты. Онда мынадай жолдар: «... Біз әр жылдардың 1-маусымындағы салық есептері негізінде Қазақстандағы ауыл халқы санының өзгеріс қатарын жасап шықтық. Бұл қатар төмендегідей, - деп статистикалық мәліметтер береді.
1930 жылғы санақ бойынша ауыл халқы 5.873.000 адамды құраса, қаладағы халық саны 1930 жылы бірінші қаңтарда 732,7 мың адамды құраған. Арада үш жыл өткенде, яғни 1933 жылы ауыл халқының саны 2493,5 мың адамды құрап, үш жарым миллионға жуық адамға азайған. Есесіне қала халқының саны 1933 ж 1 218 900 адамға жетіп, небары жарты миллионға көбейген. Жалпы аштықтың салдарынан қазақ халқы үш миллион адамнан айырылған.
Ал енді аштықтың нақты да жантүршігерлік көрінісі қалай болды? Ол туралы мұрағат қойнауында деректер баршылық.
Жеті адам қол қойған Шу елді мекеніндегі жағдай туралы төмендегі құжат осыны дәлелдейді: «...«Шу поселкесінің маңайындағы төңіректе № 75 барақтағы босқындар жатағының және тамақтандыру орнының санитарлық жағдайын тексеріп шықтық. Сонда мыналарға кездестік: ішінде босқындардың жатақханасы және тамақтандыру орны орналасқан № 75 барақ жан төзгісіз жағдайда. Баспана әл дәрмені таусылған, көбі әзер дегенде қозғалатын босқындарға лық толы. Баспана іші былғаныш, сасық. Жүзге тарта аш адамдар жерде жатыр. Баспананың айналасы ластанып кеткен. Барлық жерде сүйектер, жыртылған киімдер, адамдардың құқыстары және шығыс жағында тоғыз өлік жатыр, барақтан біраз жерде солтүстікке жерде тағы да өлік.
Барақтың орнынан шығысқа қарай бір жарым шақырымдай қашықтықта шұқырда тағы бес өлік жатыр. Көмілмегені, сирақ және қар еттерінің кесіліп алынғаны кісі етін жеу болғанын айғақтайды. Қазақ бейіті жас молаға толы».
Мұндай масқара құбылыстан басқа мынадай мысалға душар болып отырмыз: Сталин атындағы колхоздың № 12 «Ақтас - Жартас» ауылында төрт адам он тоғыз адамды жеп қойыпты. Олардан адам еттерін және өлекселерін тауып алдық.
Әлібек колхозында 22 адамның 21-і өлген кезде қалған біреуі өзінің туған ағасының етін жеген. Архив қойнауындағы деректерден ұғатынымыз, алапат аштық, әсіресе 1933 жылға қарай өршіп кеткен. Хат иелері қол қоймаған тағы бір құжатта мынадай мәліметтер бар:
«1933 жылдың қаңтарынан 31-наурызына дейінгі уақытта Қордай ауданы бойынша жиналып алынған өліктер; ауылдық кеңестің берген мәліметтері:
ауылдық кеңестерде өлген адамдарды аттары,... 671 адам.
«... Успен ауылдық кеңесінде бір байдың баласы көшеде екі адамның басын сүйретіп жүрді. (ол ұсталды ОГПУ тұтқынында отыр).
Тағы бір құжатта осыған ұқсас төмендегідей жан түршігерлік деректер бар: «... Кемшіліктерге мыналарды жатқызуға болады:
Қаратал аудандық атқару комитеті және Іле поселкелік кеңесі ашығып өлген босқындардың өліктерін жинап алуға немкетті қарады. 1933 жылы 23 қарашада Үштөбенің оперативтік пунктінің бастығы жолдас Соловьев және... жол. Кашкиров Үштөбе поселкесіндегі сүт фермаларына баратын жолға жақын маңайда шашылып жатқан бірнеше өліктерге кездескен. Оның үстіне бір өліктің көзін құстар шоқып тастапты. Сұрастыра келгенде бұл өліктердің жатқанына он күндей болғаны анықталды. Бірнеше өліктер теміржол бойындағы жағалық орындардан табылды. Оларға мола қазбау үшін осылай істегені көрініп тұр. Ал жалпы тұрғындар әңгімесіне қарағанда поселкедегі барлық шұңқырлар өліктермен толтырылған, және қармен бүркемеленген. Поселкеден бес-он шақырым қашықтықта жол бойында көп өлік шашылып жатыр.
Байқағанымыз: өлгендердің есебін ешкім де жүргізбейді. Өйткені өлгендер санына байланысты қойылған сұраққа поселкелік кеңес төрағасының орынбасары Сихымбаев былай деп жауап берді: «Қар ериді емес пе, міне сонда өлгендер қаншама екенін көретін боламыз».
Жылқының қиынан сұлы жинау, өлген малдың терісін жеп қою жағдайлары жиі кездеседі. Соңғы күндері адамды жеп қою туралы сөздер жиі таралып жүр. Үш жағдайды тексергенімізде мұның өзі азық-түлік алу үшін арандатуға ұқсады. Бірақ сенуге болатын да жағдайлар кездесуде (аудандық атқару комитетінің төрағасы Т.Тынысбаевтың мәлімдемесі). Бұл іске байланысты кінәлілер ұсталды.
Тынысбаев жолдастың мәлімдеуінше, қамаудағы екі тұтқынға әйелдері алып келген шелектерде пісірілген адам еті бар болып шықты. Аудандық комитет уәкілінің айтуынша бұл адамдар ұдайы таяз молаларды ашумен айналысып, өлік етімен тамақтанып келген.
Бұл мемлекеттік банк меңгерушісінің орынбасары Қ. Османовтың айтқаны: олардың ауласына кірген жиырма жеті жасар шамасындағы жігіт әжетханада адамның нәжісімен тамақтанған. Сүйек-саяқты немесе көшеге лақтырылған жеуге жарарлықтай әйтеуір бір нәрселерді жеп жатқандарды мен Изринович, Масин жолдастармен бірге Үштөбе БК(б)П аудандық комитеті алдында және Ақсуда кездестірдім».
Міне, 1930-1933 жылдардағы ашаршылық келбеті осындай! Мұндай қасіретті тарихты, 31-мамырда ашаршылық құрбандарын әрқашан еске алып отыру бүгінгі және кейінгі ұрпақтың әруақтар алдындағы басты борышы. Етек-жеңі жиналған ұлт боламыз десек, осыны ұмытпай, жадымызда ұстауымыз керек.

Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

«Үш қиян» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341