Сенбі, 23 Қараша 2024
Экспорт 4044 4 пікір 15 Маусым, 2020 сағат 12:26

Төрт-түліктің еті жеңе ме, әлде доңыздың ба?

Қазақстанның шетелге ет экспорттауына қатысты екі маңызды жаңалық болды. Біріншісін халық қуана қарсы алса, екіншісіне наразылық білдірді. Енді әңгімені көп созбай ел ызасына тиген екіншісінен бастайық. 

«Шошқа еті қазір ішкі нарықта өте аз тұтылса да, егер сыртқы нарыққа экспорттасақ, мұртымызды балта шаппайды?» деген сөз бен оны өсірушілерді несиелендіру қайдан шықты. 

Eurostat (Еуропаның статистикалық қызметі) ЕО жан басына шаққанда жылына – 45 келі, Қытайда – 40 және Ресейде – 30 келі ет тұтынады. 2019 жылы Еуропада шошқа етіне деген 10 млн тоннаның сұранысы өтелмегендігі жайындағы мәліметті алға тартты. Доңыз етіне деген сұраныс кейінгі 3-5 жылда арта түседі деп болжамдау да осы дерекке қоса тіркемеленді. Бұл жағымды хабар құлағына тиген қазақ шенеуініктері жерден жеті қоян тапқандай қуанып, алашты доңыз бағуға үндеп шыға келді. Тіпті бағдарлама жасап, бөлінетін ақша көлемін де есептеп тастады. 

Енді оларға осы бір жағымды хабарды кім ұсынды десек, ол - мал шаруашылығындағы тиімділікті арттыру орталығының директоры Николай Бабенко екен. Көздерін еуро тұмандатып, ұлттық намыс тарс естен шыққан біздің минстрліктегі шенеуініктер оның сөзін жерге тастамай, мұсылмандар қауымын жерге қаратты. Ау, ағайын, біз амалсыздың күнімен көп ақша беріп жатқандықтан барлық жерді сасытып, талпақ тануды өсірейік, бірақ, оны Ресей жері арқылы Батысқа өткіземіз ғой деген сұрақ шенді-шекпенділердің ойларына да кіріп шыққан жоқ.

Бір келі шошқаға етіне 0,9 евро жұмсап, 1,97 евроны қалтаға басамыз деген ой саналарын жаулап алды. Оны доңыз ұстаушы отандастарымыз этникалық азшылықтағы славяндықтар тұтыну үшін қазір ел нарығында 1,4 еуроға саудалап отырғанын естеріне де алған жоқ. Және сол шошқа етін саудалаушылар: «Біз неге Батыстағыдай теңгеге шаққанда 1,97 еуроға сатпаймыз», деген пікірге келетіндігін де керек етпеді. Егер олар өсіп-өнсе, сатуға шығаратын ішкі нарықта сұраныстың аздығы, сыртқы нарықтағы қос көршіміз: Қытайдың сатып алуда қоятын жоғары талабын, өз нарығына Ресейдің еш жібермейтінін де ескерген жоқ.  

Және айды аспанға шығарып, ақшасы бар қазақтарды шошқа кешеніне ақша салсаң, бір жылдан кейін қайырып ала аласың деген қызықтыра еліктіру науқанын бастап кетті. Николай Бабенконың сөзіне сенсек, Қазақстан бұдан жыл сайын 1,5 млрд. еуро пайда көреді-мыс. 

«Шошқа вирусын жұқтырған» шенеуініктерімізді жайына қалдырып, қазақ баласы үшін шошқа етінен басқа 1,5 млрд. еуродан аса пайда көретін жол мен бағыт-бағдар бар ма? Бар болса не? Енді соған тоқталайық.

Қазақстан  2025 жылы жаңа ет өңдеу кешендерін іске қосу арқылы ет экспортын $370 млн. жеткізуді көздеп отыр. 

Kapital.kz ақпаратына сенер болсақ, АШМ облыс әкімдіктерімен бірлесіп, осы бағытта тарансұлттық компаниялар мен стратегиялық инвесторларды тартуды қолға алып жатыр.

Министріміз Сапархан Омаров бар үміт Нұр-Сұлтан мен Қостанайға сиыр етін өңдеуге Tyson Foods компаниясын, бағылан етін өңдеуге Bauman компаниясын агрокешендер салуға тарта білуде дегенді сөз еткен болатын.

Алғашқы компаниямен келіссөздер басталып кетсе, соңғысымен мәмілелесу енді қолға алынды. Сәтін салса, онда олар салған инвестиция арқасында 42 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. 

Жуық аралықта жалпы құны 271 млрд. теңгені құрайтын жеке тұлғалар салған инвестиция өндіріс көлемін 2,7 есеге арттырып, қосымша 4 мыңға жуық жұрт жұмыспен қамтылмақшы. 

Еnergyprom.kz ақпары бойынша, біз етпен өз еліміздің ішкі нарығын тек 87%-ға қамтысақ, сыртқа өнім шығаруымыз бар болғаны 2%-ға жетіп, сырттан 14,5%-ға ет сатып алып жүрміз. Еті өңдеу мен сақтау жағы көңіл көншітпейді. 38% шұжық өнімдері сырттан әкелініп отыр. 

2013 жылмен салыстырғанда өткен 2019 жылы сиыр саны 37%-ға артып, 2,7 млн-нан 3,8 млн. басқа дейін жетті.  Бірақ жеке шаруалардың қолындағы мал басы 72%-ден 56%-ға кемісе, оның есесіне, мемлекеттік субсидияның арқасында фермерлік шаруашылықтағы зеңгі баба тұқымы 23%-дан 37%-ға дейін артты. Осы аралықта елімізге еніп кеткен шетелдік өнімдерден арылу жолында отандық өндірушілер әзірше, ел нарығының 7%-ын ғана өздеріне қарата алды. 

Бірақ, бір сиырға шаққанда жылдық орташа сүт сауылуы: жеке шаруашылықта – 2,4 тонна болса, фермерлік шаруашылықта – 1,9 тоннаға жетіп ақсап жатыр.

Бір өкініштісі қазақ жылқысының етінің шетелге экспорталмауы әм бұл салада ешбір нарықтық барлау сараптама жасалынбауы жүректі ауыртады. Бірақ, қазақ қымызы құрғақ ұнтақ түрінде «Еуразия Инвест ЛТД» мен «Голден кэмел» компаниялары тарапынан Қытай, Ресей және Гонконгке сатылымға шығырыла бастады.  

Биылғы мамыр айынан бастап ветеринарлық сертификатпен мақұлданған жылқы еті жапон еліне экспортталатын болды. Мал шаруашылығының құлағын ұстап отырғандардың сөзіне сенер болсақ, 1991 жылы Қазақстанда бар жоғы 1,7 млн. бас қылқұйрық болса, 2000 жылы оның саны 976 мыңға дейін азайып, енді қазір Қамбар ата тұқымы 3 млн. дейін жетіп отыр.

Қазақстанда мемлекет қолдауы арқасында жылқы саны 2,9 млн. басқа көбейіп, ет сату – 30% (132 мың тонна), қымыз сауып-сату – 7% (27,6 мың тоннаға) артты. Бір асыл тұқымды жылқыға –  100 мың теңге, бір литр қымызға – 60 теңге субсидия беріле бастады. 

Бие сатып алғаны және оған мал азығын дайындағаны үшін де бір басқа 20 мың теңге төленіп келеді. Жылқы өсіргенде жем дайындайтын техника сатып алатындарға төленетін субсидияланған инвестиция сатып алу құнының 25%-ын құрайды. Несие мен лизинг  бәсі 10% төңірегінде.

Өткен жылы жылқы өсіретін 4,7 мыңнан аса шаруашылық мемлекеттік қолдаудың пайдасын көре алды. 2016 жылдан бастап, 10 жылға жеңілдетілген жылдығы 6% несиемен берілген «Құлан» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. 2017 жылы 1440 шаруашылық 40 мың бас, одан кейінгі 2018  жылы 512 шаруашылық 12 мың бас сатып ала алды. 2020 жылы бұл қолдаудың аясы кеңейеді деп болжанған еді. 

Үкіметтің берген қолы алған. Енді мал басын өсірген қазақтар ата салтында жоқ шошқа етін саудалауды дәстүрлі әм қырық шырмаулы, тоқсан қақпанды РФ арқылы өтетін Еуропаға емес, бабадан қалған төрт түлікті өткізу үшін Үнді-Қытай бағытында әлемдік нарықты жаулауға әзірлене бастады. 

Бірақ, шенділердің назарынан тыс қалып келе жатқан дүние – 5-ке жетпес сиыры, 20-ға жетпес қой-ешкісі, 2-3 бас жылқысы 10-15 тауығы барларға жеке субсидия жасау. Осы азғана малын өсіріп отырғандар не санда, не санатта жоқ. Әрі жұмыссыз мәртебесін де иелене алмайды. Аяғынан тік тұрып кеткен малын мыңдап, жүздеп өргізген ірі, орта және шағын шаруашылықтармен қатар бірге аталған санатқа жататындарға да базар бәсін түсіру үшін әр сатуға шығарған дүниесін базарлау үшін арзан өнім өндіріп, оны сатуға бірдей жағдай жасап, 10 жұмыртқасын 35-37 теңгеге сатқызып, үстінен 300 теңгеге, еттерін  400 теңгеге сатқызып, үстінен 1700 теңгелік дотация жасап отырса, түгіміз кетейді ғой. Сол жұмыртқаны 35-37 теңгеге, сол етті 400-ге көтеріп сатып алушыларды алушыларды 5-тен 50-ге дейін аралықта ғана ақша қосып сатуға міндеттесе, біреу қой дей ме?!

Инфляцияны қашанда ауыздықтауға болады. Өйткені, жекешелер өндірген өнімдер шетелден келетін долларға байлауы тауар емес, өз ішіміздегі осындай болар болмас жағдайды реттей алмасақ, несіне мемлекет құрып отырмыз!? Жоғарғы кабинетте отырған мырзалар, ірі, орта, шағын және жеке мал өнімдерін сатушыларға айлық және тоқсандық әм жылдық инфляцияны ескере отырып, көтерме саудаға өнім өткізуде бірдей жағдай жасап, бөліп-жарылмай дотациялануларын жолға қою керек. Ал, көтерме саудадағыларды тек 5-25 теңгені үстінен қосуға міндеттейтін уақыт туды. Сонда қазір малы жоқтар, жұмыссыз жүргендер де не ауыл ішінде, не қала шетінде мал өсіріп мемлекетке масыл болмауға барын салады. 

Бәрі өз қолымызда тек соны істеуге мемлекеттік деңгейіндегі ниетіміз жоқ. Қазақ жағдайындағы әлеуметтік жақтан қорғау дегеніміз – осы.

Осы мәселеде еуроэкономикамен ауырып-сырқағандар ұлттық ерекшелігімізді, ділдік өзгешелігімізді еш қаперлеріне де алмайды. Батыс пен орыстың экономикалық ілімі өтіп кеткендерге не дерсің!? Өз қолыңды өзің кесе алмайсың ғой!?

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407