Ақшамыз қайда, Әменов мырза? (Фото, видео)
Бүгін президент Тоқаев уәде еткен үстемақыларын «ала алмаған» Алматыдағы №7 қалалық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері өз басшылықтарына наразылық айтып, директор міндетін атқарушы Азамат Әменовтің отставкасын талап етті.
Наразы топтың айтуынша, аталған мекемеде коронавирус инфекциясын жұқтырған қызметкерлер мен індеттен көз жұмған қызметкерге Үкімет төлейді деген өтемақы мүлде төленбеген. Ал үстемақы толық төленбеген. Жедел жәрдем көліктерінің ескі екенін, инфекцияға қарсы қорғаныш киімдерін жуып қайта қолданып жатқанын айтқан қызметкерлер басшылыққа, Үкіметке, Денсаулық сақтау министріне нақты екі талап қойып, сол екі талап орындалмаған жағдайда станция жұмысын уақытша тоқтататындарын айтты.
ҰЖЫМНЫҢ ҮШ ТАЛАБЫ:
1. Осы үш айлықтағы Президент айтқан 425 мың теңге ақшамызды берсін!
2. Біздің директор Азамат Ихсанұлы Әменов өз орнын босатсын!
3. Осы екі талап орындалмайтын болса, біздің ұжым бір күнді белгілеп, 4-5 сағатқа дейін жұмысты тоқтататындай жағдайға жететін болдық!
(Талапты оқыған Әбілсейіт Қасымбек. Жедел жәрдем фельдшері)
Енді рет-ретімен жазайық. Әуелі 425 мың теңге туралы...
ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ҮКІМЕТТІҢ УӘДЕ ЕТКЕН 425 МЫҢ ТЕҢГЕСІ ҚАЙДА?
30 наурыз 2020 жыл. Үкіметтің ресми сайтында үш ай төленетін үстемақының үш категория бойынша берілетіні соқырға таяқ ұстатқандай баяндалған. Міне қараңыз:
1 категория – қауіптілігі аса жоғары топ. Оларға реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медқызметкерлер жатады. 850 мың теңге немесе 20 ең төменгі айлық жалақы мөлшерінде ақша төленеді.
2 категория – қауіптілігі жоғары топ. Оларға провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметкерлері, орта және кіші медқызметкерлер жатады. 425 мың теңге немесе 10 ең төменгі айлық жалақы мөлшерінде ақша төленеді.
3 категория – қауіптілігі орташа топ. Оларға карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медқызметкерлер, санитарлық дәрігерлер жатады. 212,5 мың теңге немесе 5 ең төменгі айлық жалақы мөлшерінде ақша төленеді.
31 наурыз 2020 жыл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі жария болды. Онда: «Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемақы төленеді», - деп тайға таңба басқандай жазылған.
7 қалалық жедел жәрдем қызметкерлерінің талап етіп отырғаны да осы 2 категория бойынша берілуі тиіс 425 мың теңгенің дауы. Станция басшылығы осы 425 мың теңгелік үстемақыны да, вирус жұқтырған қызметкерлерге төленетін өтемақыны да толық үлестіріп бермеген.
2 МИЛЛИОН ТҰРМАҚ 2 ТИЫН ДА АЛМАҒАН
Жоғарыдағы Премьер-министрдің сайтындағы ақпаратта: «Медициналық қызметкер коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды», - деп сөзбе-сөз жазылған. Алайда вирус жұқтырған жедел жәрдем қызметкерлері 2 миллион тұрмақ екі тиын да ала алмағандарын айтып ашынады. Мысалы, аталған мекеменің фельдшері Малахат Алекперова өзінің жұмыс барысында вирус жұқтырғанын дәлелдей алмай дал болыпты.
БҰДАН АРТЫҚ ҚАНДАЙ ДӘЛЕЛ КЕРЕК?..
Малахат Алекперова, жедел жәрдем фельдшері:
- Инфекция жұқтырғандар туралы Әменов мырзаға сауал жолдадық. Вирус жұқтырғандарды анықтайтын комиссия құрылғаны туралы жауап алдық. Ол комиссия өтемақы төлеу мәселесімен айналысады екен. Яғни, шынымен жұмыс барысында жұқтырды ма, жоқ па, соны анықтайды. Сол комиссия: «Біздің жұмыс барысында жұқтырғанымызға дәлел жоқ», - деп жауап берді. Біздің дәлеліміз бар. Менің жұмыс барысында виурс жұқтырғанымды біздің басшылық та біледі. Вирус жұқтырған науқаспен байланыста болған соң, мен үйге, карантинге кеттім. Одан соң, жұқпалы аурулар ауруханасына, ем қабылдауға жіберілдім.
Мен шақыртуына барған науқас вирус жұқтырған адаммен байланыста болған екен. Ешқандай белгілері жоқ, жүкті әйел. Мен ол жерге ешқандай қорғаныш киімінсіз бардым. Ол байланыста болғанын жасырған соң, мен білмедім. Оны 2-ші перзентханаға апардым. Ол жерде науқастың байланыста болғаны анықталды. Күйеуі коронавирус жұқтырған екен. Ол 12 қалалық ауруханада дәрігер болған. Үш күн бұрын ғана байланыста болыпты. Сосын, мен оны 1-ші қалалық клиникалық ауруханаға апардым. Ол кезде біз барлық байланыста болғандарды сол жерге жеткізіп жатқанбыз. Сол жерде ол әйелдің анализдері шықты. Вирус анықталып, мені үй карантиніне жіберді. 12 күнен кейін менің де анализдерім шығып, вирус табылды. Мені ауруханаға жатқызды. Жұқпалы аурулар ауруханасында 23 күн жаттым. Ал енді мынау құрылған комиссия біздің басшылыққа: «Дәл менде жұмыс барысында жұқтырғанының дәлелі жоқ», - депті. Енді бұдан артық не дәлел керек?
Бағлан Сауытханқызы, жедел жәрдем қызметкері:
- Біз осы мамандықты таңдағаннан кейін, халыққа қызмет етуге дайынбыз. Әрине, бізге ақша төлемеді деп жұмысымыз тоқтап қалмайды. Бірақ, өзімізге бөлінген үш айлық еңбекақымыздың толық төленуін талап етеміз.
Себебін бастықтар неше түрлі айтып жатыр. «Ол жоғарғы жақтан келген «приказ». МӘМС-тен бөлініп жатыр», - дейді.
Біз күнделікті қаншама шақыртуларға барамыз. Тіпті, қандай науқасқа бара жатқанымызды білмейміз. Ал, бізге берілген қорғаныш киімін қалай береді, сол күйінде киіп жүрміз. Ол форманың өзі жеткіліксіз. Бізде бұдан да басқа проблемалар көп.
БАЛА-ШАҒАМЫЗДЫ ОБЛЫСТА ҚАЛДЫРЫП, БЕКЕРДЕН-БЕКЕР ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ
Фарида Мұхамедқалиева, фельдшер:
- Мен 12-сәуірден бастап жұмысқа келдім. Екі баламды облысқа, үйге тастап кеттім. Өзім Қапшағай қаласында тұратын едім. Осы жаққа келіп «квартира» жалдадым.
Біз «ковидке» бармадық емес, бардық. Тәулігіне 6 мың шақырту болған кезде де түскі ассыз, кешкі ассыз жұмыс істедік. Президент айтқан екен, ендеше тиісті ақшамыз берілсін. Мен екі баламды тастап, осы жақта бекерден-бекер жүрген жоқпын.
ЕНДІ «КОВИДКЕ» БАРУ ҮШІН КЕЗЕККЕ ТҰРАМЫЗ БА?
Қайрат Бақбергенов, фельдшер:
- Бұл жерде істеп жатқаныма 10 жыл болды. Карантин басталғалы бері үстемақыны 2 ай алдық. Бірінші айында «пенсионный», бәрін ұстап қалды. Артынан қайтадан қайырып берді, 425 мың теңге толық алдық. Екінші айында администрациядан табельді алып кетіп, әкімшілік өздері жіберіпті. Толық алдық. Ал, соңғы май айында кім қанша рет барды, соған ғана берді. Кезекпен тұрамыз. Шақырту кімге түсті, сол барады.
Қорғаныш заттармен толық қамтамасыз етілдік деп айта алмаймыз. Мұның алдында қолға арналған антисептик бар болатын. Қазір ол да жоқ. Осы мамыр айында 40 адам карантинге кетіп қалды. Бұл жерде «ковидпен» ауырғандар бар. Аға фельдшердің өзі ауырып, қазір «больницада» жатыр. 51 жастағы 1 жүргізуші қайтыс болды. Жақында ғана жерледік.
ДӘРІ-ДӘРМЕК ТЕ БЕРГЕН ЖОҚ. ҚҰРЫ ЖАТТЫМ
Қанат Қайымбаев, жедел жәрдем жүргізушісі:
- 1,5 жыл болды, жүргізушімін. Мамырдың 26-ы күні осы жерден тест қорытындысы шықты. Вирус анықталды. Сосын апарып, РВ-90-ға, ауруханаға жатқызды. 3-4 күннен кейін мені ауруханадан шығарды. «Сіздің анализіңіз дұрысталды. Үйіңізге барып, 14 күн жатыңыз», - деді. Үйде 14 күн жаттым. 14 күннен кейін үйге келді. Қайтадан анализ тапсырдым. «Жақсы екен, жұмысқа шығыңыз», - деді. Кеше жұмысқа шықтым.
Бірақ, 4 күн ауруханада жатқанда система, укол салған жоқ. Тіпті, ешқандай дәрі-дәрмек берген жоқ. Құры жаттым. Ал менімен бірге түскен басқа да жүргізушілер бар. Олар әлі жатыр. Оларды неге шығармағанын білмеймін. Оларға да ешқандай дәрі-дәрмек беріп жатқан жоқ.
Мен мамырдың 1-інен 26-сына дейін осы жерде жұмыста болдым. Осы жерде вирус жұқтырдым. Бірақ, маған бір тиын да төлеген жоқ. Жалғыз мен емес қой. Кейбіреулеріне 33 мың теңге, кейбіреулеріне 60 мың теңге берген. Ал кейбіреулеріне бір тиын да бермеген. Алдында екі ай дұрыс берді. Наурыз бен сәуірде 412 мың теңге, 416 мың теңге берген. Мамырдікін жоқ қылды.
ПРЕЗИДЕНТКЕ СЕНГІМІЗ КЕЛЕДІ
А. Макаев, жәдел жәрдем жүргізушісі:
- Мен бұл жерде 2005 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мынау менің қолымдағы коронавирусқа барғандарым. Міне, соның барлығы үшін мен 33 мың теңге ғана алдым. Бұл не? Тиесілі деген 212 мыңның орнына мен бар болғаны 33 мың алдым. Қалған ақша қайда? Неге бізді ешкім қорғамайды? Менің отбасым, балаларым бар.
Біздің бір жүргізуші қайтыс болды. Тіпті, келіп көңіл де айтқан жоқ қой, басшылар. Бұл қалай? Анықтаңыздар! Президент не деп уәде етіп еді? Басшылар не деп уәде етіп еді? Сол уәделер қайда? Біз көп сұрап отырған жоқпыз. Өзіміздікін беріңдер, болды! Президент бер деді ғой. Біз президентімізге сенеміз. Сенгіміз келеді. Ендеше беріңдер!
БІР КИІМДІ БАРЛЫҒЫМЫЗ ЖУЫП КИІП ЖҮРМІЗ
Дильшат Юсупов, жедел жәрдем қызметкері:
- Президент те, Денсаулық сақтау министрі де қауіптілігі жағынан екінші деңгейдегі қызметкерлерге 425 мың теңгеден төленеді деді. Алғашқы екі айда төленді. Онда да бөліп-бөліп төледі. Ал үшінші айда төленген жоқ. Қызметкерлерге әртүрлі сомада қаражаттар аударылған. Менің өзіме 66 мың теңге ғана аударды. Екінші мәселе – бір бригадада жұмыс істейтін, барлық шақыртуларға бірге баратын, бірдей жұмыс істеген, бірдей сағат жұмыс істеген адамдар әртүрлі сомада ақша алған. Неге? Бұл сұраққа біздің бас дәрігеріміз жауап бере алмады. Тағы бір мәселе – бізді вирус жұқтырған қызметкерлер көп болды. Олардың ешқайсына ешқандай төлем жасалған жоқ.
Мысалы, біздің бір жүргізуші қайтыс болды. Оған коронавирус деген диагноз қойды. Ауруханаға жатқызылды. Коронавирустан емделді. Ақыры ол кісі қайтыс болды. Коронавиурс бойынша жерленді. Оның жерлігінде 10 адам ғана болды. Ал ол кісінің отбасына төлем жасалған жоқ. Бүгін экономист айтқандай, кәсіподақтан 100 мың теңге ғана беріліпті. Ал анау айтқан 10 миллион деген атымен жоқ.
Сосын бізге коронавирусқа барғандарға сағат бойынша төленеді деді. Мұнда 20 шақты бригада бармыз. Біз шақыртуларды таңдамаймыз. Бізге қандай шақырту беріледі, соған барамыз. Мысалы, мен реанимация бригадасының дәрігерімін. Біз көбіне дене қызуы көтерілгендерге емес, басқа науқастарға барамыз. Жүрек талмасы, өте ауыр науқастарға. Алайда, сол барғандардың өзінен КВИ анықталып жатады. Ал бұл шақыртулар КВИ деп жазылмайды. Яғни, біз тәуекелмен жүреміз.
Тағы бір мәселе – қорғаныш киімі. Ол бізде көп рет қолданылады. Бір бригада науқасқа барып келеді. Сосын ол киімді дезинфекциялап, үтіктеп, басқа бригаданың адамдары киеді. Оны жуа берген соң, дымқылданып тұрады. Сол киімді біз киіп жүрміз.
ӘМЕНОВ: КОРОНАВИРУС ОНЫҢ ҚОСЫМША ДИАГНОЗЫ БОЛҒАН
Осы мәселеге қатысты біз Әменов мырзаны сөзге тарттық. Марқұмның отбасына материалдық және моральдық көмек берілген, я берілмегенін сұрадық. Камераға сөйлеуден бас тартқан Әменов пен оның көмекшісі коронавирус - қайтыс болған жәдел жәрдем жүргізушісінің қосымша диагнозы болғанын айтты.
ЕШКІМ ТАНЫМАЙТЫН БАСПАСӨЗ ХАТШЫ
Наразылық айтып жиналғандар БАҚ-қа базыналарын айтып жатқанда топ ортасына Гүлнара Катибаева есімді әйел келіп қосылды. Өзін 7 жедел жәрдем станциясының баспасөз хатшысымын деп таныстырғанымен, жедел жәрдем станциясының қызметкерлері оны алғаш рет көріп тұрғандарын, танымайтындарын айтып жатты.
«Менің есімім Гүлнара Катибаева. Мен сіздердің баспасөз хатшыларыңызбын. Әменов сіздердің әрқайсыларыңызға ақша аударылатынын айтты ғой. Қазір есептеп жатыр», - дей бергені сол еді, наразы көпшілік оның сөзін тындаған жоқ. Сөйтіп, қалқада көлеңкелеп тұрған Әменов мырза жаққа қарай бет алды.
ӘМЕНОВ: БҰЛ ЖЕРГЕ ҚАТЫП ҚАЛҒАН ЖОҚПЫН
7 жедел жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Азамат Исханұлы Әменов мырзамен де аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. Мекеме қызметкерлерінің екінші талабы Әменовтің отставкасы екенін жоғарыда жаздық. Өз еркімен отставкаға кете ме, жоқ па, соны сұрадық.
«Оны мен шешпеймін. Оны жоғарыдағы басшылар шешеді. Жоғарыдағы басшылар айтса, мен бұл жерге қатып қалған жоқпын. Кет десе, босатамын», - деді Әменов мырза.
Ал дау тудырған үстемақы мәселесі жөнінде: «Қазір жұмыс істеп жатырмыз ғой. Үстемақыларын алып жатыр. Біздің қызметкерлердің талабы – үстемақыларын жүз пайыз, яғни, 425 мың теңгені алу. Бұлардың сағатына байланысты бұйрық бар. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бар. Сол бұйрық бойынша үстемақы төленеді. Істеген сағатына байланысты. Ковидқа қатысты неше шақыртуға барды, соған сай төленеді.
Барлық шақыртуларда дене қызуы секілді ковидтің барлық белгілері болуы керек. Қалада 12 қосалқы станция бар ғой. Біреуі барады, біреуі бармайды. Арасында: «мен бармаймын, қорқамын», - дейтіндер де бар», - деді Азамат Ихсанұлы.
«Мамыр айында жүз пайыздық үстемақы төлене ме, жоқ па», - деген сауалымызға: «Ішінде төленгендер де бар. Тізіміміз бар. Онда кімдер алғаны жазылған. Карантинде отырғандарымыз бар. Карантинде отырғандарға «больничный» деген бар», - деп қысқа қайырды.
ПОЛИЦИЯ: КӨРШІЛЕР «ШУЛАП ЖАТЫР» ДЕП ШАҒЫМ ТҮСІРДІ
Сонымен қатар, бүгін наразылыққа шыққан қызметкерлердің ешбірін қудаламауға «уәде» етті.
«Жоқ. Ешқандай қудалау болмайды. Осыған дейін 12-ші қосалқы станцияда да болды, осындай жағдай. Олардың барлығы өз қызметтерін жалғастырып жатыр. Ешқандай қудалау болған жоқ», - деді Әменов.
Әменов мырза ешқандай қудалау болмайды дегенімен, жедел жәрдем қызметкерлері жиналған жерге полиция өкілдері де келе бастады. Әуелде, 2-3 полицей жүрген еді. Біраздан соң, олардың саны 9-10-ға жетті. Не мәселемен келгенін сұрағанымызда: «Көршілерден шағым түсті. Біздің міндет қоғамдық тәртіпті сақтау», - деді полицейлердің бірі.
Айтпақшы, біраздан соң 7-ші қалалық жедел жәрдем қызметкерлерінің қатарына Алматыдағы 12-ші, 1-інші, 8-інші жедел жәрдем станцияларының қызметкерлері де келіп қосылды. Олардың да айтпағы осы үстемақы мен өтемақы мәселесі екен...
Түйін. Әменов мырза кім?, Бұрын қайда жұмыс істеген? Біз Әменов мырзаның өткен-кеткенін теріп, жеке басына шүйліккеніміз жоқ. Жоғарыдағы айтылғандардың барлығы дерлік жедел жәрдем қызметкерлерінің жанайқай сөздері. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталған мәселеге бей-жайлық танытпай, дәрігерлердің, онда да жедел жәрдем қызметкерлерінің мәселесін оң шешуі керек! Жарты әлемге жайылған қауіпті індетпен күрестің алғашқы легінде жүргендер де әуелі жедел жәрдемдегілер. Сондықтан, олардың бүгінгі талабын Нұр-Сұлтандағы ақ жағалылар естиді деп сенеміз...
«Ашынғаннан шығады ащы даусым» деп, бүгін билікке базына айтқан бір топ медқызметкерді Әменов қудаламауға сөз берді. Оны жоғарыда айттық. Ендеше Әменов мырза сөзінде тұра ма, жоқ па, оны да алдағы уақытта айта жатармыз...
Нұрбике Бексұлтанқызы,
Әлихан Жанарбек.
Abai.kz