Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 6103 7 пікір 16 Маусым, 2020 сағат 17:24

ҚТЖ РТЖ-ның соңына еріп... сорымызды сорпадай қайнатпақ

Самұрық-Қазынаға қарасты ұлттық компаниялардың ең ірісі «Қазақстан теміржолы» АҚ-ы өзімен әріптес Ресей теміржолы компаниясының ізімен тарфитерді көтеруді көздеп отыр. ЕАЭО аясында болғанымен одаққа мүше елдердің ортақ игілігін емес, өз мүддесін бәрінен жоғары қоятын Ресей тарапы, әрине, тасымал бағасын үнемі өсірумен келеді. Мысалы, Кемерово облысындағы Кузбасс көмірін өндірушілердің жүгін тасымалдау кезінде төмендетілген коэффициент қолданатын РТЖ Қазақстанның көміріне мұндай жеңілдік жасамайды. Осы ретте ҚТЖ да ЕАЭО-ға Өзбекстанның мүшелікке өтуіне байланысты өзбек тарапынан тасымалданатын жүктің құнын өсіруді сұрап Үкіметке өтініш білдіріп отыр. Егер Үкімет ҚТЖ-ның бұл өтінішін қабыл алса, онда елімізде теміржол қызметінің тарифі бір-ақ күнде өсіп, сорымызды сорпадай қайнатуы мүмкін.

ЕАЭО сотының Үлкен алқасының түсіндіруінше біріздендірудің мәні мынада: мүше мемлекеттер келісімге келе отырып,

теміржол тасымалы саласындағы қолданатын шаралардан ерікті түрде бас тартты, біріздендірілген тарифті әрбір ел өз бетінше,  бірақ белгілі бір  шектеулердің шеңберінде белгілейді.

Сол біріздендірілген тариф ҚТЖ-нің көңілінен шықпай отыр.

Ресейлік үлгі дәлел бола алмайды

ҚТЖ біріншіден, «біріздендірілген тарифтің шекті деңгейін бекіту бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетіне арналған негіздер тізбесін кеңейтуді» сұрады.

Екіншіден, ең бастысы — біріздендірілген тарифті барлық бағыттар бойынша транзиттік деңгейге дейін арттыруды қалайды.

Транзиттік тариф айтарлықтай жоғары. Оны Өзбекстан ЕАЭО-ға кіргенге дейін,  тез арада жүргізу керек. Өйткені, біздің аумақтан, соның ішінде теміржол арқылы өзбек тарапынан көп жүк тасмалданады.

Техникалық тұрғыдан бұл арттыру/төмендету коэффициенттерін енгізу секілді көрінуі керек. Мысалы, «Ресей теміржолдары» тарифке РФ порт маңындағы станциялар мен құрлықтағы шекара өткелдері арқылы экспорттық тасымалдардың үстемесін де қосқан.

Бұдан басқа, РТЖ жүктерді тасымалдауға арналған біріздендірілген тарифтің деңгейін өз бетімен (белгіленген баға шектері шеңберінде болса да) өзгертуге құқылы. Олар өздерінің жүк жөнелтушілерінің мүддесіне қарай түрлі коэффициенттер белгілеп, біріздендірілген тарифті өз пайдасына асырады.

Алайда, Ресей компаниясының мұндай әрекеттері Достастықтың құжаттарына қайшы келеді. Егер  біздің бизнесіміз де осындай қадамдарға барса, ол келісімді бұзған болып есептеледі.

Атап айтқанда, теміржол көлігі қызметтеріне қол жеткізуді реттеу тәртібінің 8-тармағында мүше мемлекеттердің аумақтары бойынша теміржол көлігімен жүктерді тасымалдау кезіндегі қатынас түрлерінде (экспорттық, импорттық және мемлекетішілік тарифтер) кез келген коэффициентсіз біріздендірілген тарифтер қолданылады деп айтылған.

Тарифтер екі есеге көтерілуі мүмкін

Өз коэффициенттерін енгізу кезінде ресейліктер жүк жөнелтушілердің мүдделерін басшылыққа алғанын түсіну керек. Мысалы, Кемерово облысындағы Кузбасс көмірін өндірушілердің жүгін тасымалдау кезінде төмендетілген коэффициент қолданатын РТЖ Қазақстанның көміріне мұндай жеңілдік жасамайды. Ресей өз аумағында басқаларына зиян келтіре отырып, ЕАЭО-ға мүше бір ғана елдің, яғни өзінің мүддесін ғана алдыға шығаруы экономикалық одақтың келісімдеріне қайшы келеді.

Яғни Қазақстанда да осындай тәжірибені қайталау туралы өтініш – Одақтың негізгі мақсаты – тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыру талабына қайшы келеді.

Егер көлік қызметтерін алатын болсақ, ортақ нарықты қалыптастыруға біріздендірілген тарифтер негіз болды.

Бұл қағиданы бұзу біздің өндірушілерге қалай әсер етуі мүмкін? Біріншіден барлық бағыт бойынша тасымалдау шығыны өседі. Тіпті бірнеше есеге өседі. Мысалы, алдын ала жасалған бағалау бойынша көмір мен темір кені шикізатын тасымалдаудың тарифтері 1,7-2 есеге (тіпті әлеуетті жеңілдікті ескере отырып) көтерілуі мүмкін.

Егер ресейлік тарап коэффициентті көтерсе, бұл біздің экспорттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне үлкен соққы болады.

ҚТЖ Қазақстанда  біріздендірілген тарифтер ең төменгі деңгейде деген тағы бір дәлел келтіреді. Бірақ бұл қате пікір. Орташа есеппен біздің еліміз бен Ресейдегі біріздендірілген тарифтер сәйкес деңгейде.

Міндеттерді орындаудан бас тартуға болмайды

Жоғары айтылғандардан келесідей қорытынды шығаруға болады.

  • ЕАЭО туралы шартқа сәйкес жүк тасымалы кезінде теміржол қатынасы түрлері бойынша біріздендірілген тарифтерді қолдану — мемлекеттердің міндеті.
  • Сараланған (жоғары) тарифтерді енгізу — ЕАЭО туралы шарттың теміржол көлігі саласындағы міндеттемелеріне қайшы келеді.
  • Қазақстанда жүк тасымалдау тарифтерін реттеу — РФ-мен салыстырғанда икемдірек деуге болады.
  • Тұтынушының (тұтынушылар тобының) одаққа мүше мемлекеттердің кез келгеніне тиесілі   қағидаты бойынша саралауға тыйым салынады.

ҚТЖ ұсынған тарифтік саясат өзгерісі ЕАЭО туралы шартқа тікелей қайшы келеді. Сондай-ақ, бұл бірқатар отандық кәсіпорындарға айтарлықтай соққы болады.

ҚТЖ РТЖ соңынан ермей келісімді бұзу әрекеттерін болдырмау үшін әрекет етуі керек.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529