Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 17383 46 пікір 19 Маусым, 2020 сағат 14:45

Баталовтың уәдесі. Ұйғыр ауданын кімдер басқарды?

Үш күн бұрын Алматы облысының Ұйғыр ауданында болған шетін оқиға қоғамда қызу талқы тудырды. Әліге дейін әлеуметтік желідегі әңгіме аудан атауы төңірегінде жалғасуда. Желідегі жұрт та, жергілікті жұрт та аудан атауын қазақшалауды қолдап сөйлеуде. Жергілікті жұрт дегендегіміз - қазақтар. Әйтпесе, ауданды аралап, ақпарат жасаған көп БАҚ-ты қарап отырып, онда сөйлеген жергілікті ұйғыр ұлтының өкілдерінің аузынан аудан атауын өзгерту туралы екі ауыз сөз ести алған жоқпыз. Сондықтан, бұл талап – қазақтың ғана талабы болып отыр. Ал, қошына халық (ұйғырлар) ауданның да, ауылдың да атауын өзгертудің қажеті жоқ дегенді айтыпты.

Этникалық құрам және көше атаулары

Енді қараңыз, 2020 жылғы Статистика комитетінің дерегі. Ауданда 62 732 тұрғын болса, соның: 36 700-і ұйғырлар, 24 700-і қазақтар екен. Қалғандары өзге этнос өкілдері. Одан қалса, аудан орталығы Шонжыда 62 көше болса, оның 35-іне ұйғыр азаматтарының есімі берілген екен. Олардың арасында қарапайым мектеп басқарған азаматтар да бар көрінеді. Бұл «31 арнаның» ақпараты.

Дау басы: Жолға талас

Енді кері шегініс жасайық. Жанжал неден басталды? 16 маусымда Шонжы ауылында екі көлік бір-біріне жол бермей, аяғы кикілжің туған. Екі көлікте он адам отырыпты. Арты төбелеске ұласып, бес адам пышақ жарақатын алған. Төбелес Шонжы ауылының Шанхай шағын ауданы мен Бахар ауылы жастары арасында болған. Аудандық ауруханаға түскен екі азаматқа ота жасалған.

Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Бұл туралы кеше облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел айтты.

«Қылмыстық кодекстің 293-бап 3-тармақ екінші бөлімі («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деді ол.

Баталовтың уәдесі. Аудан атауын өзгерту мәселесі

Ал 17 маусым күні Шонжыға шұғыл түрде облысы әкімі Амандық Баталов мырза барып, ауыл ақсақалдарымен кездесу өткізген. Ол кездесудің шағын бейне жазбасы әлеуметтік желіге тарады. Кездесуде ауыл тұрғындары Амандық Ғаббасұлына аудан атауын өзгертуді талап қылып қойған. Тұрғындардың талабын тыңдаған облыс әкімі елдің аманат сөзін Ақордаға жеткізуге уәде берген. Осыдан кейін-ақ, БАҚ: «Баталов аудан атауын өзгертуге уәде берді», деп ақпарат тарата бастады. Міне қараңыз:

Sn.kz: Баталов Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге уәде берді

Taldykorgan-online.kz: Баталов Ұйғыр ауданының атын өзгертуге уәде берді (видео)

Newsroom.kz: Баталов Ұйғыр ауданының атын өзгертуге уәде берді (видео)

Ал, Баталов не деп уәде берді? Өз сөзі:

«Қандай мәселе көтерілді десем, барлығы негізіген жаңағы төбелес емес, ауданның атын айтады. Бір мәселе, осы жерде. Соның барлығының салдары. Содан шыққан жағдай. Сондықтан, осының барлығын анау Астанаға жеткіземін. Айтамын. Міне, ертең айтамын. Сосын, қазір кішкене дұрысталып алсын. Біз де Астанаға бармауға тырысып жатырмыз. Коронавирус көп. Бұрын мен әр жолы Нұр-Сұлтанға барғанда, Елбасына, Президентке, Премьер-министрге, министрлерге кіремін. Мәселелерді шешіп жүрмін ғой. Қазір жағдай бір болғанда мен өзім арнайы жазылып, Мемлекет басшысына кіріп, мына жағдайлардың барлығын айтып беремін деп, мен сіздерге уәде, міне беріп отырмын», - депті Амандық Баталов.

;feature=emb_title

Амандық Ғаббасұлының берген уәдесі осы. Ауылдағы ағайынның аманат сәлемін Астанаға, Ақордаға жеткізетінін айтыпты. Сонымен, бар мәселе аудан атауына тіреліп тұр ма? Шынтуайтында солай. Алматы облысының Ұйғыр ауданында бұған дейін де бірді-екілі кикілжің болған. Мысалы, Шонжы, Шелек, Малыбайдағы қазақ-ұйғыр «қақтығыстары» туралы сол кезде БАҚ жазды, таратты. Тұрмыстық сипаттағы кикілжіңнен басталған осы оқиғалардың барлығының дерлік соңы аудан атауын өзгерту туралы талаппен аяқталып жатты. Бұл жолы да солай болды. Ол туралы «Мінбер» сайты егжей-тегжейлі жазыпты. Қайталап жатпайық. Тек тоқтала кететін бір мәселе – Ұйғыр ауданының басшыларында қазақтан басшы жоқ көрінеді. «Мінбер» солай депті. Шонжы ауылының тұрғыны Қайрат Алдибеков деген азамат сөйдепті.

Желідегі тағы бір дерек: Ауданның негізі 1935 жылы қаланса, Шонжы ауылы аудан орталығы болып 1945 жылы ауыстырылған. Ауданға жалғыз қазақ – Сембай Темірханов аупарткомның бірінші хатшысы болған екен. Шынымен солай ма?

Ұйғыр ауданын кімдер басқарды?

Біз 1999 жылдан бергісін ғана таба алдық. Wikipedia-дағы дерек:

1999 жыл наурыз – 2007 жыл мамыр аралығында Тохтасунов Владимир Имтахунович деген адам әкім болыпты. Ұйғыр ауданының Кетмен деген ауылында туған Владимир Тохтасунов 1999 жылға дейін (1988-1999 жылдар аралығында) «Алматыоблжылукоммунэнерго-ның» Бас директоры болған екен.

2007 жыл мамыр – 2014 жыл қараша аралығында Омаров Коюмчан Аванович деген адам ауданды басқарған. Бұл кісі де Шонжының өз тумасы. Ұйғыр ауданында жер инспекторы, сосын әкімнің орынбасары болған.

2014 жыл қараша – 2017 жыл қыркүйек аралығы Тохтасунов Алимжан Имтахунович деген адам әкім болыпты. Инжинер-механик, кибернетика маманы. Экономика бойынша ғылым докторы. Сырты істер министрлігінде, Тайландтағы елшілікте қызметте болған. Ұлттық банкте Ішкі аудит дпертаментінде орынбасар болған. Сөйтіп жүріп Ұйғыр ауданына әкім болып тағайындалған.

2017 жылы қоластындағы қызметкерлерге дөрекілік жасап, қызметтік этиканы сақтамағаны үшін қызметінен алынған екен.

Сөйтіп оның орнына 2017 жылдың қарашасында Нурахунов Шухрат Турдахунович тағайындалыпты. Шухрат Турдахунович қазіргі күнге дейін сол ауданды басқарып келеді.

1999 жылдан күні бүгінге дейін ауданға кімдер басшылық жасағаны туралы ақпарат интернеттегі ашық дереккөздерінде бар екен. Ал 1999 жылға дейінгілерін іздеп таба алмадық. Шынымен, аудан тарихында жалғыз – Сембай Темірхановтан басқа қазақ әкім болмаған ба? Бұл сұраққа Ұйғыр ауданы әкімдігі жауап берер деген үміттеміз. Егер рас болса, ауданға неге қазақ немесе ұйғырдан өзге ұлт өкілдері әкім болмайды? Бұл да көптің көкейіндегі көп сауалдың бірі.

Түйін. Ауыл жастарының арасындағы жанжалдан басталған даудың аяғы жылдар бойы қордаланып жатқан аудан атауын өзгерту туралы талаппен аяқталғанын жоғарыда айттық. Облыс әкімі ауылдағылардың аманатын Астанаға жеткізуге уәде беріпті. «Күтіңдер», - дейді.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485