Сенбі, 5 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 134706. Жазылғандар — 118643. Қайтыс болғандар — 2034
Саңлақ 3802 2 пікір 25 Маусым, 2020 сағат 12:18

Алматыда карантиннен кейін алғашқы бокс кеші өтеді

Тұрсынбай Құлахмет

MTK Kazakhstan  промоутерлік компаниясы Алматы қаласында карантиннен кейінгі алғашқы бокс кешін өткізеді.

Аталған бокс кеші 18 шілдеде көрерменсіз өтеді. Танымал boxrec сайтының мәліметіне сүйенсек, жекпе-жектер «М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында» өтетін көрінеді.

Бокс кешінде қазақстандық былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді. Олардың арасында кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізген Абай Төлеш (5-0, 3 КО), Дәурен Елеусінов (8-0-1, 7 КО), Арман Рысбек (7-0, 6 КО), Берікбай Нұрымбетов (5-0, 1 КО), Сағадат Рахманқұлов (6-1-0) қатарлы боксшылар бар. Бұлардан бөлек, Тұрсынбай Құлахмет, Талғат Шәйкен сынды боксшылар кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесулерін өткізеді.

Әуесқой бокста 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой боксқа биыл жыл басында ауысты. 2019 жылы алдымен Азия чемпионатында, кейін ҚР Президенті кубогында қарсылас шыдатпаған Тұрсынбай Екатеринбургте өтен әлем чемпионатында филипиндік Эумир Марсьяльдан жартылай финалда жеңілді. Осыдан кейін 75 келінің тізгінін қайтадан қолына алған Әбілхан Аманқұл Олимпиадаға іріктеу турнирінде күміс медаль алып, Токиоға жолдама иеленді. Сөйтіп, Олимпиадаға бару мүмкіндігінен айырылған Құлахмет кәсіпқой боксты таңдады. Енді Алматы төрінде дебюттік жекпе-жегін өткізгелі отыр. Қарсыласы кәсіпқой бокста біршама тәжірибе жинаған - Сағадат Рахманқұлов (6-1-0).

Талғат Шәйкен

19 жастағы жас боксшы Талғат Шәйкен де кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Талғат - 2018 жылы Аргентинада өткен Жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионы. Сонымен қатар, Венгриядағы халықаралық турнирде және Нұр-Сұлтандағы Президент Кубогында жүлдегер атанған. Оның кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы - Берікбай Нұрымбетов (5-0-0).

Алматыдағы бокс кешіне қатысатын 11 жұп:

Дәурен Елеусінов (8-0-1) пен Арман Рысбек (7-0-0)

Сапарбай Айдаров (4-0-0) пен Абай Төлеш (5-0-0)

Сағадат Рахманқұлов (6-1-0) пен Тұрсынбай Құлахмет (debut)

Нұржан Мақашбаев (0-0-2) пен Нұрдос Төлебай (2-0-0)

Лунара Альхамова (debut) мен Жансая Рақымберді (1-0-0)

Талғат Бертлеуов (0-1-0) пен Рай Сеитжанов (2-0-0)

Берікбай Нұрымбетов (5-0-0) пен Талғат Шәйкен (debut)

Канағат Қартбаев (1-0-0) пен Ақниет Қазиев (0-1-0)

Қанат Саңғыл (debut) мен Айдос Медет (3-0-0)

Нұрслан Сабыров (debut) пен Қанағат Манатұлы (1-0-0)

Бектас Қасенай (1-0-0) мен Заманбек Данабеков (1-0-0)

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

2 пікір