Өзбекстан бірінші, Қазақстан екінші орын алды...
4-11 наурыз аралығында Амман қаласында (Иордания) бокстан Токио Олимпиадасына аймақтық іріктеу турнирі өтті. Басынан дауы арылмаған AIBA-ға әбден өкпелеген Халықаралық Олимпиада комитеті арнайы іріктеу турнирін өткізіп, Олимпиада лицензиясын өздері таратты.
Биыл Токиода өтетін Олимпиада ойындарында боксшылар 8 салмақ санатында ғана бақ сынайды. Бұған да әуесқой бокстың беделі төмендеуі себеп болып отыр.
Төрешілердің бұра тартуы мен бармақ басты - көз қыстылық әлемдік аренадағы бокстың беделін тым төмендетіп жіберді. Тіпті халықаралық Олимпиада комитеті боксты 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастауы да мүмкін еді. Абырой болғанда, ХОК бұл қадамға барған жоқ. Тек Олимпиадаға қатысатын боксшылар санын қысқартып, іріктеу құқығын өз қолдарына алды.
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Амманға төмендегі 8 боксшыны ертіп барды:
52 келі: Сәкен Бибосынов
57 келі: Серік Теміржанов
63 келі: Зәкір Сафиуллин
69 келі: Абылайхан Жүсіпов
75 келі: Әбілхан Аманқұл
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов
91 келі: Василий Левит
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев
Иорданияда бақ сынаған 8 саңлақтың жетеуі жартылай финалға шығып, бірден Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. 52 келіге дейінгі салмақ санатында өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов ғана ширек финалда сүрінді. Ол Қытай боксшысы Ху Жинхуаға есе жіберді. Бірақ жұбаныш жекпе-жегінде Филиппин өкілі Карло Пааламды жеңіп, Олимпиадаға жолдама алды. Осылайша, Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасына толық құраммен баруға мүмкіндік алды.
Жартылай финалға жеткен жеті боксшымыздың төртеуі ақтық сынға жолдама алды. Бұл кезеңде Әбілхан Аманқұл, Абылайхан Жүсіпов және Қамшыбек Қоңқабаев қатардан шығып қалды. Соңғысы жарақатына байланысты шаршы алаңға шыққан жоқ.
Жартылай финалдық кездесулер:
57 келі: Серік Теміржанов - Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан)
63 келі: Закир Сафиуллин - Обада Мохаммед Мустафа Алкасбех (Иордания)
69 келі: Абылайхан Жүсіпов - Викаш Киршан (Үндістан)
75 келі: Әбілхан Аманқұл - Таңатхан Тоқтарбек (Қытай, ұлты қазақ)
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов - Одай Альхиндави (Иордания)
91 келі: Василий Левит - Хусейн Ишайш (Иордания)
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев - Хуни Әділет (Австралия).
Ақтық сынға шыққан төрт қазақстандықтың екеуі жеңіске жетті. 81 келіде жұдырықтасқан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов Австралия өкілін таза жеңді. Ал Василий Левит (91 келі) Жаңа Зеландия боксшысынан басым түсті. Зәкір Сафиуллин (63 келі) мен Әбілхан Аманқұл (75 келі) күміс медальді қанағат тұтты.
Финалдық кездесулер:
63 келі: Закир Сафиуллин - Эльнур Абдураимов (Өзбекстан, ұлты қазақ)
75 келі: Әбілхан Аманқұл (Қазақстан) - Эумир Марсьяль (Филиппин)
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов - Пауло Аокусо (Австралия)
91 келі: Василий Левит (Қазақстан) - Дэвид Ника (Жаңа Зеландия).
Ал қыздар құрамасы іріктеу турниріне мына құраммен барған:
51 келі: Ангелина Лукас
57 келі: Дәметкен Келімбет
60 келі: Римма Волосенко
69 келі: Валентина Хальзова
75 келі: Надежда Рябец.
Бұрымды боксшыларымыздың арасынан 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Надежда Рябец ғана Олимпиада жолдамасына ие болды. Отандасымыз жартылай финалда Кэйтлин Паркерден (Австралия) жеңіліп, турнирдің қола жүлдегері атанды.
Сонымен, Қазақстан құрамасы іріктеу турнирін 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медальмен қорытындылады. Сөйтіп жалпы командалық есепте екінші орынға жайғасты. Бастысы қоржында 9 Олимпиада жолдамасы бар. Енді боксшыларымыз Токио төрінде толағай табыстарға жетеді деп үміттенеміз.
Олимпиадаға іріктеу турнирі. Командалық есеп:
1, Өзбекстан – 6 (3 алтын + 3 қола медал).
2, Қазақстан – 7 (2+2+3)
3, Иордания – 5 (1+1+3)
4, Қытай – 3 (1+0+2)
5, Филиппин – 1 (1+0+0)
52 келі
Сәкен Бибосынов былтыр Қызылордада өткен Қазақстан Республикасының V Спартакиадасында және елордада өткен ҚР Президенті Кубогында топ жарып, Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында қола медальге қол жеткізді.
1997 жылы дүниеге келген түркістандық боксшының нәтижесі жаман емес. Иордания жерінде жүлдеге ілікпегенімен, Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алды. Жапонияда ел үмітін ақтайды деген сенім бар.
57 келі
Бұл салмақтың тізгінін Қайрат Ерәлиев ұзақ уақыт бойы ешкімге бермеген еді. Алайда бапкерлер алқасы осы жолы Серік Теміржановқа сенім артқан екен. Оған себеп, Ерәлиевтің жасы ұлғая бастады. Оның үстіне ұлттық құрама үшін көп еңбек сіңірген Қайрат соңғы кездері ірі турнирлерде нашар нәтиже көрсетіп жүр. Өткен жылы Азия чемпионаты мен әлем біріншілігінде де ширек финалда сүрінді.
63 келі
Бұрынғы 64 келі мен 60 келінің арасынан пайда болған жаңа салмақ дәрежесі. Бұл екі салмақта да бірқатар жақсы боксшыларымыз бар еді. 2019 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында 60 келіде Зәкір Сафиуллин күміс, 64 келіде Санатәлі Төлтаев қола медаль алған. Бапкерлер алқасы жаңа салмақта 33 жастағы Зәкір Сафиуллинге сенім артып жүр.
Бұл боксшы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында 1/8 финалда сүрінген. Ал елордада өткен ҚР Президенті Кубогында күміс медаль алды. Амманда тағы алтын медаль бұйырған жоқ. Демек, құрама бапкерлері жасы ұлғайған Сафиуллинді жас боксшылармен алмастыруды қазірден бастап ойлағаны жөн секілді. Бұл салмақта 1999 жылы дүниеге келген егіз боксшы Саматәлі, Санатәлі Төлтаевтар жақсы өсіп келеді.
69 келі
«Қазақтың салмағы» атанған 69 келіде соңғы кездері қазақтың жолы болмай жүр. Бұл салмақта үздіктер аз емес. Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергенов екеуі де мықты боксшылар. Бірақ, ірі турнирлерде «алтын» алмағандарына көп болды. Шымбергенов 2018 жылы Азия ойындарында, 2019 жылы Азия чемпионатында өзбек Бобо Усман Батуровтан жеңілді. Ал Абылайхан өткен жылы әлем чемпионатында қола медалді қанағат тұтты. Токио төрінде Жүсіповтің жүгі ауыр болайын деп тұр. 69 келіде қатарынан 4 Олимпиадада қазақстандық боксшылар алтын медаль алған. Осы сәтті серияны жалғау Абылайханның қолынан келер ме екен?
75 келі
Бұл салмақта өткен жылы Тұрсынбай Құлахмет атой салды. Алдымен Азия чемпионатында, кейін ҚР Президенті кубогында да қарсылас шыдатқан жоқ. Бірақ әлем чемпионатында жартылай финалда жеңіліп қалды. Сөйтіп, 75 келінің тізгінін бұрынғы көшбасшы Әбілхан Аманқұл қайтадан өз қолына алды.
Бірақ екеуі де филипиндік Эумир Марсьяльдің мықтылығын мойындауға мәжбүр. Тұрсынбай Екатеринбургте жартылай финалда жеңілсе, Әбілхан Амманда ақтық сында есе жіберді. Бірақ Токиоға Тұрсынбайдан үш жас кіші Әбілхан Аманқұл (1997 жыл) барады.
81 келі
Бұл салмақтың мықтысы Бек Нұрмағанбет болатын. 1998 жылы дүниеге келген Бек Азия чемпионатында еш қиындықсыз жеңіске жеткен. Бірақ, Бек жарақат алып қалғандықтан былтыр Екатеринбургте өткен әлем чемпионатына Бекзат Нұрдәулетов барған.
Нұрдәулетов Ресей жерінде құрдасынан асып түсті. Жас боксшы 1/2 финалда 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт мәрте әлем біріншілігінің жеңімпазы Хулио Ла Крузды жеңді. Ал ақтық сында өзбекстандық Диолшодбек Рузметовты айқын ұтып, әлем чемпионатындағы жалғыз алтын медальді алған.
Бапкерлер алқасы Амманға жас әлем чемпионын алып барды. Бекзат бапкерлер үмітін ақтап, Олимпиада жолдамасымен қатар, іріктеу турнирінің алтын медалін де жеңіп қайтты.
Айта кетерлігі, Бекзат 2019 мамырда Қазақстан Спартакиадасына 91 келіде қатысып, қола медаль алған. Ал шілдеде Президент кубогында 81 келіде өнер көрсетіп, күміс медалге қол жеткізген болаты.
91 келі
91 келіде бірінші номерлі боксшы Василий Левит. Жасы 32-ге келген Левит мансабындағы соңғы Олимпиадаға қатысатын шығар осы жолы. Себебі бұл салмақта мықты жас боксшылар өсіп келеді. Әсіресе 2000 жылы дүниеге келген Айбек Оралбайдың қарқыны жақсы. 2019 жылы өткен Президент кубогының финалында екі боксшының жолдары түйісті. Сол кезде Оралбай Василийге қарымды қарсылас екенін аңғартқан.
Василий Левит те ірі турнирлерде жеңіске жетпегелі көп болды. 2019 жылы Азия чемпионатында да, әлем біріншілігінде де қола медаль алды. Тіпті Таиландта өткен Азия чемпионатында кәріс боксшысы нокаутқа түсіріп кетті. Бірақ бапкерлер бұл жолы да Левитке үміт артып отыр. Іріктеу турниріндегі алтын медаль ештеңені дәлелдей алмайды. Аса тәжірибелі Василий өз мықтылығын тек Токиода дәлелдеуі керек.
+ 91 келі
Бұл салмақта біздің елде Қамшыбек Қоңқабаев көшбасшы. Бірақ әлемде екінші орыннан асар емес. Азия чемпионатында екі рет (2017, 2019), әлем чемпионатында екі рет (2017, 2019) күміс алды. Осы төрт финалдың үшеуінде өзбекстандық Баходир Жалоловтан жеңілді. Қамшыбек осы жолы жарақатына байланысты жартылай финалдық жекпе-жекке шықпағандықтан, Жалоловпен және бір сынасып көрудің сәті түспеді.
Бойы 2 метр (198 см) Жалолов әуесқойдан гөрі, кәсіпқойға жақындау. Кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізіп үлгерген. 25 жастағы Жалоловты жеңу қазірше Қоңқабаевқа мүмкін болмай тұр. Мүмкін өзбекстандықты Токиода жеңетін шығар...
Қуаныш Қаппас
Abai.kz