Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 7520 26 пікір 27 Маусым, 2020 сағат 13:41

Дұрыс сөйлеп жүрміз бе?

Кезінде Ахмет Байтұрсынов: «Біздің заманымыз – жазу заманы» деген болса, қазіргі заман – ақпараттар ағыны заманы, сөйлеу заманы. Сөйлеу заманы дейтініміз – бұл күнде теледидар алға шықты, оның болашағы өте зор.

Мен өзім мекен қылып отырған Қостанай қаласындағы телеарнаны сөз қылсақ, теледидар күннен күнге түзеліп, жағдайы жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Облыстық теледидардың таңертең берілетін «Тобыл толқыны» бағдарламасы, «Бірінші студия» бағдарламасы, қыз-келіншектерге арналған «Ажар» журналы, облыстың экономикалық және мәдени өміріне, белгілі тұлғаларға арналған хабарлары көп көңілінен шығып жатқаны қуантады. Әсіресе, тікелей эфир арқылы таратылатын хабарлардың мазмұны жақсарып, сапалық деңгейі көтерілді. Жүргізушілер көрермен көңілінен шығар жолдарды іздестіре бастады. Күнде берілетін жаңалықтар шынында да жаңалық бола бастады. «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы «Қазақстан» РТРК» АҚ қоғамы филиалдарының арасындағы рейтингтік көрсеткіш бойынша алдыңғы бестікте тұрған ұжым екенін естігенде марқайып қаламыз. Облыс көрермендеріне ұсынылған «Бизнес жаңалықтары» жобасы да бүгінгі күннің өзекті талабынан туған секілді. Теледидарда қазақ тілі мен дәстүрін насихаттайтын, мұсылман діні, мәдени құндылықтарымыз туралы хабарлар жиі көріне бастады. Мәдениет қайраткерлерінің облыста өткен шығармашылық кештерін көгілдір экран арқылы көрсету дәстүрі қалыптаса бастады.

Сөз өнерін қазіргі таңда жалғастырып отырған негізгі буын жазушылармен қатар журналистер екені дау туғызбайды. Олар ауызекі сөйлеу стиліндегі тәсілдерді теледидар мен радио хабарларында тиімді пайдаланған жағдайда журналистиканың халыққа ықпалы да күшейе түседі.Теледидар мен радио – қазақ тілінің қазынасын тартушы екені даусыз. Шешендік үлгілерін тиімді пайдаланудың бір жолы, сөз жоқ, мерзімдік басылымдар және радио мен теледидар. Теледидар қазіргі уақытта  жас ұрпақты қазақ тілінің қазынасынан сусындататын бұлақтардың бірі. Ендеше оның тілі де зәмзәмдай қасиетті, сүттей таза болуы керек.

Теледидар мен радиода жүргізушінің кескін-келбетінің тартымдылығы, үнінің құлаққа жағымдылығы, көңіл күйінің бірқалыптылығымен қатар сөйлеген сөзінің тартымдылығы айырықша орын алады. Тікелей эфир жүргізушілерінің сөйлей білу сапасына, ойлау қабілетіне және хабар жүргізуге психологиялық бейімділігіне де ерекше мән беру керек.

Ендігі жерде жалпы қазақ теледидарына қатысты ойларымды ортаға салмақпын. «Абай» порталында Балмолда деген азамат: «Тележүргізушілер сөйлемнің аяғын басына, басын аяғына қойып, тыңдаушысын жаңылдырып сөйлеуге әуес. Бастауыш пен баяндауыш орындарынан адасып кетті. Осы бір тың үрдіс жақсылықтың нышаны ма, жоқ па, ұқпай жүрміз. Үстіңе киген киімің секілді аузыңнан шығар әр сөзің үйлесімді, әдемі болуы керек емес пе? Шала-пұла, салдыр-салақ сөйлеу, орынсызды тықпалау неге қажет? Басымызды көтеріп, көзімізді ашып, санамызды сілкіп, көңілімізді серпіп, айнаға қарағандай өзімізге, сөзімізге неге бір сын көзбен қарамаймыз?» деген пікірін білдіріпті.

«Қазақстан» телеарнасының жүргізушісі Гүлмира Дайрабаева «тамаша ұл-жігіт» деген тіркесті қолданады. Біріншіден, қазақ ұлбала, қызбала деп айтса да, ешқашан ұл-жігіт деп айтпайды, өйткені, ұл мен жігіттің мағынасы екі бөлек. Ендеше мұндай сөзжасамдар кімге керек?

«Хабар» арнасынан берілген «Қозы-Көрпеш–Баян-сұлу»  мультфильмінің кейіпкері Қозы: «қазір бесбармақ жейміз» деген тіркесті қолданыпты. Шамасы, фильм әуелі орыс тілінде түсіріліп, кейін қазақ тіліне аударылған. Алайда, бесбармақ деген ас атауы келімсектердің қазақтарды келемеждеп айтқан сөзі екенін естен шығаруға бола ма? Алайда, осы атау қазір бешбармақ-шоуға айналып,  қазақтың асы мазаққа ұшырады.

Ең алдымен сұхбат беретін мамандар туралы сөз қозғасақ, олардың көпшілігінің қазақ тілін жете меңгермегені белгілі. Алайда, асығыстық салдарынан хабарларды жедел даярлау кезінде олардың біразы орыс-қазақ тілі араласқан  «метис» тілде сөйлейді немесе тілі келсін, келмесін, қазақ тілінде сөйлеуге талпынып, көбінесе тілімізге сайқымазақ карикатура жасап  жатады. Бұдан шығатын түйін, журналистеріміз мамандарды сөйлеткен кезде оның тілді білетін, білмейтініне қарап жатпайды. Кейде орыс тілінде сөйлеген қазақтарымыздың сөзін  ана тіліне диктор аударып тұрады. Кәріс немесе неміс болса бір сәрі, қазақты қазақшаға аудару деген не сұмдық? Ғафу етіңіздер, қазіргі уақытта сол кәріс пен неміс бауырларымыз қазақ тілінде қазақтан кем сөйлемейді.

Сөз қасиетін түсінеді деген  кейбір журналистеріміз бен мамандарымыз да  әдеби тіл нормаларын көпе-көрінеу бұзып жатады. Мысалы, теледидар журналистері «толыққанды» деген тіркесті жиі қолданады. Мұның өзі орыс тіліндегі «полнокровное» деген сөздің аудармасы екені бесенеден белгілі. Ал атамыз  қазақ толық сөзін қанға байланысты ешқашан айтқан емес. Толыққанды деген тіркес қаны тасып кеткен деген ұғымға  меңземей  ме? Жалғыз бұл емес, әуелі орысша ойлап, қазақша сөз тіркестерінің бастауышын анықтауыштан кейін, баяндауышын бастауыштың алдында айтатын тілшілер де бар екенін жасыра алмаймыз. Әрине, ауызекі сөйлеу тілі мен жазба тілдің ерекшеліктері бар. Бірақ, «мен ойлаймын» – деп сөз бастаған кісілердің орысша «я думаю» – дың ізімен кеткені тайға таңба басып тұрғандай көрініп тұрған жоқ па?!

Кейінгі уақытта теледидар дикторлары мен жүргізушілерді өзге ұлт өкілдері арасынан таңдау модаға айналып барады. Олардың арасында өз ісін шебер меңгерген, қазақ тілінде жатық сөйлейтін мамандар аз емес. Алайда, қазақтан артық сөйлей алмайтын өзге ұлт өкілдеріне  экраннан мемлекеттік тілді дамыту, өркендету секілді арнайы хабарларда ғана көбірек орын беріп, басқа жағдайда төл журналистерімізге арқа сүйеген абзал ғой.

Аудармадағы орашолақтықтан да аяқ аттап жүре алмаймыз. Мәселен, жүгіртпе жолдарда берілетін жарнамадағы «бір сағаттық күйеу» деген тіркесті қалай түсінеміз? «Муж на час» деген орыс тіліндегі тіркес қысқа мерзімде үй шаруасын тап-тұйнақтай орындайтын ер деген  ұғымды білдіреді.  Олай болса, алдында айтылған анайы тіркестен көрі «үй шаруасына шебер»  секілді балама табуға болады ғой.

Телеарнадағы жүгіртпе жолдардан «қара жұмысшылар қажет» деген тіркестерді оқыдық. Әңгіме негрлер туралы емес, ауыр жұмысты атқарушылар, орысша айтқанда, чернорабочийлар туралы болып отырса керек. Сол секілді «надворные постройки» дегенді  «есік алдындағы құрылыстар» деп аударыпты. Дұрысы: ауладағы ғой. Кейде «кожанные изделия» дегенді «тері бұйымдар» деп жарнама береміз. Тері – кожа, ал кожанные изделия – былғарыдан жасалған  бұйымдар немесе киімдер деген ұғымды білдіреді.

«Қазақстан» телеарнасынан бір тілшінің аузынан «аузы күйген үріп ішеді» деген сөзді естідік. Енді бір кейіпкер «таз ашуын тырнадан алады» деген тіркесті қолданды. Бұл тіркестердін дұрыс айтылуы: «аузы күйген үрлеп ішеді» және «таз ашуын тырнап алады» болуы керек.

Кейбір журналистер айтылатын сөздің әуелі орысша баламасын тауып алып, соған иек артып, қазақ тіліне «айнытпай» аударады. Осыдан келіп, «я думаю – мен ойлаймын», «орын алып отыр – имеет место», жұмыс орнын жоғалтып алды – потерял рабочее место», «ағымдағы жылы – в текущем году», «күтілуде – ожидается», «өз жұмысын бастады – начал свою работу», «өз кезегінде – в свою очередь», «белгілі болғандай – как стало известно», «нәтижесінде – в результате», «болып табылады – является» деген сияқты сөздер құлаққа сіңісті бола бастады.

Журналист Жұлдыз Әбділда «Өзіңді редакциялап үйрен» деген мақаласында («Қазақстан журналистерінің тәжірибесінен», 67 бет, Алматы,2008 ж): «Осыдан төрт-бес жыл шамасы бұрын марқұм  Сейілбек Қышқашұлы орыс тілінен тікелей аударылған осындай «бөтен сөздерді» тізіп, «Жас Алаш» газетінің бетінде көлемді мақала жазған еді.  Алайда, күні бүгінге шейін  «пәленше пайызды құрады», «болады деп күтілуде», «ағымдағы айда», «үстіміздегі жылы», «аталмыш оқиға», «болып табылады»  деп жазатындар азаймай отыр» – деп қынжылған болатын.

Теледидардағы «Спорт жаңалықтарынан» ақтық ойын деген тіркесті естиміз. Соңғы ойынды ақтық ойынмен салыстыруға бола ма? Ақтық деген сөз – енді бәрі бітті дегенді білдіреді ғой. Сол секілді «алдын ала төлем – артық төлем» деген жарнама болды. Қазақ сөзіндегі артықтың орыс тіліндегі «лучший» деген мағынадан басқа да мәні бар ғой. Дұрысы: тамаша немесе таңдаулы төлем. Бұл көзіміз көргеніміз ғана. Ал құлақпен естігенді түгел айтпай-ақ қояйық. Өйткені, тілшілер сөзіндегі кедір-бұдыр жетіп артылады.

Ораза айы кезінде «Қазақстан» телеарнасы Қадір түніне арналған хабарда Мәжіліс депутатының лебізін берді. Ол не айтты дейсіз ғой?  Елге ораза айында қонаққа келгенде дәм-тұзбен қарсы алғандар ұсынған дәмнен  ауыз тиіп қойғанын айтты. Жарайды, бір рет байқамады екен, кешіріммен қарайық. Одан кейін аузының суы құрып, қалай қымыз ішкенін, жал-жая, қазы-қарта жегенін баяндады. Бұл Исламның насихаты емес, керісіңше, қарсы жарнама емес пе?! Айтушы қателескен екен, оны журналистер мен редакторлар түзетуі керек қой.

Жалпы, Ислам дініне байланысты хабарларда имамдар мен молдаларымыз, қажыларымыз  діни атауларды ала-құла айтады, тіпті Алла деген ауызға келіп тұрған сөздің өзі кейінгі уақытта теледидарда да, мерзімді басылымдарда да екі түрлі айтылып, екі түрлі жазылып жүр. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ұлы Абай сөзінен бастап қазақтың барлық зиялысы Алла сөзін төрт әріппен айтқанын және солай хатқа түсіргенін білеміз. Ал араб тіліндегі АллаҺ Құран оқылғанда солай айтыла берсін, қазақша сөз қолданыстарында Алла сөзі ауызға жеңіл емес пе деген ой келеді. Оның үстіне ұлтымыздың қазақ деген аты секілді Алла сөзін оңнан солға қарай оқысаң да, солдан оңға қарай оқысаң да, бір сөз болып шығады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алла сөзін дұрыс айту туралы арнайы пәтуа (2014 жылы) шығарса да, осы сөз әлі де көбінесе қате айтылып келеді.

Аузымыз үйренген «бісімілланы» да имамдарымыз «бисмиллаҺ» деп аузын керіп айтады. Салыстыру үшін айта  кетейін,  кәпір деген сөз араб тілінде «ка», «фа», «ра» деген үш әріптен құралған. Арабтар солай айтты екен деп, кәпірді кафара демейміз ғой. Түпнұсқасын өзгертпеу керек деген желеумен  самауырды самовар, шайнекті чайник, керуетті кровать деп сөйлеген  қазақты естідіңіз бе?!

Сондай-ақ қазақ тілінде баламасы бар көптеген сөздерді хабарға қатысушылар да, тіпті тілшілер де орыс тілінде қолданғаны естіген құлаққа жағымсыз, көрген көзге ерсі. Мұндайда, жүргізушілер «ана тілімізде осылай ғой» – деп түзету жасап отырса құба-құп.

Теледидардан тіл ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті қазақ ғалымы туралы хабар жүріп жатыр. Әкесі туралы ұлдары мен қыздары орыс тілінде сұхбат беріп, оны тілші қазақ тіліне аударып, диктор қазақ көрерменіне аударып беріп жатыр. Бұл не деген сұмдық?!

Бірақ, осы көріністі күнбе-күн көріп жүрміз. Шенеуніктерді былай қойғанда, ана тілі арқылы күнін көріп жүрген ғалымдардың балалары, ақын-жазушылардың балалары, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің балалары орыс мектебінде оқиды, орыс тілінде сөйлейді, немерелері шет мемлекетте оқиды, шет тілінде емін-еркін сөйлейді. Соған ата-анасы да мәз, өздері де мәз. Ол аз болғандай, оларды теледидардан көрсетіп, радиодан сөйлетіп, үйренетін емес, жиренетін қылықты көпшілікке насихаттап жатырмыз.

Сәкен Түсіпбек дейтін автор «Серке» сайтында (17.12.2012 ж.): «Жүз пайыз қазақ тіліне көшкен ұжым қыза-қыза қазақтарды өзге тілде сайратып, былайғы жұрттың көзін бақырайтып қойып, сөйлеушіні сөзбе-сөз тәржімалап беретін жаман әдет тапты. Ойлап көріңізші! Бет-әлпеті қазақ, аты-жөні қазақ, Қазақстанда тұрады, осы елдің отын оттап, суын ішіп отыр. Бірақ, мемлекеттің тілін ысырып қойып, өзге тілде аузы-аузына жұқпай сыдыртып сөйлеп жатыр... Пақырдың сөзін қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз арна түкірігін жерге түсірмей аударма жасап эфирден таратуда. Бұл – сырт көз рахаттана артын ашып күлетін жағдай болғанымен, «елім, жерім» деген азаматтардың жүрегін қан жылатқан психологиялық ауыр соққы. Турасын айтқанда, онсыз да ілдәбайлап  күн кешіп жатқан қазақтың тілін мүжгілеп, құртып, құрдымға қарай итеретін жағдай. Өкініштісі, Ұлттық арна Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген аталы сөзін естен шығарып алған сияқты.  Осыдан кейін «Әуреленіп қайтесіңдер, мемлекеттік тілді білсең де, білмесең де бола береді» деген сыңайдағы зымиян ойды қалың қазаққа тықпалаған «Қазақстан» ұлттық арнасына ненің күні туды екен деп таңданбасқа шараң жоқ. Әйтпесе, ана тілінен мақұрым қалған қазақты теледидардан қазақша сөйлету қазіргі қарыштап дамыған технологияның заманында анау айтқан қиын шаруа емес. Мысалы, күйіп-жанып тұрған маңызды мәселе болғанның өзінде, қазақшаны қағазға жазып немесе қазақша білетін әріптестерін, дос-жарандарын, туған-туысын сөйлету арқылы мәселені жігін білдірмей шешуге әбден болар еді» – деп жазыпты.

«Қазақстан» телеарнасынан композитор Қалдыбек Құрманәлінің беріп жатқан сұхбатында айтқан сөзін естіп қалдық. Шәмші Қалдаяқов туралы естелік айтып отырған композитор: «Шәмші Қалдаяқов қазақ халқына бір-ақ  рет берген Алланың сыйы» – дейді. Мақтап отырып артық қыламын деп тыртық қылғанын сөйлеуші білмейді. Оны естіп отырған тележурналист та мән бермейді. Шәмшінің сазгерлігіне талас жоқ, бірақ Алланың сыйы Шәмшімен ғана тоқтай ма екен?! Енді бір шешендер сөйлегеннің жөні осы екен деп кейде қайраткерлерді, кейде әлдекімдерді әулие, кемеңгер, данышпан деп жатады.

Теледидардан тағы бір журналистің: «Қабанбай батырдың жылқысы есек секілді» деген сөзін естідік. Әңгіме батыр және оның тұлпарының тас мүсіндері туралы болып отыр. Батыр жылқы бағатын жылқышы емес қой.

Малға байланысты айтылатын буаз сөзін адамға қолданатын, қарақшылар мен ұрыларға байланысты айтылатын атышулы деген сөзді жақсы мағынада айтатын, жақсы істерді «өріс алды, қанатын жайды» деудің орнына «етек жайды» дейтін тілшілер де кездеседі.

Тағы да тележәшіктен екі ұлттан құралған интернационалдық отбасы туралы хабар беріліп жатыр. Жүргізушінің сөзіне сенсек, мұндай отбасыдан туған бала көрікті әрі ақылды болады екен. Алайда, мен көріп жүрген көптеген отбасылар грейфрукт деген жасанды жемісті еске салады. Грейфруктің қабығы қалың, өзі үлкен болса да, дәмі бөлек. Не лимон емес, не апельсин емес, сол екеуінің қоспасынан пайда болған жеміс. Немесе шалапты көз алдыма әкеледі. Сусағанда шөліңді басатын сол шалап не қымыз емес, не айран емес қой.

Ең сұмдығы, осындай «махаббаттан» жаратылған баланың тілі сол жемістің сөліндей, сол шалаптың дәміндей болып кетеді екен. Қазақтың жеті атадан аспай қыз бермеуінің өзі  тектілік екені бесенеден белгілі. Ана сүтіне уызынан жарыған, ата дәстүрін жастайынан көрген ұрпақ қана мақсатына жете алады.

Радио мен теледидар арқылы жиі беріліп жататын халық әндерінің сөздеріне де редакторлар көбіне тиісті мән бермейді. Халық өлеңі. Халық әні. Сөзі мен әні, мәні мен сәні жарасқан. Сондықтан бірде бір жолын алып тастауға немесе сөзін өзгертуге болмайды. Өйткені, барлығы өзінің орнында. Ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, сұрыпталып, осы күнге аман-есен жеткен халық сөзін бұрмалау – қиянат. Қазіргі әншілеріміздің ән сөздерін өзгертіп айтып жүргенін естігенде жаныңды қоярға жер таппайсың.

Мәселен:

«Басыңа жазатайым іс түскенде,

Дос түгіл дұшпаның да қашар шетке», -деген өлең жолдарында «дұшпан» және «дос» сөздерінің орны ауысып кеткен. Шын мәнісінде, аталған жолдар Шал ақынның аузынан шыққан. Дұрысы: «Дұшпан түгіл, досың да қашар шетке». Мәтіннің өзгеруіне өлең  жолындағы бунақ санының ән салуға  сәйкес  келмеуі себеп болған.

«Баспадым жардың шетін құлай ма деп, ішпедім арықтан су лай ма деп», - деп басталатын халық өлеңінің кейінгі жолдарын әншілер «қорқамын дос болуға жамандармен, тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп», - деп айтып жүр. Ер-тоқым қазақ үшін аса қасиетті бұйым. Ол оны ешкімге бермейді. Қазақ «айырылысатын ер ердің артқы қасын сұрайды» дейді. Немесе ердің (бұл арада азамат деген мағынада) құнын сұрауы мүмкін. Бірақ, ер-тоқым емес. Осы халық әнінің қайырмасы: «қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл, өтіп барады өмір құрғыр» – деп айтылып жүр. Өмір құрымайды, жалғаса береді ғой. Біз  білетін Байжанның әнінде  «жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл, өтер жастық, бозбала, ойна да күл!» – болып айтылушы еді. Сөзге бажайлап қарасақ, гүл қауызын таңертең күн сәулесі түскенде ашады ғой, бұлбұл да жаратылыста сол гүлдің ашылғанын көрген сәтте сайрай бастайды. Қыздарды бұлбұл қылып сайратып, жігіттерді тұлпар қылып шапқызып қойғанда не ұттық?! Әннің бағасын кеміттік.

Тағы бір белгілі әншіміз Мұхтар Шаханов сөзін жазған «Ақ бантик» әніндегі «Білмеймін, бой жетіп қалдың ба?» – деген жолды «Білмеймін, ер жетіп қалдың ба?» – деп бұрмалап айтқанын да естідік. Қыз бой жетеді. Ұл ер жетеді. Екеуін шатыстыруға бола ма?

«Ер жігіт мал тапқанмен не болады, Құдайым бір жағынан құрамаса» деген халық өлеңінен халқымыздың адал көңілі көрінеді. Бірақ, Алла беріп тұрса да, әйел ұқсата алмаса, қандай амал бар? Менің ойымша, осы жолдардың бастапқы мағынасы «ер жігіт мал тапқанмен не болады, жұбайың бір жағынан құрамаса» болған. Кейін «жұбайың» деген сөзді аңқау қазақ «Құдайымға» ауыстырып алған.

Әншілер ғана аузына абай болмай, радио мен теледидар құлағын ұстап отырғандар олардың айтқан сөздерін, шырқаған әндерін сүзгіден өткізіп отыруы керек.

Теледидар немесе радиодан тікелей әфир кезінде әңгіме жүргізу сұрақ беру, жауап қайтару мәдениетін талап етеді. Кез келген сауал әдемі және мазмұнды бола алмайды. Қойылатын сауал тақырыпқа тікелей қатысты және мәдениетті болуы керек. Жауап беруші аңдамай сөйлеп қалса, сөз арасында тізгінді алып, жөндеп жіберу немесе өз тарапынан пікір қосып, әңгіме тақырыбына жетелеп отыру журналистің кәсіби білігіне байланысты болмақ. Осы орайда тағы бір ортаға салар ой, тележүргізуші деген сөзді телетізгінші деген атаумен ауыстыруға болар еді. Жүргізіуші орыстың ведущий емес, водитель деген ұғымын береді. Ал тізгінші деген тіркес қалам ұстаған тілшілерге жарасып кетер еді.

Кейбір тізгіншілер сөз арасында «ал, біздің уақытымыз тығыз, берілген уақыт таяп қалды» деп сөйлеушіні қақпайлап отырады. Хабар соңында хабар аяқталуға бірер минут қалғанда айтылса бір сәрі, ал бес-он минут бұрын «сіз сөйлемеңіз, мен сөйлейін» деген түсінік журналистік этикаға қайшы келеді. Журналистің негізгі міндеті студияға шақырылған қонақты сөйлету.

Радиожурналист те, теледидар тізгіншісі де сөзді дұрыс қолданып қана қоймай, дыбысталуына да ерекше мән беруі керек. Басқа тілдерден енген «бөгде» сөздерді қолдануға да абай болуы керек. Ондай сөздерді қолданған жағдайда да тыңдаушы немесе көрерменге түсінікті болуы үшін ретін тауып, сөз арасында орайын келтіріп, түсініктеме беріп отырғаны да артық емес.

Жаңа жыл қарсаңында теледидарды Аяз ата туралы хабарлар жаулап алады. Дед Мороз – Аязшал. Өйткені, қазақта Қыдыр ата деген ұғым бар. Ол Наурызда, жылдың басыңда келеді. Ал Аяз қазақ баласына ата болуға тиісті емес. Теледидарда Дед Морозды баяғыша Аяз ата деп жүрміз. Дұрысы Аяз шал ғой. Қаңбақ шал деген секілді. Аяз шал көбінесе жалғыз да келмейді. Қаршақыз деп аталатын (Снегурочка) немересін ерте келеді. Біздің қазақтар Снегурочканы теледидар хабарларында көбіне Ақшақар деп атап жүр. Ақша қар снежок деген ұғымды білдіреді ғой. Аудармалардың дұрыс мәтіндері былаша болуға тиіс:

Снежинка – ақша қар.

Снегурочка – Қарша қыз.

Снежная королева – Қарлы ханым

Снежный городок – Қарқала (немесе Аққала)

Снеговик – Қарбала

Снежный человек –  Қарадам

Ледовый городок  – Мұзқала

Каток – мұзайдын

Коньки – сырғытпа

Клюшка – доптаяқ

Кейбір дикторларымыз «сұрақтар қаралды» (были рассмотрены вопросы)  деген тіркесті жиі қолданады. Бұл орыс тілінен қате аударылған тіркес. Шын мәнінде «вопрос» деген сөз «мәселе» болып аударылуы керек.

Сондай-ақ әйел адамды төраға деп атаған да жараспайды. Төрайым деген сөз бар емес пе?  Медсестраны медбике десек, медбратты медеркек деуіміз керек пе?

Орыс тіліндегі сөйлемдердің өзін жынысқа бөлу дегенді түсіну қиын. Мұндай бөліністі білмейтін қазақ тілінің мүмкіндігі әлдеқайда кең екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, оқытушы қыз-келіншектерді мұғалима, мәжілісті басқарған төрағаны төрайым деп атау ара-тұра болса да тілімізде  ұшырасады. Кезінде әйел азамат деген сөз азаматша деп айтылғанын да білеміз. Бірақ, гражданинды азамат, гражданканы азаматша дегеннен де пайда жоқ секілді. Қалай болса да бұлардың бәрі кейін кірген сөздер. Орыс тіліне еліктеуден туған сөздер. Сөздердің түп негізінде ер мен әйелге деген көзқарас жатыр. Ер мен әйел теңдігін насихаттап жүрміз дейтін орыстар іс жүзінде оған қарама-қайшы, әйелді немесе еркекті төмендететін, басқаша айтқанда ерекшелейтін сөз саптауға жүгінсе, нағыз тепе-теңдік біздің ана тілімізде сақталған.

Қазақ тіліндегі «балмұздақ» деген тәтті сөзді  белгілі аудармашы Ісләм Жарылғапов тілімізге енгізгенін біріміз білсек те, көбіміз біле бермейміз. Орыс тіліндегі «мороженое» сөзі болса, сөз таныған кісіге мағынасы анық, бояуы қанық емес екені бесенеден белгілі. Ал болгар тілінде балмұздақты «сладколед» деп атайды екен. Осы атаудың орыс тіліне кірмей қалғаны өкінішті. Сол Ісләм ағамыздың аялдама, жағажай секілді сәтті аудармалары қазір төл  сөзімізге айналып кетті.

Түрік тілі мен қазақ тілінің түбі бір, ежелгі түркі тілдес тілдер есебіндегі көнелігі және өзара туыстығы дау туғызбайды. Бір ғажабы, түріктер динозаврды денезор деп атайды екен. Денесі зор жануар деген ұғымды білдіріп тұрған осы сөз біздің ата-бабамыз сонау көне ғасырларда, тіпті динозаврлар өмір сүрген тұста болған деген батыл болжам жасауға негіз береді.Пілді піл, мамонтты зіл деген қазақтар енді динозаврды да шет тілден енген кірме сөз есебінде қолданбай, денезор деп атаса жарасып-ақ тұрған жоқ па?! Штампты түріктер істаңба деп атайды. Біз бұл сөзді мөртабан деп жазып жүрміз. Зер сала қарасақ, түрік тіліндегі баламасы ұғымды. Сондай-ақ шаңырақ көтеретін бақанды түріктер министр деген сөздің баламасы ретінде қолданса, қазақтарға да олардан үлгі алуға болар еді. Қазақта «алты бақан ала ауыз» деген тіркес бар ғой. Оның түпкі мағынасы бақан – басшы, ел тірегі дегенді білдірсе керек. Келешекте тіл мамандары екі халыққа ортақ ұқсас тілдерді түбегейлі зерттеуі қажет секілді.

Терминология комиссиясы бекіткен терминдердің өзінде толып жатқан ала-құлалық бар. Жергілікті тілшілер «отбасы» сөзін көбінесе «жанұя» деп айтып жатады. Бұған дейін өмірбаяндық деректерде жазылып келген «туды» деген сөз «туылдыға» айналып кетті.

«Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген қазақтың қанатты сөзін жақында теледидардан сөйлеп отырған бір азамат өзінше өзгертіп, «атың барда жер таны шауып жүріп» деген сөз бар деп айтқанын естідім. Олай болса, оның жалғасын «ас жоқ болса, жинап ал алып жүріп» деп айтуға да болады ғой. Өйткені, бүгінде тектен текке далақтап, шауып жүретіндер, бірақ, сол шапқанын міндет қылып, елден бостан босқа алып жүретіндер көбейіп тұр.

Қазақ теледидарын өрге сүйреп жүргендердің көңіліне келсе де айтайын, «Теледидар мен тоңазытқыштың қайсысын жақсы көресің?» деген сауал қойыла қалса, екіншісін атар едім. Өйткені, Аллаға шүкір, табысың жетіп тұрса, тоңазытқыштан асқазанға қажеттінің барлығы табылады. Ал көк жәшіктен жанға қажетін таба алмай қаласың. Кәріс, үнді, филиппин киноларының қазақша аудармалары кісі күлерлік.

Ең сорақысы теледидардан күн сайын қыз-келіншектер қолданатын әлдебір «шүберектер», еркектерге арналған атын айтуға ұялатын «заттар» туралы жарнама беріліп жатады. Бала-шағамен бірге отырып көруге болмайды. Сол үшін қанша ақша алса да, елдің ар-ұятын таптап жатқан мұндай жарнамаларға тосқауыл қойылуы керек.

Айта берсек, сөз көп. Мұның бәрін қажеті болса, теледидарда жүрген тілшілер кәдеге жаратар деген ниетпен жазып отырмын.

Ақылбек Шаяхмет,

Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, «Алтын қалам» иегері.

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963