Жағымпаздықты жоюдың жалқы жолы
Жағымпаздар кез келген қоғамда болған.
Бүгінде де бар.
Болашақта да бола беретін сияқты.
Байқаймын, бүгінде екінші президенттен пір жасағысы келетіндердің армиясы пайда болып жатыр. Оған кейбір интеллигенция өкілдері мұрындық болып жатқан сыңайлы.
Менің позициям о бастан белгілі: жақсының жақсылығын айт, жаманның жамандығын айт!
Назарбаев құрған жүйеге қатысты ащы шындықты бүгінгі кейбір "батырлар" үндемей жүрген кезде айтқанбыз. Режимнің ағын ақ, қарасын қара деуге тырыстық. Сол үшін ұрылдық, соғылдық, қудаландық, сотталдық, абақтыға жабылдық. Оған еш өкінбейміз. Ең бастысы - біздің сын саяси салмақты болды, жеке басқа жөнсіз тиіскен жоқпыз, жүйелік сын айттық.
Тоқаевқа да көзқарасым халықтық, демократиялық, мемлекеттік, ұлттық талаптар тұрғысынан болады, осы критерийлерге сай болса, қолдаймын. Алайда осы жолдан тайып кетсе, сынауға қақым бар.
Жаңаша жағымпаздықты жоюдың жолын ұсынамын.
Оның мәнісі мынада: осы күнге дейін тұңғыш президентке Құдайдай табынған, оны пір тұтып келгендер, енді екінші президентке ондай дифирамбтар айтпасын.
Сол кезде жағымпаздардың саны күрт азаяды.
Бәлкім, сонда Тоқаевты қолдаушылар қатары да көбейе түсер.
Әміржан Қосанның жазбасы
Abai.kz