Сенбі, 23 Қараша 2024
Аймақ 6200 7 пікір 15 Шілде, 2020 сағат 13:32

Билік мақтау мен мадақтауға ғана үйренген...

Короновирус деген індеттің бой бермей жатқандағы барша халықтың қатты алаңдаушылығын тудырып отыр. Қай жерде де өздерінің әлі келгенше мұнымен күресіп те жатыр. Бір жерде сәтті, бір жерде сәтсіздеу деген секілді. Дегенмен аталмыш індетпен күресудің обьективті де, субьективті де себептері бар. Кей-кейде мұның субьективті жағы, яғни қолдан келетін нәрсені істеудің орнына өтірік көзбояушылыққа салынып, жоғары жаққа жақсы атпен танылып қалсам деген ниетпен жоқты бар деу секілді жаман әдеттің салдары ерекше болатындығын айтып жатудың өзі де артық.

Дәл осындай жағдай, біздің Қостанай өңірінде де байқалып қалып отырғандығы аса өкінішіті. Мәселен, әлгі короновирус дерті маусым айының аяғында бізде мүлдем бой бермей кетті. Жергілікті билік мұнымен жеткілікті дәрежеде күресе алмай, дәрменсіздік танытты. Сол үшін де, облысымыздың әкімі Архимед Мұқанбетов еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан ескерту алғандығы бар. Демек, қолда бар ресустарды тиімді пайдаланып, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне бар мүмкіндік жасауына тиісті еді. Біз, әрине, қазір де ештеңе істемей, қол қусырып қарап отыр деуден аулақпыз. Қостанай Нұр-Сұлтан немесе Алматы секілді медицинасы бір сыдырғы жақсы дамыған шаһарларға ілесе алмасы, тағы да белгілі. Қол қысқа, кадрлар жеткіліксіз, дәрі-дәрмек те жетімсіз. Алайда, сол қолда барды сарқа пайдаланып, ал ең бастысы осындай қиындықты халықтан жасырмай, жоқты жоқ, барды бар деп айтып, бұл ауыртпалықты сол халықпен бірге бөлісудің орнына сол баяғы «қол сынса, жең ішінде, бас сынса, бөрік ішінде» деген өздеріне ыңғайлы саясат ұстап отырғандығы қатты ойландырады. 

Мәселен, осы айдың басында Қостанай қаласындағы жалғыз аурухананы жауып, оны короновирспен ауырған жандарға арнап, провизорлық станционар дегенді ашты. Несі бар, өте дұрыс бастама. Алайда, «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін бүлдірді» дегендей, салғаннан-ақ осы станционар қатты дауға айналды. Осында жіберілген 30 сырқатқатты емдейді деген айналдырған екі дәрігер мұнда жұмыс істеуден мүлдем бас тартты. Айтатындары, қорғаныс костюмдері мүлдем ескі, пайдалануға жарамайды, онымен қоса қажетті басқа құрал-жабдықтар жоқ. Бұл жағдайды олар осындағы бас дәрігерге де ескерткен. Қорытынды болмағасын, амал жоқ, ешкімнен жасырынбай-ақ, бұл хабарды ел-жұртқа әлеуметтік желі арқылы таратып жіберген.

Ал енді бұдан кейін не болды дейсіздер ғой. Тез арада қорытынды шығарылып, мұндай жағдайдың не себепті орын алып отырғандығын жергілікті билік бар, денсаулық сақтау басқармасы бар, тәптіштеп түсіндіріп, қалың жұртшылықты тыныштандырды деп ойласаңыздар, қатты қателесіздер. Билік баяғы ауруына басты. Аурухакнаның бас дәрігері болса, шынымен осындай кемшілік болды ма, болса не себепті орын алған дегенді түсіндірудің орына, бірден «олардың жұмыс орынын тастап кетуге құқылары жоқ. Біз оларды құқықтық жауапқа тартамыз» деп қоқан-лоққы жасап отыр. 

Әрине, ондағы жатқан аурулардың міндетті түрде емделуі қажет екендігі белгілі. Алайда өздерінде іске жарарлық қорғаныс киімдері жоқ дәрігердің жағдайын кім ойлайды? Олардың өмірі мен денсаулығын кім қорғайды? Мықты қорғаныс құрылынсыз індеттің өзіне жұғатындығын анық білетін дәрігердің осындай тәуекелге баруы керек дегенді кім айтты? Айтпақшы, «Той өткен соң - даңғыра» дегендей осы даудан кейін біздің облыстық денсаулық сақтау басқармасы іле-шала баспасөз арқылы «Біз осы ауруханаға 2 мың бір рет қолданатын және 500 көп рет қолданатын костюм жібердік» деп айдай әлемге жар салып жатыр. Олар қашан жіберілді? Станционар ашылған бойда ма, әлде әлгі даудан кейін бе? Ол туралы, әрине, ешкім де жақ ашпайды. Сірә, бұл жұмбақтың шешуін табу қиын да болмас.

Айтпақшы, арада оншақты күн өтер-өтпестен осы станционарда жатқан 50 жасар Танзила есімді әйел адам әлеуметтік желі арқылы осындағы дәрігерлер мен медбикелерге алғыс білдіріп, олдарды тез арада жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету қажеттігін айтып, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жолдады.

«Дәрігерлер аса қауіпті жағдайда жұмыс істейді. Оларға жеке қорғаныс құралдары жетіспейді. Медиктер ескі, күйдірілген мақталы халаттармен жүр. 30 адамға бір медбике болғандықтан, бәріне система қоюға да үлгірмейді. Олардың да туған-туыстары мен жақын-жуықтары бар емес пе? Ойланыңыздар! Онсыз да аз дәрігерлерге қамқорлық көрсетңіздер», - деп жан айқайын жеткізген.

Мінекей, біздегі жағдай осындай. Көзбоушылықа салыну мен өтірік ақпарат беріп, жақсы атқа ие болу - біздегі биліктің әбден қанына сіңіп кеткен әдеті. Онсыз жұмыс істей алмайды. Олар тек мақтауға ғана үйренген. Онсыз өмір сүруі қиын. Өткенде әкіміміз де короновирусқа ұшырап, емделгені бар. Құдайға шүкір, көп ұзамай құлан-таза жазылып шықты. Ғұмыры ұзақ болсын, әрине. Мұнысын ол өзінің инстаграмына екі тілде құлаштай етіп жазды да. Содан біздің Қостанайдың жағымпаздарының жарысы басталып кетсін. Оның сауығып кетуіне байланысты айтылған тілектерден көз тұнады. Әсіресе қазақтілді  оқырмандарының белсенділігі ерекше. Құдай сақтасын, егер мешітіміз жұмыс істеп тұрғанда әлгі жағымпаздардың үлкен тобы сол жерден шықпай, әкімнің тілеуін тілеп, күндіз-түні дұға қылдар ма еді. Бұл мазақтан карантин құтақарды.

Сонда дейміз-ау бірде-біреуінің: «Архимед мырза. Енді өзіңіз де осы індетті басыңыздан кешірдіңіз. Демек, оның қаншалықты қауіпті екендігін анық сезіндіңіз ғой деп ойлаймыз. Енді сол індетті облыстымыздан тезірек арылту үшін қандай пәрменді шаралдар қабылдайсыз?» деген сұрақты қоюға да жарамады. Әй, қайдам, бірақ ол бұл сұраққа да жауап қайтарары кәмәнді. Жалпы, бұл азаматтың халықпен ашық сөйлесуден іргесін аулық салғалы қашан. Оның осы аймақты жеті жыл басқарған уақытында облыстың кемшін тұстарын айтып, проблема көтерген жиын өткізгенін көрген де, естіген де емеспіз. Бас қосу болса, сол баяғы мақтау мен мадақтау, дарақылық пен құлдық ұру.

Айтпақшы Архимедтің 9 шілде күні өткізген онлайн-брифингісінде осындағы билікке аса жаға қоймайтын газеттің тілшісінің әлгі провизорлық станционар жайы туралы қойған сұрағына мүлдем жауап та берген жоқ. Сондай-ақ тағы бір тілшінің облысымызда  короновирусқа арналған қанша тест-система бар, сондай-ақ облысымызда жеткілікті болу үшін енді қанша қорғаныс костюмін сатып алу керек деген сауалы да мүлдем ескерусіз қалды.

Жалпы, бұған таңқалуға да болмас. Өмірінің көп бөлігін тек әкім болумен өткізген, сондықтан да халықтың мұң-мұқтажы дегенннен мүлдем хабарсыз адамнан басқа бірдеңені, яғни жаңашыл басқару тәсілін күту қиын шығар. Ел Президенті Тоқаев мырзаның өткендегі бір сөзінде барлық облыс әкмідері мен миниистрлерді түгел ауыстыру туралы айтып қалған пікірінің жаны бар секілді. Заман талабы осындай.

Жайберген Болатов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5540