Алматы облысында індет жұқтырғандар саны азайып келеді
Алматы облысында эпидемилогиялық жағдай тұрақталып, індет жұқтырғандар саны азайып келеді. Енгізілген екі апталық шектеу шаралары өз нәтижесін бере бастады. Өңірде карантиндік шектеу шаралары енгізілгенге дейін күніне 300 ден аса адам сырқаттанып, ауруханаға түсетін. Ал, қазір бұл көрсеткіш екі есеге кеміген деп хабарлайды abai.kz тілшісі.
Екі аптада қоғамдық көлік қатынасы сиреп, ойын-сауық және сауда нысандарының жабылуы өңірде індет тарауын тежеді. Сол себепті сырқаттанғандар саны азайып, ауруханалардағы жатын орындар босай бастаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың айтуынша, аймақта жедел жәрдем станциясына қоңырау шалу саны 20 пайызға азайған. Мұның барлығы 391 мобильді топтың сырқаттарды үйлерінде қабылдауының нәтижесі. Сонымен қатар, тәулік бойы халыққа кеңес беретін 5 call-орталық жұмыс істеп тұр.
Бүгінде Алматы облысында бес мыңнан астам адам дәрігерлер бақылауында. Науқастарды емдеу үшін үш мыңнан астам медицина қызметкері амбулаториялық және стационарлық деңгейде жұмыс істейді. Сонымен қатар, аймақта 30 дан аса мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Олар карантиндік талаптардың сақталуын қадағалап, дәрі-дәрмек бағасын бақылауға алған. Өңірде медициналық құрылғыларды сатып алуға да мән беріліп отыр.
«Жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 177 жасанды өкпе желдету апараты сонымен қатар ренген апараты сатып алынады. Бұдан бөлек емдік препараттар үшін 550 млн теңге бөлінді. Оған қажетті фармацевтикалық өнім алынып, дәрі дәрмек қоры жасақталады.», - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Жалпы, сенбі-жексенбі күндері облыстағы өзен көлдерге барып шомылатындардың қатары күрт көбейді. Демалыс аймағы індет ошағына айналмауы үшін кейбір аудандарға екі күндік қатаң шектеу шараларын енгізу жоспарланып отыр. Сала мамандары осы арқылы қауіпсіздікті күшейтіп, індет тарауын тежемек.
Айман Асыл
Abai.kz