Сәрсенбі, 25 Мамыр 2022
Жаңалықтар 2051 0 пікір 5 Желтоқсан, 2011 сағат 05:00

Рақым Айыпұлы. Үкіметтің жасанды тосқауылдары қандастар көшін қаңтарып отыр

Біз шындықтың жүзіне тура қарайтын болсақ, қазақ көші қаңтарылып қалудың аз-ақ  алдында тур. Бұл жағдайды дүние жүзі қазақтарының IV құрылтайында  Президент Н.Назарбаевтың өзі де  соңғы екі жыл бойы көшіп келу квотасының орындалмағандығын  ашық мәлімдеді. Осы  жылдың аяқталуына да бар-жоғы бір айдай уақыт қалғандығына қарамастан, көшіп келу квотасының небары 33% ғана орындалған. Демек, елге оралған қандастарымыздың қатары жыл өткен сайын азайып отырғандығы ащы да болса шындық. Аталған құрылтайда   Елбасы «құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда қандастарымыз кездесетін түрлі кедергілерді жоюды» қадап тапсырған болатын. Өкінішке қарай, Президент тапсырмасын орындауға біздегі атқарушы билік асықпайтын сияқты. Себебі, ол кісі бұл сөзді осы жылдың алғашқы жартысында айытқан болатын. Міне жылдың соңғы жартысы да аяқталуға жақын, бірақ баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр.

Біз шындықтың жүзіне тура қарайтын болсақ, қазақ көші қаңтарылып қалудың аз-ақ  алдында тур. Бұл жағдайды дүние жүзі қазақтарының IV құрылтайында  Президент Н.Назарбаевтың өзі де  соңғы екі жыл бойы көшіп келу квотасының орындалмағандығын  ашық мәлімдеді. Осы  жылдың аяқталуына да бар-жоғы бір айдай уақыт қалғандығына қарамастан, көшіп келу квотасының небары 33% ғана орындалған. Демек, елге оралған қандастарымыздың қатары жыл өткен сайын азайып отырғандығы ащы да болса шындық. Аталған құрылтайда   Елбасы «құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда қандастарымыз кездесетін түрлі кедергілерді жоюды» қадап тапсырған болатын. Өкінішке қарай, Президент тапсырмасын орындауға біздегі атқарушы билік асықпайтын сияқты. Себебі, ол кісі бұл сөзді осы жылдың алғашқы жартысында айытқан болатын. Міне жылдың соңғы жартысы да аяқталуға жақын, бірақ баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр.

Енді соңғы жылдары белгіленген квотаның толмауындағы себептерге үңілейік. Турасына көшсек, біздегі құзіретті билік өз қандастарымыздың жағдайын жылдан жылға қолдан қиындатуда. Айталық, Республика Үкіметі ең алдымен осыдан бірқанша жыл бұрын-ақ ешбір негізсіз, себеп-сылтаусыз 1992 жылы 23-қыркүйекте қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысының күшін жойды. Соның кесірінен елге келген өз қандастарымыздың мәртебесі келімсектермен бірдей болып қалды.

Бұдан кейін, 1999 жылдан бастап қолданысқа енген тағдыр тәлкегімен бөлініп-жарылған отбасылардың халықаралық адам құқығы пактілері негізінде шетелдердегі туыстарын өздерінің жеке кепілдігі арқылы шақыртып алуының жолын жапты. Президенттің тапсырмасын аяқ-асты етіп отырған Үкімет халықаралық пактілерді қайтсін?!  Өткен жылдың 14 сәуірінде Премьер-министріміз өзі қол қойған №307 қаулысымен «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» деп аталатын  2000 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің №136 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы елге келетін  қандастарымыздың Қазақстан Республикасындағы жағдайын мүлде қиындатып жіберді. Соның кесірінен визасының мерзімі біткен сан мыңдаған қандасымыз сот шешімімен елден қуылып, бес жыл мерзімге дейін өз отаны Қазақстанға қайтып оралу құқығынан айрылды. Ал еліміздің шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерінен  бауырларымызға берілуге тиісті визаның жыры да жүрек сыздатар бөлек әңгіме. Міне осындай, басқа емес, өз Үкіметіміздің тарапынан жасалып отырған жасанды тосқауылдардан кейін көші-қон квотасының орындалуынан қалай үміттенуге болады.Тіпті, құзіретті орындар Елбасымыздың «түрлі кедергілерді жою» жөніндегі тапсырмасының керісін істеп отырғанына қарап «бұл қазақ көшіне қарсы жасалып жатқан саботаж емес пе» екен деп те ойлайсың.

Аталған кемшіліктер мен кедергілерді жақында ғана таратылған Парламент Мәжілісінің Бекболат Тілеухан, Нұрлан Өнербай, Алдан Сымайыл қатарлы өз ұлтына жаны ашитын депудаттары сол биік мінбеден аз көтерген жоқ. Тіпті, Бекболат Тілеухан осы мәселелердің соңына шырақ алып түсті деседе болады. Бірақ, нәтиже жоқтың қасы. Себебі, біздегі заң шығарушы биліктің атқарушы билік алдындағы салмағы адам аярлық халде екендігіне   көзіміз жетті. Үкімет басшысы депутаттар көтерген мәселелерге үнемі жүрдім-бардым, шығарып салма жауап жазуды әдетке айналдырып алған. Тіпті, кейбір жауаптары «мен не деймін, домбырам не дейді» дегенге ұқсайды.

Айтпақшы, кейін кезде Бекболат Тілеухан туралы сыпсың әңгімелер аз айтылып жүрген жоқ. Өз басым Бекболат Қанайұлымен екі жылдай қоян-қолтық жұмыстас, пікірлес болған адам ретінде айтарым, ол -- өз халқының тарихын, әдебиеті мен өнерін терең білетін және оны жан-тәнімен сүйетін, соның жолында еш аянып қалмайтын мемлекетшіл тұлға. Ал бірталай депутаттардың аты-жөнін жұрт естіген де емес. Жақында ғана таратылған Парламент Мәжілісіндегі 107 депутаттың 33-і төрт жарым жыл бойы бір де бір рет мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдамаған, 34 депутат  не бары бірден тоғызға дейін ғана сауал беріпті. Міне осындай құрамдағы мәжілісмендердің тең жартысы орынтағына қайта оралатын болса не болмақ?!

Сан түрлі әкімшілік кедергілерден тыс, қазақ көшінің құқықтық жағдайы да оңып тұрмапты. Қаржы дағдарысының жаңа толқыны қайта соқса, дәрменсіздік танытуымыз мүмкін деп тарап кеткен сол мәжілісмендер жаңадан қабылдаған «Халықтың көші-қоны туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  ҚР заңдары осы жылдың 16 тамызынан бастап ресми қолданысқа енді. Аталған заң жобаларын қабылдау барысында  ұлтымыздың болашағына жауапкершілікпен қарайтын аз санды депутаттардың ара түсуінің арқасында, жаңа заңда көптеген қайшылықты да түйіткілді мәселелердің оң шешімін тапқаны дау тудырмайды. Бірақ,  бір таңғаларлығы 2009 жылдың 30 желтоқсанында  Қазақстан Республикасы Үкіметінің  №2252- қаулысымен  Қазақстан  Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасында "Қазақстан Респубикасының азаматтығы туралы" ҚР Заңының 17-бабына төмендегідей толықтырулар жобасы ұсынылған болатын: «Осы баптың бірінші бөлігі 7) тармақшасының ережелері Қазақстан Республикасы ратификацияланған мемлекетаралық шарттардың күші қолданылатын, сондай-ақ осы Заңның 16-бабының бірінші бөлігі 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген және шетел азаматтығынан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтінішпен өздері азаматы болып табылатын мемлекеттің азаматтық мәселелері жөнінде шешім қабылдайтын лауазымды адамына жүгінген адамдарға қолданылмайды.» Ал, 16-бабының бірінші бөлігі  1) тармақшасының екінші абзацындағы мына мәтінге ешқандай өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылмаған. Мәтінде: «Қазақстан Республикасының азаматтығына  қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, пайым қабілетін жоғалтқан адамдардан және Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сіңірген адамдардан, сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса, олардан осы тармақшаның бірінші абзацында көзделген шарттардың болуы талап етілмейді»-делінген. Түсініксізі 2011 жылдың 22 шілдесінде Президент қол қойған,16 тамыздан бастап ресми қолданысқа енген  №478 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында: «Сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса»-деген мәтін алынып тасталған.

Қолданыста заңнан аталған мәтіннің алынып тасталуы елге оралған қандастарымызға үлкен қырсық болып жабысты.  Содан бері елге оралған  қандастарымыздан ҚР-ның азаматтығын алуға құжат тапсыру кезінде Ішкі Істер органдары шетел азаматтығынан шыққаны не сол елдің азаматтығы тоқтағаны жайлы анықтама талап ететін болған. Осы бір кедергінің кесірінен сан мыңдаған қандасымыз азаматтыққа құжаттарын рәсімдей алмай сарсаңға түсіп жүр.

Жоғары биліктегілер бұл жағдайдан мүлде бейхабар сияқты. Кеше ғана Астанада өткен  2009-2012 жылдар аралығында адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалуына арналған дөңгелек үстелде  Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев мырза: «Биылғы жылдың шілдесінен бастап «ҚР азаматтығы туралы» заңға түзетулер күшіне енді, оларға сәйкес оралмандардың азаматтықты алу жүйесі оңтайланды.  Үш айдың ішінде көші-қон полициясының департаменттері оларға және бұрынғы одақтық республикалардың бұрынғы азаматтарына егер Қазақстан аумағында туған-туыстары болса, тұруына және тұру мерзіміне қарамастан, олар Қазақстан Республикасының азаматтығын оңтайландырылған тәртіппен береді»-деді. Хатшы сөзіне құлақ түрген адам қандастарымыздың азаматтық алуы барынша жеңілдепті, ешқандай кедергі қалмаған екен ғой деген қортындыға келері сөзсіз. Шындығында, «ҚР азаматтығы туралы» заңына енгізілген түзетулерге сәйкес  елге оралған қандастарымызға «жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру» және «мәліметтерді қарау мерзімі үш айдан аспау» керектігі жөніндегі тармақшалардың бар екені рас. Бірақ, бұл жерде мәселе азаматтыққа құжаттарын тапсырған қандастарымыз жәйлі емес, сол қандастарымыздың азаматтыққа құжат тапсыруына кедергі болып отырған кездейсоқ өзгерістер хақында болып отыр. Тастемір Әбішев мырзаның аталған пікірінен   Президент жанындағы жоғары лауазымды құқық қорғаушылардың өзі қазақ көшінің құқықтық жағдайына көп үңілмейтіндігін көруге болады.

Қалыптасқан ережеге сәйкес, Қазақстан  Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген  заң жобасына ғана өзгерістер мен толықтырулар енгізу құзыреті Мәжіліс депутаттарының құзырында болатын. Өз басым осы заң жобасына байланысты редакция жасалған барлық  салыстырма кестені сүзіп шықсам да, депутаттар тарапынан дәл осы мәтінді алып тастау жәйлі ұсынысты кездестіре алмадым. Мұнда қолданыстағы заңға ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына ҚР Үкіметі тарпынан енгізілген  заң жобасында жоқ өзгерістің еніп кетуі ақылға симайды.  Демек, бұл сөз жоқ мысық тілеулі біреулердің Заңға қасақана жасаған рейдерлігі, жымысқы, қылмысты әрекеті екендігі даусыз.

Біз қазақ көшін көлікті етеміз десек, көшке кедергі болып отырған әкімшілік және құқықтық кедергілердің нақты шешу жолдарын айқындауға тиіспіз. Жоғарыдағыдай құқықтық кедергілерді жоюмен алда сайланатын Парламент Мәжілісі айналыса жатар. Ал, әкімшілік кедергілерді жою үшін ең алдымен шетелдерде тұратын қазақ диаспорасының тарихи отанымен қарым-қатынасын күшейту мақсатында 1992 жылғы №791 қаулыны қайта жаңғыртып, толықтырып қабылдау керек. Бұл қаулы шетелде тұратын этникалық қазақтардың Қазақстанға емін-еркін келіп кетуіне және осында біржолата қалып қоюына мүмкіндік береді. Бұдан тыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Шетелдіктердің Қазақстан республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» жөніндегі 2000 жылғы 28 қаңтардағы №136 қаулысына  қандастарымыздың Қазақстандағы құқықтық жағдайына байланысты оң өзгерістер мен толықтырулар қажет деп есептеймін. Атап айтқанда, этникалық қазақтар өз отанында өгейлік көруге тиіс емес. Басқа келімсектермен бірдей қарауға тіпті де болмайды. Бұдан тыс, 2004 жылдың 4 сәуіріндегі ҚР Ішкі Істер министрлігінің №215, ҚР Сыртқы істер министрлігінің 2004 жылғы 14 сәуірдегі № 08-1/93 және ҚР Көші-қон және демография агенттігінің 2004 жылғы 14 сәуіріндегі №35-П бірлескен бұйрығына да сәйкестік өзгерістер енгізу керек. Себебі, аталған бірлескен бұйрықта шетел азаматтарының Қазақстанға жеке сапар және іскерлік бабымен келуге байланысты құқытық тәртіптер ғана айқындалған. Ал халықаралық пактілерге сәйкес бөлініп-жарылған отбасылардың өз туыстарын шетелдерден Қазақстан Республикасына отбасымен біржолата көшіріп алуының  құқықтық жағдайы мүлдем ескерусіз қалған. Соның кесірінен елімізде және шетелдерде тұратын жүз мыңдаған бөлініп-жарылған отбасылар бір-бірімен өздерінің тәуелсіз отанында қауышуы мүмкін болмай отыр . Ал, ел Парламенті  ратификациялаған адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерде бұл мәселе әлдеқашан шешілген болатын.

Мұнда Қытайда тұратын қазақтардың жағдайы басқа елдерге мүлде ұқсамайтындығын тәптештей түсіндіру аса қажет секілді. Себебі,біздегі лауазым иелерінің көбісі Қытайдың Тибет пен Шынжаңға қатысты қатаң саясат ұстанатындығын, қандастарымыздың арнайы шақырусыз шетелге шығуға арналған төлқұжатты ала алмайтындығынан хабарсыз. Тіпті, төлқұжат алған күннің өзінде, Қытайдың ешбір заңы тиым салмаса да олардың оқу жасындағы балаларына төлқұжат берілмейді. Оған тек арнайы көші-қон шақыртуы керек. Мұнда да адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерде сәйкес бөлініп-жарылған отбасылар немесе тіке туысқандарының көші-қон шақыртуы болуы шарт.

Әрине, көшi-қон мәселесi - 1,5 млрд. адамы бар алып ел үшiн ешқандай жаңалық емес. Қытайда жылына 100 мыңдаған адам көшiп келiп және көшiп кетiп жатады. Бұл жөнiнде Қытайда өз азаматтарының шетелге шығуын, тiптi сол елде қоныстанып қалуын реттейтiн заң-ережелер әлдеқашан қабылданған болатын. "Қытай Халық Республикасы азаматтарының шекарадан кiрiп-шығуы туралы" ҚХР Заңының 5-бабында: "ҚХР азаматтары жеке жұмыстарымен шекарадан шығатын болса, өзi тiркеуде тұрған қала немесе аудандық қоғамдық қауiпсiздiк (iшкi iстер) органдарына өтiнiш жасайды. Осы заңның 8-бабында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, барлық өтiнiштер қанағаттандырылады. Қоғамдық қауiпсiздiк орындары Қытай азаматтарының жеке сапармен шекарадан шығу өтiнiшiн белгiленген шектi мерзiм iшiнде қанағаттандыру не қанағаттандырмау жөнiнде шешiм шығаруға және оны өтiнiш иесiне хабарлауға мiндеттi". Және аталған Заңды "атқару ережесiнiң" 2-бабында: "Бұл атқару ережесi Қытай азаматтарының жеке жұмыстарымен шекарадан шығып-кiруiне қолданылады. "Жеке жұмыс" дегенiмiз: қоныстану, туысшылау, дос-жарандарына қонаққа бару, мал-мүлiкке мұрагерлiк ету, өз қаражатымен шетелге оқуға бару, жұмысқа орналасу, саяхаттау және басқа да жеке жұмыстарын меңзейдi". 4-бабында қажеттi құжаттардың тiзiмi берлiген: "Осы атқару ережесiнiң 3-бабының 4-тармағында айтылған арнайы куәлiк дегенiмiз:
1. Шетелге шығып қоныстанушылар қоныстанатын жердегi туыс-туғандары мен дос-жарандарының келiсiлген қоныстануға шақырғандығы жөнiндегi куәлiгi немесе баратын мемлекетiнiң (құзiреттi органдарының) олардың қоныстануын рұқсаттағандығы жөнiндегi куәлiгi.
2. Шекарадан шығып туысшылау, дос-жарандарына қыдырып баруы үшiн сол шақыртушы жақтың шақыру куәлiгi болуы керек". Және осы ереженiң 5-бабында: "Қала, аудандық, қоғам қауiпсiздiк (iшкi iстер) органдары шекарадан шығуы жөнiндегi өтiнiшке 30 күн iшiнде, ал шалғай, қатынасы қолайсыз жерлерге 60 күн iшiнде өтiнiшiнiң қанағаттандырылғаны немесе қанағаттандырылмағаны жөнiнде шешiм шығарып, өтiнiш берушiнiң өзiне хабарлауы шарт". Бұған қоса "Қытай Халық Республикасының Отанға оралған диаспора өкiлдерi және олардың туыс-туғандарының құқық мүддесiн қорғау туралы" ҚХР Заңының 2-бабында азаматтардың туыстық қатынасы жөнiнде мынадай анықтама берiлген: "Туыстар дегенiмiз - жұбайы, әке-шешесi, ұл-қыздары, ұл-қыздарының жұбайы, әпеке-қарындастары, аға-iнiлерi, атасы мен әжесi, нағашы атасы мен нағашы әжесi және олардың ұл-қыздары, немерелерi, нағашы немерелерi және бағып-қағу қатынастары бар басқа да туыс-туғандары". Ал аталған заңның 17-бабында: "Отанға оралған Қытай диаспора өкiлдерi (оралмандары) және шетелдегi Қытай диаспоралары өз туыс-туғандарымен барыс-келiс жасау, хат-хабар алысуы заңмен қорғалады" деп көрсетiлген. Өкiнiшке қарай, қазақтар жиi қоныстанған ШУАР аумағында тайға таңба басқандай айқын жазылған осы заң баптары нашар жұмыс iстейдi. Егер бiздiң дипломаттарымыз осы заң баптары аясында қытайлық әрiптестермен сындарлы келiссөздер өткiзсе, ол жақтағы ағайындардың елге оралуы жеңiлдей түсер едi. Бұл - Қытайдағы қандастарымыздың көш тиегiн ағытудың бүгiнгi күндегi ең тиiмдi жолы.

Рақым Айыпұлы,

«Жебеу» Республикалық

Қоғамдық Бірлестігінің

атқарушы директоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір