Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Кеше мен бүгін 5055 31 пікір 31 Шілде, 2020 сағат 14:04

Ағайынды Яушевтер және түркі бірлігінен бірер сөз...

І бөлім

Айя-София және Қостанай мешіті: Тағдыр тәлкегі мен туризм тірлігі 

Түркияның Стамбулдағы музей мәртебесіндегі атақты Айя-София культік ғимарат ретінде қайтадан мұсылмандық мінажат орнына-мешітке айналды. Алғашқыда византиялық христиандардың шіркеуі болған ғимарат түріктер жаулап алғаннан кейін мешіт болады. Түрік Республикасын құрған Ататүрік билігі кезінде мешіт музейге айналады. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ғимарат мешіт болуымен қатар, туристер тамашалайтын музейлік қызметін атқара беретін көрінеді.

Түркияның бұл қадамы әлемнің әр түпкірінде әр түрлі қабылданды. Еуропа елдері мұны құптамады. Түркия халқының басым көпшілігі «хош» көрген секілді. Қалай десек те, Айя-София - Түркияға әлемнің әр түпкірінен туристерді тартушы, қызықтырушы тарихи-мәдени маңызы зор ғимарат. Туристік бизнестен көп пайда табатын Түркия үшін оның тарихи мән-маңызын, кескінін-келбетін сақтау - мемлекеттік маңызы бар мәселе.

Қысқаша айтқанда, Ататүрік ғимарат мәртебесіне діни наным-сенім қатысы тұрғысынан бейтараптық мән-мағына беріп Айя-Софияны музейге айналдырса, Ердоған оны Түркияның мемлекеттік тарихына қайта қондырды. Қай әрекеттің Түркия үшін пайдалы болғанын уақыт көрсетер.

Біздің шағын Қостанайда Айя-София тағдырына ұқсас тарихи ғимарат бар Ол – қаланың орталығындағы Қостанай мешіті. Кеңес дәуірінде мешіт ғимараты бірде клубқа, бірде жасөспірімдер кинотеатрына, бірде облыстық филармонияға қызмет жасады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қоғам белсенділерінің талабымен ғимарат бұрынғы о бастағы тарихи миссиясына қайта оралды.

Қазіргі таңда мешіт ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сыртқы келбетінде бұрын көк түс басым мешіт қазіргі таңда ақ мәрмәр түске ауысқан. Басқаша айтсақ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі дінге қайта оралу уақытында қолданысқа ентелей енген «Ақ мешіт» атауына сай түр-түске айналып келеді

Тарихи сәулеті ерекше мешіт ғимаратын жөндеуден өткізу ісіне облыс әкімі А.Мұхамедов жанашырлық танытып, мемлекет тарапынан қаржы бөліп, қолдау көрсетуде. Бұқаралық ақпарат құралдырының хабарлауынша, мешіт ғимаратын мемлекет тарапынан жөндеуден өткізу үшін оның тарихи-мәдени ескерткіш ретіндегі ерекше мәртебесі пайдаланылған. Себебі ғимарат Қазақстан дін басқармасының меншігінде болғандықтан, алдымен оны Қостанай қалалық мәдени басқармасының құзырына өткізіп, содан кейін оған мемлекет тарапынан қамқорлық көрсету жұмыстары қолға алынған. Күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін культтік ғимарат қайтадан Қазақстан діни басқармасына қайтарылады. Сөз жоқ, жақсы қамқорлық, жанашыр көмек!

Біздіңше, мемлекеттің тарихи-мәдени маңызы бар ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөліп, қамқорлық көрсетуінің мынадай маңызы бар:

1. Ғимараттың тарихи-мәдени сәулет ескерткіші ретіндегі мәртебесіне лайық кескін-келбетін сақтау;

2. Бұқараның діни-наным сеніміне деген құрмет;

3. Тарихи-мәдени сәулет ескерткіштерін қорғау, оған мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық көрсету арқылы туризмді дамыту.

Қостанай мешіті секілді көне тарихи-мәдени сәулет ғимараттарын туризмді дамытуға пайдалану үшін ондай нысандардың тарихына ерекше мән беру керек. Ғимараттың қай кезде салынғаны, оған кімнің атсалысқаны, ол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайдың жай-күйі сынды мәселелер ғимараттың танымдылығын арттыруға әсер ететін тетіктер.

«Тетігін тапсаң, терте орнына түсер» дегендей, ғимараттың тарихы терең әрі шынайы болса, жұрттың қызығушылығын арттырып, ықыласын аударады. Ал ықылас ауған жерге, «аяқ» (турист) барады. Мысалы, соңғы жылдары біздер тілге тиек етіп отырған Қостанай мешіті тарихына татар жұртының ықыласы ауып келеді. Мешітті өз көзімен көріп, оны тамашалауға Татарстаннан кісілер арнайы келуде. Айталық, Татарстан Ғылым Академиясының қызметкері, зерттеуші тарихшы-ғалым Зуфар Махмудов Қостанай қаласына арнайы келіп, мешіттің тарихы туралы құнды деректерімен баспасөз құралдары арқылы бөліскен.

Әрине, олар әзірге жекелеген зерттеуші-ғалымдар. Бірақ олардың зерттеулері жалпақ жұртқа тарап, өзге татар ағайындардың ықыласын аударуы да әбден мүмкін ғой? Ықылас ауған сайын, қызығушылықтың да  артары анық. Қызыққан кісілер тарихты қарап, аса белсенділері архивтер мен кітапханаларды ақтара бастайды. Ал олардың зерттеулері мен жазбалары өзгелердің назарын аударады. Мәдени байланыстар нығая түседі. Мұндай әрекеттер Қостанайдың танымалдығын арттыруға себепші болады. Осындай тізбектен туристер қатары молаяды. Ал туристердің көбейгені қаланың қазынасын байытады. Сондықтан қаланың тарихына аса ыждағатты түрде көңіл бөлу керек.

Татар зерттеушілері Яушевтер әулетінің бергі тегі біздер 750 жылдығын атап өтіп жатқан Жошы ұлысына, арғы тегі Қимақ бірлестігі тарихына тірелетіндігін жазған зерттеулер жариялап жатыр.

Осы орайда, Ресей патшалығының отарында болған түркі халықтарының бірлік тұтастығы, Қостанай мешітінің тарихы, ағайынды татар жұртының қазақ руханияты мен тарихына қосқан үлестері туралы терең танымды зерттеулер жоқ екендігі өте өкінішті. Тіпті, Қостанай қаласында сауда үйі (5-6 суреттер), мешіт салдырған, қазақ даласы арқылы Қазан мен Ташкент қалалары арасында (Челябі – Троицк – Орынбор - Қостанай – Торғай – Ырғыз – Қазалы - Ақмешіт) сауда жолы мен желісін қалыптастырған, қазақ зиялыларына газет-журнал шығаруға, саяси күрестеріне қолдау көрсеткен ағайынды Яушевтердің қызметін жан-жақты, толымды түрде тани алмай жүрміз.

Татар зиялылары мен іскер азаматтарының қазақ даласында атқарған игі істерін тану мәселесін ағайынды Яушевтер мысалында 2005 жылы облыстық «Қостанай таңы» газетінде «Ағайынды Яушевтерді ұмыттық па?» деген мақала жазған екенбіз (7-8 суреттер). Ондағы көп толқынды ойдың бірін «...Татар оқығандары мен дін қайраткерлерінің, бай-көпестердің қазақ даласына сіңірген еңбегі зор. Соның бір көрінісі – Қостанай қаласында ағайынды Яушевтердің ісімен (мешіт және сәулетті құрылыс кешенімен) «мен мұндалап» тұр» деппіз. 15 жыл бұрын «мен мұндалаған» көрініс сол қалпынан еш өзгермеген сыңайлы.

Жалғасы бар.

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай.

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1990