Құлбек ЕРГӨБЕК. Коммунист Сәбит Мұқановтың ұлтшылдығы…
Сәбит Мұқанов - қазақ ұлтының ағасына айналып өмір сүріп, қазақтың қариясы болып қартая біліп, өмірден кештеу өткен кісі. Қазақ елінің бар қасіретінің басы-қасында болған, бар қуанышты сәттерінің жалаугері болған адам - Сәбит Мұқанов! Қазақ ұлтының ұраншысына айналып, «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне...» деп шүкіршілік еткен жалаугер қаламгер өзін қазақтың қоғамдық өмірінен тыс ұстай алмады. И.Сталинді әшкерелеуші, Н.Хрущевпен стақан қағыстырған, Ж.Шаяхметовті - Шайгөз Амандықовқа айналдырып, «Тыңдағы толқындар» романында сынаған, Д.Қонаевты Теміртау жұмысшыларына оқ атқыздың деп шенеген, И.Юсуповты мрамор сия сауытпен жусата жаздаған Сәбит Мұқанов! Ол не айтса - қазақ атынан айтты, не істесе - қазақ атынан атқарды. Соның бәрін «өлмейтін», «өшпейтін» партия ретінде ұлықталған коммунистік партия атынан батыл атқарды.
Сәбит Мұқанов - қазақ ұлтының ағасына айналып өмір сүріп, қазақтың қариясы болып қартая біліп, өмірден кештеу өткен кісі. Қазақ елінің бар қасіретінің басы-қасында болған, бар қуанышты сәттерінің жалаугері болған адам - Сәбит Мұқанов! Қазақ ұлтының ұраншысына айналып, «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне...» деп шүкіршілік еткен жалаугер қаламгер өзін қазақтың қоғамдық өмірінен тыс ұстай алмады. И.Сталинді әшкерелеуші, Н.Хрущевпен стақан қағыстырған, Ж.Шаяхметовті - Шайгөз Амандықовқа айналдырып, «Тыңдағы толқындар» романында сынаған, Д.Қонаевты Теміртау жұмысшыларына оқ атқыздың деп шенеген, И.Юсуповты мрамор сия сауытпен жусата жаздаған Сәбит Мұқанов! Ол не айтса - қазақ атынан айтты, не істесе - қазақ атынан атқарды. Соның бәрін «өлмейтін», «өшпейтін» партия ретінде ұлықталған коммунистік партия атынан батыл атқарды.
Өз басым өзге қазақтар секілді, бала жастан Сәбит Мұқановты жақсы көріп өстім. Шығармаларын сүйіп оқыдым. Алматыдағы музейін майталман мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәнібек басшылығымен қолмен құрыстым. Әлемнің алуан елі архивін ақтарып «Сәбиттанумен» айналыстым. Архивтерде ұнамды материалмен бірге ұнамсыз материал да алдымнан шықты. Өмір. Жақсы көрумен бірге жек көру сезімі де жүректен орын алды. Мадақ дерлік мақала, жазушылық құпиясына еніп, талдап кітап жаздым. Қазақты қайтсек дербес ел етеміз деп емініп еңбектенген, сол жолда басын бәйгеге тіккен, жанын қиған Алашорда өкілдерін әжуалаған сәттерін аяусыз сынадым. Сәбит Мұқановты мадақтағаным үшін мақталып, сынағаным үшін сыналып жаттым. Небір қайраткер деп алға тұтып, табынып келген адамдарымыз Алашорданың үстінен И.В.Сталинге хат жазып, донос жасап, қазақтың қаймағын қалай сыпырып тастау жөнінде жол көрсетіпті. Сталин архивінен исі мүңкіген сол «қағаздарды» оқығалы Сәбеңді қайта жантартып жақсы көруге айналдым. Ойлап отырсам, Сәбең де Алашордамен күрескен. Коммунистік көзқарас әрекеті. Бірақ, Бас қанышерге хат жазып, донос жіберіп, халқын сатқан, сатылған жері жоқ екен. Және бар мәселенің басы ашық. Совет өкіметін қапысыз сүйген, коммунистік партияға қылаусыз сенген адамның әрекеті.
Сәбит Мұқанов - қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі. Ол - қазақ әдебиетінің қаламгері ғана емес, қазақ әдебиетінің ұйымдастырушы жалаугері. Осы екі араны ашыңқырап сөйлеуіміз керек. Өз шығармалары және қазақ әдебиет ісін ұйымдастырушы, сол жолда ұлтты ұлықтаушы тұлға!
Өздері дұрыс жаза алмай жүріп кейбір кісілер Сәбит Мұқановты сынағысы келеді. Ақжүрек сыншысың ба, сына. Сыныңа кісі сенетіндей болсын бірақ. Сынды Сәбит Мұқановтың азаматтық тұлғасы да, әдеби мұрасы да толық көтереді. Ол өмір сүрген дәуірге орай Сәбит Мұқанов осы екі тұрғыдан да сыналуға тиісті тұлға. Сын дегеннен шығады, отыз бес жыл зерттегенде аңғарғаным - Сәбит Мұқанов бізді түсінеді екен. Керісінше, Сәбит Мұқановты біз түсінбейді екенбіз. Масқара болғанда Сәбит Мұқановтың әдеби шығармаларын оқымай, білмей де сөйлей беретін секілдіміз. Бұл енді күнә!
Сәбит Мұқанов жайында «Жан жылуы» - 1981; «Сәбит Мұқанов» - 1989; «Сәбит Мұқанов» - 2000; «Жазушы шеберханасы» - 2000 аталатын кітаптар жаздым. Қалай жаздым?
С.Мұқановтың көркем шығармаларын оқыдым. Архивін ақтардым. «Қызылжар» деген романының дерегін де таптым. Бұл жөнінде әдеби басылымдардың біріне арнайы жазып та қалармын. Қазірше мына жайға назар аударумен шектелейін: байқап отырсыз, Сәбең романын «Петроповл» атамай, «Қызылжар» атаған. Қазақтың ежелгі жер атауын роман аты етіп алған. Жазушы ізімен жүріп Советтер Одағын аралап шықтым. Ол мені музейлерге, архивтерге бастады. Менің еңбектерімде кезінде Советтер Одағына қараған талай елдің архивінен алынған материал пайдаланылады. Қазақ әдебиетшілерінің мұрнына иісі де бармайтын материалдар. Демек, бұл - менің тақырыбыма ақ қарап, адал зерттегенімнің арқасы!
Соған қарамастан өз басым Сәбит Мұқановты әлі танып болған жоқпын деп ойлаймын. Өйткені, шын жазушы - қашанда ЖҰМБАҚ. Сәбит Мұқанов - шын жазушы. Шынайы жазушы. Төрткүл дүниедегі ұлы жазушылар секілді оның әдеби әлемі де толайым жұмбаққа толы.
Сол жазушы жұмбағын шешемін бе деген оймен Сәбит Мұқанов шығармаларына қайтадан ден қойып отырған жайым бар. Сәбит Мұқановтай қазақ деп ғұмыр кешкен жазушы жұмбағын шешкісі келген азаматқа «кел қолдас, кел қаламдас жолдас, жұмбақты бірге іздейік!» дегім келеді.
1.Ұрпағымды аттап жүре берейін бе?
...1971 жылдың 26 наурызы. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында «Қазақ ССР-нің 50 жылдығына» арналған ақындар жыр кеші болмақ. И.В.Сталиннің қанды «культінен» арылып, «Культ - әдебиетке ғана жарасады» (Я.Смеляков) деп жүрген кезіміз. Ұлт мәселесі - «мызғымас біртұтас КСРО-дағы» шетін мәселе. Соған қарамастан алып империяға зорлықпен кейін қосылған Балтық жағалауы республикаларында (Литва, Латвия, Эстония) наразылық, Кавказ республикаларында (Грузия, Армения, Әзербайжан) ұлттық оянушылық бар. Солардың әсерінен бе, әлде дүркін-дүркін ұсталып түрмеге айдалып, барып-келіп жататын Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Е.Бекмаханов, ұлтшылдығы үшін М.Әуезовпен бірге бір бұйрықпен ҚазМУ-дан қуылып, СОКП қатарынан шығарылатын Б.Кенжебайұлы сынды профессорлардың айтқан сөздері (оқыған лекциялары), жасырып оқытатын Шәкәрім, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы шығармаларының әсері ме, әйтеуір қазақ ұлтының саналы ұрпағы бойында ұлттық оянушылық бар. Москвада оқитын қазақ жастары ұйымдастырған «Жас тұлпар» қоғамдық бірлестігі таратылғаны, Мағжан шығармаларын Б.Кенжебайұлы бас болып «азаматтық ақталуын» алға ұстап, ақын өлеңдерін А.Жовтиске орыс тіліне аудартып, Т.Нұртазин, жазушы Т.Ахтанов қатысып, ҚазМу-да кеш өткізіп, оны біреу (атын атамай тұра тұралық) жоғарыға сыбырлап қойып, қуып таратылатыны бізге жоғары курс студенттері аузымен жетіп жатады. Елеңдейміз. Ең бастысы - ұлт әдебиеті ұлт ұрпағын оятуға жетіп артыларлық «культ» кезең. Олардың шығармаларын оқу - мәселенің мәселесі. Бір жаңа шығарма жарық көре қалса «оқыдың ба?» деп бір-бірімізден сұрап жүргеніміз. Жаңа туынды жалма-жан қолдан қолға өтіп жүре береді. Ол кітап жайында пікір алысу кез келген жерде жағдай таңдамай жалғасып жатады. Көркем әдебиетке ынта сондай күшті. «Социалистік Қазақстансыз», «Лениншіл жассыз» үй адыра қалған үй, қойшы етігінің қонышында «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиеті» газеті жүреді. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын қимадың деп сүйіскен екі жастың ата-анасы бір-бірімен құдалықтан кетісіп, қырбай болып, Сәбит Мұқановқа жүгінетін кез (Сәбит жарықтық «Ботагөз» романын шарқ ұрып іздеп, тауып: «Екі шал, алжымаңдар. Өзара сүйіскен екі жастың обалына қаласыңдар. Міне, «қалыңмалын» мен төледім, екі жастың үйленуіне қарсы болмаңдар» деп бір мәтінде екі бөлек хат жазып, «Ботагөз» романын екі құдаға теңдей бөліп салып жіберетін кездер-ай, шіркін!) Енді ойлап қарасақ, соның қай-қайсысы да бүгінгі арнайы ұйымдастырылатын ғылыми-практикалық конференциялардан бірде-бір кем емес екен-ау. Жазушы ағайындар бұқараны КСРО тұтастығына үндей жүріп те шығарманың астарлы ағынымен жұртын ұлттық болмысқа баулып, ұлттық рухта тәрбиелей білген екен-ау. Біз студентпіз. Оның үстіне ҚазМУ-да М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестік, Қыздар педагогикалық институтында «Қыз Жібек» эстетикалық клубы, тіпті журналистика факультетінде М.Сералин атындағы журналистік бірлестік жұмыс істейді.
Әлгі атаулы ақындар кеші даңқы әп-сәтте Алматыны кезіп кетті. Ынтықтық. Кешкілік. Сабақтан шығып жүгіре басып, ентігіп жеттік. Кешігіп қалыппыз. Бүгінгі Төле би көшесіндегі ғимараттың бес жүз кісілік залында ине шаншар орын жоқ. Тұмсық батпайды. Тікемізден тік тұра қалдық. Жиырма шақты ақын, жазушы Сәбит Мұқанов бастап қаздай тізіліп келіп «президиумға» жайғасты. Сұңғақ жігіт, профессор Серік Қирабаев өзінің ешкімге ұқсамайтын үнімен кешті ашып, «Қазақ ССР-і» жайында саяси философия айтып, сөзді Сәбит Мұқановқа берді. Мұхтар Әуезовтің даңқы бар да өзі жоқ. Ал Сәбит Мұқановтың даңқы аспандап қалықтап тұрған шағы. «Аққан жұлдыз» үзінділері «Жұлдыз» журналында жарияланып жатыр. Мен, мен ғана емес, иін тіресіп, теңселіп, тебіреніп тұрған 700 кісінің дені осынау кешке Сәбит Мұқанов қатысады екен деген дақпырттың құлына айналып келгенбіз. Сәбеңнің беделі сұмдық еді.
Сәбит Мұқанов өзі өмір сүріп отырған қоғамға өкпелеп сөйледі.
- Сәбиттің жазғандары 50 том болатын, - деді өзінің қарлығыңқы жарықшақ дауысымен, - соны бастыруға Қазақстан, тіпті СССР қағаз таппай қиналып отырған соң қайтерсің?! Содан да көлемді роман жазғанды доғарып «төрттаған» атап рубайлар жазып жүрмін. Рубай дегеніңнің өзі ұлғайған жасқа жақсы ма деймін. Күшеніп жатпайсың. Өмірден көрген-білгеніңді, көңіліңе түйгеніңді философияға айналдырсаң - жетіп жатыр. Мен сол су жаңа рубайларымнан оқимын.
Ақынның оқығаны «рубай» ма, жоқ па, кім білсін?! Қазақы болмысты тартымды төрттағандар залды баурады. Өлең оқитын ақындар саябырси бастағанда төменгі қабатқа жүгіре жөнелдік. Онда «кітап жәрмеңкесі» ұйымдастырылған. Кітап жаймасы. Кітап сатып алып қаламгерлерден қолтаңба алып үлгеруіміз керек. Сәбит Мұқановтың үш томдық «Өмір мектебі». Жуан үш кітап. Бағасы да біраз. Бірыңғай стипендияға қарайтын студенттің қалтасы тесік. Ойланып тұрып «Қазақстан жазушылары» («Жазушы», 1969 ж.) аталатын ашық қызыл жуан кітапты сатып алдым. Өйткені онда қазақ жазушыларының өмірбаяны әр бетке бөлек беріліп, суреті басылған. Бір емес, бірнеше қаламгерден қолтаңба алуға қолайлы. Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Мұқағали Мақатаев, лезгин ақыны Байрам Салимовқа тілек жаздырып алдым. Апай төсін айқара ашып тастап, екінші қабаттан бірінші қабатқа түсіп келе жатқан Мұқағали ағаның алдынан шықтым. Ол досы - Әнуарбек Дүйсенбиев үйінен біледі мені. Қолымдағы кітапты тілек үшін ұсынғым келіп, әрі-бері парақтаймын. Кітап ішінде Мұқаш аға жоқ. Демек, әлі «СССР Жазушылар одағына мүше» емес. Тұтас кітапты ұсындым. Анықтамалықтың ішінде өзінің жоғын ақын біледі, әрине. Ол кітапты қолына алып тұрып, бірінші тыс-парағын аударып тастап, мұқабаның екінші бетіне: «Құлбек! Адам бола біл, түсіндің бе? М.Мақатаев. 26.ІІІ.71 ж.» - деп қол тартты. Сөйтіп жүріп Сәбит Мұқановқа кешігіппін. Сәбит Мұқановтың алдында қолтаңба алуға кезекке тұрған жастарда, Сәбеңше айтсақ, қисап жоқ. Ұзын тізбек. Егер Сәбеңнен қолтаңба алмасам, бүгінгі ақындар кешіне келуімде мән болмайтын секілді сезініп ұзын-сонар кезектің аяғына келе тіркеліп тұра қалдым.
Ақындар үйді-үйіне тарап кетті. Түннің бір уағы. Кіре беріс фойеде жазушыдан Сәбит Мұқанов қана қалды. Сәбеңе қарайлап бір сылыңғыр қара жігіт жүр. Шамасы ол да ақын болар. Сәбиттей жазушыны үйінен алып келген, енді апарып салуға жауапты азамат сынды. Айырып танып жатқан жоқпын. Әлден уақыт. Тізбек тоқталар емес. Әлі бірсыпыра жас бармыз тізіліп тұрған. Біз де қай жетісіп тұр дейсіз?! Қарын ашқан, көз бозарған... Сәбең сүйкектетіп тілек жазып беріп отыр. Ары-бері селтеңдеп жүрген сылыңғыр қараның тіпті шыдамы кетті білем, тағатсызданып:
- Қайтайық та, Сәбе, - деп қалғаны. Біздің зәреміз зәр түбіне кетті. Бейне тілек сөзін күтіп тұрған алып жазушымыз «Шаршадым, қарақтарым!» деп орнынан тұрып кетердей ішіміз қылпылдап қоя берді. Тіпті бойда діріл пайда болды. Мойнымызды созып ақшамнан бері тұрмыз ғой, енді! Демімізді ішімізге тартып алдық. Басында қара тақия, үстінде қара костюм, етжеңді жазушы бір сәт кезекті кітабын жүрек тілегін жазып ұсынды да әлгі сылыңғыр қараға жалт қарады. Оқты көзімен атып, қазақша айтқанда «жаман көзімен» қарады. Қарады да:
- Мына тұрған көкөрім балалар біздің болашағымыз. Менің жас өркен ұрпағым. Сәбит атыммен, түйедей басыммен жастардың тілегін аяқасты етіп, жерге қаратып, ұрпағымды аттап жүре берейін бе? - деді сосын ажырая қараған қалпы. - Онан да қарап тұрмай такси ұстап әкел қайтатын! Өй, антұрған!
- Қойдым, Сәбе, қойдым. Міне, қазір, қазір такси ұстап келемін.
Қара шаңырақ КазПИ-ден,
Аттандық біздер таксимен!... -
деп таксимен аттанып кетеміз, - деп «айыпты» сылыңғыр қара жігіт өлеңдетіп сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Кейін білдік, әлгі қара жігіт Нұтфолла Шәкенов екен.
«Сәбең бізді тастап кетіп қалар ма?» деп зәре құтымыз қашқан біздің жүрегіміз орнына түсті. «Уһ» дедім еркін дем алып...
Бізге де кезек келді.
- Атың кім, қарағым? - деді жарықшақ дауыс. Атаның, әкенің үніндей сүйкімді естілді. «Құлбек» дедім жалма-жан. Ол быртық салалы саусақтарымен мықтап ұстаған «шарикті» жуан қаламмен «Құлбекке. С.Мұқанов. 26-ІІІ-71 ж.» - тілек сөзін жазып «Қазақстан жазушылары» кітабын өзіме ұсынды. Тілек сөзі - жүрек сөзі. Бақытты едім. Рахмет айтып, толқып басып кезекті келесі өспірімге беріп былай тайқып шыға бердім.
...Жазушыны қызықтай бақылап қарап тұрмын. Міне, тағы екі-үш бозбалаға қолтаңба сыйлады. Сөйтті де «Бар мәзір, жоқ жай. Осыған риза болыңдар, қарақтарым. Оқушы балаларсыңдар (студент дегені болар) ғой. Жақсы оқыңдар. Оқымыш болыңдар. Замандарың келеді, ұрпақтарым, бақытты болыңдар!» - деді. Деді де ауыр денесін ақырын тіктеп таяғына сүйеніп баяу басып шығып бара жатты.
...Жатақханаға жаяу тартып келемін. Қолымда кітап. Құлағымда жазушы үні күмбірлейді. «Ұрпағымды аттап жүре берейін бе?», - деген мейірбан үн, «Замандарың келеді» - деген жұмбақ үн...
2. «АЗИАДА» алауына қарап отырып...
(Сәбит Мұқановтың «Советский спорт» газетінде жарияланған бір мақаласынан туындаған ой)
«АЗИАДА» алауы қазақ жерінің бір шетінен еніп, екінші қиырына қарай жылжып кетіп барады. Астанада әне-міне әлемдік спорт додасы басталады. Біз тағатсыздана күтіп отырмыз. Әлемдік спорт додасы басталар сәтте ресми ашылуына орай туымыз төрге ілініп, мемлекеттік әнұранымыз аспандайды. «Алтын күн аспаны...» Қазақ азаматы арқаланады. «Мен қазақпын!» - деген азаматтың мәртебесі биіктер сәт! Осы сәттерді көз алдыма елестетемін. Елестетемін де ойға батамын. Көңіл көкжиегіне ғұмырымның жарымын арнап зерттеп келе жатқан қазақ болмысты жазушымыз Сәбит Мұқанов бейнесі көтеріледі. Асылы, ол кісінің біздің өмірімізде қалам тартпаған саласы жоқ еді-ау...Спорт ше? Спортты да жанын шырқыратып отырып жазған. Өмірдің бір қыры - қазақ шопандарына жағдай жасалмай жатыр деп айқайлап жүріп «Үштөбеден» киіз үй жасайтын фабрика аштырған Сәбит Мұқанов. «Қайрат» командасы неге қазақ жастарынан құралмайды?» - деп айқайлаған да Сәбең жарықтық. Ох, есіме түсті. Кешегі кеңестік кезеңнің коммунистік саясаты сыздаған сыздауықтай қабындап тұрған сәтінде бүкілодақтық «Советский спорт» газеті бетінде «Ауыл спорты, хал қалай?» - деп алпысыншы жылдары қорықпай мәселе көтерген, он бес одақтас республикаға дауысын жіберіп айқай салған да Сәбит Мұқанов емес пе еді? Иә, солай!
«Советский спорттың» оқушыларының көбі менің ауылымның тарихымен дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған «Өмір мектептерім» атты өмірбаяндық трилогиямнан таныс болар деп ойлаймын.» - деп алып ұлт спорты мәселелерін буынынан ұстап мәселе көтеріп еді-ау. Ол қандай ұлттық мәселе қызыл империя саясаты қызып тұрған кезде қазақ жазушысы қаймықпай көтеріп жүрген? Асылы, жазушының өзіне сөз берген:
«Біздің уақытымызда ұлттық спорттық ойындарды мүлде басқаша өткізуге болар еді. Мүмкіндік бар-ау, бірақ өткізбейді. Менің жастығымның сүйікті ойындарын еске алуымның себебі бүгінгі ауылда спорттың ұлттық түрлері түгелдей дерлік ұмытылғандықтан.
Солтүстік Қазақстан облысының совхоздарында қазір әбзелдерді (ат сайман), керек-жарақтарының өзін табу қиын. Әйтеуір, биылғы жылы маған ауылда жарамды ер-тоқым тауып бере алмады. Маған ауыл адамдары мына бір қызықты фактіні айтып берді. Өткен жылы менің жерлестерім қасқырды жатқан жерінен үркітіпті. Жас жігіттер жыртқышқа мылтық оғы жететін жерге жақындай алмағанда, 70 жастағы Бейсен қарт қасқырды қуып жетіп, үзеңгімен ұрып талдырып (қолында таяқ болмаған соң) байлап алыпты. Ауыл балалары өздерінің қалалық теңдестері сияқты атқа мінуді ұмытады ғой деп шошимын. Қазақтардың үстел үстіндегі «тоғыз құмалақ» ойындарының аңызға айналып кетуі де мүмкін. Селолық «Қайрат» қоғамының кубогі үшін жарыстарда, оның өзі де жыл сайын өткізілмейді, шахмат сияқты ертеден келе жатқан ойындардың чемпионы үнемі 60 жастағы жамбылдық қарт Рахымбай Ақпанбетовтің болуы кездейсоқтық емес. Мұндай фактілер республика спорт ұйымдарына ой салуы тиіс. «Тоғыз құмалақ» мыңдаған тәсілдері мен түрлері бар қызықты ойын.
Мені олимпиадалық ойындарға қарсы деп ойламаңыздар. Оларды жан-жақты дамытып, ауылға үдете енгізу керек. Бірақ, олар халықтан шығып, халықтың сүйікті өнеріне айналған спорттың ұлттық түрлерін көлеңкеде қалдырмауы тиіс. Халықтың спорт түрлерінің дамуына даңғыл жол ашқан күнде классикалық түрлерін енгізу процесін тездетуге көмектесер еді. Қазақстан самбистері мен еркін күрес секцияларына көптеген балуандар қазақша күрестен келді.
Бүкілроссиялық спорттың үлкен әлеміне французша күрестің дүниежүзілік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов та осындай жолмен келген-ді. Мен онымен ет жақын таныс едім. Табиғат кереметтей күш сыйлаған тамаша адам болатын. Ол Иван Поддубныйдың досы еді. Мен тағы бір аты ел арасында аңызға айналып кеткен Балуан Шолақпен де дос болдым. Ол жөнінде бір кезде роман да жазғанмын. Менің ойымша ол осы кезде туса, сөзсіз, дүние жүзінің чемпионы болар еді.» - дейді («Советский спорт» газетінде жарияланған мақала. «Спорт» №48(514) 23 ноябрь 1968 ж. Саны бойынша беріліп отыр) қазақ жазушысы!
1968 жылы жазылған мақала. Ол кез - кеңестік кезең. Кеңестік кезеңде, терезесі тең он бес республика деп алқына сөйлеп, шын мәнінде қазақ елінің басынан қиқу кетірмеу, еліне көз аларту, жеріне сұғын қадау - дүркін-дүркін қайталанып, ұлттық дәстүрге шабуыл сәт сайын көрініп те, көрінбей де жүргізіліп қазақтың басынан құй қазған заман. Неге олар ұлттық дәстүрге шабуыл жасайды? Ұлттық дәстүр - ұлтты коммунистік басқыншылықтан сақтап қала алатын жалғыз фактор еді. Ұлттық дәстүр аясында тәрбиеленген азамат елі үшін тұра алатын, жері үшін тұрыса алатын. Ж.Тәшенов сынды біртуар азаматтың: «Жер - қазақтікі, Никита Сергеевич, сіз айтты екен деп қазақ жері берілсін деп қол қойып, қолыңа ұстатып жібере алмаймын» деп КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевқа қасқайып қарсы тұра алуы да қазақ қайраткерінің ұлттық рухқа адалдығы. Ұлттық дәстүрде тәрбиеленбесе, «жеті басты жалмауыздан» жаман коммунистік басқыншылыққа қарсы тұра алар ма еді?! Тұра алмас еді ғой. Сондықтан сақтарымыз ұлттық дәстүр, аяларымыз ұлттық рух болсын де!
Сәбит Мұқановтың жәй спорт туралы мақаласын қайталап оқып, қатты риза болып отырған себебіміз де ұлттық дәстүрге байланысты. Қазақы болмысты жазушы қазақтың дәстүрлі спорты туралы батыл айтып, бүкілодақтық газет бетінде 1968 жылы мәселе көтеріп отыр. Дәстүрлі спорт түрлеріне сұрау салып, жоқтаған болып сөйлеп те қазақтың ұлттық дәстүрін сақтауға батыл үндеп отыр. Шынына келгенде ұлттық рухқа шақырып отыр!
Мақала «Советский спорт» газетінде басылыпты. Әдейі кезіндегі тілмен айтқанда «бүкілодақтық» басылым бетінде сөйлеген. Және қанын сорғалатып ұлттық пішінде сөйлеген. Қаншалықты ділгер мәселе көтерген, соншалықты тамаша етіп көтерген. Қалай ғана осыдан кейін Сәбит Мұқанов жарықтықты жақсы көрмессің?! Жақсы көріп кетесің. Құранда «О, Құдай, пендеңнің біліп, білмей жасаған күнәларын кешкейсің...» - деген тілек ұдайы бірге айтылып, бірге жүреді. Толымды шығармаларында айта алмаған ұлттық мәселелерді оймақтай ғана мақаласымен «одақтық» газет бетінде айта алғаны үшін де Сәбең жарықтықтың «біліп, білмей жасаған күнәләрін» кешіргің келіп кетеді...
Былтыр жаз С.Мұқановтың туғанына 110 жыл толуына орай бас сәбиттанушы райында шақырылдым да жазушының туған ауылына барып қайттым. Облыс орталығынан тойы өтіп жатқан жазушының бағанға ілінген ауқымды бір суретін көре алмай қарным ашты. Сәбең ескерткішіне гүл шоғын қойғанда да жалтақтық көрсеткендей болдық. Қашан жазушының туған топырағына (ауданы) барып жеткенше С.Мұқановқа арналған ашық-жарқын жарнаманы көре алмадық... Жол бойы «Петропавлдан» басталған орысша топонимдер... «Қызылжарға» келгенде танабымыз тартыла қалады... Онысы несі? «Егемен Қазақстан» бастап бірсыпыра басылым Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовтің Солтүстік Қазақстан облысының орталығын «Қызылжар» деп атайықшы деген пікіріне намыстандық келіп. Не болды осы бізге?
Әңгіме Сәбит Мұқановтай қазақы болмысты жазушының «Ауыл спорты, хал қалай?» аталатын мәселелі (проблемалық) мақаласынан сабақталып еді-ау. Жарықтықтың өзі де ұлттық спорт ойындарын беделге салып, бүкілодақтық деңгейге көтергенде көріп отырғанымыздай өзінің «Өмір мектебі» («Менің мектептерім») мемуарына сүйене сөйлеген екен. Біз де бір мақаласынан басталған сөзді оның «Өмір мектебі» мемуарымен сабақтастырып, жазушы туып-өскен өңір - «Қызылжар» мәселесінен бір-ақ келіп шықтық... Шашыла сөйлеп кеттік білем. Сонда аяғын замана желіне көп шалдырған үлкен жазушы қалам қаракетінен туар тәлім, түйер түйін қандай? Егер біз ел болып, егемендігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді өркендетуді ойласақ - ұлтымызды мемлекет құраушы ұлтқа айналдыруымыз керек екен. Бүгінгі ұрпақты аға буын дәстүрінде ұлттық дәстүрде тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауды тәрбие үрдісіне айналдыруымыз жөн-ақ! Ұлттық дәстүрге барып саймайтын ұлт тірлігінде бірде-бір шетін мәселе жоқ. Олай болса ұлттық қадір-қасиетті ұрпақ бойына сіңіру - мәселенің мәселесі! Ұлттық дәстүр - ұлт мәселесінде ғана ма, ұлттық дәстүр - ұлт өкілдері үшін ғана ма? Бастауы солай болғанымен, қазақ ұлты бойындағы (тарихындағы) өскелең ұлттық дәстүр - барлық қазақстандық үшін шарт. Ұлттық дәстүрді сақтау оны орнықтырудан басталады. Сонымен қатар, ұлттық дәстүрді сақтау - оны дамыту, игілікті істермен молықтыру деген ұлы міндеттен тұрады. Олай болса ұлт бойындағы ұлттық дәстүр тұтуға болатын құндылықтарды «ұлттық брендке» айналдырып, айқұлақтандыра насихаттап әлемге танытып, әлемдік деңгейге көтеріп, әлем азаматтары тұтынатын халге жеткізуіміз керек. Басқасын қоя тұрып, Сәбит Мұқанов көтеріп отырған ұлттық спорт ойындары түрлерін дамытып, біртіндеп олимпиялық ойын дәрежесіне көтеруге болмас па? Айталық, «АЗИАДА» елімізде табыспен өтті. Тіпті алауы қазақ жерін аралап, «АЗИАДА» басталған сәтте ұлттық намысы бар азаматтың бәрі де ерекше шаттанды. Міне, осындай жарыстарға ұлттық спорт ойын түрлері қосылса, шіркін. Жалғыз спорт қана ма? Өмірдің бар арнасындағы тілек осы емес пе?!
3. Щербаковты шөкесінен...
Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында «Чемберленді шекесінен ату» аталатын тарау бар. Онда отызыншы жылдардағы халықаралық жағдай әңгіме болады. Жай сауатының өзі шамалы жап-жас Сәбит Мұқановтың саяси оянуының күштілігін көрсетеді. Чемберленді біз көпке дейін Сәбең жарықтықтың әйгілі романының әлгі тарауы арқылы оқып, білдікке санап жүрдік. Сөйтсек, жағдай тіпті басқаша екен. Сәбең халықаралық жағдайда Совет өкіметі көзімен, ол ұстанған идеология парқымен қараған екен. Кейін Кертманның «Чемберлен әулеті» аталатын кітап оқып әулет әлеуетіне қайран қалғаным бар. Сонымен Сәбит Мұқанов жарықтық Чемберленді шекесінен атты ма, жоқ па? - деп ойланып жүрдім. Ол бір шетін мәселе. Чемберленді шекесінен атты ма жоқ па, бірақ Сәбит Мұқановтың коммунистік партия арқырап билеп, қазақтан өзге ұлтқа барынша басымшылық беріп, құлағымызды салпитып қарап отырған қысылтаяң уақытта идеологиялық дауылдан қорықпай, үрікпей Қазақ ССР Оқу министрінің орынбасары Щербаковты шөкесінен түсіргені бар. Кеңес өкіметі тұсында идеологиялық жаңбыр, жоқ бұршақ соғып тұрғанда басынан бақайшағына шейін коммунист Сәбеңнің ұлт үшін басын оққа байлап атқарған сол бір ісін замандастары аңызға айналдырып айтумен өтті. Біреу жеткізбей айтады, біреу асырып айтады, біреу бұрып отырып, біреу таңқалып орнынан тұрып айтады... Аңыздың аты - аңыз. Өзі де аңызға лайық батырлық. Ал ақиқаты ше? Ақиқаты қандай? Ақиқатты тек архив айтады. Міне, жазушы архивін ақтарып отырғаным. Ақыры таптық.
1969 жылы 11 ақпан күні Қазақ ССР Оқу министрінің орынбасары Александр Васильевич Щербаков «Оқушыларды интернационалдық тұрғыдан тәрбиелеудің кейбір ғылыми-педагогикалық мәселелері» аталатын тақырыпта Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының арнаулы ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертация қорғамақ болады. Сәбит Мұқановтың қолына ғайыптан тайып ізденуші шенеунік диссертациясының «Авторефераты» түседі (Оны жіберген Қазақ ССР Оқу министрлігіне әбден қатысы бар Әди Шәріпов екен.) Жазушы оқып танысады. Мәселе Қазақстанда аралас мектептерді көбейту жайында екен. Коммунист жазушы, табиғатынан ұлттық бейілдегі адам тақырыбы «интернационализм» деп айқайлап тұрған еңбектің астарынан орыстандыру амалын көре қояды. Өйткені, С.Мұқанов ғасырлар бойы біртіндеп жүзеге асырылып, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында «туземная школа» арқылы қазақты шоқындыру саясатын көзімен көрген азамат. Жазушы шамырқанады. Жазушы құралы - қалам. Әттең-ай, диссертациялық кеңестің мүшесі емес. Әйтсе де, Сәбит Мұқановтың ұлттық намысы қозып қолына қалам алады. «Қазақ мектептерінің тағдыры» атап тақырыпты ақ парақтың басына оқшырайтып жазып қояды. Әрі қарай, әрі қарай ашуы мен ақылы арбасып аралас мектептердің бейбауырмалдық сипаты жайында ақтарылады келіп, ақтарылады келіп. Өзі мүше емес ғылыми кеңеске арнайы барып сөйлейді. Сөйлегенде не дейді? Сөйлегенде бүй дейді: «Мен КазПИ-дің Ғылыми кеңесінде мүше емеспін, соған қарамастан мына диссертациялық қорғауда жасамыстығыма байланысты уақытымның жоқтығына, денсаулығымның аздығына қарамай сөйлейін деп шештім. Өйткені, мынадай саяси идеялық хаталыққа менің партиялық ар-ожданым шыдар болмады. Сол себепті мен өзімнің қарсылығымды ашық айтайын», - деп шештім.
Одан әрі қарай жазушы өзінің айтыскерлік дағдысына салып қарсы болатын себебін санамалай айтып, саясатты жамылшы етіп ащы сөйледі.
«Патшалық Ресейдің қазақ жерінде ашқан мектептері колониалдық сипатта болды» - деп дұрыс сөйлей тұра, «Ол мектептер қазақ және өзге ұлт өкілдерін бір-біріне жақындастыра түсті» деп түйеді диссертант. Сөйтіп, өзіне-өзі қайшы келеді. Орыстар ашқан «мектептер» колониалдық сипатта болды. Оларды ашуға жанын салған миссионерлер. Ол мектептердің «бұратана ұлттарды» шоқындыру мақсатында ашылғанын сол кезде бурят ағартушысы Доржи Банзаров та, бүгін А.К.Шапеев секілді сібір тарихшылары да, басқалар да айтып, жазып келеді, - деп түйді жазушы. Ол «мектептерден» ағартушылар шықса - ол патшалық Ресейдің шапағаты емес, орыс демократтары көзқарасын өз бетінше оқып, үйренуінен! «Егер бүгінгі қазақ мектептерінде орыс тілі нашар үйретілсе оған мына отырған Оқу министрінің орынбасарынан бастап ағарту саласының басшылары кінәлі».
Жазушы найзаның ұшын Оқу министрінің орынбасарының өзіне таяп қойғанын көріп отырмыз.
Диссертант «кез келген көпұлтты мемлекетте сол ұлттарға түсінікті тіл қажеттілігі туады» (17 бет) - деп жазған екен. С.Мұқанов «Диссертант бұл пікірімен қандай ойды меңзеп отыр бізге, не айтқысы келеді?» - деп бір сілкініп алып былай дейді: «Адамзат баласының үштен бірі ағылшын тілінде сөйлейді. Алып Үндістан ағылшын колонизаторлары әлегінен мемлекеттік тілі ағылшын, ана тілінде мектеп аша алмай, ана тілінде баспа ісін дамыта алмай отыр. Сонда диссертант колонияға айналған елдерге ана тілінде мектеп ашпаңдар, тек колонизаторлар тілінде сөйлеп, жазыңдар дегісі келе ме?»
Оқып отырған біздің де ашына бастағанымыз анық. Свадост есімді философтың тап сол 1969 жылы «Жалпыға ортақ тіл қалай пайда болады?» («Как возникнет всеобщий язык?») - деп кітап жазып бастырғаны есімізге түсіп отыр. Есесіне, Сәбит Мұқановтай ұлттық болмысты жазушының «ұлы орыстық» өктемшілікті ағылшын колонизаторларымен қатар қойып сынауына қыбың қанады. Одан әрі қарай жазушы «Щербаковтың диссертациясында айтылғандай, мәселе Отанымызда жаппай орыс тіліне көшуге келіп тіреліп тұр ма?» деп төтесінен қояды мәселені. Коммунистік партияның айбалтасы айға шағылып тұрған уақытта мәселені тап осылай ұлт мүддесі тұрғысынан қоя білу - ол жылдары қиынның қиыны болатын. Ұлт атынан міндетті «кәрі орыс мұсылман болмайды» деп қойып өз мойнына алуы - тәуекелдің ісі. Шын батырлық!
«Диссертант қатардағы көп кісінің бірі емес, ықпалды үкімет адамының бірі. Министрліктің соңғы жылдары қазақ мектептерін, оның ішінде, әсіресе, бастауыш қазақ мектептерін жабуды жылдан жылға үдетіп келе жатқанын көріп отырмыз. Диссертант жүзеге асырып келген осы теріс ісін енді келіп теориялық тұрғыдан негіздеп бекіткісі келеді».
Келесі пікір осылай сабақталыпты. Бұл диссертацияға пікір айту емес, Оқу министрінің орынбасарын тігінен тік тұрғызып қойып «сою». Коммунистік алып империяның «ұсақ ұлттарды» орыстандыру саясатын ашық әшкерелеу. Жалаңтөстік! Одан әрі: «Жастарға интернационалдық тәрбие беру жамылғысымен қазақтың бастауыш мектептерін жабуға атымен қарсымын!» деп бір-ақ қайырыпты ұлт ағасына айналған жазушы. Қайран, Сәбең! Алпысыншы жылдың аяғында қызыл империя саясаты қызып тұрған заманда қай қазақ қайраткері айта алыпты осындай сөзді? Атақ-даңқы Сәбит Мұқановтан асып, аспандап кеткен жазушың да айта алмаған сөз ғой мына сөз. Жәй сөз емес, ҰЛТЫМ деген ҰЛЫ сөз! Күрескер СӨЗ, қайраткер СӨЗ! Басын бәйгеге тігу!
Бас та керек, әрине! Кімнің қарадай басын алдырғысы келеді? Сәбең жарықтық басын былай қорғайды: «Әрбір халықтың ұлттық мектебі - сол халықтың күллі ұлттық мәдениетінің негізі, тіпті тұғыры! Ұлттың тілі, әдебиеті, өнері сол ұлттық мектепте жасалып қалыптасады. Олай болса ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП - сол ұлттың өмірі, өмір сүру кепілі!». Міне, көрдіңіз бе, Сәбит Мұқанов басын қорғамайды. Ұлт мектептерін жабуды әшкерелеп, оны ұлттың мәдениет қайнарына айналдырып, ҰЛТ ТАҒДЫРЫН қорғайды. Ұлт тағдырын қорғай отырып, сол өзі сүйген қазақ ұлтының қыл үстіндегі тағдырын орыстандыру саясатынан сақтайды, сол ұлт тағдыры жолына басын бәйгеге тігеді! Сәбит Мұқановтан өзге бірде-бір кісі бармаған, бара алмаған, бара алмайтын ерлік еді бұл! Өйткені, басымызда азаттық жоқ, елімізде тәуелсіздік жоқ кез еді ол. Ұлттан ұлы не бар? Ұлт тағдыры сынға түсер сәттерде Сәбит Мұқановша тайталаса алса әрбір алаш азаматы, басын бәйгеге тігіп қазақ ұлты үшін тұра алса әрбір қазақ азаматы! Мүмкін емес кезеңде, сол қоғамнан атақ алып, даңқ көріп отырған коммунист жазушы Сәбит Мұқанов солай қазақ ұлтының тағдыры үшін тұра алыпты. Бүгін ше? Бүгін қазақ елінің тағдыры үшін тек қазақ азаматтары ғана емес, күллі қазақстандықтар тұра алатын күнге жетуіміз керек шығар!? Өз басым Н.Ә.Назарбаевтың «қазақстандық ұлт» ұғымын осылай түсінемін! Біз қазақстандық өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлетіп, қазақ ұлтының мүддесі үшін күресе алатын патриоттық деңгейге жеткізуіміз керек. Сонда ғана қазақ мемлекет құрушы ұлтқа айналады. Орайында есіме қазақ ұлтының мүддесін адал қорғаған Шеголихин, Бельгер түседі. Құлағыма академик Д.С.Лихачевтің: «Коммунистік партия Советтер одағын мекендеген ұсақ ұлттардың тілдеріне қаскөйлік жасады. Жаратылыста басы артық ештеңе де болмайды. Ұсақ ұлттардың тілі - сол ұлттың мәдениетін жасаушы. Біз ұсақ ұлттардың тілін құрту арқылы олардың адамзат баласы мәдениетіне қосқан ұлттық мәдениет үлгісін де құртамыз. Бұл - мәдениет экологиясы. Советтер одағында ұлт тілін жою, ұлт тілін жою арқылы ұсақ ұлттарды орыстандыру процесі тоқтатылмаса мен СССР Ғылым академиясының мүшелігінен шығамын!» - деген үні келеді.
1973 жылы сәуірдің 18-і. Біз студент едік. Профессор Тұрсынбек Кәкішұлының сабағы. «Әдеби сын тарихы» болар асылы. Есіктен аудиторияға кіріп келе жатқан аққұба ұстаздың өңі өрт сөндіргендей күреңітіңкі. Әдеттегідей орнымыздан тұрдық. Ұстазға қалыпты ізетіміз. Қалыпты ырғақпен орнымызға отыра берген бізді ұстаз қайта көтерді. «Бүгін қазақ совет әдебиетінің ұлы қайраткері Сәбит Мұқанов дүниеден өтті. Орындарымыздан тұрып бір минөт тағзым жасайық!» - деді. Көзінде жас. Шынайы жас. Сөйтіп Сәбит Мұқановтың жарық дүниеден өткенін біз қадірмен ұстаз аузынан естідік. Коммунист жазушыға орысша тағзым жасадық. Сәуірдің 21-і күні Абай атындағы Опера және балет театрында жазушымен қоштасу рәсімі болды. Онан соң қаралы көш Алатау баурайына - Кеңсай зиратына қарай жылжыды. Қаралы көштің алды Кеңсайға жеткенде сүйікті жазушысымен қоштасуға, топырақ салуға қазақ даласының әр қиырынан келген ықыласты азаматтардың аяғы опера және балет театры жанынан жаңа жылжып бара жатты. Нөпір. Ұлы тізбек! Міне, құрмет! «18 сәуірде Сәбит Мұқанов қайтыс болды. Ертең (22) жерленбекші. Егер бұрынғылардың айтқаны рас болса, енді екінші, нағыз өмірі басталатын адам осы Сәбең болуға тиісті.
Жұрт не ойласа да өзі білсін, менің ойымша, Сәбит - үлкен дүние. Өзі - Өмір. Хатты жаңа тани бастаған қазақтың қалаулы ұлдарының ішіндегі ең ірісі осы адам болуға тиісті. Өзін өсірген заманы тұрғанда, Сәбеңді ұрпақтар ұмытпақ емес. Бұл - қазақтың Бальзагы (70 жылдығында солай деп ем...)
Құрметті адам өлгенде де құрметті! Қош, қария! Топырағың торқа болсын!» деп жазыпты Мұқағали Мақатаев. (21 сәуір 1973 жылғы күнделігінен.)
«Кеше (22 сәуір) Алматы Сәбит Мұқановты ақырғы сапарына аттандырып, қоштасты. Түнеріп келіп, нөсерлете жаумай, анда-санда бүркіп қана тұрған күннің райы ыстық та емес, салқын да емес, қоңыржай, шыбынсыз көктем, ағылған жұрт нөпірі, өзіне оңаша бөлінген Көктөбенің баурайы - бәрі де символично. Халық өз ұлынан ештеңесін де аяған жоқ, ақ ниеттерімен ақырғы рет қоштасты. Сірә, өз халқының мұншама ықыласына бөлену енді кімдерге қиындау болар...
Өзбектен келген жазушы (Сафаров) өз тілінде жақсы сөйледі. Ғабең (Мүсірепов) толқып сөйледі.
Сонымен, Сәбеңнің екінші өмірінің бірінші күні басталды. О, оның ұзақ өмірі енді басталды. Сәбеңде арман жоқ! Өз өмірінің шежіресін жазып үлгерді ол. Ал оның өмірі - дәуірдің өзі.
Жыртықтаған жігіттерді жек көріп кеткенім-ай. Қарғадай бастарынан бақастықты, тақастықты, пәскене-қоқыстықты қайдан үйренеді осылар?! Бұл жақсылық емес. Жастық жақсылыққа ғана ұмтылмайтын ба еді?» (Мұқағали. Күнделік. - Алматы: ҚазАқпарат, 2009. - 110 б.) - депті тағы да. Сәбит Мұқановты алғаш көзбе-көз көрген сәттегі жас ақын, кейін ұлттық мақтанышымызға айналған Мұқағали Мақатаев күнделігінен үзіндіні әдейі келтіріп отырмын.
Тағдыр айдап «С.Мұқанұлы мемориалдық музей-үйіне» қызметке келдім. Жазушы архивін ақтарып, қолжазбаларының бүгіліс-түгілісін түгел ашып қарап, қатты ойға қалдым. Бір рет емес, сан рет Сәбит Мұқанов жөніндегі көзқарасымды өзгерттім. Сәбит Мұқановты бүкіл адасулары мен тура жолды қайта табуы, ұлтын сүюі, байқамай ұлттың асыл перзенттеріне қарсы жүруі ... бәрі-бәрін таразылай келе бүгінгі таңда жүрегіме үңілгенде - жазушыны жақсы көретінімді аңғарамын. Сәбит Мұқанов - қазақ совет әдебиетінің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы! Оны ұлты сүйді, өйткені, ол ұлтын сүйген еді. Уақыт жаңара ауысып, сан ұрпақ алмасар әлі. Олар да Сәбит Мұқановтай қазақ жазушысы жайында көзқарасын сан рет қайта қарайтынына сенемін! Сонда бетке алар темірқазығымыз - ұлт тағдыры, ұлт тағдырына қызмет болуы керек! Сәбит Мұқановқа ұлтын сүю жолында ұлтты сүю былай тұрсын ұлттық мүддеге жантартудың өзі - ұлттық нигилизм, ұлтшылдық болып саналатын «бейбауырмал» коммунистік партия, сол партияға негізделген советтік қоғам да қарсы тұра алмады. Ұлтшыл атанармын деп қорықпады. Беттің қызылына баланатын қалтасындағы «қызыл билеттен» айырылып тынармын деп қаймықпады. Өйткені, қазақ ұлты жоқта өзі құрысқан «Қазақ ССР»-інде береке, өзінің «халық жазушылығында» баян жоғын анық түсінді. Сөздің жақсы мағынасында «жазушы Сәбит ұлтшылдығы» дегеніміз де міне осы! Басынан бақайшағына дейін коммунист Сәбит Мұқановтың ұлтшылдығы бүгінгі таңда өзін ұлттың шынайы перзенті санайтын билік басындағы коммунист емес (бәлкім бұрын коммунистік партия қатарында болған) азаматтарымыздың көбісіне жете бермейді... Ондай ұлтын сүю бүгінгі жастар дүниетанымында да жоқ. Өкінішті!
Ұлт жазушы, ғалым, ойшылы болса - жандайшап жағымпаз емес, ұлт тағдыры үшін қасқайып қарсы тұрар қайраткер шыншыл тұлға болсын! Үлгі керек пе? Үлгі міне, - Сәбит Мұқанов!
О, әруағыңнан айналайын, Сәбит аға! Ұлт жазушысы болсаң - осындай бол!
Түркістан
«Егемен Қазақстан» газеті