Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Естелік 4113 10 пікір 3 Тамыз, 2020 сағат 11:25

Бар құрлықта ізі жатыр...

Әнуар Әлімжановтың туғанына 90 жыл!

Халықаралық деңгейдегі жазушы-публицист, мемлекет және қоғам қайраткері болған Әнуар ТҰРЛЫБЕКҰЛЫНЫҢ өмірлік, шығармашылық жолын түгелдей баян ету артық болар, өйткені ол Қазақстанға, Совет Одағына белгілі болуымен қатар әлемнің өзі барып-келіп жүрген 60 шақты еліне  қаламгерлігімен де, дипломаттығымен де әбден танылды. Романдары мен хикаяттары, мақалалары мен сөздері соншама тілге аударылып, оқырман қауымдарынан жоғар баға алды. Халықаралық: Джавахарлар Неру, Нето атындағы және Конго республикасының, «Лотос» журналының  силықтарымен марапатталғаны сондықтан.

Дегенмен, қызметін қысқаша шолсақ: Әнекең 1955-жылы наурыз айынан бастап «Литературная газетаның» Қазақстан мен Орта Азия бойынша меншікті тілшісі, кейінірек «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан және Қырғызстан республикалары бойынша «Правда» газетінің меншікті тілшісі, «Қазақфильм» студиясының Бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Советі Республикалар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып, 1991-жылы желтоқсан айының 26-сы күні Совет Одағының  ыдырауы туралы «№142-Н Декларациясына» қол қойды.

«Қазақстан – Жапония» достық қоғамының президенті Әнуар Әлімжанов халықаралық әдеби байланыс аясында шетелдік  көптеген бірлестіктердің, комиссиялар мен комитеттердің мүшесі болды.

Қазақстан Комсомолының, Қазақ КСР Мемлекеттік силықтарын алды. «Халықтар достығы», басқа да орден-медальдармен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы...

Жер бетінде неше құрылық бар болса, соның бәрінде ізі қалған Қадірлі Қаламгер Қазақ – Әнуар Тұрлыбекұлы айтпаған әділ сөз, жазбаған маңызды жәйт жоқ дей аламын. Кешегі Кеңес Одағы орналасқан бөліктен тысқары алпыс шақты елдің бәріне аты жетті, желіп жүріп таныды. Қазақстаны, қазағы хақында әңгіме шертті, танытты. Әнекеңнің ол игі қызметі  Әлем әдебиеті тарихына жазылғаны әмбеге мәлім болса керек. Бүгінгі сөзім ол туралы емес, өзін өзі жарнамалауды, өзгелерге жарнамалатуды суханы сүймеген Әнекеңнің шығармашылық қорында жатқан қазына жайында. Мүмкіндігіме қарай Сіздерге оның үштен бірін ғана ұсынар алдында киелі ат-атағы халқымен  бірге жасайтыны ақиқат  Ілияс аға Омаровтың «Жазушы-Азамат» мақаласынан (1966 ж.) мына үзіндіні оқу жөн болар деп білдім. Мұнда бүгінгі жас ұрпағымыздың көбі көрмеген Әнуардің бейнесуреті тұр:

«...Әр талантты өз мезгілінде тану қажет. Бұл - бәрінен бұрын сол талантқа үлкен жауапкершілік жүктеу деген сөз. Бұл - оның өзі үшін ғана емес, ол еңбек етіп жүрген әдебиеттің жанрына да жүктелетін жұмыс.

Ә.Әлімжановтың публицистикалық талант күші неде? Біздін ойымызша, өз ісінің табиғатын жетік білуімен бірге, алып отырған объектісінің тарихын мұқият зерттейтінінде. Бүгінгісін танумен бірге оның келешегін, бағытын  өмір кұбылыстарының әр қырынан қатаң бақылау, қай нәрсеге ненің тән екенін ұғыну, ақырында өз ойын логикалық жағынан шыншыл да қарапайым,   мұқият қорытуында. Оның шығармалары оқығанда ешкімді ойлауға зорламайды, бірақ  әркім өзі еріксіз ойланады.

Егер осы айтылғандарға шын мәніндегі гуманистің парасатты ақылы мен ыстық жүрек сезімін қоссақ, Әнуар Әлімжановтың ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын тануға болады».

Енді Әнекеңнің қазынасына – ХАТТАРҒА – үңілелік: 

***

ӘНУАР! «Отрар сиы» хикаятыңды оқыдым. Шынайы сүйіндім. Ғажап шеберлікпен шымыр өріліпті. Бәрекелді!

Мырза ТҰРСЫН-ЗАДЕ.
Душанбе.1966 ж.

***

Исламабадтан.
Қазақстан Жазушылар одағына.

Қымбатты досым ӘНУАР және барша қазақ достарым! Ұлы мерекемен құттықтауымды қабыл алыңыздар! Совет Одағы көпұлтты елде  мәдениетті, әдебиетті  әлеуметтік теңдік негізінде жан-жақты дамытуға болатынын дәлелдеді. Пәкстандағы достарыңыз сіздердің жетістіктеріңізді мақтан етуде, сіздерден үлгі алмақ бағытта.

Гүлдену  жолында жаңа табыстарға жетіп, бақытқа бөлене түсіңіздер! Досым, сенің туған әдебиетің қанатын кең сермей берсін!

Фаиз АХМАД ФАИЗ.
07. ХІ. 1960.

***

Құрметті ӘНУАР! Қорқыт-Ата туралы мақалаңызды оқыдым, - ғажап!Маған бір кітапты фото-суретін қоса салып жіберуіңізді өтінемін!

О. ГОКИАЙ.

Анкара, Туркия.
26. Х11.1969 ж.

                                                         ***

Қымбатты ӘНУАР! Сенің тамаша талантыңа бүкіл Үндістан қол соқты!  Біз шексіз шаттандық!

Роберт РОЖДЕСТВЕНСКИЙ,
Андрей ВОЗНЕСЕНСКИЙ.
1969  ж.

***

Қымбатты ӘНУАР!

Үндістанда болған күндеріңізде түрікменнің көркем әдебиеті және классигіміз Махтұмқұлының шығармашылығы жайында айтқан жылы лебіздеріңізді  естідім, жазғандарыңызды оқыдым. Сізге алғысымыз шексіз!

Сіздің  онда Түрікменстанға, түрікмен әдебиетіне және Махтымқұлыға қатысты көптеген материалдарды көргеніңізді естідім. Оларды қай қалада болғаныңызда қайдан көргендеріңізді, оқып байқағандарыңызды есіңізде сақтаған болсаңыз, маған айтуыңызды өтінемін! Керек десеңіз, Сізге арнайы кісі жіберейін. Ол материалдар біз үшін аса құнды ғой. Қараша айының орта шенінде Үндістанға жолым түсер деген ойым да бар. Сізге құшағым ашық!

Берді КЕРБАБАЕВ.
Ашхабад. 14. Х. 1970  ж.

***

ӘНУАР!  ДОСЫМ!

Сені қадірлеп-құрметтейтін көңілім Алматының даңғылдарындай кең! Оны өзің де білесің ғой. Сенің шығармашылық табыстарыңа тәнті бола қуанып жүремін! Алатаудың ақиығы, самғай түс, самғай бер!

Расул ҒАМЗАТОВ.
Дағыстан. 12. 05. 1970 ж.

***         

ӘНУАРҒА.

ҚЫРЫҚ КӨКТЕМ

«Қазақ әдебиеті» гәзетінің оқырмандарын Қазақ ССР-ның қырық жылдығымен құттықтаймын!

Алматыда болған, Сіздердің жасыл құрылықтай әсем қалаларыңыздың іші-сыртымен, Жамбыл жүрген жерлермен танысқан күндерімді тебірене еске аламын. Сол себеппен қазақ достарыма айтарым: көркемдей түсуге әбден лайық  қаланы жасыл желекке бөлей беруге құлшыныс барда игі істі еселеу қажет.

Тамаша әрекеттің алғашқы әншісі де, жыршысы да небір жарқын дарынды, кең тынысты жастары бар Қазақ әдебиеті, Қазақстан әдебиеті деп білем. Менің жас қаламдастарым астаналарын жасыл түске бояуға кешікпей кірісіп жүрсе, сіздердің келесі мерейтойларыңызда біз, сақал-мұрты ағарған ақсақалдар, қазақтың жасыл жайлауларының бірінің мөлдір бұлағы басында Сіздермен бірге шаттанып отырармыз деп ойлаймын.

Баршаңызға иіліп сәлем бердім!

Леонид ЛЕОНОВ.

24. V. 1961 г.

***

 Қымбатты ӘНУАР!

Сізді мамыр мерекелерімен, Жеңіс күнімен шынайы құрметтей құттықтап, бақытты  ұзақ ғұмыр, шығармашылық  тың табыстар тілеймін!

Отбасыңызға, дос-жолдастарыңызға жақсы ниетті сәлемімді айтыңыз!

Сізге құшағым ашық, кездесуді күтудемінІ

Сіздің Михаил ЛУКОНИНІҢІЗ.

Мәскеу. 1976 ж.

***

Қымбатты ӘНУАР!

Сізді Көктемнің көркем-жарқын мерекесі – 1-мамырмен құттықтайтын!         Сіздің дарынға, ізгілікке, ақыл-парасатқа толы жүрегіңізде әрқашан Күннұрлы Көктем болсын! Сізді – нағыз адамды, досымды, жазушыны қатты құшақтадым!

Сізбен қашанда бірге  Эд. МЕЖЕЛАЙТИС.

Вильнюс, 1.V.77 ж.

***

Бауырым ӘНУАР!  Өзінің  шығармашылық  ісінде  жауапкершілікті серік ете білген жазушы кейінгі ұрпақтардың құрметіне бөленеді. Сол сезім сенде мол!

Мұстай КӘРІМ.

1975 ж.

***

Нью-Йорк университеті қалашығындағы Хостос колледж Бірлестігі. 10.ХІ.1976 ж.

Қымбатты Ә.ӘЛІМЖАНОВ  мырза!

Бұл хатым - Сіздің колледжімізе келген сапарыңызды жоғары бағалаған ниетімізді білдірудің нышаны. Өзімнің құрметімді және студенттеріміздің ризашылығын айшықтап айтуға тіл жетер емес. Студенттеріміз Сіздің бізде болғаныңызды өздерінің колледжде өткізген өмірлерінде көріп-білгендеріне тең  десті.

Сіздің Қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті мен тарихы жайында жалын ата айтқаныңыз оларға өздерінің көз алдында ғажап сурет салынғандай әсер етті. Студенттер Сіздің қарапайымдылығыңызға тәнті болғандарын да айтты.

Сіздің тілмәшіңіз Аурье ханыммен танысқанымызға да риза болдық.  Ол Сіздің  сөзіңізді ғана аудармады, арнасы кең ой-толғамдарыңызды өзі де ерекше әсерленіп, толқып тұрып  жеткізе айтты.

Досым менің, біздің қалтқысыз алғысымызды қабыл алыңыз. Қазақ халқы біздің жүрегімізде. Қазақ елі бізге бұдан былай картадағы алыс бір ел емес, жақынымыз болады. Біз оны таныдық, жақсы білеміз!

Отбасыңызға аман-есен оралуыңызға, жұмысыңызда жаңа жетістігіңіз  көп болуына тілектеспіз!

Ыстық ықыласты Едвард С. МЕЙХАРДЫҢЫЗ, Американың Негр профессорлары Ассоциясының президенті, профессор.

***

Нью-Йорктың мемлекеттік ғылым және өнер университеті

21. 04. 1978 ж.

КСРО, Қазақ ССР-ы. Алматы.

                                                                 Қазақстан Жазушылар одағы

                                                                 басқармасының 1-хатшысы

                                                                 Әнуар ӘЛІМЖАНОВ  мырзаға

Қымбатты  Ә.ӘЛМЖАНОВ  мырза!

Мені Орта Азияның мәдениеті мен тілдерін зерттеуші өте талапты студент деп білгейсіз. Профессор ретінде студенттеріме қазақ өмірінен жан-жақты мол білім беруге тырысып жүрмін. Біз қазақ әдебиетін зерттеудеміз. Біздің журналдан Сіз туралы жазылғанды оқыдым. Егер Сізге бір өтінішімді айтсам, білгішсініп жүрген бұл кім, деп қалмағайсыз. Студенттеріме қазақ әдебиеті жайынан кең шолу жасап беруді және журналымызға мақала жазуды мақсат еттім. Маған көмектесу ниетіңіз болса, өздеріңізде осы бағытта қазақ тілінде жазылған еңбектердің көшірмелерін жіберсеңіз, аса үлкен үлес қосқан болар едіңіз. Өзіңіз айтқан: С.Мұқановтың «Ботагөз», М.Әуезовтің «Абай жолы» шығармаларын жолдасаңыз, көңіліміз көншір-ақ еді. Жалпы қай шығарманы жіберсеңіз де, құмарта оқыр едік. Сізге алдын ала рахмет айтамын!

Герольд Р.ВАТТЕРСБИ, лингвистика және антропология ғылымдарының докторы, профессор.   

***

Қымбатты ӘНУАР!

«Ұстаз» үшін рахмет, осындай кітабың шыққанымен құттықтаймын! Украина да силық әзірлеп қойды – «Сувенір із Отрара» басылып шықты! Шынайы құрметіміз бен достық сезімімізді қабыл алыңыз.

Олесь ГОНЧАР.

Киев, 10.09.79 г.

***

Қымбатты  ӘНУАР!

«Ұстаздың оралуы» хикаятыңды Рима екеуіміз де оқып шықтық, саған шынайы ризашылықпен  рахмет! Хикаят маған беймәлім дерлік сонау заманның сипатын танытып, ғалым тұлғаның тірлігін бүкіл болмысымен, тарихи мәнімен бейнелеп ашып берді. Өте қызықты, пайдалы да жақсы кітап! Қуана құттықтаймын! Бізге назар аударғаныңа рахмет!

Ізгі тілекті сәлеммен, - Даниил ГРАНИН.

Ленинград, 18/Х.79 ж.

***

Душанбе, 3-нші шілде, 1980 ж.

Құрметті Әнуарбек  ТҰРЛЫБЕКҰЛЫ!

Тәжікстанның халық ақыны, Социалистік Еңбек Ері, Лениндік және Мемлекеттік силықтардың иегері  Мырза ТҰРСЫН-ЗАДЕНІҢ туғанына 1981-жылы 70 жыл толады. «Ирфон» баспасы сол мереке алдында даңқты ақын жайында естеліктер жинағын шығаруды ұйғарды.

Мырза Тұрсынұлы екеуіңіздің қоғамдық ортақ қызметтестер болумен қатар  үлкен достар болғандарыңыз бізге жақсы мәлім. Яғни Сіздің естелігіңізді ерекше ілтипатпен күтеміз. Екеуіңіздің бірге түскен суреттеріңіз болса, оны қоса жолдасаңыз, шексіз риза болып, жинаққа ұсынар едік.

Естелігіңізді Тәжікстан Жазушылар одағына, менің атыма биылғы қазан айының 1-іне дейін жіберерсіз. Қолжазбаны сол айда баспаға беруіміз керек.

Сізге алдын ала алғыс айтамын!

Сіздің Мумин КАНОАТЫҢЫЗ,

Тәжікстан Жазушылар одағының 1-нші хатшысы.                                                                   ***

Аса қадірлі Әнуар ТҰРЛЫБЕКҰЛЫ!

Алматы конференциясына шақырғаныңызға бек ризамын, бірақ, өкінішке қарай, бара алатын емеспін, - денсаулық жараңқырамай тұр. Шүкіршілік етіп отырғаным: баяндамамды дайындап, Бек Ыбыраевқа жолдап үлгірдім. Оны конференция материалдарын қостыруыңызды, секциялық мәжілісте оқыттыруыңызды өтінемін!

Денсаулығымның құбылғанын өзім кінәлімін. Бүкіл қыс пен көктем бойы «Көне Русь және Ұлы дала» ( VІІ-ХІІ ғасырлар) кітабымды жаздым. Сөйтіп титықтап қалдым. Ал Сіздің қалаңыз барғым келіп-ақ еді, қайтейін!

Сізді шынайы құрметтеуші  Л.Н.ГУМИЛЕВ.

24.VIII.1980.

Айтпақшы, бұл жауабымды сәл кешіктіріп алдым, бір досымның саяжайында жатып, Мәскеуде уақтылы болмадым.

***

КСРО Жазушылар Одағы

Мәскеу, Воровский көшесі, 52.

Әнуарбек ТҰРЛЫБЕКҰЛЫ!

Бүгінде бүкіл әлемде идеологиялық қатты күрес жүріп жатқанын білесіз. Біздің қарсыластарымыз қитұрқылық арандатудың барлық түрін қолданып, оның ішінде ядролық қарусыздану, ядролық сынауларға тиым салу мерзімін ұзарту жөніндегі советтік ұсыныс-шешімдерді бұрмалап түсіндіруде.

Сіздің көптеген шетелдік әдеби қауымда аса беделді екеніңіз бізге мәлім. Сіз сол қауымдардың өзіңіз білетін көрнекті жазушыларына, мәдениет қайраткерлеріне хат жазып, советтік бейбіт ниетті жаңа ұсыныстарды қолдатсаңыз, құптап мақала жаздырсаңыз, Сізге риза болар едік!

Құрметпен, - КСРО Жазушылар одағы басқармасының Хатшылар алқасы.

1986 ж.

***

Баку, 30.Х.1991 ж.

БАКУ. 30

КСРО Жоғарғы Советі

Республикалар кеңесінің төрағасы

А.Т. ӘЛІМЖАНОВ жолдасқа

Құрметті Әнуар ТҰРЛЫБЕКҰЛЫ!

Біздің Ұлы жерлесіміз, әлем әдебиетінің алыбы Низаи Гянджэвидің туғанына 850 жыл толуы Мәскеуде рухани-эстетикалық жоғары деңгейде атап өтілгеніе айту – мен үшін үлкен мәртебе. Одағымыздың астанасында ескерткіш орнатылғаны, академиялық Үлкен театрда салтанатты жиын болғаны Әзербайжан халқының жүрегінде мәңгілікке сақталады.

Үлкен жетістігіміз болған бұл іске Сіздің жеке үлес қосқаныңызды жақсы біліп, жоғары бағалаудамыз. Сізге көп-көр рахмет айтудамыз!

Аяз МУТАЛИБОВ,

Әзербайжан Республикасының Президенті.

***

Мәскеу. Кремль. Ә.Т.ӘЛіМЖАНОВҚА

Құрметті ӘНУАРБЕК!

Жаңа жылмен толғана құттықтауымды қабыл алыңыз! Сізге, барша туған-туысқандарыңызға мықты денсаулық, бақыт, мол жақсылық тілеймін!

Сәлеммен, - облкеңес төрағасы  Аман ТӨЛЕЕВ.

Кемеров. 1992 ж.

***

18. 02. 1993 ж.

«Қазақстан – Жапон»

                                                                             Ассоциясының Президенті

                                                                             Әнуар ӘЛІМЖАНОВ мырзаға

Аса құрметті Ә.ӘЛІМЖАНОВ мырза!

Сіздің биылғы қаңтарда Жапонияға келіп қайтқаныңыз біздің елдердің өзара қарым-қатнасын нығайтуға мол үлес қосқан игілікті шара болды деп  атап айта аламын. «Автоиндустрия-93» көрмесін ашуымызға көңіл бөлгеніңіз, көмектескеніңіз үшін Сізге шексіз алғысымды жолдап отырмын... Сіздің бізге жан-жақты көмектесе беретініңізгеі үлкен үмітпен өтінемін!

Құрметпен, - М.ИМАНИСИ, «РОТОБО-ның», Ресей және Шығыс Еуропамен сауданың Жапон ассоциясының тұрақты директоры.                             

***

Бұл хаттар – Әнуардің мұрағатында жатқандардың жартысы ғана. Бәрін шолып шықтым. Ұжымдардан, жеке адамдардан келген. Совет Одағында танымал қаламгер болған Әнекең шет елдерде, әсіресе Жапонияда, Азия-Африкада дипломат ретінде де құрметтеліпті. Өзі туралы не ауызша, не жазбаша: «Мен сөйттім!» демеген қарапайым Әнекеңнің ірі қимылдары хаттарда сайрап жатыр.

Ғаббас Қабышұлы 

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1547
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3343
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6164