Өз тілін білмейтін елші, елдің мүддесін қалай қорғайды?
Біздің елде кейбір мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік тілге қырын қарайды, мойындағысы келмейді. Қазақ тілінің қазақ елінде өз деңгейінде құрметке ие бола алмауының басты себебі де осы.
Бұл екінің бірі білетін, білген адам намыстанатын өкінішті жағдай. Алайда мемлекеттік тілді білмегені үшін, сыйламағаны үшін намыстанған шендіні әлі көрген жоқпыз. Отыз жыл бойы айтылған сыннан сабақ алып, мемлекеттік тілді тұғырына қондырайын деген қазақ билігі тағы жоқ.
Өткен аптаның соңында ақпарат құралдарында Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің қызметкері мемлекеттік тілде сөйлеуден бас тартқаны жайлы ақпарат тарады. Ақын Қазыбек Исаның айтуынша, Моңғолиядағы Қазқстан елшілігінің консулдық мәселелер бойынша 2-ші хатшысы Шынар Жұматаева аталған елдегі қандасымызға қазақша сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартқан.
Моңғолияда тұратын Майгүл есімді қаракөзіміз Қазақстандағы туыстары жайлы ақпарат сұрамақшы болып, сол елдегі Қазақстан елшілігіне хабарласқан. Сөйтсе елшілік қызметкері Шынар Жұматаева тек қана Ресей елінің тілінде сөйлейтінін айтып, Майгүлдің сұрағын жауапсыз қалдырған.
Жұматаева ханым бір Майгүлге ғана емес, барша қазақ тілділерге қызмет көрсетпеуге «серт берген секілді». Моңғолияда тұратын тағы бір қандасымыз Ақшолпан да өз сұрақтарымен Жұматаеваға хабарлама жазған. Әрине қазақ тілінде. Ал біздің тек қана орыс тілін қадір тұтатын елшіміз бұл хатқа да еш жауап бермеген. Жоғарыда аталған бір емес, екі жағдай Шынар Жұматаева секілді елшілік қызметкерлерінің ұстанымын анық аңғартып тұр.
Елші - бір мемлекеттің екінші бір мемлекеттегі өкілетті дипломатиялық өкілі. Қазақстан Республикасының елшісі, елшілік қызметкерлері барған елінде Қазақстанның өкілі, бет-бейнесі саналады. Одан да маңыздысы елшілік қызметкерлері шетелдегі Қазақстан азаматтарына, қандастарға қажетті көмек көрсетуге, оларды қолдауға міндетті. Бұл олардың шетелдегі дипломатиялық қызметтерінің маңызды бір бөлігі.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы заңында дипломатиялық қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі міндетті деген талап бар. Демек кез-келген шетелде елшілік қызметте отырған шенділер мемлекеттік тілді білуі тиіс. Орыс тілін мүлде білмейтін Моңғолияда емес, сол тілдің отаны Ресейде елшілікте отырса да бірінші кезекте мемлекеттік тілде сөйлеуі керек.
Ендеше Шынар Жұматаева секілді елшілік қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білмеуі, мемлекеттік тілде сөйлемеуі нені білдіреді? Бұл дипломатиялық қызметкер этикасына сай ма? деген сұрақтар туындайды. Бұл сұрақтарды кезінде өзі де елшілік қызметте жұмыс істеген, саясаттанушы Расул Жұмалыдан сұрадық.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
- Ұят жағдай болды, Сыртқы істер министрлігіне үлкен сын деп есептеймін. Елшілік ең алдымен мемлекеттік қызмет. Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілге басымдылық берілуі керек. Заңның талабы сондай. Екіншіден, елшілер, консулдар Қазақстанның бет-бейнесі. Шетелдіктер соларға қарап Қазақстанды, қазақты таниды. Егер елшілік қызметкерлеріміз өзге тілде сайрап тұрса, Қазақстанның, қазақ халқының имиджіне нұқсан келтіреді.
Үшіншіден, бұл жағдай Моңғолияда болып отыр. Моңғолия, Түркия секілді елдерде қандастарымыз біршама шоғырлы қоныстанған. Бұл елдерде ешлілікке келетін өтініштер 100% қазақ тілінде болады. Осындай ортаға қазақ тілін білмейтін немесе менсінбейтін қызметкерді қалай жіберіп отыр? Бұл да үлкен сұрақ. Оны кім тағайындады, қалайша тағайындады, тағайындағанда не ойлады?
Төртіншіден, Қазақстанның шетелдегі елшіліктері іс-қағаздарын, түрлі шараларды 100% мемлекеттік тілде жүргізуі керек. Бұл олардың өз мемлекетіне деген құрметінің белгісі. Біздің елде қаншама шетелдің елшіліктері бар. Бәрі өз тілінде іс жүргізеді, өз тілдерін құрметтейді. Біздің дипломатиялық қызметкерлердің мемлекеттік тілге қырын қарайтыны жайлы мәселе 90 жылдардан бері көтеріліп келеді. Бірақ дұрыс жүйе әлі қалыптаспады. Бұған сол саладғы басшылардың мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтыны себеп болып отыр. Әлі орыс тілінің көлеңкесінен шыға алмай отырғандары өкінішті.
Бізде бәрі сөз жүзінде мемлекеттік тілді сыйлаймыз дейді. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Бүкіл мемлекеттік жүйе сондай. Бұл бірінші рет кездесіп отырған жағдай емес. Мұндайды күнде көреміз. Мемлекеттік органдар жиналысты орыс тілінде өткізеді. «Сәлеметсіздер» деп қазақша бастайды, әрі қарай түгел орысша. Барша шендінің әдеті осы. Тіпті шенділер ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік орындарда қазақ тіліне қырын қарайтындар аз емес.
Елшілік қызметкерінің әрекеті заңға қайшы. Заң бойынша өтініш беруші қай тілде сұраса сол тілде жауап беруге міндетті. Министрлік, әкімдік, елшілік, тіпті банк, компания болса да заңның талабына сай қазақ тілінде түскен өтіншке қазақша жауап беруге міндетті. Демек, бұл жерде заңның талабы бұзылды. Сол үшін мұндай қызметкерлерді Қазақстанның өкілі болуға лайықты деп санамаймын. Мүмкін білікті маман шығар. Бірақ өз елінің шетелдегі өкілі бола тұра, өз тілінде қызмет көрсетуден бас тарту, оның басқа біліктілігін, кәсіпқойлығын жоққа шығарады.
Негізі талап - өз елінің тілін құрметтеу. Мемлекеттік тілден бас тартып отырса, басқалай қандай сөз айтуға болады. Мемлекеттік тілді менсінеудің бас-аяғы бұл емес. Тіпті осындай жүйе қалыптасып қалған. Біз соның бірін ғана көріп отырмыз. Егер тексеріп, сүзгіден өткізетін болсақ, мұндай жағдай жетіп артылады. Сондықтан бұл оқиға министрлікке сабақ болуы керек. Қызметкерлерін сүзгіден өткізіп, тазарту қажет. Өз елінің тілін білмейтін қызметкер сыртта жүргенде өз елінің мүддесін қалай қорғайды. Сол үшін осы жағдайдан кейін жүйелі шешімдер қабылдау керек.
Сөз соңында айтарымыз, Шынар Жұматаева секілді мемлекеттік тілге шекесінен қарайтын қызметкерлерге «қой» дейтін уақыт келді. Ал біз сөз еткен жағдай бойынша, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әділбаев Жалғас Жұмаұлы нақты шешімдер шығарады деп үміттенеміз.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz