Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4972 6 пікір 11 Тамыз, 2020 сағат 15:28

Қазақ пен Үндіс тағдыры

Әлем тарихында басқыншылардан зардап шеккен халық көп. Кейбірі тіпті жердің бетінен жойылып та кетті. Енді бірі жойылудың аз алдында тұр. Осы орайда, ақ нәсілді еуропалықтардың басқыншылығына ұшыраған үндістер мен орыстардың отарлауына тап болған қазақ халқының басына төнген ақтаңдақтарды салыстырып көрсек:

ҮНДІСТЕР: ақ нәсілділердің отарлау саясатының аяусыз құрбандары болған Солтүстік Америкада үндістердің саны 1492 жылы бір миллион адам болса, 1890 жылында небәрі үш жүз мыңға төмендеп кеткен. Бұл трагедияның орын алуына ақ нәсілділердің жауыздығы себеп болды. Американдық ғалым Ди Браун «Американың қызыл терілері» немесе «Жүрегімді жерлеші» атты еңбегінде ақ нәсілділер 1861-1890 жылдар аралығында, яғни, бар-жоғы отыз жыл шамасында үндістерді тірідей өлікке айналдырғанын жазды.

ҚАЗАҚТАР: орыс отарлаушыларының басқыншылығы салдарынан – 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде 275 мың қазақ жазықсыз оққа ұшқан. 1931-32 жылғы аштық жылдары 2,3 млн қазақ аштан өлген. 1 млн қазақ шет елге босып кеткен. Ұлы Отан соғысына қатысқан 350 мың қандасымыз отбасына оралған жоқ. Соғыс жылдары тылдағы ауыр жағдайдан 150 мың адам көз жұмған. «Соғыс тұтқыны» ретінде 50 мың қазақ қуғынға ұшыраған. Қазақ жеріндегі полигонның салдарынан 23 мың адам зардап шегіпті. 1945-1991 жылдары аралығында Совет армиясының сапында жүрген 25 мың қазақ азаматы шаңырағына оралған жоқ. Нәтижесінде, ХХ ғасырдың басында 6 миллионға жеткен қазақтар, айналасы 40 жылда 65 пайызынан айырылған.

ҮНДІСТЕР: трагедиясын Ди Браун былай қорытындылайды: 1861 жылдан басталған геноцид 1890 жылдың желтоқсан айында жаппай қанды қырғынмен аяқталды. «Воундед ни Грек» қамалында болған қырғын үндіс халқының жойылу тарихының соңғы нүктесі еді. Міне сол қамалда панасыз қалған жас пен қария жандарды өлім орағымен орған ақ нәсілділер жеңіске жетті. Осы 1890 жылдан бастап қазірге дейін үндістер «Қаһармансыздық кезеңін» бастан өткізіп жатыр. Халықтың соңғы қаһарманы өлген соң «Қаһармансыздық кезеңі» басталады.

ҚАЗАҚТАР: орыстар Қазан қаласы үшін шайқаста қырылған түркі-татарлардың басы жоқ, паршаланған денелерін біріктіріп, жүздеген сал буып Еділге тастады. Өліктерді дарияның қос қапталын жайлаған қалың ноғайды үрейлену үшін төмен қарай ағызды. Аталмыш қырғын жайлы сол кездің тарихнамаларда: «дарияның арғы бетінде жайылып жүрген жетім лақ, өлі денелердің үстін басып, өтіп бергі бетке шығатын еді» деп, жазыпты.

ҮНІСТЕР: 1890 жылы «Воундед ни Грек» лагерінде тұтқында болған үндістің соңғы ақсақалының сөзі: «Мен ол кезде ұлттық болмысымыздың аянышты тағдыры соңғы сызығына жеткендігін ұға алмаппын. Енді кәрілік шыңының биігінен, өткен күндерге көз салғанымда ирек-ирек шатқалдардың табанында жаппай өлтірілген әйелдер мен балалардың тұла бойы тізіліп жатқан мәйіттерінің ап-айқын көріністерін көремін. Сол өліктердің қанды моншасында ұлттың толықтай арман-мұраты көмілген… Ұлттың бірлігі күйреген, түгелдей дерлік күл болып ұшып кеткен, енді үндістерді біріктіретін мәйек жоқ. Ұлттың киелі ағашы қурап қалған» дейді

ҚАЗАҚТАР: отарлау саясаты қарқын алған сайын жергілікті халықты заңсыз қырып, жою күшейе түсті. Мысалы, Орынбор әскери губернаторы Неплюевтің тікелей тапсырмасымен 1841 жылғы 1 қараша күні патшаның жендеті Гаюс басқарған отряд көзіне көрінген қазақтың ер азаматтарын түгін қалдырмай атып тастап, әйелдерін аяусыз зорлады. Сәби балаларды да өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген. (ЦГИА Каз ССР, Ф,У. Оп. 1, Д-2003, л-15). Осы сияқты жауыздық әрекеттерді жақтап генерал Гасфорт мырза жоғарғы үкіметке «біз үшін бұдан асқан тиімді тәсіл жоқ» деп мәлімдеген.

ҮНДІСТЕР: Ди Браунның «Американың қызыл терілері» атты еңбегін француз тіліне аударған Ию Бреженің жазбаларында полковник Иванстың: «Мен Колорадо тұрғындарына сізге қарсылық көрсеткен әр бір үндісті өлтіруге рұқсат беремін» дегені немесе полковник Чи-Вингтоның: «жол бойында кездескен әр бір үндісті өлтірсін» деп берген бұйрық бергені айтылады…

ҚАЗАҚТАР: Орыстар 1747 жылы 21 шілде күнгі үкімет сенатының № 164-ші құпия қаулысында: «Қазақ халқына қару-жарақ, оқ-дәрі, кремний, қорғасын сатпау керектігі жөнінде» айтылса, 1747 жылы 31 желтоқсандағы екінші бір құпия қаулысында: «Қазақтарды қорқытып ұстау мақсатында Оренбург губернаторы қазақтың бір немесе екі ауылын шауып, тірі жан қалдырмай қырып тастасын (әйелдер, қарттар, балаларымен қосып)» делінген. 1747 жылы 10 сәуірде қол қойған Шетел ісі жөніндегі коллегияның № 220-ші «Қазақтар тарапынан туатын қарсылыққа орай жоспар жасау» туралы құпия жарлығында: «Қазақтармен күресті өзіміздің әскерге емес, көрші тұратын қалмақ, башқұрт, казак және Сібір губерниясының тұрғындарына тапсырып, олардың қазақтарды өлтіруіне көз жұмып қарау керек» депті. Сондай-ақ, 1768 жылы 17 ақпанда қабылданған № 80 жоғары жарғыда: «Қазақ халқының бостандығын жою үшін, хан сайлауын халық емес біз өзіміз шешуiміз керек» деп бекіткен.
*****
Отарда болған халықтың «Қаһармансыздық» кезеңінің басталуы ұлттық тұрғыдан тірілер өлінің кебінін киіп ұлттық болмысынан (тілі керексіз, тұрғындары жағымпаз, шенеуніктері сатқын…) ажырау кезеңі болып есептеледі. Ди Браунның еңбегіне қарап, үндістердің халық ретінде жойылып кетуіне ақ нәсілділердің басқыншылығынан бұрын олар рулық, тайпалық деңгейден толық ұлттық деңгейге көтеріле алмай қалғандығы да себеп болғанын көре аламыз. Осы тұрғыдан алғанда қазақ халқының қазіргі деңгейі ойландырмай қоймайды.

Бекен Қайратұлының жазбасы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5487