Tut.By агенттігінің жазуынша, акцияға кемінде 60 мың адам қатысқан. "Интерфакстың" хабарлауынша, жиналғандар монументтің төрт жағында тұрған. Халықтың қолында ақ-қызыл-ақ жалау, гүлдер мен шарлар болған.
Дауысты қайта санауды талап еткен және құқық қорғау органдарының зорлық-зомбылығына қарсы акциялар Минскіден өзге де Витебск, Гомель, Гродно, Шклов, Барановичи қалаларында өтті. Қарсылық білдірушілерді қолдау мақсатында Украина, Германия, Оңтүстік Корея және Мальтада да акция өтті. Прага қаласында да беларусь халқын қолдау шарасы болды.
Беларусь ішкі істер министрі Юрий Караев жексенбі күні рұқсат етілмеген акцияда 21 жыл бұрынғы қайғылы оқиғаның қайталануы мүмкіндігін ескерткен. Ол кезде "Немига" метросында 53 адам қайтыс болған. "Кез келген халық көп жиналған топ – екінші Немига", – деді Караев.
Жексенбі күні Минскідегі Тәуелсіздік алаңында да билікті жақтайтын митинг өтті. Ресми мәлімет бойынша, оған 70 мың адам жиналған. Жиналғандардың алдында ел президенті Александр Лукашенко сөз сөйлеген. Ол сөзінде оппоненттерін айыптаған. "Сіздер қатыгездік таныттыңдар, Оны туғызған мен бе? Билік пе? Ол бізге керек емес", - деген алтыншы рет сайлауға түскен Лукашенко. Ол сайлау қорытындысы бұрмаланғанын теріске шығарды.
9 тамыздан бері Беларусьтің барлық қалаларында президент сайлауының нәтижесіне қарсы наразылық шаралары өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы мәліметі бойынша, Лукашенко жеңіске жеткен. Халықты күшпен тарату кезінде жүздеген халық жараланды, бір адам қайтыс болды. Еуропалық одақ халыққа күш көрсеткені үшін елдің жоғары лауазымды шенеуніктеріне қарсы санкция салатынын ескертті.
Abai.kz