Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Тарих 5798 8 пікір 19 Тамыз, 2020 сағат 11:37

Жапандағы жалғыз ағаш

(баһадүр Әбілқайыр хан)

Әбілқайыр хан – ХҮІІІ ғасырдағы Қазақ хандығының даңқты тұлғаларының бірі. Ол қазақ даласына шығыстан баса көктей кірген Жоңғар хандығына, батыстан Ресейдің қоластына кіріп күшейген Еділ қалмақтары мен есірген естектерге (башқұрттарға), өзен жағалап орналасқан орыс-казактарға қарсы күресті шебер ұйымдастырған, ұрыс-соғыста батылдық, ержүректік, қаһармандық танытқан билеуші. Хан тағына батырлық ерлік істері арқылы ие болған. Оның хандық мөріне билеушілік лауазыммен қатар батырлық атақтың (Әбілқайыр-Мұхаммед-Ғази-баһадүр-хан) қосақталғаны тегін емес. 

ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы жауынгершілік заманда батырлық атақ пен даңқ Қазақ ордасын билеген Шыңғыс тұқымдарының таққа отыруына септігін тигізетін. Еңсегей бойлы Ер Есім ханнан бастап Қазақ хандығын толық билеген билеушілердің барлығы дерлік «баһадүр», яғни «батыр» деген атақты алған тұлғалар. Әбілқайыр хан дәуірінен кейін билікке келген Абылай ханның мөрінде де (Бадаһүр Абылай бин сұлтан Уәлі) «батыр» деген даңқ бар.

Қазақ хандығының тарихи шындығынан туындаған бұл көрініс халық аңыздарының мазмұнында да орын тапқан. Аңыздар Әбілқайырды мәрт мінезді, жау жүрек батыр тұлға ретінде дәріптейді. Ол хан тағына көтерілгенге дейін қазақтың атақты батыры Шақшақ Жәнібектің қамқорлығында болып, батырлық істерімен көзге түседі. «Бірде, - дейді 1899 жылы «Тургайские областные ведомости» газетасында жарияланған халық аңызының мазмұны, - Жәнібек батыр бір топ сенімді жігіттерімен келе жатқанда жапан түзде бұтағы мол жалғыз ағаштың көлеңкесінде төрт тағандап ұйықтап жатқан жасөспірімді көреді. Ат басын тартқан Жәнібек ұйықтап жатқан жасөспірімнің көркі тамсанып, қасындағыларға былай дейді: 

- Қандай айбарлы әрі келбетті кескін. Мұның демінде құдіретті қуат пен биік менмендік еседі. Жігіттің қанында асыл тектік бар», - дейді батыр. – Қараңдаршы, екі қолын құлаштай жазып дүниені бауырына басатындай болып жатыр. Бұл жас жігітті болашақта үлкен жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін. Осы айтқаным келмесе, Жәнібек деген атым өшсін,- деп, найзасының ұшымен ұйқыдағы жігіттің қолынан жеңіл қимылмен түртіп қалады. 

Джон Кэстль салған Әбілқайыр хан суреті

Найза түрткісінен оянып кеткен жас жігіт атып тұрып жанында жатқан садақты алып батырдың тура кеудесіне кезейді. «Тоқта, байғұс, тоқта. Садағыңды тарт! Мен - Жәнібекпін, атым таныс шығар саған. Мен саған қастық жасамаймын, достық ұсынамын!»,- дейді. 

Сонда жасөспірім жігіт батырға былайша жауап қатады: «Сен атақты Жәнібек болсаң да, кісіге күні түспеген, кісіден бір нәрсе дәметпеген адамды мазалауға қандай дәтің бар! Ат үстінен найзамен түртуге мен жол бермеймін. Мен кедеймін, бірақ мәртпін. Сен, Жәнібек, солға кет. Мен, сұлтан, Әбілқайыр оңға кетейін! Әй, Жәнібек, қашанннан бері қараша жұрт хан сүйегіне қас еді?», - дейді. Жәнібек батырдың қосыны жасөспірімнің өткірлігі мен мәртігіне аңтарылып қалады. Аңтарылған жігіттерін Жәнібектің өзі де одан әрі таң қалдырады: ол аттан түсіп, жас жігітке достық қолын ұсынады. Жасөспірім жігіт садағын түсіріп, мәрт батырдың сәлемін қос қолдап құрметпен алады. Жәнібек батыр сұлтан Әбілқайырмен ұзақ сөйлеседі. Оның жалғыз екенін, ағаш маңында жайылып жүрген қоңыр тайдан басқа малы жоқ кедей екенін біліп, барымтаға бірге баруды ұсынады».

Әбілқайырдың қосынына ХҮІІІ ғасырдың бас кезіндегі Жоңғар шапқыншылығына, Еділ қалмақтары мен башқұрттарға қарсы жорықта аты шыққан Табын Бөгенбай, Тама Есет, Шақшақ Жәнібек сынды батырлар, беделі ханнан кем емес қараша кісі Қаракесек Қазыбек би сынды даңқты тұлғалар жиналады. Батыл әрі жас Әбілқайыр 1710 жылы болған Қарақұм (Әлім баласы Қаракесек тайпалық одақтың жерінде өткендіктен «Қаракесек құрылтайы» деп те аталады) құрылтайда бас қолбасшы болып, Ұлытау маңындағы атақты «Қалмақ қырған» соғысында жеңіске жетеді. Осылайша, шығыстағы Жоңғар хандығы мен батыстағы Еділ қалмақтарының Сарыарқа арқылы емін-еркін араласуына, күш-қуат тоғыстыруыларына тосқауыл қояды. Сонымен қатар, Қазақсанның батыс өңіріндегі бордай тозған Ноғай Ордасының қонысын торауылдап жүрген торғауыт қалмақтарына, Еділ-Жайықты жағалап келген орыс-казактарына, Орал тауынан екпіндей түскен естектерге тойтарыс береді. 

1723 шығыстағы Жоңғар мемлекеті қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Даланың сауда-саттық арттериясы орналасқан оңтүстік-шығыс ауыр соққылар жасайды. Қазақ халқы ел жадында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен қалған үлкен босқынды, трагедияны бастан кешті. Аталмыш өңірге Жоңғар үстемдігі, өктемдігі орнайды. 1726 жылы оңтүстік өңірді азат ету мақсатында ұйымдастырылған Ордабасы құрылтайында Әбілқайыр хан екінші мәрте қазақ әскерінің бас қолбасшы болып сайланады. Оның қолбашылығымен қазақ қосындары атақты Аңырақай соғысында жеңіске жетіп, жоңғарларға қарсы күйрете соққы береді.

Қан майданда әбден шыңдалған, ысылған, маңына атақты батырларды топтастыра білген, қазақ әскерінің бас қолбасшысы дәрежесіне таза ерлік, батырлық, жаужүректік істерімен қол жеткізген Әбілқайырға Қазақ Ордасының үлкен тақ билігі, дала дәстүрі бойынша, кең ашылған еді. Өкінішке қарай, Әбілқайырдың жанын шүберекке түйіп жүріп, қанын төгіп қазақ жерін қорғаған жауынгершілік істері және қарашаның (батырлардың) қолдауы оның үлкен таққа ие болуына кең даңғыл болмайды. Тақ иелігі тар ұғым шеңберінен шыға алмай, Жәдік сұлтан ұрпақтарының мұрагерлік еншісінде қалады. Осылайша, оттай жанған Әбілқайырға хан сайлау ісінде далалық әскери демократияның қозғаушы көзі болған жауынгершілік, қаһармандық істердің бағасы «көмекке келмей», үлкен тақ билігі үшін күресте ол әулеттік бедел мен ықпалдастықтан жеңіледі. Басқаша айтқанда, оны өзінің ақсүйек қандастары шеттетеді.

Батыр мінезді мәрт Әбілқайыр морт кетіп, шығыстағы қан майданды тастап, өзіне қараған сенімді қосындары мен батырларын ертіп, Қазақ даласының батыс өлкесіне баяғы Жошы ұлысының орталық өңірі болған Жем-Сағыз, Еділ-Жайыққа қарай жылжиды. Аталмыш өңірге Ресей патшалығының қолдауымен орнығып алған торғауытттар, орыс-казактары, башқұрттармен арпалысады. Ежелдегі Жошы, бергідегі аулы аралас, қойы қоралас болған Ноғайлы қонысын Қазақ Ордасына толық қарату үшін күреседі. Жошы хан ұрпақтары бақилық мекені ретінде байыз тапқан Сарайшық сынды киелі қаласы бар Жайық өзенінен қалмақтарды асыра қуып, Қазақ хандығының батыстағы байырғы шекарасын кеңейтеді. Оның Ресей үкіметінің өкілдеріне қаратып: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті, ақырзаман келгенше, қазақ халқы бұл жерден айырылмайды», -деп кесіп айтқан сөзі әлі талай ұрпақтың ризалығына ие болатыны анық. 

Әбілқайыр хан қазақ даласының батыс бөлігіне көз алартып жүрген көршілес жұртқа саяси тойтарыс беру үшін Ресей патшайымына протекторат болуға өтініш жасайды. Алып империямен шекаралас өңірдегі әскери бекіністерден сауда жәрмеңкелерін ашып, оңтүстіктегі сауда-саттық айналым нөпірінің солтүстікке қарай ауысуына себеп болды. Осылайша ол маңайы қолдай қоймайтын қауіпті, бірақ ел болашағы үшін маңызды саяси шешімді өзге Шыңғыс тұқымдарының келісімін алмай өзі қабылдап, күрмеуі қысқа қиын-қыстау, күрделі тұста жалғыз жүріп жол табуға ұмтылады. 

Қазақ Ордасы билігінің баяндылығы және тұрақтылығы үшін Әбілқайыр хан күшті көрші Ресейдің қолдауы арқылы ел билігін бір тізгінге бағындыру саясатын жүргізеді. Ханның бір орталыққа бағынған хандықты қалпына келтіру мақсатында жүргізген саясатының мазмұны Ресей патшалығының үкімет өкілдерімен жүргізілген келіссөзде үнемі көрініс тауып отырды. Мысалы, 1742 жылы 23 тамызда Орынбор генерал-губернаторы И. Неплюев Ресей патшалығының атынан Ор бекінісінде қазақ хан-сұлтандары және беделді батырларымен келіссөздер жүргізеді. Келіссөз барысында Әбілқайыр хан И. Неплюевке мынадай ноғай тәмсілін (нагайская пословица) мысал етеді: «Которая-де змея имеет одну голову, а хотя многие хвосты, то-де за головою все хвосты в нору легко проходят, а буде многое число голов, а хвост хотя и один, то-де в том затруднение».

Аталмыш тұспалды тәмсілді тілге тиек ете отырып бұдан әрі хан өзінің түпкі ойын да ашық айтады: «По которому примеру надеется он, хан, что за ним все будет последовать и противности уклоняться им будет невозможно».

Әбілқайыр ханның Орынбор генерал-губернаторына тұспалдық мысал ретінде айтып отырған «ноғай мақалы» – Шыңғыс заманын келе жатқан көне мифтік мазмұнынан туындаған қанатты сөз. Бұл мифтік аңыз Шыңғыс ханның ғұмырбаяны мен жорықтарын баяндауға құрылған «Моңғолдың көне құпиясы» кітапта баяндалған: «Боғда Шыңғыс қаған Менкетү шешенге сөйле деп әмір береді. Сонда Меңкету шешен былай дейді: Ертеде мың басты, жалғыз құйрықты жылан болыпты. Көп бастары жан-жаққа тартып, өзара тартысып жүргенде арбаның доңғалағына басылып өліпті. Және де мың құйрықты, жалғыз басты жылан болыпты. Мың құйрығы жалғыз бастың соңына еріп, інге тығылып, арбаға басылмай аман қалыпты. Осындай мың құйрықты мықты болу үшін күш қосып, қайрат жиыңдар»,- деді». Шыңғыс заманнан жеткен осы бір тәмсілдің Әбілқайыр хан аузынан айтылуы Қазақ хандығының тарихи бастауы мен қайнар көзінің тереңдігін танытса керек. 

Әбілқайыр ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде, яғни1748 жылы көз жұмғанға дейін Қазақ Ордасының ең беделді билеушісі болады. Қазақ билеушілерінің Ресей немесе Жоңғар хандығымен жүргізген қарым-қатынастарында Әбілқайырдың ықпалы зор болды. 1771 жылы Үш жүз Алаштың ханы болып сайланған Абылай өзінің хан болып сайланғанын Ресей патшайымын хабардар ету мақсатында жазған хатында 23 жыл бұрын дүниеден өтіп кеткен Әбілқайырдың есімін атауы тегін емес еді. Ол былай дейді: «Менің ата-бабама туыс болған Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хан қайтыс болды. Олар дүниеден өткен соң, хан болу жолы маған тиді. Олар қайтыс болғаннан кейін, қазақтың барлық жүзі, яғни Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары мен сұлтандары бір ауыздан Ташкенттің кішігірім және үлкен қалаларымен бірге отырып 1771 жылы Түркістан қаласында, мұсылманның әулиесі Қожа Ахметтің басында, әдеттегіміздей дұға оқи отырып, мені үш жүз Алаштың ханы етіп сайлағаны хақ».

Баһадүр Әбілқайыр хан Жошы ұлысы ыдырағаннан кейін қатты күшейіп, сол алып елдің орнында қалған кішігірім хандықтар мен ордаларды ыдыратуда және оларды өздеріне бағындыруда көп тәжірибе жинаған Ресей патшалығының саяси технологиясы мен интригасының құрбаны болады. Әбілқайыр хан тақ үстінде емес, қас батырларға тән майданда келетін ажал оғынан қаза табады. Бірақ бұл майдан өштескен жаумен болған соғыс емес, өзінің ақсүйек қандасымен болған қақтығыс еді. 

Ол көзінің тірісінде қай жерде көз жұмса, сол жерге жерлеуді өсиет етеді. Бұл жауынгершілік рухтан өріс алған батырларға тән шаһиттық таным еді. Ол, әрине, өзі өлгенде артында қалған жұрт оны хан тұқымы ретінде мүрдесін әулие Түркістанға жерлеуге ұмтылатынын білген де шығар. Бірақ ол бұл «бақұлдасудан» саналы түрде бас тартқандығы байқалады. Бәлкім, тәні жерге берілген белгіні білдіретін бейіт арқылы қазақ жерін қорғап жатармын деп ойлады ма екен? Осы орайда, ханның сенімді серігі атақты Тама Есет батырдың: «Мені биік төбеге жерлеңдер. Өлгеннен соң да өкшеммен жауды тіреп жатайын»,- деген өсиеті еске түседі.

Аталмыш мазмұндағы қазақ даласына қарашекпендер қаптап, жер өлшеуге түсіп, талан-таражға салына бастаған тұста бұрынғы жерін, елін қасық қаны қалғанша қорған батырлардың ерлік істерін аңсаған халықтың ыстық арманы мен шексіз қиялынан туындаған сарын да болар, бәлкім? Кешегі патша, одан кейінгі кеңес дәуірінде елдің шекарасы шегенделген тұста қазақтардың ата-бабаларының бейіт-қорымдары арқылы қоныстың кімге тиесілі екендігіне дәлел-дәйек болғандығы қазіргі тарихнамада айтылып жүр.

Әбілқайырдың өсиеті бойынша, халық оны өзі қайтыс болған жерге жерлейді. Ол жер қазіргі Қабырға өзенінің Өлкейлік өзеніне ұласатын мүйістен 3-4 шақырым жердегі оң жақ жағалау. Бұрын-соңды бейіт болмаған құла түзге Әбілқайыр хан жерленген соң, қорым қатары көбейіп, қатары арта түседі.

1771 жылы қазақ даласы арқылы Жоңғарияға қашқан Еділ қалмақтарын қуған орыс әскери қосынының құрамында болған Н.Рычков мұны қазақтардың «атақты қорымы» (славное киргиз-кайцаское кладбище) деп атап өтеді. Хан мүрдесі жерленген бейіттің аяқ жағына өзінен-өзі ағаш өсіп шыққанын, сондықтан халық бұл көріністі тегін нәрсе емес деп бағалап Әбілқайырды әулие тұтатынын, бейіт жанындағы сол ағаштың бұтақтарына жіп, шүберек байлайтынын, құрбандық шалатынын жазады. Бұған қоса ол қорымда хан моласынан құрылыстық сәулеті тұрғысынан көркі асып түсетін өзге де бейіттер көп екенін айтады.

Н.Рычков жазбасынан кейін 124 жылдан кейін, яғни 1895 жылы «Тургайская газета» басылымына жарияланған Дербісалды Беркімбаевтың (Елек (Ақтөбе) уезі басшысының көмекшісі) «Древние развалины и курганы в киргизской степи» атты мақаласында хан қорымы туралы мәлімет келтіріледі. Онда ол Әбілқайырдың бейіті қорымның қай жерінде екенін нақты тап басып айту қиындығын, бірақ қорымның ішінде шикі кесектен салынған бейіттің бар екенін, оның жанында тал өсіп тұрғанын, ал ондағы құлпытасқа балта, қылыш, қанжар бейнеленгенін жазады. Мұны автор былайша мазмұндайды: «К северу от краванного тракта, пролегоющего по правому берегу р. Улькояка, находится большое киргизское кладбище, называемое «хан», на котором пахоронен известный хан Абулхаир, принявший поданство России. Хотя с точностью определить место погребения Абулхаира невозможно, но на кладбище этом есть огороженная стеною из сырцавого кирпича могила. Длина стены 3,1\2 саж., вышина 2 арш. и толшина 1\2 арш. На могиле теперь растут талы вышиною в 2 сажени. На стене есть плита с неразборчивую надписью и искаженными от времени буквами. На плите изображены топор, шашка и кинжал».

Д.Беркімбаевтың мақаласының фото көшірмесінен үзінді

Д.Беркімбаев жазып отырған құлпытастағы батырлық рухтың бейнесін беретін рәміздер нақты Әбілқайырдың бейітіне қойылды ма, әлде басқа атақты кісінің басына қойылды ма, ол жағы  бізге беймәлім. Бірақ бір нәрсені пайымдауға, тұспалдауға болатын сынды. Қазақ даласын тұтас қорғаған баһадүр Әбілқайыр хан жанына батырлық және басқа да істерімен аты шыққан кісілерді жерлеу қазақ арасында бертінге дейін үлкен құрмет болғанға ұқсайды.

«Жапан түзде бұтағы мол жалғыз ағаштың көлеңкесінде төрт тағандап ұйықтап жатқан жасөспірім» қазақ халқының басына қиын-қыстау, қысылтаң заманда хан тағын ат үстіне ерттеп, көзсіз ерлік істері мен қаһармандық жорықтары арқылы даңқы шықты. Үлкен хан тағынан шеттеліп, ел тағдырына қатысты маңызды саяси шешімдер қабылдауда ақсүйек хан тұқымдары қатарынан оқшау шығып, жалғыз жүріп жол тапқан, қарашадан тірек іздеп қосын құрған, батырлардан дос тапқан Әбілқайыр сол биліктегі қандасының қолындағы ажал оғынан жығылады. 

Жан-жағынан жау анталаған қазақ даласының шығысы мен батысына шарқ ұрып жанталаса күрескен баһадүр хан жапан далада мәңгілікке байыз тапты. Хан бейітіне көлеңкесі мол жалғыз ағаш өсіп шықты. Жалғыз ағашты жалғыз бейіттен басталған жер кейінгі бақилық болған пенделерге пана болатын үлкен қорымға айналып, ол ел танымында әулие жатқан киелі орынға, батырлық рухтың рәмізіне айналды.

Жапандағы жалғыз ағаштың көлеңкесі құла түзде сая іздегенге пана болатынындай, жан туралатын майдан-жорықта қан кешкен, биліктегі ақсүйек қандастарынан бөлек шығып, шырғалаңы мол шиырлы жолда ширыға жүріп шыныққан баһадүр ханның ел үшін атқарған қызметі Алаш атты қалың жұрттың өжет рухына, жер тұтастығына, өркениет көкжиегіндегі алыс мұнарларға ұмтылуына көп пайдасын тигізді.

Ақтөбе облысын Бердібек Сапарбаев басқарып тұрған тұста хан қорымның жанына Әбілқайырға арналған заманауи сәулетті кешен тұрғызылды. Кешенде сәулеттілік кескіні батыр дулығасын бейнелейтін хан мавзолейі мен Үш жүздің бірлігін бейнелейтін стелла көрініс тапқан. Қазақ жерін тұтас қорғаған баһадүр Әбілқайыр ханға бүгінгі бірлік пен тұтастықты үлгі еткен ұрпақтарының рәміздік құрметі сабақтастық жолымен осылайша жүзеге асып, хан қорымы бұл күнде Алаш баласының ниеттеніп, әлдилеп зиярат етіп келетін киелі орнына айналды.

«Хан моласы» кешен

Алмасбек Әбсадық

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048