Сенбі, 23 Қараша 2024
Естелік 2341 0 пікір 20 Тамыз, 2020 сағат 17:33

Әр қадамы ізгіліктің ізі еді

(Еске алу)

Тәуелсіз елі мен жерінің туын көтеріп, құлшына еңбектенген ардақты азамат, асыл ағамыз Есет Ысқақұлы Қажымұратовтың дүниеден озғанына, міне, қырық күн өтіпті.

Бүгінгі Алматы облысы, Көксу ауданы Мұсабек ауылында 1945-ші жылы 3-ші сәуірде дүниеге келген қазақ баласы Есет Ысқақұлы өз елінің маңдай алды мақтанышына айналды.

Сонау Мәскеу полиграфиялық институтын  бітіріп, полиграфия маманы ретінде қанат қаға білді. Қай істі де ойланып-толғанып шешетін Есет аға талапшылдығымен, санасының елегінен өткізіп отыратындығымен, қапы кетпеуге, мүлт жібермеуге тырысып, жаңашылдыққа ұмтылатындығымен ерекшеленетін. Соның арқасында полиграфия саласына бар ғұмырын арнады.

Есет Ысқақұлы баспа ісінің білгір маманы еді. Есет аға бірнеше буын баспагерлерді тәрбиелеуге, өндіріске уақыт ағымымен бірге жаңа технологиялардың енуіне үлес қосты. Есет ағаны еске алғанда ақжарқын мінезі, талапшылдығы, баспа ісін бүге-шігесіне дейін білетіндігі, ұйымдастырғыштық қасиеті дәл бүгінгідей көз алдымызда тұра қалады. 

Есағаңның әр ісінен рухани бекзаттық танылып тұратын. Өзінің таңдап алған баспа ісі саласында білікті маман ретінде 54 жыл қаймықпай қанат қақты. Қызметтік жолын баспахананың шеберінен бастаған ол, министрліктің сенім артқан қызметтерінің бәрінен де сүрінбей өтіп, ел үмітін ақтай білді. Сондықтан Есет Ысқақұлының полиграфия және баспа саласындағы атқарған қызметтері – оның өмір жолының жарқын беттері десек те қателеспейміз.

Есет Ысқақұлы ең бір күрделі, күрмеуі көп қиын кезеңдерде, тоқсаныншы  жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік Баспасөз Комитетінің баспа ісін дамыту бөлімінің бастығы болды. Одан кейін министрліктің ғылыми техникалық даму бас басқармасының басшылығына тағайындалды. Қандай басшылық қызметте жүрмесін өзінің қарапайым мінезімен жүрген ортасында сыйлы бола білді. Нар тұлғалы азаматтың Ұлттық Банктың қалыптасуына сіңірген еңбегін айрықша атап өтуге болады. Миллиондардың көз қуанышына айналып жүрген теңгемізді дүниеге әкелген баспагер ретінде қарлығаштарының бірі сол кездегі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Өндірістік кәсіпорынның бас директоры – Есет аға еді. Өзінен кейінгі жас толқын баспагерлерге ұлағатты тәлімгер болған ардагер аға, мемлекеттік мәні бар істерде де өзінің ұлтжандылығын таныта білді.

Есет ағаны парасаттылығы үшін ерекше құрметтеп, алдынан қия өтпеуші едік. Есағаңның шекпенінен шыққан біздер үшін аяулы ағаның іні-қарындастарына, қабағынан шапағат, көзінен мейірім нұры төгіліп тұратын қалпында дәл қазір есікті шалқасынан ашып, кіріп келетін сияқты болады да тұрады. Әрине, баспа саласындағы істеген лауазымды қызметтерін тізбектеп жатпасақ та, оның өмірі "Дәуір" баспасымен бітеқайнасып өткені ақиқат. Суығына төзіп, ыстығына күйе білді. "Дәуір" баспасының абыройын асқақтатқан, халықаралық кітап көрмелерінен алған марапаттарында Есеғаңның да зор үлесі бар.

Жұмыс барысында қандай қиындыққа тап болса да, сабырлықпен жол табуға бейім еді. Есет ағаның бойынан азат арының, азамат қалыптастырған қасиеттің жасампаз күшін көріп, өнеге алушы едік. Енді оны жалғастыру – біздің парызымыз.

Біз аяулы Есет ағамыздың әріптестері, кеше ғана ақыл-кеңесін тыңдап өскен бүкіл ұжым, жадымызда сақтаймыз. Есағаңның жылы жүзі, жүрек лүпілі, "айналайын" деген ақ тілегі ешқашан ұмытылмайды. Ағаның бізге қалдырған өнегесі мен іс-тәжірибесін ізгілік деп білеміз. Соңынан ерген жастарға деген сенімін болашаққа деген ұмтылыстың бір көрінісі деп қабылдаймыз. Қашанда қасымыздасыз, ардақты Есет аға! Салып кеткен сара жолыңыз біздің санамызда мәңгі сақталады...

"Дәуір" баспасының ұжымы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458