Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2624 4 пікір 25 Тамыз, 2020 сағат 13:43

Праймеризге қатысушыларға бірнеше сұрақ

Праймеризге қатысамын деген достығымда 20-дан астам адамды көрдім. Көбісі лайк басып, пікір жазысып жүрген жандар. Соларға алда-жалда Алланың нұры жауып, жалпы нұұұұұұр жауып, нұрланып, "Нұр Отанға" депутат болып кетсе, мына мәселелерге көзқарастары қандай болады екен. Сонымен:

1. 2021 жылы Жерге қатысты мораторий аяқталады. Президент "жерді ешкімге сатпаймыз" деді, бірақ жалға беру жайлы айтылмады. Жер қазақтың ең жанды жері. Бабаларымыз ол үшін аз тер төгіп, қан ағызбады. Сонымен жерге қатысты қазіргі заңға, жерді сатуға, жалға беруге көзқарастарыңыз қандай?

2. Еліміздегі бірнеше заң ғана толық мемлекеттік тілде жасалған. Көп заң орыс тілінде жасалып, артынша қате-қате қазақ тіліне аударылады. Парламентке бара қалсаңыздар, осы мәселені көтересіздер ма? Заң, кез келген құжат, бағдарлама, баяндама ең алдымен мемлекеттік тілде қабылдануы тиіс, одан кейін Абас-шахша айтқанда суахили тілінде жазсаңдар да өздерің білесіңдер деген позицияны көтере аласыз ба?

3. Мемлекеттің қажетті-қажетсіз түрлі халықаралық қорлардан, көршілес елдерден қарыз ала беруіне көзқарастарыңыз қандай? Мемлекет қарызын нақты көріп отыратын арнайы сайт ашып, онда әр азамат оны көре алу мүмкіндігі болуына қалай қарайсыз?

4. Еліміздің өзге елдермен, халықаралық ұйымдармен жасасқан құжаттарын азаматтар көре алуға тиіс. Халықтың мемлекет жасасқан, әсіресе Қытай мен Ресей тарапымен болған келісімдерден, инвестициялардың шынайылығынан, компаниялардағы үлесінің пайызынан күмәні көп. Соларды ашық көре алу мәселесін көтере аласыздар ма? Ондағы ұлттық мүдде мәселесі әр елім деген қазақты алаңдатып жүргені анық.

5. Қазақстанның ЕАЭС-ке қатысты позициясына қатысты не айтасыз? Жыл сайын саясиланып бара жатқан ұйымда біздің кәсіпкерлердің нақты мүддесін қорғауға қатысты биік мінберден керек болса қатаң түрде "әу" дей аласыз ба?

6. Елімізде жыл сайын өтетін "Өліктер шеруіне" (Даңқ шеруі дей алмаймын) көзқарасыңыз қалай? Украина депутаттары қарсы болып, сөз айтып еді. Сондай рух бар ма сізде, жоқ әлде "ол тарих, ұмытпау керек" деген позициядасыз ба?

7. 31-мамырда жетім қыздың тойындай болып өтетін қуғын-сүргін құрбандарын еске алу деген күн бар. Білетін шығарсыз. Міне, сол күнге көзқарасыңыз қалай? Оған құжатта жоқ, бірақ сөзше бар ашаршылық құрбандарын қосып қойғаны тағы бар. "Ашаршылық құрбандарын еске алу күнін" бөліп, бөлек етуге не дейсіз? Ашаршылық емес, ГЕНОЦИД деп тану керек деген ұсыныс айта аласыз ба? Жыл сайын "Ақжол" партиясы әйтеуір бір әу деп қоятыны бар.

8. Ресейдің әскери базалары мен Байқоңырға қатысты көзқарасыңыз қандай? Жалға алу келісімшарты біткен сәтте тоқтауы тиіс па, әлде ұзартуды қалар ма едіңіз?

9. Ең басты және маңызды сұрақ, сіз праймеризден өтіп, бағыңыз жанып, депутат болып кетсеңіз, сіз "ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ" боласыз ба, "БИЛІК ҚАЛАУЛЫСЫ" боласыз ба? Яғни партияңыз ұсынып, бірақ ол халық мүддесіне қайшы заң болса, онда партия көпшілігіне қарсы келіп, кері қайтаруға дауыс бере аласыз ба?

Әрине, бұл сұрақтардың көбісі депутаттар шешпейтін мәселелер. Бірақ бұлар ұлтты толғандырып отырған жайттар. Әлеуметтік мәселе, білім саласы мен денсаулық сақтау бойынша нақты праймериз додасы басталғанда мүмкіндік болса сұрақ қоя жатармын, ал мына сұраққа қазір қарапайым адам болып отырған, ертең депутат болуы мүмкін үміткерлер қалай жауап береді екен?!

Менің ойымша көбісі бұлт постты оқыса да, көрмегенсіп өте шығады. Ал шынайы көргендердің біразы "менің мақсатым өз ауданымдағы қауіпсіздік мәселесі, арық тазалау, үй сапасын оңалту, анау-мынау" деп құтылып кетуі мүмкін. Себебі көбісі маслихат депутаттығына таласамын дейді. "Бағым жанып, Парламентке барсам бұл мәселелерді көре жатармыз, әзірге өтіп алайық" деген тамаша, арбаны да өлтірмес, өгізді де сындырмас жауапты да жазатындар болуы ғажап емес. Праймеризге қатысушылардан әр сұраққа өз көзқарасымен жауап жазатындар болса, тіпті ол халық мүддесімен сай келмесе де өз ойын жасырмай айтатын жан болса, ондай жанды қолдауға болады деп ойлаймын. Ал сұрақтан қашатындар ертең бірдеме тындыруы екіталай.

Асхат Қасенғалидың жазбасы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379