Н.Нығматулин: Ата заң – қуатты мемлекеттің негізі
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қазақстандықтарды мемлекеттің айтулы мерекесі Конституция күнімен құттықтады.
Мәжіліс Төрағасы өзінің Twitter-дегі жеке парақшасында жариялаған құттықтауында:
«Сіздерді еліміздің мәртебелі мерекесі – Конституция күнімен құттықтаймын! Осыдан 25 жыл бұрын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев іргесін қалаған Ата заңымыз тәуелсіздігімізді нығайтып, халықтың бірлігі мен ынтымағын арттырды!» - деді.
Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы өз құттықтауында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Конституцияда белгіленген қағидаттарының арқасында Қазақстан бүгінде заманның сын-қатерлеріне жауап беріп, Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес дамып келе жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин 1995 жылы қабылданған Конституцияның арқасында кәсіби Парламент құрылғанын айтып, Конституцияда бекітілген қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және патриотизм - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудың кепіліне айналғанына назар аударды.
Мәжіліс Төрағасы Тәуелсіздіктің тұғырына айналған Ата заң әрбір қазақстандық үшін қымбат екенін алға тарта келіп, барша халқымызға амандық, елімізге құт-береке тіледі.
Abai.kz