Ұлттың жаңа болмысы қалай қалыптасады?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектнгі Халыққа жолдауының: "Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру" - деген соңғы буынында мынадай тұжырымдар көрсетілген:
Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.
Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.
Үшіншіден, кез-келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.
Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.
Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты.
Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық.
Аталған алты "керектің" бәрі керек. Өте дұрыс тұжырымдар. Бірақ қалай іске асыру керек, механизмі қандай?- міне бұл маңызды дүние. Осыны айтып келеді де, президент былай дейді: " Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу". Демек, әрбір ұлтжанды азамат осындайда көз-қарасы мен ұсынысын айтып, қолынан келгенше іс-әрекет жасап атсалысу керек. Осыған орай, мен де өз ой-пікірімді ортаға салуды жөн санадым.
Менің түсінігімше, президент жоғарыда аталған алты "керектің" жүзеге асыру жолын, механизімін дамудың диалектикалық тұғырнамасының терең мәнін ашатын негізгі үш заңның бірі - терістеуді терістеу заңы бойынша көрсеткен. Терістеуді терістеу заңы - жаңаның ескімен сабақтастығын, дамудың жоғары сатысындағы бірқатар қасиеттердің төменгі сатыларға тән ерекшеліктермен спиральді түрде байланысын көрсететін дамудың прогресті сипатын дәлелдейтін философиялық заңдылық. Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттікке келгелі осы заңдылықты ұстаным етіп келеді. Осы жолғы жолдауында да, осы философиялық заңдылыққа сүйеніп: "Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек" - деген бастаманы ортаға салып отыр. Оның теориялық негізі - жамандықтан арылған жерде, жақсылықтың міндетті түрде болатындығы яғни түн жоқ жерде күндіздің болатыны секілді қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылғанда ұлттың жаңа болмысының қалыптасатындығын меңзеп отыр. Президенттің нұсқаған арылуға тиісті жат әдеттер мен салдары мыналар:
- Ысырапшылдық пен даңғазалықтан арылу. Өйткені ол - қоғамның да, адамның да абыройын төгеді.
- Жауапсыздықтан арылу. Себебі жауапсыздық пен немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады.
- Бос сөзділік пен бөспеліктен арылу. Себебі, мақтаншақтық- қоғамның дамуын тежейді. Енді түсінікті болды. Әркім өз бойындағы осы рухани кеселдерінен арылғанда Ұлттың жаңа болмасы қалыптасады.
Ендігі әңгіме осы "Арылуларды" қалай, неден бастаймыз? - бұл да өткір сұрақ. Алайда, бұл сұраққа да Президентіміз жауап берген. Менің логикам бойынша Президентіміз әлемдік деңгейдегі саясаткер, дипломат болған соң, ол кісінің сан-салалы білім иесі екені шүбәсіз. Ол кісі заң, саясаттану, құқық негіздері мен дипломатиялық білімдерді игеріп қалмастан, дін, философия, тарих, мәдениеттану, шет тілдері секілді көптеген қоғамдық ғылымдарды да, экономикалық ғылымдарды да бір кісідей білетін адам. Сондықтан алты тұжырым мен оның шешу жолына қатысты ұсыныстары сол адамзаттың ортақ, асыл құндылықтары негізінде жазылған. Басқа емес, "Әуелі Құран, Хадис сөздің басы "- деп дана Абай айтқандай, Құран мен Хадистен мысал келтірер болсақ, ысырапшылыққа қарсы «...Жеңдер, ішіңдер және ысырап етпеңдер, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Ағраф сүресі, 31 аят). Жауапкершіліке қатысты Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Барлықтарың бақташысыңдар, қол астыңдағылардан жауап бересіңдер. Басшы да бақташы. Ер де отбасының бақташысы. Әйел, үйінің және бала-шағаның бақташысы» -деп жауаркершілікті жоағрыдан төмен қарай барша адамға міндеттесе, мақтаншақтыққа қарсы хадисінде: "Бір адам енді бір адамды асыра мақтап жатқандығын естіп қалып: Сіз ол адамның белін үздіңіз ғой"-. деген. Осы арқылы мақтансүйгіштік, бөспеліктің залалын ескерткен. Осы тектес аяттар мен хадистер көптеп табылады. Тек, исламдық құндылық емес, өзге де дәстүрлі діндердің басты ұстанымы сол - адамзатты әділетті, білімді, сабырлы әрі қарапайым түрде бақытты етуге бағытталған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтылса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – дейді ол. Бұл ой-тұжырымға ол Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ол отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді. Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға -деп жазды. Осының өзі Президентіміздің ақыл-парасат деңгейі мен таным-түсінік аясының өте кеңдігін көрсетеді.
Президент осылайша, Ұлттың жаңа болмасын қалыптастыруда "Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек" -деп жол көрсету арқылы "Арылудың" басты құралы ретінде Абайдың "Толық/кемел адам" формуласын ұсынады. Бұл формуланың бастауы -білімде. Ал қазіргі заман қазақ білімінің басы - Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай Алтынсарин 1860 жылы не бәрі 19 жасында мектеп ашып, қазақ балаларын оқыту мақсатында атқа қонды. Ол осы барыста түрлі әлеуметтік-психологиялық, экономикалық қиыншылықтарды жеңе отырып 1864 жылы 8 қаңтар күні мектебін ашты. Алғашқы оқушысы саны небәрі 14 бала болған. Өмірін қазақ жұртының біліміне арнаған ол: "Кел балалар оқылық" -атты өлеңін осы мезгілде жазды:
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Бірақ, осы өлеңнің алғашқы жолының "Бір Аллаға сыйынып" - екенін кейін білдік. Зер салған жанға осы бір шумақ өлеңнің алғашқы жолында Ыбырайдың өмірлік ұстанымы мен тұтас өлең-үндеуінің бар мән-мағынасы мен қадір-қасиеті мен мұндалап тұр. Егемендік алған соң да, осы бірінші шумақ әлі де мектептердің маңдайшалығынан көрініс таппай келеді. Менің ойымша, алғашқы жолды қосу керек. Одан сақсынудың қажеті жоқ. Жер шары тұрғындарының 84 пайызы ең үлкен дәстүрлі діндерге сенеді. Қалғандарын түрлі діни ағым өкілдері, агностицизм мен атеизм өкілдері құрайды. Осы дәстүрлі діндедің ішінде Будизмді айтпағанда қалған діндер қалай болмасын Құдайды мойындайды. Оның үстіне еліміз халқының басым бөлігі - мұсылмандар. Егер, "Конститутция бойынша, біз зайырлы елміз"-деп уәж айтар болсаңыз, менің жауабым: "Зайырлы ел деген - Құдайға сенбейтін ел емес, қайта Құдайға сену не сенбеу еркі азаматтардың өзіне берілген әрі діни сенімі билік жолы немесе жеке азаматтар тарапынан, заң арқылы немесе басқа да жолдар арқылы қысым көрмейтін бірақ, мемлекеттік басқару ұстанымы діни сенім ақидаларға негізделмеген мемлекеттік басқару жүйесі бар ел". Әлемде демократияның отаны саналатын АҚШ-қа қарайық, әлемдік сауданың 80 пайызы қолданатын АҚШ долларының екінші бетінде "Біз Құдайдан үміт күтеміз"-деген жазу бар. Бұған не дейсіз? Оның үстіне, Ислам діні білімді - ақыл мен парасаттың көзі, адам баласына берілген Жаратқанның сыйы деп таниды. Мысалы, Құранда «білім» деген мағына беретін «илм» түбірінен туындаған сөз саны 780. Ал "ғылым" деген сөзбен мағыналас «хикма» сөзі 20, "ғалым" мағнасын беретін «хаким» сөзі 97 жерде кездесетінін, «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзінің 70- ке жуық жерде қолданылғандығын ислам ғалымдары жазды. Егер ислам діні білім мен ғылымға мән бермегенде надандық дәуірінде тұрған арабтар әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен тарихшыларын шығара алмас еді. Сондықтан тарих пен шындыққа шынайы қаруымыз керек.
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық! - деген маңдайшалық мектеп қақпасында, кіреберісте ілініп тұрса, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіннің көзі бірінші боп соны оқиды. "Алланың өзі де рас, сөзі де рас"-деген қазақ руханиятының көсемі Абайдың тағылымы оның сәби жүрегіне ұялайды. Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының рухының ірге тасы осыдан бастап қаланады. Осыдан кейінгі кезекте мектеп оқушыларына арнайы "Рухани құндылықтар"-деген пән енгізіп, ата дәстүріміз бен ата дініміздің, ана тіліміздің барлық құндылықтарын жас ұрпақ бойына сіңіруіміз тиіс. Сонда, дінсіздердің (дінсіз адам - ұят, обал, сауап деген ұғым білмейтін, Құдайсыз адам) және діни лаңкестер мен экстремизмнің алдын алуға болады. Біз осы рухани білім мен тәрбиеге жіті мән бермегендіктен 30 жылдың ішінде қандай күйге түстік? Өз-өзіне қол салу, түсік тастау, ажырасу, жетімдер мен жесірлердің көбеюі, зинақорлық, парақорлық айта берсек жүрегің ауырып, қаның көтеріледі. Біз Орталық Азияда суицид (өзіне қол жұмсау) жасаудан бірінші орында (48,1 пайыз) тұрмыз. Ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы 10 елдің ішінде, мұсылман елдері бойынша 1-орындамыз. Әр екінші немесе үшінші неке бұзылады. Белсіздік пен бедеулік жыл өткен сайын дендеп барады. Осы жолғы жолдауында Президент: "Өкінішке қарай, елімізде әр алтыншы отбасы сәби сүйе алмауда, ажырасудың 20 пайызы осы себептен. Ал бұл өз кезегінде еліміздің демографиялық өсімінің Орта Азия елдері қатарынан қалып тұруына себеп" -деп атап көрсетті және жасанды жолмен сәби сүюге (ЭКО) берілетін мемлекеттік квотаны 7 есе арттырды.
Қорыта айтқанда, қордаланып қалған түйткілдердің себебі сан алуан, бірақ түпкі себеп - рухани білімсіздік. Біз шындығында рухани жақтан азып барамыз. Одан сырт эконкомика, ғылым-білім және денсаулық сақтау салалары да ақсап тұр. Бізге өзгеріс керек. Оның басы - рухани дүниеміздің өзгеруі болуы тиіс. Әкімдердің өзгеруі мен депутаттардың жаңадан сайлануынан көп нәрсе өзгеріп кетпесі түсінікті. Халық болып, ел болып, жұрт болып өзгеруіміз керек. Сонда ғана Перзидентіміз Қасым-Жомарт Кемел ұлының жолдаунда ортаға салынған ұлттың жаңа болмасы шынайы қалыптасар еді.
Қастер Сарқытқан
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ұстазы, жазушы, ҚР журналистер одағының мүшесі
Abai.kz