Праймеризге қатысушыларға мемлекеттік тіл қажет емес пе?
Праймериз додасынан жұртым, ұлтым дейтін ұлды да, қызды да, ұлттық құндылығымызды дәріптеген «NurOtan» партиясы өкілін де көрмедім.
Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазақ тілі Мәңгілік Елдің мәңгілік тіліне айналады» деген сөзін, Нұр-Отандықтар жоққа шығарды.
Жақында астанамыздағы «NurOtan» партиясының ғимаратында өткен праймеризге қатысушылардың жиынында болдым. Үлкен додаға түсіп жатқандар өңшең қаракөз қазақтар екен. Жаратқанға шүкіршілік айтып, іштей қуандым. Айман Мұсаходжаева, Тұрсынбек Қабатов, Ерлан Дәкенов, Бақтияр Артаевтарды көріп, ұлтымыздың көсегесін көгертетін сайыпқыран ұл-қыздарымыз басын бәйгеге тігіпті-ау деген үмітім молая түсті. Мәжіліске шақырылған 30 адамның 29-ы қазақ, біреуі өзге диаспора өкілі екен.
Не керек, белгіленген уақыт бойынша жиналыс басталып оны Нұр-Сұлтан қаласы «NurOtan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Каналимов Ерлан Ермекұлы ашты. Әдеттегідей бір ауыз қазақша әңгімелесті де, орысша көсілтті-ай келіп. Лэд экрандағы жазбалар да көрші Ресей мемлекетінің мемлекеттік тілінде. Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілінде ләм-мим деген, жазу я болмаса сөз естісем керең болайын. Ұяттан да, намыстан да кірерге тесік таппай кеттім. Ерлан Ермекұлы жарты сағат орысша жүйткіп барып тыныстағаннан кейін қолымды көтеріп әдеппен, мен ештеңе түсінбегенімді, енді қазақша айтып беруін өтіндім.
Ерекең салған жерден: «Мен қазір жиналысқа асығып отырмын, менің кабинетіме келіңіз, жеке өзіңізге түсіндіріп берейін» - деп қарап тұр. Мәссаған, безгелдек. Ол, ол ма, көретін сорақылық әлі алда екен. Ерекең залда отырғандарға трибунадан кеңірдегін созып «Тағы кім түсінбей қалды?» деп сұрау салды. Залда отырған 29 қазағым бастарын ішіне тығып, алып, оқтау жұтқандай мелшиді де қалды. Ішінде, бүлік салғыш, орысша түсінбейтін жалғыз мен болып шықтым. Жаңағы Тұрсынбегің де, Айман Мұсаходжаеваң да, керемет деп төбеге көтеріп жүрген ұл-қыздарың да мынауыңыз дұрыс емес деуге, мемлекеттік тілді талап етуге жарамады.
Ал, енді осылар алда-жалда еліміздің жоғары Заң шығарушы органы Парламентке дептутат болатын болса, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды дегенге сенер ме едіңіз? Қара басының қамын күйттегендер екені әлден-ақ көрініп тұр. Сонымен қатар халқымыз үміт артқан «NurOtan» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Ермекұлы мемлекеттік тілді ысырып тастап, Ресей мемлекетінің тілін әспеттеуін қай шеңберге сыйғызамыз. Бұл партияның беделін ұлт алдында, мемлекет алдында масқара ету емес пе? «NurOtan» ХДП көсемі Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сөзін, партияның мүшелері аяқасты етіп отырғанына көзіміз жетті.
Одан қалды Н.Назарбаев «Жүз қазақ отырып, бір орыс отырса жабылып орысша сөйлейміз, біз сондай сорлы халықпыз» деп айтса айтқандай-ақ екен. Оны «NurOtan» партиясының өкілі Ерлан Каналимов өзі-ақ дәлелдеп берді. Қарашал Абайдың «Қайнайды қаның, ашидыжаның мінездерін көргенде» - деген осы шығар. Өзекті өртейтін жәйт.
Бейбіт Оспан
Abai.kz