Ол Навальный қастандықтың құрбаны болғанын атап өтіп, саясаткер "мемлекеттік қорғауға" мұқтаж болғанын, бірақ ондай қолдау болмағанын жеткізді.
Бачелеттің сейсенбі күні жарияланған мәлімдемесінде соңғы 20 жылдың ішінде Ресейде және басқа елдерде ресейліктерге қастандық болып жатқаны алаңдататынын, бірақ мұндай оқиғалардың көбі тиісті деңгейде зерттелмейтіні айтылған.
Ресей президенті Владимир Путиннің қарсыласы, жемқорлыққа қарсы науқан жүргізген 44 жастағы Алексей Навальный 20 тамызда Томскіден Мәскеуге бара жатқан ұшақтың ішінде есінен талып, артынан комаға түскен.
Навальный ұшаққа отырмас бұрын Томск әуежайында бір кесе қара шай ішкен. Оның жақтастары сол шайға у қосылған деп санайды. Ал оны Омбыда емдеген дәрігерлер бұған дейін зат алмасу процесінің бұзылғанын, ағзасынан қауіпті зат табылмады деп хабарлаған болатын.
24 тамызда Навальныйды емдеп жатқан Берлиндегі “Шарите” ауруханасы саясаткердің ағзасынан ингибитор холинэстераз тобына жататын улы заттар табылғанын хабарлаған болатын. Бұл топқа “Новичок” уы да кіреді, 2018 жылы Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль да дәл осы заттан уланған болатын.
Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден түсініктеме талап етіп, Канада, Франция, Ұлыбритания және өзге елдер "саясаткерге у беруді" айыптап, оқиғаны ашық зерттеуге шақырған.
Abai.kz