Дәріс үстіндегі түс
(Әзіз Несіннің ізімен)
Шаршап-шалдығып, түнделетіп жол жүріп, таң ата әрең дегенде ауылдан келіп жеттім. Әйтеуір, ең бастысы, сабаққа үлгердім-ау. Мен де кірдім, дәріс те басталып кетті. Қоңыр дауысты дәріскердің құлаққа жағымды баяу үнмен оқыған дәрісі ұзын жолдан қиналып келген көңілге бір жайлылық сыйлап, тұлабойға толық дамыл беретіндей. Көзім ілініп бара жатып, бір көзімді бір көзім жетелей жөнелмесін деп, партаға соғылуға аз ғана қалған басымды жұлып алам да, бетімді уқалаймын. Бойымда оған көне қояр, еңсемді тіктеуге атсалысар күш-қуат жоқ сияқты. Қысқасы, іштей ұйықтап қалмайын деп өзімді-өзім қыстап қоямын, бірақ қалғып бара жатқанымды анық сезіп отырмын.
…Үлкен салтанат сарайы ма, әлде әдемі үйдің кең бөлмесінде ме, бұрын өмірі болып көрмеген бір еңселі ғимаратта, мен мүлде танымайтын, жүріс-тұрыстары сондай маңғаз, киім киістері өте келісті, тым маңызды адамдардың арасында жүрмін. Қолыма қызыл шарап құйылған мойыны ұзын тостақ ұстап, бір шетке көлденеңдете жайып қойған ауқымды дастарханнан киви мен бананды шұқып қана жеп айналама тамсана қарап қоямын. Сәлден кейін бір жез қоңырау сыңғыр-сыңғыр ете қалып еді, көпшілік ортадағы үлкен дөңгелек стөлге қарай аяңдады. Маған ешкім қал демеген соң, мен де ел қатарлы орындыққа жайғастым. Мұнда қайдан жүрмін, не үшін отырмын және қай жердемін?.. Оның бірін де біліп болмаймын. Жанымдағылардан жөн сұрай қояйын десем, «Сонша жерден келіп, осындай үлкен мәселені шешуге жиналып отырсақ, не үшін келгеніңді де білмейсің бе?» деп, өзімді сөге ме деп қысыламын. Не болса да мәжілістің аяғына дейін шыдайын, сөз саптастарынан аужайды байқармын, қайда отырғаным да белгілі болып қалар. Жаңылмасам, өте қатты дамыған елдердің біріндемін...
- Елімізге қош келдіңіз, - деді төрде отырған біреуі маған суық қарап. О тоба, осыншама адам отырған жерден мені тауып алғанын қарасаңшы.
- Рахмет, - дедім мен де салмақтанып. Бір сыр беріп қойсам, одан кейін бұлар мені адам дей ме?
- Ауыл-елге барып қайттыңыз, не көріп, не білдіңіз, айта отырыңыз. Жайлары қалай екен?
Бұған не десем екен? Көрген-білгенімнің бәрін ақтарып берсем, бірдеңені бүлдіріп алмаймын ба? Жоқ, дегенмен, әліптің артын бағайын. Бөтен ел, бейтаныс жерде отырып, ауылдың қайғы-қасіретін жырламай-ақ қояйыншы. Айтпақшы, бұлар менің ауылға барып келгенімді қайдан біліп алған? Иә, дамыған елдің аты дамыған ел ғой.
- Сіздердің ауылдарыңыз мүлде тозып бітуге айналған, ешқандай жағдайы жасалмаған мүшкіл халде дейді ғой. Сол сөз рас па?
Қап, шынымды айтып қойсам, кілең ығай мен сығайдың ортасында отырып елімнің беделін түсіремін-ау, ә? Оның үстіне мына тесіле қарап отырған қыз-келіншектердің көзінше зар жылап, мұң шағып отырғаным жараспас. Одан да бөсе берейін де, кім біліп жатыр...
- Олай деп сіздерге кім айтты? - деп даусымды ызғарландырып, түсімді сөз бастаған кісінің кейпіне көшірдім де, сұстана қалдым.
- Біз солай деп естідік, - деді әлгі кісі.
- Бұл ақпарды сіздерге кім айтса да, қатты қателескен. Меніңше, ол көре алмаушылықпен айтқан. Бізде ауылдағылар қаладағылардан да жақсы өмір сүріп жатыр. Олар жоқшылықтың не екенін ұмытып қалғалы қаншама уақыт өтті.
- Біз сіздердің кез келген ауылдарыңыздан, әрбір үйден жұмыссыз отырған жандарды көруге болады деп естіп едік.
- Жала, бұл жала! Таңғы тамақтарын ішер-ішпестен, әр бір үйдің алдынан жұмысшыларды бастықтардың өздері жинап алады. Керек болса, мен сіздерге нағыз шындықты айтайын, олар астарын жұмыс орындарынан ішіп, кешкі алты болмай әндетіп ауылға қайтады.
- Ал мәдениет үйлеріңіз бен дүкендеріңіз көшедегі жылқы, сиырдың ыстық пен суықта паналайтын қорасына айналды деп еді, оған не дейсіз?
- Не? Сол өзі рас сөз бе? - деп қалды жаңағы әдемі келіншектің бірі маған көк көзін төңкере қарап. Ойбай, тұлабойым шымырлап, қара тырнағымнан бір сезім күллі денемді қыттықтай жүгіріп, басыма бір-ақ шықты. Ер болсаң осындай сұлулықтың алдында «Сиыр мен жылқыға қора болса жақсы ғой. Оның бәрін қолы жеткендер бұзып қалаға алып кетті» деп айтып көрші.
- Әрине... жоқ... Шылғи өтірік. Бұл біздің дамуымызға іштарлықпен қараушылардың шығарып алған өсегі. Мәдениет үйі ауыл адамдарынан босамайды. «Айналайындар жұмыстарыңа барыңдар. Ең болмаса бір уақыт үйлеріңе бас сұғып шықсаңдаршы» деп есіктен итеріп шығарып жіберсең, сынған терезеден немесе құлаған қабырғадан... жоқ, қосалқы есіктен қайта кіріп алып ішулерін жалғастыра береді ғой... Жо-жоқ, ішкені несі, дайындықтарын тоқтатпайды. Бір қараңғы, бір жарықта әуелеген әнмен басталатын үйірме жұмыстары күні бойы бір дамыл таппайды. Иә, иә, онда әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді, сауық кештері өткізіледі, түсте балалар фильмі көрсетіледі, кешкісін үлкендер жиналады. Апта сайын ауыл елі ұйымдастыратын концерттер қаншама. Ал енді дүкендерге келетін болсақ, сөреден не аларыңызды өзіңіз білмейсіз. Сіресіп тұр ғой, сіресіп тұр. Бірін тартсаң сонымен бірге бәрі де сау ете қалайын деп тұрған соң бірдеңені бүлдіріп алып, ұят бола ма деп ешқайсысына тиіспейміз. Ұзын сөздің қысқасы, ауылда қу жаныңа керектің бәрі де бар...
- Ауыл-ауылдың арасына қатынайтын бірде-бір қоғамдық көлік жоқ, ел ары-бері жаяу сабылады. Жолдың бәрі шұрық-тесік. Жасалмағанына он шақты жылдан асып кетті деп естіп едік. Кейбір ауыл, аудандарда жарық пен ауыз су да, телефон да жоқ деп еді?
Шынымды айтайын, дәл осы кезде оң жағымда отырған бейтаныс біреу мырс ете түскендей болды. Мәдениеттің бәрін бір жаққа ысырып қойып, әлгіге тым өрескел болса да бұрылып тұрып қарап едім, өзіммен қатар оқитын ұлты күмәнді қалалық студентке ұқсайтын біреу маған мүсіркей қарап отыр екен. «Қап, мыналардың қорлығын-ай, ә»
- Сіздер мұндай жалған ақпарды кімнен алып жүрсіздер? Әлде мені мазақ қылғыларыңыз келе ме? - деп жұлқынып-жұлқынып қойдым. Келіншектің қарағаны тым кербез екен, оны қойшы, маған мынаның қарағаны өтіп кетті. Сол шамданған көңіл-күй қатты әсер етті ме, осы өтірік-ау, біліп қойса ұят болады-ау деген ой жайына қалды да, әбден арқаланып алған намысшыл басым жалған сөйлеуге намыстанбай-ақ сайрай жөнелді.
- Жо-жоқ, біз мүлде ондай ойда емеспіз. Сіз бізді дұрыс түсініңіз, - дейді олар кезек-кезек.
- Ендеше, тыңдаңыздар. Менің ауылдан келгенім жаңа ғана. Көрші ауылға қарай трамвайдың жолын жасап жатыр екен де, қанша қаламасам да метромен келуіме тура келді. Ал, ұшақты мен о бастан ұнатпаймын. Кеме дегеніңіз тым баяу жүре ме, поезд екеуі тербетіліп адамды тез шаршатып жібереді. Күніне бес уақыт жүретін автобус та, тролейбус та трамвайдың жолы жасалып біткенше іске қосылмайды. Айтпақшы, сіздердің сөз тасығыштарыңыз соны айтып жүрген болар. Оны өздеріңіз білесіздер. Ал әр үйдің алдында – жүрмесе де елге айбар болып тұрсын деп, соңғы малын саудалап алып қойған Совет одағынан қалған су жаңа жеке көліктер тұр. Баласы есігінің алдындағы мектебіне атпен сүйресе де сол көлікпен барып келеді. Әр ауылдың арасында бос сабылып жүрген автокөлік қаншама? Кез келгеніне отыр да, кете бер. Бір тиын да алмайды. Ал жарыққа келетін болсақ, оны айтып жатудың өзі ұят. Күні-түні қаңқылдаған радио мен теледидардан құлағың сарсиды. Электр шамының жарығынан көзің қарығады. Сондайда, өздеріңіз айтқандай, шынымен-ақ ата-бабаларымыз сияқты бір уақыт шамды өшіріп, қараңғыда тыныш отырғымыз келеді.
- Ке-ре-мет! Мынау ел естімеген жаңалық қой. Біз мүлде қате пікірде болған екенбіз. Сіз кешіріңіз, сонда да біз тағы бір естігенімізді айта кетсек...
Мына отырыстан, сансыз сауалдан және үзіліссіз өтірік айтудан жалығайын дедім. Қиялым да таусылуға айналды. Осындай үлкен адамдар мынандай алқалы жиынға біздің елдің жағдайын білу үшін ғана жиналған ба? Сонда бұлардың басқа жұмыстары жоқ па? Мен бұлардың орнында болсам, осы қызметті пайдаланып сауда орындарын, мейрамхана, сауықханалар ашып, болмаса, туыстарымды жақсы орындарға отырғызып, біраз жерлерді жекешелендіріп алар едім. Ал бұлар «Ондай екен ғой, мұндай екен ғой» деп ұсақ-түйекке бас ауыртып отыр.
- Сіздер қарсы болмасаңыздар, мен қайтайын. Асығыс едім...
- Сіз ең алдымен жауап беріңіз. Елдеріңізде жергілікті жұмысшылардың жалақысы ештеңеге жетпейді. Зейнеткерлер күнін әрең көріп жүр дейді. Бұған не дейсіз?
Осыдан кейін жер басқа жұлдыздарға соғылып қалар болса да шынымды айтсам ба екен? Мүмкін, бұлар бәрін біліп келіп, мені сынайын деп отырған шығар?.. Жоқ, басы қалай басталды, соңы да солай аяқталсын. Қазір қызды-қыздымен ағымнан жарылып, бәрін айтып берер болсам, бұлар бірден біздің басшыларға «ауылдарыңыздың жағдайы өте төмен екен, ел тозып бітуге айналыпты. Міне, бәрін мынау тізіп отырып айтып берді» десе, қолы ұзын билік бір жерге апарып қылдырықтай мойнымды екі бұрап жұла салмай ма? Басқалардан кемсің бе деп, ата салса немесе бір жерге көміп кетсе жоғымды кім жоқтайды. Менен он есе зор, әне-міне ел басқарады деп отырған ірілер қолды болып кетіп жатқанда «Жарайсың, шындықты айтыпсың!» деп менің басымнан кім сыйпай қойсын. Кем дегенде қолым әрең жеткен оқуымнан шығарып жіберсе, қайда барып күн көрмекпін! Қой, «пәледен машайық қашыпты» деген.
- Қателесесіздер! Біз жайында мүлде басқа пікірде екенсіздер ғой. Жаңағыдай жағдайы бар ауылдарда ақша көрмеді деген не сұмдық! Мұндай дәлелсіз дәйекті қайдан алып жүрсіздер? Ауыл халқы деген ақша ұстаудан жалыққан. Оны айтасыз, ауылымыздағы жыпырлаған валюта айырбастау орындары ұсақ долларларды алмай, ит қылмай ма?
- Сұмдық! Мынау не деген ғажап!
- Тамаша, нағыз бай мемлекет...
- Не деген мықты ел! - деп, айналамда отырғандар дуылдатып тұрып қол соқты. Аяқ астынан үлкен қошемет-құрметтің астында қалдым. Айтқанымның бәрі өтірік болса да мына жағдай маған қатты-ақ ұнады. Кәдімгідей еңсем көтеріліп, жан-жағыма қоқилана қарап қоямын. Кенет, мұның бәрі түсім екені есіме түсті. Көңілімнің арғы бір түкпірінен арым әлде мені ылғи түртпектеп жүретін ақ сайтаным: «Ең болмаса түсіңде шындықты айтсаңшы, ел жайын ең болмаса түсіңде ойласаңшы. Ауылдың қайғы-қасіретін ұмытып кететіндей бастық та емессің ғой», - деп тынымсыз түртпектеп жатыр.
- Демек, ауылдарыңыз өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады ғой. Ештеңеге де мұқтаж емес қой? Солай ма?
- Әрине, солай!
- Олай болса, сау болыңыз. Біз – дамыған мемлекеттердің ең ірі өкілдері жиналып, сіздерге инвестиция бөліп, ең төменгі пайызбен несие беруді және еш қайтарымсыз материалдық көмек көрсетуді қолға алмақ едік...
- Не-ме-не? Қалай дедіңіз? Сіздер мұны неге ертерек айтпадыңыздар. Мен кішкене басқарақ...
- Көріскенше! Ауылдарыңызға сәлем айтыңыз.
Мен бойымды буған ыза мен өкініштен жылап жібердім. Зәулім ғимаратты да, зиялы адамдарды да есімнен шығарып, бар даусыммен зарлана айғай салдым. Осы дауыстан оянып, осы дауыстан есімді жыйсам дәріс аяқталыпты. Мені ары-бері жұлқылап оята алмаған студенттер есікке қарай беттепті. Ал, мен расымен-ақ жылап отыр екенмін…
Қанағат Әбілқайыр
Abai.kz