Сәрсенбі, 30 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107908. Жазылғандар — 102874. Қайтыс болғандар — 1725
Аңыз Абай 1246 8 пікір 15 Қыркүйек, 2020 сағат 11:05

Абайдың анасы...

(Арқаның аймаңдай арулары)

Қазақтың қазіргі, қолданыстағы әдеби тілінің негізін қалаған – Абай. Ол ескінің соңы ғана емес, жаңаның бастауы да. Абайға қарап бой түзейміз. Әдебиет төңірегінде, қандай да бір сөздің мағынасы, қолданыс аясы туралы талас туа қалса, «Қазақтың бас ақынына» (А.Байтұрсынұлы) жүгінеміз. Абай бұл сөзді қалай пайдаланғанын зерделейміз. Қай тұрғыдан алып қарасақ та, Абай – құбылнамамыз. 

Абайдың дүние салуына 30 жыл толуына орай «Әдебиет майданы» басылымының арнайы нөміріндегі толғамында қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіров: «Абайдың өлеңі таудан тасыған бұлақтай арқырап жатса, Абайдың өлеңіндегі тілдері, сөздері сол түрлі тасындай жарқырап жатады. Абай өзінен тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын. Абайдың тілге істеген қызметі зор. Абай үлгілі елдің бай әдебиетінің, күшті ақындарының шалған сезімін қазақтың қара шолақ, шикі-дөрекі тілімен жырлап бере салады», – деп жазған екен («Әдебиет майданы», 1934, №11-12). Абай шығармаларының алғашқы қос томдығына жазған алғысөзінде Сәбит Мұқанов: «Абайға шейін де, Абайдың тұсында да қазақтың ұлт мәдениетін Абайдай көтерген ақын жоқ... Абай ұлт қазынасы – тілді бірінші рет ұлт керегіне жұмсай біліп, сол тілмен болашығына басшылық қылған ақын», – дейді (Абай Құнанбайұлы. Шығармалары, І том. Алматы, 1939, 14-бет).

Абайдың ұлылығын мына жалғанға паш еткен Алаш арыстары Әлекең мен Ахаңнан бастап, өзін қазақтың зиялысымен деп есептейтін қауым ақынға һәм оның дүниетанымына, тіліне таң қалаумен, тамсанумен келеді. Абайды осы деңгейге көтерген қандай құдірет?! Әрине, Жаратушы санасына берген, бойына дарытқан ерекше талант, талмай ізденіс, тағысын тағылар... Соның ішінде, классик жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай: «Қазақ тілі – асыл сүйегі, табиғи болмыс-бітісі, тума қасиеті тұрғысынан алғанда, әлемдегі ең бай, ең әсерлі, ең оралымды, мағнасы терең, қуаты зор, әуезі сұлу, түрлену, жетігу, даму мүмкіндігі шексіз, ғажайып сырлы тіл. Ұлы Абай қолына қауырсын қалам алған кезде, тұсындағы ең үлкен әдебиеттің ең ұлы өкілдерінің өзінен артық мүмкіндігі болды. «Алыстан сермеп, – Жүректеп тербеп – Шымырлап бойға жайылған, – Қиюадан шауып, – Қисынын тауып – Тағыны жетіп қайырған – Толғауы тоқсан қызыл тіл» – деген сөз жалпы тіл атаулыға емес, ақындық толғаныс, сезімге ғана емес,  ең алдымен қазақ тілінің қуат, құдіретіне байланысты. «Өткірдің жүзі, – Кестенің бізі – Өрнегін сендей сала алмас!» – дейді. «Сылдырап өңкей келісім – Тас бұлақтың суындай...» – дейді. Бұл – Абай меңгерген қазақ тілі» (Мағауин М. Мен: Роман-эссе. – Алматы: «Сақ» АҚ, ҒӨПбк «GAUHAR», 1998. 213-214-беттер). Осы ғажап тілді данышпанның бойына дарытқан кім екен? Әрине, халқы. Ең алдымен анасы – Ұлжан.

Абай жайлы сөз болғанда, көбінесе Құнанбай ауызға алынады. Совет дәуірінде «табу» болған тақырыпқа соңғы 20-30 жылдың көлемінде деректі еңбектерді былай қойғанда, біршама көркем туынды («Аға сұлтан» романы, «Құнанбай» кионфильмі, Қарқаралыдағы «Құнанбай мен Абай» ескерткіші, т.б.) дүниеге келді. Жөн, әрине. Бұған ақынның әке тегін иеленуі ғана емес, Құнанбайдың өз заманында «қарадан шығып хан болуы», үлкен лауазым иеленуі, жақсы-жайсаңмен бой теңестіруі, сондай-ақ, халқымыздың патрихалдық қоғамнан советтік аласапыранға, одан қазіргі «прихватизация» дәуіріне тап болуы, т.б. жағыдайлар себеп болған шығар. Дегенмен, өркениет көшіне ілескен халықтар атаулы тұлғаның тегі жайлы әңгіме қозғалса, ата жұрты мен нағашы жұртын тең таратады. Еврей ұлты тіпті ана тегін алдыға қояды. «Бала – әкеге күмән, анаға аян» деген тәмсілді ұстансақ, қазақтар да нағашылар құқығын жоғары қойса керек еді. Даланың тағы бір данышпаны Мәшһүр Жүсіп жаңа танысқан адамның ата жұртынан бұрын нағашы жұрты кім екенін сұрайтынын еске алсақ, азаматтың болашағына әке тегінен гөрі ана тегі көбірек ықпал жасайтынына ден қойғанымыз жөн. Оған қоса, қазақ халқы ең маңызды қарым-қатынас құралын АНА тілі деп атайтыны адамды нәресте кезінен анасы тәрбиелеп, тілін, сөздік қорын қалыптастыратынынан болса керек. Осы негіздерге сүйенсек, ұлы Абайдың тілі – Ұлжанның тілі деп сеніммен айтамыз. Бұл тұжырымымызды Мұхаңның (М.Әуезов): «Шынға келгенде: Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын, жалынды, жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ шанышпа тілді, соқтықпалы, ащы мысқыл, улы күлкіге бой ұрғандық көп пе? Біздің ұғымымызша соңғы түрі көп сияқты... Осындай тапқырлық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік, нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген» (Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. (Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы). Оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1997.), – деген түйінді ойы бекіте түседі. Ал, Ұлжан кім? «Қу – Балқантау» өңірлік энциклопедиясында ол кісі жайлы былай деп жазыппыз: «ҰЛЖАН Тұрпанқызы (1810, Қу – Балқантау өңірі, Мыржық тауы – 1887, Шыңғыстау) – Құнанбай Өскенбайұлының келіндей алған екінші әйелі, Ұлы Абайдың анасы. Арғы атасы Орта жүздің ішіндегі Қаракесек руынан тарайтын Шаншар абыздың Нұрбике есімді әйелінен туған Бертіс биден: Бектемір – Битен – Тұрпан болып тарайды. Тұрпаннан апалы-сіңлілі Ұлжан, Молқара деген қыздар дүниеге келеді. Тұрпанмен бірге туған Қантай, Тонтай от ауызды, орақ тілді, бетті һәм тапқыр адамдар болғандықтан, былайғы жұрт олар бар жерде аса сақтанып жүретін дүр. Ұлжан өте сабырлы, сөзге ұста, ақылды, мінезге бай кісі болса, сіңлісі Молқара асқан домбырашы, өнерлі жан екен. Ұлжаннан Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан туады. Солардың ішінде анасының асыл қасиеттері Абайға көбірек ауысып, санасына молынан сіңген. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Ұлжанның кесек кескін-келбеті мен қайталанбас бейнесі жасалған» (Қарағанды. «Арко» баспаханасы. – 2017 жыл). 

Жалпы, ХІХ ғасырда Арқа қазақтары Ұлжан деген есімді қыздарға жиі қойса керек. Мысалы, Алшынбай бидің екінші әйелінің, Мәдидің әжесінің де аты Ұлжан екен. Анай бидің Сүйіндік еліне ұзатқан қызының есімі де Ұлжан болыпты деп айтатын үлкендер. Бұл есімді ұлы болмаған ата-аналар келесі ұрпағы еркек кіндікті болсын деген үмітпен қойды ма, әлде көшпелі жұрт қонған, жайлаған өңірінің жер-су атауына байланысты қойды ма, тап басып айту қиын. Сарыарқада бірнеше өзеннің атауы Ұлжан. Айталық, Арғанаты тауларынан бастау алатын Терісаққанның бір саласы – Ұлжан. Сондай-ақ, Шет ауданындағы бір судың атауы осындай болса, Ақтоғайда Ұлжанеспе деген өзен бар. (Жер-су атауларының анықтамалығы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009.).

Тұтас руға ұран болған Қарқабат, есімдері бір-бір болыс елдің атауына айналған Айбике, Нұрбике аналардың дәстүрін, тәрбиесін, мәдениетін, тілін меңгеріп қана қоймай, ұзатылған жеріне – Тобықты еліне алып барған Ұлжан қазақ халқының керім қыздарының ең шоқтықтысы десек, ақиқаттан аулақ кетпесіміз анық. Тағы да Мұхаңа жүгінейік: «... Ұлжан өте дана (Қаракесек, Бертіс руындағы Шаншар) Шаншар руынан шыққан. Шаншар юморист ел болған. Құнанбай үй семьясында да өте қатал болған. Ұлжан күндестіктің өзіне де еш назар бермеген. Ел анасы болған». 14 март 1950 жыл. (Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері: Оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1997.).

«Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңымен даңқы шыққан белгілі мысқылшыл, тапқыш, күлдіргілер болған. Бұл әдет – Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел Шаншардың қулары дегенде қатты ығысатын. Ас, жәрмеңке сияқты қалың жиындарда бір жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе көп елдің кісілері: «Ойбай, Шаншар келе жатыр. Қылжақ етеді» деп, өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұста болып, тауып айтқыш, өткір тілділігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса, түндігін ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз шабуылымен кімнің де болса есін шығарып, есеңгіретіп кетеді.

Осы Шаншардың бұрынғы-соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты «қуы» Тонтай болған. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен бастан-ақ жеке-жеке күлкілі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда, Тонтайлар қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думаны, ұдайы қызық күлдіргісі. Бүгінгі Еуропа, Американың Чарли Чаплині сияқты болған. Осы Тонтайдың інісінен туған әйел бала Ұлжан болады.

Ұлжан сабырлы, кең мінезді кісі болған. Абай балалық шағын сөз қылғанда өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Анау күндестікті көп сыртқа шығарып, білдірмесе де Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы Абайдың бала шағында көп қатынды тұрмыстың бар зәрін тартып, тағы да неше алуан ауыр қайшылықты көріп өскендігін де сездіреді.

Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталады. Мысалы, Ұлжан да өлерінде қалжың айтқан. Ауылдың үлкенінің біреуі кеп, ауырып жатқан Ұлжанның жәйін сұрап, «өлем деп жатырмысың, қалай көрінеді?» – дегенде: «Ой шіркін, мен бұрын өліп көріппін бе, қалай екенін қайдан білейін», – депті.

Ұлжан қолында Шектібай деген бауыры көп жүрген. Шаншардан келіп, жиендерінің аулында қонақ боп, ойын салып жүретін сауыққой, сықақшыл, күлдіргі адам болған. Сол Ұлжан ұлғайып келген кезде, бір күні өзі бірге туған апасы Ұлжанды «әже» депті. Ұлжан ашуланып «қағынып кеткенбісің?» дегенде, Шектібай: «Е, жұрттың бәрі жер күңірентіп әже, әже деп жүргенде жалғыз мен жаңа тілім шыққан баладай апа, апа деп отырайын ба?» депті. Сонда Ұлжан:

– Қыз болса мені іздеп келер ме еді, бүйтіп сөйлер ме еді, сатып алсаң да, еркек бол! – депті.

Осындай кесек қалжың, ажуаға Ұлжан көп көнтерлі, көп созымды, тапқыр болған. Қиын жәйді, қысталаңды күлкі сөзге айналдыру – қалың қазақтың, әсіресе Шаншардың ата мінезі.

Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа-молдаларға қарап: «Жазыла, жазыла қожа-молдалардан ұят болды, енді өлмесек болмас», – деп айтты деген сөз екінің бірі білетін мәтел сөз болып кеткен... 

Құнанбай жанның бәріне салқын болған қалпында, өзінің балаларына да зілді болған. Сол зілін жас шағында Абай да көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан орайы келгенде, өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына мысқыл әзілді айта береді екен, қалжыңмен жауаптасуды Абайға бала күнінен өзі де еккен сияқты. Осының бір мысалы бар: Абайды сүндетке 8 – 9-ға ілініп, ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап: «Құдай бүйткенше қыз ғып жаратпаған екенсің!» – депті. Ұлжан соған: «Балам-ау, қыз болсаң бала таппас па ең, содан қиын боп па?» – дейді. Абай: «Ә, онысы тағы бар ма еді!» – деп уанады екен» (Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. (Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы). Оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1997.).

Мұхаң «Абай жолы» эпопеясында Ұлжанның керім бейнесін сомдады дедік. Күмәніңіз болса, қайта оқыңыз. Тіпті, елдің бәрі ығып тұратын, жұрты зілінен жасқанатын Құнанбаймен тең дәрежеде сөйлесетін, тіпті ойландыруға мәжбүр ететін кейіпкер – Ұлжан. Айталық, әкесімен бірге Қарқаралыға сапар шыққалы жатқан Абайды тоқтатып, Бөжейге сәлем бере жүр деп ақыл беруі, Бөжейдің асында баласына жәрдем жасап, өзге әйелдерге үлгі-өнеге көрсетуі, Құнанбай қажылыққа аттанбақ болып кешу алысқанда, ішіндегі шеменді өкпе түгілі наз етіп айтуды орынсыз көруі сияқты көптеген штрихтар Ұлжан ананы ересен Эверес тұлғаға айналдырады. Нақты өмірдегі Ұлжан осы әдеби бейнеден артық болмаса, мысқалдай да кем түспеген тәрізді. 

Абайдың анасы Ұлжан, нағашылары жайлы әңгіме қозғалғанда, Бертіс әулетінен тараған тағы бір ұлы тұлға Тәттімбет туралы сөз қоспасақ, аруаққа шет болармыз. Арқадағы шертпе күй мектебінің негізін қалаған, тәтті күйдің тәңірі Тәттекең Ұлжанмен немере туысқан. Екеуі де Бертістің Бектемірінен тарайды: Мөшеке, Битен, Шитен бір туысады. Мөшекеден – Қазанғап, одан – Тәттімбет; Битеннен – Тұрпан, одан – Ұлжан. Мәшүр Жүсіптің айтуынша Қаракесекте үштің бірі болған Тәттімбет ұлы композитор ғана емес, айыр көмей, темір жақ шешен адам екен. Шаншар бабасынан бастап ел тізгіні бұл тұқымның қолынан кетпеген. Қарқаралы дуанына қарасты Шаншар болысы 1828 жылы халқы көп, басқаруға қиын деген желеумен екіге бөлінгенде Нұрбике – Шаншар болысының тізгінін Қазанғап ұстайды. Елге әкесінен соң Тәттімбет, ол қайтыс болған соң баласы Мұсатай (1905 жылғы Қарқаралы петициясына қол қойған ел ағаларының бірі), одан кейін Мұсатайдың Шайхы деген ұлы иелік жасайды. Совет өкіметі орнағанша Қу болысын басқарған Шайхы 1931 жылғы Боқты көтерілісі идеологтарының бірі болды. 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылған ол айдаудан келгеннен кейін де туған өңіріне оралу құқынан айрылып, Аягөз қаласына орнығады. Шайхы ақсақал 1967 жылы, 92 жасында дүниеден озды. Ұрпақтары бар. Абайдың анасы Ұлжанның төркін жұрты болғандықтан, оқырман қауымды ақпаратпен жарақтандырған жайымыз осы.

Осыншама әңгіме айтқандағы ойымыздың түйіні – Абай тілінің қайнар көзі, бастауы Қу (Балқантау) өңірі. Өйткені, бұл – Ұлжан ананың төркін жұрты.         

Ермек Балташұлы,

ҚР Мәдениет қайраткері, Журналистер одағы және Журналистер конгресі сыйлықтарының лауреаты 

Abai.kz

8 пікір