Header Banner
Бейсенбі, 12 Наурыз 2026
Аласапыран 130 0 пікір 12 Наурыз, 2026 сағат 16:19

АҚШ пен Иран соғысы қашан аяқталады?!

Сурет: BAQ.KZ сайтынан алынды

АҚШ пен Израиль соққысынан Иран режимі айтарлықтай әлсіреді, бірақ берілудің белгісі байқалмайды. Трамп пен Нетаньяху соғысты бастаудың оңай, аяқтаутың қиын екенін және Иранның бұл қақтығысқа жақсы дайындалғанын ескермегені белгілі болды.

Біріншіден, соғыстың басында Иран АҚШ пен Израильдің бағасы қымбат зымыранға қарсы зымырандарын әлсірету үшін ортақол зымырандарын пайдаланумен бірге, АҚШпен одақтас Парсы шығанағы мемлекеттерін бомбалау үшін арзан дрондарды да қолданып, олардың барлығын қақтығысқа тартты. Соғыс 12 күн бойы жалғасып келеді және бұл елдерді Иран тоқтаусыз бомбалап жатыр, бірақ Парсы шығанағы мемлекеттері үлкен ұстамдылық танытты. Олардың көшбасшылары көпшілік алдында өз елдерінің Иранға қарсы соғысқа қатыспайтынын бірнеше рет мәлімдеді.

Неліктен? Себебі Таяу Шығыстағы «ең қауіпсіз» деп саналатын мұнайға бай бұл елдер соғысқа тікелей қатысқаны үшін үлкен бодау төлейді, соғысқа тәуекелдік олардың халықаралық туристер мен капиталды тарту жөніндегі амбициялы жоспарларын одан әрі бұзады. Иранның шабуылдары қазірдің өзінде Парсы шығанағы мемлекеттерінің экономикасына, қоғамына, негізгі инфрақұрылымына және қорғаныс жүйелеріне экзистенциалды қиындықтар туғызды. Сауд Арабиясы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы «қауіпсіздік үшін мұнай» одағын ирандық дрондар мезет сайын жойып жатыр.

Дегенмен, исламның қасиетті орындары бар Сауд Арабияның көптеген араб елдері жек көретін Израиль бомбалаған тағы бір мұсылман елін нысанаға алуын елестету қиын. Бұдан сырт, Женевадағы БАӘ елшісі дүйсенбіде өз елінің «Иранға қарсы шабуылдарға қатыспайтынын» мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ бірнеше бомба тастап, кетіп қалуы мүмкін, ал Иран олардың қасында мәңгі қалады. Сондықтан олар бұл соғыста мүмкіндігінше бейтарап болуға тырысады әрі АҚШ пен Израильмен бірге тізе қосып соғысуы екіталай.

Парсы шығанағы мемлекеттерін соғысқа тартудан сырт, Иран әлемдегі мұнай танкерлерінің төрттен бірі өтетін Ормуз бұғазын бүғаттады. Иранның стратегиясы өте айқын: әлемдік экономикаға барынша әсер ету арқылы Трампты соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу. Мұнай бағасы бірден барреліне 100 доллардан асты. Иран бағаны 200 доллардан асырамыз деп айбат шегуде. Парсы шығанағы мемлекеттерін соғысқа тарту стратегиясынан да, бұл қадам тіпті де қауіпті. АҚШ-Израиль қақтығысы басталғаннан бері, бұғаз арқылы бірнеше қытайлық мұнай танкерлері мен қытай атын жамылған кемелердің өткені болмаса, тәуекелге баруға батылы барғандар ақыр аяғында отқа оранды.

Иран қазір Ормуз бұғазына миналар қойдық деп қорқытуда, бұл тактиканы 1980 жылдардың басындағы Иран-Ирак соғысы кезінде қолданған. 1991 жылғы Парсы шығанағы соғысы кезінде Ирак күштері 1300 мина қойып, АҚШ-тың екі әскери кемесін талқандап, USS Princeton крейсерін суға батырды. АҚШ әскери-теңіз сарапшысы Скотт Труффо «соғыстан кейін солтүстік Парсы шығанағы аймағын минадан тазарту үшін екі жылдан астам уақыт кеткенін» айтады.

Сарапшылар «мина – кедейлердің қаруы» дейді. Кез келген террористік ұйым оларды сатып ала алады және теңіз саудасы мен әскери-теңіз операцияларының еркіндігіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Сәйкесінше барлық кемелерді суға батырудың қажеті жоқ; бірінші кеменің жарылуы-ақ жетіп жатыр. Бұның «психологиялық әсері» өте орасан.

Иранда 5 мыңнан 6 мыңға дейін әлеуетті теңіз миналарының қоры бар делінеді.

Әлемдік мұнай бағасының күрт өсуі және Парсы шығанағының мұнай нысандары мен Ормуз бұғазы арқылы өтуге тырысқан кемелердің бомбалануы – АҚШ президенті Трампты соғыстың «жақын арада аяқталатынын» мәлімдеуге мәжбүр етті.

Дегенмен, Трамптың ішкі межесі де, нақты мерзімі де болмады, соғыстың мақсатын нақты түсіндіре алмады: бұл соғыс Иранның баллистикалық зымырандары мен ядролық қондырғыларын жою ма, әлде Иран режимін құлату ма?

Тегеранның жойқын соққыға ұшырағанына қарамастан, Иран революциялық гвардиясы ұзақ мерзімдік соғысқа дайын екенін мәлімдеді. Иран революциялық гвардиясының бас қолбасшысының кеңесшісі Әли Фадави Иранның мемлекеттік телеарнасында: «Олар мынаны түсінуі керек: қарсыластар ұзақ мерзімдік діңкелететін соғысқа кіреді. Бұл соғыс Америка мен әлем экономикасын титықтатып, тақырға отырғызады», - деді.

Иранға қарсы соғыс бастап, Ливанда екінші майдан ашқан Израиль де осындай позицияда. Израильдің қорғаныс министрі Кац: «Біздің операциямыз шексіз жалғасады», - деп мәлімдеді.

Қайсысының үзаққа шабатынын уақыт көрсетеді.

Abai.kz

0 пікір