Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 4349 2 пікір 21 Қыркүйек, 2020 сағат 18:29

Берік Әбдіғалиұлы праймеризге қатысады

«Nur Otan» партиясы праймеризі қоғамдық-саяси өмірге үлкен өзгерістер алып келді. Азаматтардың белсенділігі артып, ел назары партияішілік сайлауға ауды.

Праймеризге қатысып, бақ сынап жатқан үміткерлер үгіт-насихат кезеңіне қызу кірісіп кетті. Жер-жерде өтіп жатқан пікірталастар барысында кандидаттар өз бағдарламасын таныстырып,  толғандырған мәселелерін ортаға салуда.

Саяси додаға түсіп жатқандар арасында өзекті мәселелер көтеріп жүрген қоғам белсенділері мен әр саладағы есімі елге таныс азаматтар бар. Қоғам белсенділері елдік мүддеге келгенде тізе қосып, бірлесе қызмет етуді мақсат тұтып отыр. Олар праймериздің үлкен мүмкіндік екенін айтып отыр.

Мәселен, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, тарихшы, саяси ғылымдарының кандидаты, бүгінде Ұлытау ауданы әкімі болып қызмет етіп жүрген Берік Әбдіғали праймеризге қатысуға бел буып отыр.

«Баршаңызға аян мемлекеттік басқару жүйесі талабында әкімдер партия филиалдарының төрағасы қызметін қоса атқарып келеді. Мен осы ерекшелікті ескере отырып, праймеризге қатысу туралы арнайы шешім қабылдадым», - дейді ол.

Оның айтуынша, бұл шешімнің негіздемесі – праймериз барысында партия мүшелерінің, ал сайлау нәтижесінде жалпы аудан тұрғындарының аудан әкімі әрі «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы ретінде маған сенім арту деңгейін анықтау.

Бүгінде партияның аудандық филиалы аудан жұртшылығы үшін маңызы зор – сайлауалды бағдарлама қабылдаған. Бұл бағдарлама Берік Әбдіғалидың аудан әкімі ретіндегі кешенді іс-қимылдар жоспарының жиынтығы саналады.

«Праймериз, сайлау кезінде аудан халқының көпшілігі қолдау көрсетсе –« Nur Otan» партиясын және аудандық бағдарламасын қоштағаны. Демек, аудан әкімі – партия филиалының төрағасы ретінде маған сенім көрсеткені. Ал керісінше болса, яғни, праймериз, сайлау қорытындысының көрсеткіші төмен болып, аудан тұрғындарының жартысынан көбі қажетті қолдау көрсетпесе, аудан әкімі қызметінен кетуім керек», - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Қоғам қайраткері Мемлекет басшысының «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын» деген тұжырымын тілге тиек етті. «Осы ұстаным негізінде келешекте аудандар мен қала әкімдерінде тікелей сайлау кезеңі келер. Менің праймеризге қатысып, сол арқылы халықтың көзқарасы мен пікірін анықтау бағытында қабылдаған шешімім – сол қадамның алғышарты», - дейді ол.

Саясаттанушы-ғалымның 2003-2004 жылдары «Ақ жол» ҚДП-ның сайлауалды штабына жетекшілік еткенін көпшілік жақсы біледі. Одан кейін бірқатар лауазымды қызметте абройлы еңбек етіп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне де мүше болды. Қандай қызметте жүрсе де, өзекті мәселелерді көтеріп, ел дамуы жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Берік Әбдіғалиұлы секілді мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтардың «Nur Otan» партиясының праймеризінде бой көрсетуі саяси бәсекелестікті одан сайын арттыра түсері сөзсіз.

Партияішілік сайлауға бұрын «Ақ жол» партиясының мүшесі болған қоғам белсендісі Ғалым Байтоқ та қатысып жатыр.

«Праймериз мүмкіндіктер терезесі және пандора жәшігі. Әкімшілік ресурстар қолында бар әкімдер түрлі құрылымдарға өз адамдарын өткізуі мүмкін. Сол «Nur Otan» партиясының жақтастар лигасы праймериздің әділ өтуін өз бақылауына алады», - дейді ол.

Иә, «Nur Otan» партиясының жақтастар лигасы праймериздің ашық әрі әділ өтуін бақылауда ұстамақ. Оған Еуразиялық интеграция институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров бастаған топ мүдделі болып отыр.

Жақтастар Лигасына мүшесі қатарында «Серпін» ұлттық білім беру және инновация палатасының президенті, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов, публицист Бибігүл Дәулетбекқызы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, публицист Жанарбек Әшімжан, белгілі блогер Яков Федоров секілді азматтар бар.

Айта кетсек, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек праймериз – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1561
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3504