Қазақ боп қалам десең, бастауышты түзе!
Біздің бірінші сыныпта пән көп. Көбісі артық. Жапондар бастауышта Жапон тілі, Музыка, Өнер, Дене шынықтыру, Жаратылыс тану, Гуманитарлық ғылым, Дінтану сынды сабақтар оқыйды екен. Санасаң пән саны – жетеу. Ал бізде нөлінші сыныпта мынадай пәндер оқытылады: Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, Құрастыру, English, Музыка, аппликация, Русский язык, Сурет салу, Қоршаған ортамен танысу, Сауат ашу негіздері, Мүсіндеу, Қауіпсіз мінез-құлық негіздері, Экология негіздері, Жаратылыстану, Сөйлеуді дамыту, Драма, Көркем әдебиет. Неге екені белгісіз, бұл кітаптарды ата-ана түгелдей сатып алады екен. Бұнда бірін бірі қайталаған пәндер көп. Мәселен, Сөйлеуді дамыту, Көркем әдебиет, Драма деген пәндерді о баста біріктіріп оқытса да болады. Қоршаған ортаны тану, Экология негіздері, Жаратылыстану деген пәндерді нөлінші сыныпта бір пәннің ішіне кіріктірсе болады. Ал ағылшын тілін міністір бала бақшадан алып тастадық деген болатын. Нөлінші сынып сол бала бақшадағы мектепке даярлық тобының аналогі емес пе? Нөлінші сыныпта ағылшын тілі мен орыс тілі неғып жүр? Бұларды бірінші сыныптан, тіптен бастауыштан да алып тастау керек, ел боламыз десек.
Ақаң «... бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс болуы керек. Яғни, қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш болуы керек, тіл ұстартуы керек» дей отырып, бастауышқа мынадай пәндер ұсынған: Оқу, Жазу, Дін, Ұлт тіл, Ұлт тарихы, есеп, Жағрапия, Шаруа-кәсіп, Жаратылыс жайлы. Иә, бала алдымен жаза білуі керек, жазылған сөзді оқый білуі керек, тіл ұстартуы керек. Байқап отырғанымыздай Ақаң балаға бастапқыда нағыз керек, бүгінгінің тілімен айтқанда, функционалды білім беретін оқу, жазу, ұлт тілі деген пәндерді бөлек-бөлек жіктеп береді.
Бүгін міне әупірімдеп жүріп Әліппені қайтардық. Бағдарламасы бекітіліп қазір оқулығы жазылып жатыр, бірнеше жерден. Додаға түсіп, жеңгені келесі жылдары мектептерде сыналмақшы. Өкініштісі, бәрібір Ақаң салған арнаға толық түсе алмай отырмыз. Ақаң бала алдымен оқып-жаза білу керек деп, Әліппесін екіге жіктеп, оған қоса ұлт тілін жеке пән ретінде ұсынады. Ал біз жаңа бағдарлама бойынша Әліппе пәніне екі оқулық шығарамыз. Бірін (Әліппе оқулығын) бірінші жартыжылдықта, екіншісін (Ана тілін) оқулығын екінші жартыжылдықта оқыймыз. Екеуі бір пән, бұрынғы сауат ашу пәнінің немесе қазіргі әліппе пәнінің оқулықтары. Онша өзгеріс жоқ! Сағат жетпесе бір сәрі, бүгінгі бірінші сыныптың оқып жатқан пәндерін қараңыз: Сауат ашу, Математика, Дүниетану, Жаратылыстану, Көркем еңбек, Ағылшын, Орыс тілі, өзін өзі тану, Дене шынықтыру, Музыка.
Артық пән көп... Ұсыныс: үш тануды қысқартып бір пән жасау керек. Ал орыс тілі мен ағылшын тілін төртінші-бесінші сыныптарға қарай сырғытып тастау керек. Бір пәннің екі оқулығы болып оқытылатын Әліппе мен Ана тілін Ақаңдағыдай жіктеп екі пән етіп бөлу керек.
Әліпби атын шығару үшін жасалатын еріккеннің ісі болып тұрғанда, Әліппеге де бала-шағаның ісі деп бейжай қарамау керек. Балаң, немерең бүгін, ертең әйтеуір әліппені қолына ұстайды. Білім жолын бастауыштан бастайды. Бұл бәрімізге қатысты. Халық қаласа, хан түйесін сояды, сондықтан белсенділік танытқанымыз жөн-ау. Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады (А.Байтұрсынұлы) демекші, баланың тамырын ұлттық құндылыққа терең бойлатып, діңін қатайтпасақ, ертең батыстың желіне де, шығыстың лебіне де домалай жөнелетін ұрпақ елдігімізге қалай тұтқа болады?!
Бижомарт Қапалбек
Abai.kz