Сенбі, 23 Қараша 2024
Дода 6054 30 пікір 26 Қыркүйек, 2020 сағат 12:19

Жолың болсын, Ауытжан!

Мен Ауыт Мұқибекті Атажұртқа оралған сәтінен бастап білемін. Тұманбай ақынның қасында жүрді. Елордаға 2012-жылы көшіп келді. Өзім жұмысқа алып, осында қалуына көмектестім. Ол содан бері біржолата көші-қон саясатымен айналысып келеді. Уақыттың талабы солай болды.

Мен білетін Ауыт Мұқибек ұлт тағдырына қатысты мәселеге келгенде айтысып та, тартысып та шыдайтын азамат. Кезегі келгенде сөзге тоқтайтын, жүйеге жығала да білетін жігіт. Ащы айтқан, айғайлап айтқан тұстары да көп болды. Бірақ, соның бәрінде әдептен асқан, заңды сыйламаған жері жоқ. Айтар ойы мен талап-тілегін қисынға сүйеп, дәлелдермен айтты.

Көші-қон – Елбасымыздың ұлы саясаты. Осы саясаттың арқасында елге ел қосылды. Қазақстанның демография, мәдениет, тіл, экономика саласының тамырына жаңа қан жүгірді.

Көш тоқтамау керек!

Көші-қон, оралған және оралмаған қандастарымыздың мәселесін бәріміздің айтқымыз, көтергіміз келеді. Айтып та, жазып та жатырмыз. Бірақ, жалпылама, ұзын ырғасын айтып жатырмыз.

Ал, оның заңнамаларындағы түйткілді түйіндерін Ауыт Мұқибектей жінтіктеп, боршалап айтатын және оны шешуге бар күшін салған азаматты көргем жоқ.
Елордада алыстан келген ағайынның зиялы қауымы мен ауқатты кәсіпкерлері шоғырланған. Ауыт Мұқибек келгенге дейін бұл мәселе тым-тырыс жатқан болатын. Ауыт інім келді де білек түріп кірісті де кетті. Қақпаған есігі, кірмеген басшысы қалған жоқ. Бейне, мұзжарғыш кеме болды десем, артық айтқандық болмас. Тіпті, көші-қон құрдымға кетіп бара жатқанда Елбасының атына «Ашық хат» жазып, шырылдағаны елдің есінде болар. Елбасы Ауыт Мұқибектің хатын оқып, құлап бара жатқан көшті қолтығынан демеп, төрт жылсыз азаматтық берілмейтін заңды қайта қалпына келтіргенін біз жақсы білеміз.

Қазір нәтижесін көріп отырмыз, қандастарымыздың құжаттана алмай сергелдеңге түсетін тарихы аяқталды. Себебі, Ауыт ақынның арқасында заңдардағы кедергілер жойылды. Жаңа, тиімді баптар енгізілді.

Міне, сол Ауыт Мұқибек бауырымыз «Нұр Отан» партиясының праймеризіне қатысып, Мәжіліс депутты болуға аттанып жатыр екен.
Ақ жол тілеймін!

Сайлауалды бағдарламалары мен оның түйіндерін тарқатып түсіндірген мақалаларымен түгел танысып шықтым. «Егер, мен Мәжіліске депутат болып сайлансам, шетелдегі қандастарымызды Қазақстан Республикасының Конституциясымен қорғауға, сөйтіп жалпы көші-қон саясатын мемлекеттің маңызды әрі басым бағыттағы саясаттарының біріне айналдыруға мүмкіндік беретін жобалар ұсынам және ол жобалардың жүзеге асуына ықпал етем!»-депті Ауыт Мұқибек.

Өте дұрыс!  Қазақтың саны көбеймей, еліміз дамымайды. Тіпті, мемлекетімізге қауып пен қатер төнуі мүмкін.

«Шекаралық өңірлерде тұрақты тұратын азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне «Шекаралық өңірде тұрады» деген өзгеше мәртебе (статус) беретін, оларға тұрақты түрде ай сайын 2 АЕК көлеміндегі төлемдер төлейтін және өзге де жеңілдіктер қарастыратын «Шекаралық өңір тұрғындарын әлеуметтік қорғау туралы» арнайы заң қабылдауды ұсынамын», - депті...

Тамаша ұсыныс! Халықты шекаралық өңірлерге шоғырландырудың бұдан өзге тиімді жолын көріп тұрғам жоқ. Бағдарлама жасау да керек шығар. Бірақ, ол жемқорлардың жемі болып кетеме деп қауіптенем.

Мәжілісте сөйлеп қана отыратын депутаттардың заманы өтті. Енді білікті мамандар мен тұлғалар керек. Мен Ауыт Мұқибектің Мәжіліс депутаты болғанын қалаймын!
Жолың болсын, Ауытжан!

Несіпбек Айтұлы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347