Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
4602 0 пікір 30 Қыркүйек, 2020 сағат 15:07

«Педагог мәртебесі туралы» Заң жас мамандарға қалай ықпал етті?

2020 жылдың мамыр айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы білім және ғылымды дамыту мәселелеріне арналған болатын. Отырыс нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырмалар берді. Сол тапсырмалар қаншалықты орындалып жатыр? Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

Аймағамбетовтың айтуынша, сол отырыста мұғалім мамандығын таңдаған студенттердің шәкіртақы мөлшерін екі есеге, яғни, 42 мың теңгеге дейін көтеру мен сол мамандыққа түсетін шәкірттерге қойылатын талаптарды арттыру мәселесі қаралған.

Айта кетейік, педагогикалық мамандықта оқитын абитуренттерге төленген шәкіртақы мөлшері өткен жылы 21 мың теңге болған. Алайда, Президенттің тапсырмасынан кейін жыл соңында 26 мың теңгеге көтерілген. Ал, биылғы жаңа оқу жылынан бастап мұғалім мамандығын таңдаған битуренттердің шәкіртақысы 42 мың теңге көлемінде болды. Айта кетерлігі, бұл барлық мамандықтардың ішіндегі ең жоғары көлемдегі шәкіртақы болып есептеледі.

Ал, болашақ ұстаздар 28-қыркүйектен бастап осы тағайындалған стипендияны ала бастаған.

Сонымен қатар, 2020 жылдың маусым айынан бастап педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерге шекті балл 70-ке дейін көтерілді. Бұл өз кезегінде аталған мамандыққа қойылатын талапты күшейтпек.

Ал, биыл мектеп бітіргендер, оның ішінде «Алтын белгі» төсбелгісін алған түлектердің арасында мұғалім мамандығын таңдағандар саны 1,7 есеге өсті. Ал, басқа бағыттар бойынша орташа балл 100-ден жоғары болған. Бұл өз кезегінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдаумен атқарылған жұмыстардың нәтижесі деп айтуға болады.

Айта кетейік, педагогикалық мамандыққа түсетін талапкерлердің орташа балы бірнеше жыл бұрын 65 болса, қазір тек қана жоғары балл жинаған бәсекеге қабілетті түлектер ғана аталған мамандықтың тізгінін ұстай алады. Сонымен қатар, бүгінде ұстаздық мамандығына деген сұраныс та қоғам тарапынан артқаны байқалады.

Одан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтылған тағы бір мәселе – ғылым саласындағы жастарды қолдау мен оларға қойылатын талаптарды қатаңдату.

Мәселен, соңғы отырыстан кейін докторанттардың стипендиясы 102 мыңнан 150 мың теңгеге дейін көтерілген. Бұл жас ғалымдарды қолдау үшін атқарылған үлкен шаруа. Себебі, олардың да өз отбасылары бар және жас ғалымдардың өз зерттеулерімен айналысуына жол ашу қажет.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігіндегі тағы бір айтарлықтай жаңалық 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап мемлекеттік гранттың құны өсті. Бұл шара университеттегі оқытушылардың жалақысын көбейтіп, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға септігін тигізбек.

Білім және ғылым министрі Ұлттық қоғамдық сеніи кеңесінің қорытындысы негізінде берілген Президент тапсырмалары алдағы уақытта белгіленген мерзімде орындалатынын және аталған мәселенің ерекше бақылауда екенін айтты.

Айта кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердің санының артатынын да айтқан болатын.

-Еліміздің мектептерінде сыныптағы оқушылардың саны көп болмағаны және мектептердің жақсы жабдықталғаны маңызды. 2025 жылға қарай 650 орындық және одан көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп салынады. Сонымен қатар, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат пен 700 ден аса спорт залдарын салу жоспарланған. Мұның барлығы да мемлекеттік білім беру бағдарламасының негізінде жасалады,- деген болатын Президент.

Сондай-ақ, аталған кеңесте ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту, балалар арасындағы суицид пен оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036