Бізге бір супермаркет керек-ақ!
(Сықақ)
Шынымды айтайын, осы: «суперанау», «супермынау» дегендердің немене екенінен хабар-ошарым жоқ. Әркімнен естуімше: ол – «өте үлкен сауда дүкені, онда сатуда кісіден басқаның бәрі бар». Олай болса, бізге – ақылы өзінен артыла бастаған шалдарға – артық ақылымызды сататын сондай бір дәу дүкен керек-ақ десем, біздің кәріжігіттер, уәй, зейнетақысына үкімет 10 пайыз қосымша беретін болғандай-ақ қутыңдар еді! Себебі, баршаңыз жақсы білесіздер, біздің елде не көп – ақыл көп, не арзан – ақыл арзан, - басқаның бәрі тоқсан сайын қымбаттап жатса да.
Бірнеше құрдасыма осы ойымды білдіріп едім: - дүкендердің көкесі «Супермаркетті» көксемей тұра тұрайық, әуелі солардың біреуінен бір бөлме бұйырса, шіркін, нөпір ақылымызды нөмірлеп сатып, бір байып қалар едік!» деп қауқылдасып, алақандарын ысқылады.
Ақыл жарықтық менде де асып-төгіліп жатыр, «бір байып қалуға» әсте қарсы дауыс бермеймін!
Сонымен, әңгімемнің әліпбиіне балап, сіздерге бірнеше ақылымды тегін ұсынсам, сіздер оқып шығып: «Мұндай ақылды ақысыз айту обал!» деп қаулы шығарып па, заң қабылдап па, біздің үкіметте қаулы қабылдау, парламентте заң шығару чепухаизм ғой, анау суперлердің бірінің иесіне тапсырттырып, маған жол ашсаңыздар, ол «ғасыр ғұламасы... тойыст, ғасыр жаңалығы» болар еді!
Ал енді, сөз сапыруымды саябырлатып, сатпақшы ақылдарымның әзірше қысқа ғана тізімін берейін.
Жастарымызға өсу керек. Бойымен емес, әрине. Күнде жиын, күнде той астанамыздағы мәз-мәйрәм топтың ауласына бас сұғу үшін пісіп-жетілмей болмайды. Өз төтеңнен жетіп барсаң, келген жағыңа қарата желкеңе бір түйеді, немесе одан бір метр төменіңе бір тебеді, - «бар, аман бол!». Ондай тарихи оқиғаға тап болмас үшін әуелі жан-жақты барлау керек. Арман-ауланың қақпасы кімдікі? Ол жақтағы оның бұл жақта туыстары, дос-жолдастары бар ма? Болса, олар кімдер? Қайсысынан қайтіп бастап, қалай жанасу керек? Дешевый сөзбен бе, дорогой доллармен бе? Екеуі де болсын: бірі -аузыңда, бірі – қалтаңда. Әйда, давай кіріс!
Ата-бабаларымыз айтқандай, «нағыз жігіт бір сырлы, сегіз қырлы болады». Бизнес, инвистиция, жекешелендіру атымен жоқ ол кезде қандай қырдың болғанын білмеймін, бүгінгі бізде, менің ұйғаруым бойынша, нағыз жігіттің қырлары:
1, Қызметі жоғары аға-інілермен, апай-қарындастармен әрқашан жып-жылы жымиып сөйлесу және ешқашан қарсыласпау.
2, Қызметі төмендермен жүре сөйлесу. Олардың не істегендерін, не істемек екендерін білуге уақытты қор қылмау.
3, Жалпы есебі күндіз-түні дұп-дұрыс болуы үшін бухгалтерлердің: «кіріс, шығыс, баланс» деген сөздерін жаттап алу. Үлкен-кіші кеңселердің біріне ие бола қалғанда ондағы ескі кадрларды біртіндеп тездете шығысқа жатқызып, жаңаларды тездете біртіндеп кіріске жатқызу. «Жаңалар» - өзіне ғана керектер.
4, Көпшілікке қажет іс өзіне де пайдалы боларын білсе, бірақ оны істеу өзінің қолынан келмесе, ақы-пұлын аямай өзгеге істетіп алу және оған «мен істеп беріп едім» дегенді айтқыбау.
5, Өтіріксіз өмір жоқ, өтірік айта білу де – өнер. Ұсағына ұрынбай, кесегін ұстап, қисынын тауып, ой-қырлап шауып, өзі де тамсанып, өзгелерді де тамсантып айта біліп, ұшпаққа шығу.
6, Ұзақ жолында алдын орап кетулері мүмкіндерді артта қалдырып кетудің төте жолы – оларды өзара қырқыстырудың айла-шарғысын таба білу.
7, Көпшіліктен мақтау есту үшін оларды тауығының тау қыранының тұқымы екеніне, өзінің Шыңғысханның шөбересінің шөбересінің шөбересі екеніне сендіре білу.
8, Бастықтарының шырқау жоғарыдағысын ақмоншада отырғандай ете буын-буынын босатып, табанынан төбесіне дейін балқытып жүру үшін оны ерінбей-жалықпай, шаршап-шалдықпай мақтап, нанына жағатын сарымайдай болу. Оның ертең түшкіруі мүмкін екенін естен шығармай, «жәрәкімалланы» бүгін айтып жүру.
9, Байи білу. Бізде қалай, қайтіп баюдың үлгісі керектен де көп. Экономикамыз қарыштап-ғарыштап дамып, гүлденіп, құлпырып, әлемнің алдына шыға жүйтіп, қазақстандықтар «арзандады» деген арзан сөзді ұмытты. Жариялы, жариясыз, еркек-ұрғашы жиырма шақты миллиардеріміз, алпыс шақты миллионеріміз бар, соларды таңдап-таңдап, үйдегі-түздегі доллары бәрінен көп біреуіне ұқсап бағу. Ұқсап қана қоймай, одан озу, сонсоң: Мәскеуде, Лондонда, Парижде, Вашингтонда, Нью-Йоркта, Бежинде, Стамбулда, Тель-авивте... ондаған, жүздеген миллион долларға хан сарайындай үй сатып алуға қол жеткізу. Ол жақта тоқал, күйеу ұстап, оны үлде мен бүлдеге орап қою.
10, Өзі туралы, өзге туралы бірдеңе жазуға икемі болса, тәуелсіз гәзет-журналға жоламау. Бізде сонау төбеде отырғандарға шәншу болған бір ғана мақалаң үшін олардың аққа кереғар тізімдеріне тіркелуің «қамтамасыз етіледі». Содан сақтанып, ол жақтан ат-атақ, сый-сияпат алудың төте жолы – тәулік бойы «ләппәй!» деп жүру, отыру және жату.
11, Қазақтың бәрі – ауылдың баласы. Шыңға шығуды содан бастау керек. Әуелі «Ауылбасы» деген дәреже алмай дәнеңе болмайды. Оны «Ауданбасы» береді. Одан соң күндіз күлкіні көбейтіп, түнде ұйқыны азайтып, жалықпай да талықпай жолын іздеп тапсаң: «Ауданбасы», «Қалабасы», «Облысбасы», «Республикабасы» болып сатылап көтеріліп кетесің.
12... Оу, осымен тоқтайын, «...сегіз қырлыдан» асып кетіп барады екенмін, қой, ыңғайсыз болар. Бірақ, меніңше, менде жазық жоқ, мен кеудесін мәнсіз мақтан керіп, тілін жалға тегін беріп сухиттап жүргендердің қоғамындамын, бірақ супер-муперлерді әлі күнге дейін сырттарынан ғана көріп жүрген миллиондардың бірімін.
Дегенмен... ескертіп қояйын: менде заманына қарай қыры көп болуға тиіс жігіттерге ғана емес, әрқилы жастағыларға әрқалай арналған ақыл нөпір. Но ендігісін ақы-пұлсыз базарламаймын. Супермаркеттердің біріне «свой человек» болудың қисынын келтірсем, оны сол секөнтте жария етемін! Өй, біз сонда шұрқырасып, соңғы кезде үлкен-кіші гәзеттер: «ақылды қала», «ақылды дала», «ақылды ауыл», «ақылды көше», «ақылды мәшине», «ақылды ақымақ», ақылды анау да мынау деп жазып жатқандай, артық ақылымызды күндіз-түні сатып, талайдан алғыс-бата алып, жасара бастар едік!..
Ғаббас Қабышұлы
Abai.kz