Ақтоты Райымқұлова: Димаш Қазақстанның брендіне айналды
Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Димаш Құдарбергенге қолдау көрсетіп жатқан демеушілердің бәріне жылы лебізін жеткізіп, алғысын айтты. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады.
"Әлбетте ең алдымен біз Димаштың әрбір жетістігі үшін қуанатынымызды айта кеткім келеді. Ол – Қазақстанның азаматы. Осында оқыды, колледжді бітірді, Қазақ өнер университетін аяқтады. Өткен жылы магистр дипломын алды. Мемлекеттік шәкіртақымен бірге ол "Дарын" сыйлығы мен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алды. Бұл – құрметі жоғары атақ", деді Ақтоты Райымқұлова.
Сонымен бірге Ақтоты Райымқұлова Димаштан әрдайым қызықты жобаларды күтетінін айтып өтті.
"Мәдениет және спорт министрлігі өз тарапынан оны қолдайды, Нұр-Сұлтандағы, Мәскеудегі, Америкадағы кештерін өткізуге атсалыстық. Қазіргі таңда оған өте көп демеуші көмек көрсететіні айта кеткім келеді. Ол Қытайдағы "I am singer" байқауының жеңімпазы болғандықтан, келісімшартқа сәйкес жеңімпаз сондағы белгілі бір шараларға қатысуы керек. Димаш "Славян базары" байқауында жеңген кезде де ол сол жақтағы (Беларусь) концерттерге қатысқан еді. Әрине Қытайдың продюссерлері Димашпен жұмыс жүргізуге асық. Димаш Құдайберген Қазақстанның брендіне айнала бастады. Әрине біздің міндетіміз – оны қолдау", деді Мәдениет министрі.
Abai.kz