Tatulyq.kz: отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жоба 5,9 миллионнан астам адамды қамтыды
Қазақстанда отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-ағартушылық жұмыстардың ауқымы кеңейіп келеді. Соның бірі – Tatulyq.kz жобасы. 2026 жылдың қорытындысы бойынша жоба материалдары мен іс-шаралары 5 миллион 910 мыңнан астам адамды қамтыған. Ал психологиялық тестілеуге қатысқан 6 935 адамның 44,75 пайызында орташа және жоғары деңгейдегі эмоционалдық шиеленіс анықталған.
Бұл туралы Астанада өткен брифингте «Серпін» әлеуметтік даму ұлттық қорының өкілдері мәлімдеді. Кездесуде жобаның бір жыл ішінде атқарған жұмыстары, негізгі көрсеткіштері және алдағы жоспарлары таныстырылды.
Tatulyq.kz жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы берілген мемлекеттік грант негізінде жүзеге асырылуда. Негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту, халықтың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру.
Ақпараттық жұмыстар жоспардан 48 пайызға жоғары орындалған
Жоба аясындағы ақпараттық науқан әлеуметтік желілер мен интернет платформаларда жүргізілді. Онда сарапшылардың пікірлері, тақырыптық мақалалар, бейнероликтер, инфографикалар және қысқа форматтағы видеоматериалдар жарияланды.
Жалпы ақпараттық қамту 5 миллион 910 мың 345 адамды құраған. Бұл жоспарланған 4 миллион адамдық көрсеткіштен 148 пайызға жоғары.
Атап айтқанда, 13 бейнероликтің жиынтық қаралымы 3 миллионнан асқан. Әр видеоматериал орта есеппен 2 мыңнан астам лайк жинап, 600-ден астам пікірге ие болған.
Ақпараттық науқандарда отбасылық жауапкершілік, жеке шекара, сталкинг, буллинг және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері қамтылды.
Сондай-ақ «Ер болу – жауапкершілік» жобасы аясында төрт сұхбат, «Ой қозғау» подкастының жеті шығарылымы, үш оқыту вебинары және «Тату отбасы» онлайн-мектебінің жеті сабағы әзірленді.
Психологиялық зерттеу: қатысушылардың 44,75 пайызында эмоционалдық шиеленіс байқалған
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың психологиялық жағдайын бағалау және тиісті ақпараттық қолдау көрсету.
Төрт психологиялық тест бойынша 6 935 адамның жауабы талданған. Нәтижесінде қатысушылардың 44,75 пайызында орташа және жоғары деңгейдегі эмоционалдық шиеленіс анықталды.
Сонымен қатар 28,4 пайызында жеке шекараны қорғау дағдыларын жетілдіру қажеттілігі байқалса, 22,85 пайызында отбасылық қарым-қатынасқа байланысты қиындықтар тіркелген.
Жоба өкілдерінің түсіндіруінше, бұл тестілеу нәтижелері медициналық немесе клиникалық диагноз болып саналмайды. Сауалнамалар азаматтардың өзіндік бағалауына негізделген және олардың психологиялық ахуалын, күйзеліс деңгейін, жеке шекараны сақтау мен отбасылық қарым-қатынас ерекшеліктерін бағалауға бағытталған.
Зерттеу нәтижелері бойынша стрессті басқару, жеке шекараны қорғау және отбасылық қарым-қатынасты жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірленген.
Сталкинг пен некеге мәжбүрлеуге қатысты заңнамалық өзгерістер түсіндірілді
Брифинг барысында құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар да таныстырылды.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сталкинг пен некеге тұруға мәжбүрлеу үшін жауапкершілік енгізілгені атап өтілді.
Осы заңнамалық өзгерістерді түсіндіру мақсатында 2026 жылдың ақпан айынан бастап арнайы ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылған. Олардың қатарында заңгерлер мен сарапшылардың қатысуымен өткен вебинарлар, жастарға арналған тренингтер және ақпараттық кездесулер бар.
Іс-шараларда сталкингтің құқықтық салдары, қыз алып қашудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасырын түрлері мен жеке қауіпсіздік мәселелері қарастырылды.
Сонымен бірге «Әйел. Құқық. Қауіпсіздік» сериясымен екі онлайн-журнал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және харассменттің себептеріне арналған үш аналитикалық мақала дайындалды. Медиакомпания жүргізуге қатысты екі әдістемелік видеонұсқаулық та әзірленді.
Жастарға арналған оқыту кездесулері Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Көкшетау, Түркістан және Семей қалаларында өткізілді. Оған студенттер, жастар, педагогтер мен психологтар қатысты.
111 байланыс орталығы туралы ақпарат кеңінен таратылды
Жобаның жеке бағыты азаматтарға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін түсіндіруге арналды.
Осы мақсатта 111 байланыс орталығы, өңірлердегі дағдарыс орталықтары мен сенім телефондары туралы 20 ақпараттық мақала жарияланды.
Материалдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қайда жүгіну керектігі, қандай қызметтер көмек көрсете алатыны және зорлық-зомбылық белгілерін қалай анықтауға болатыны жөнінде ақпарат берілген.
Психолог Алина Асанованың таныстырылымында да психологиялық тестілеу қорытындылары мен азаматтарға қолжетімді көмек көрсету арналары туралы мәліметтер ұсынылды.
Жоба жұмысы 2027 жылы да жалғасады
Брифинг соңында жоба менеджері Сарбінас Болеген келесі жылға арналған жоспарлар мен жаңа жұмыс бағыттарын таныстырды.
Оның айтуынша, жоба аясында әзірленген ақпараттық және оқу материалдары ашық қолжетімді болып, алдағы уақытта да ағартушылық мақсатта пайдаланылатын болады.
Жалпы, Tatulyq.kz жобасының 2026 жылғы қорытындысы отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында ақпараттық түсіндіру, психологиялық сауаттылық және құқықтық білім беру жұмыстарының қатар жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Сонымен бірге мамандардың пікірінше, мұндай бастамалардың тиімділігін тек аудиторияны қамту көрсеткішімен бағалау жеткіліксіз. Негізгі нәтиже – азаматтардың өз құқықтарын білуі, қажетті жағдайда көмекке жүгіне алуы және отбасында қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуы.
Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл бағытта қоғам, білім беру ұйымдары, мамандар және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі маңызды.
Abai.kz