Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
2442 0 пікір 21 Қазан, 2020 сағат 11:02

Аймағамбетов: Біз үшін балалардың қауіпсіздігі маңызды

Қазақстандық мектептердің 99%-ы бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Еліміз бойынша 6971 мемлекеттік мектеп жылы дәретханалармен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиынында белгілі болды.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің аумақтық департаменттері мектептер мен балабақшалардың бейнебақылау жүйелерімен және жылы дәретханалармен қамтамасыз етілуі бойынша мониторинг жүргізді. Жалпы жылы дәретханаларды орнату мәселесінің шешілуінде оң динамика байқалатынын атап өткен жөн.

«Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын жылы дәретханалармен және бейнебақылау камераларымен қамту төңірегінде ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне байланысты мәселе болғандықтан, мұндай маңызды сұрақты «ұсақ мәселе» деп қарастыруға болмайды. Өткен жылы еліміз бойынша 2700 мектепте жылы дәретхана болмаса, бүгінгі таңда 2456 мектепте жылы дәретхана салынды.

Бұл ретте сапа мәселесін де назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Мектептерде дәретханаларды іске қосып, бірақ оларды жауып қойып, оқушылар даладағы дәретханаларға барып жүретін жағдайға жол бермеуіміз керек. Облыстық білім басқармаларының басшылары бұл мәселені қатаң бақылауға алулары тиіс», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Қазақстандық мектептердің 99%-ы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. 2018 жылы бұл көрсеткіш тек 75% құраған болатын.

«Білім беру ұйымдарын бейнебақылау камераларымен қамту мәселесі де маңызды. Бүгінгі таңда камералармен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетіп отыр. Дегенмен атқарылған жұмыстың саны емес, сапасы маңыздырақ. Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бұйрықтарына сәйкес білім беру ұйымдарын бейнекамералармен қамту бойынша нақты талаптар қойылған. Орнатылған бейнебақылау камерелары барлық талаптарға сай болуы тиіс», – деді Асхат Аймағамбетов.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961