Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 4991 17 пікір 25 Қазан, 2020 сағат 15:30

Керекуді КСРО-ның елесі кезіп жүр...

Павлодардағы патшалық-кеңестік кезеңнің құндылықтарын көксеуші топтар сол кезеңнің ескерткіштерін, рәміздерін барынша құрметтеп, бәз-баяғы қалпында қалуын көксейді. Мемлекеттік органдар немесе жекеменшік кәсіпорындар тарапынан идеологиялық мән-маңызы ескірген нысандарды алып тастау жөнінде мәселе қозғалса тәуелсіз орыстілді басылымдар мен әлеуметтік желілер арқылы байбалам салады.

Сондай жерлесте­рі­міздің 1997 жылы Пав­лодардың орталық алаңын­дағы Лениннің мүсінін басқа орынға көшіру ісіне барынша қарсылық таныт­қаны, тіпті митинг ұйым­дас­тыруға тырыс­қаны есімізде. Бертін «Дом географии» (ПавГео) қоғамдық ұйы­мының басшысы, журналист Александр Вервекиннің патша заманында «Россия» қонақүйі ретінде салынған ғимараттың қирандысын қайта қалпына келтіру жө­нінде облыс әкімінің атына хат ұйым­дастырғаны ұмытылған жоқ. Осы А.Вервекин Ресейдің Омбы қала­сындағы әріптестерін Павлодар облысына шақырды. Шақырып қана қоймай, Кереку өңірін жаулаған патша әскерлері қолбасшысының есім-сойымен аталатын «Дорогами Бухгольца» атты экспедицияның біздің облысқа сапарын ұйымдастырды. Сондай-ақ тележурналист ретінде Ертіс өзені бойындағы патша әскерлері бекіністерінің қалдықтарын іздестіріп, «Иртыш и его крепости» атты кинофильм де түсірді. Онымен ниеттес журналистер мен белсенділердің бар екенін де білеміз.

Осы жазда Павлодардағы жекемен­шік дәріхана иесі ғимаратқа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты бір қабырғасында кеңестік кезеңнен қалған барельефті алып тастады. Бедерлі суретте большевиктер көсемі Лениннің революция кезінде «Жер – шаруаларға, зауыттар – жұмысшыларға, ағарту – баршаға!» атты ұраны әспеттелінген еді. Сол-ақ екен әлгілер айғайлап шыға келді. Атышулы ұранның соңы қызыл қырғынға ұласқанын, жүз мыңдаған өнеркәсіп пен шаруақожалықтары иелерінің «буржуй», «кулак» атанып атылғанын я дүние-мүлкі кәмпескеленіп жер аударылғанын; лениндік ағартудың салдары байлар мен кедейлер санасында ғана емес, ағайындылар арасында да асқан өшпенділік сезімін тудырғанын олар білмейді емес, біледі. Сөйте тұра, мемлекеттік органдардан бедерлі суретті қаланың көрнекті орындарының біріне қойылуын талап етіп, әлеуметтік желілерді әлі де ­шулатуда. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияны дәріптеген бұл дүниенің «Мәдени мұра» тізіміне енбегенін, сондықтан қандай да бір құндылық болып табылмайтынын да біледі. Әйтсе де, ондай фактілерге көз жұмып, көркем туындының авторы, талантты суретші Александр Бибиннің (1939-2009) шығармашылық жолын, шығармаларын, жетістіктерін, марапаттарын жалаулатып алға тартуда. А.Бибиннің кәсіби суретші екендігінде дауымыз жоқ, коммунистік қоғамда обкомның тапсырысын орындағаны үшін тағар кінәміз де жоқ. Тек әлгілердің марқұмның аты-жөнін өздерінің мүддесіне пайдаланып, ойынға айналдырғанына қынжыламыз.

 

Хош, осымен патшалық-кеңес­тік кезеңнің құндылықтарын әспет­теушілердің «әлуләйлімін» доғарайық та, мемлекеттік мекемелерге қатысты мәселеге назар аударайық. Жергілікті «Ertis» телеарнасы тілшілерінің әлгіндей топтың сойылын соғып, мәселені бір жақты баяндайтын сюжет жасағанын неге жорырымызды білмей отырмыз. Ал облыс сәулет және қалақұрылысы басқармасының ­басшысы Нұрлан Қақамбетовтың тілшілерге барельевтің алынғаны өзінің ­ашу-ызасын тудыр­ғанын, оны қайта орнатуға жаңа орын табатынын айтып сұхбат бергені ешбір шеңберге сыймайды. Облыс әкімдігінде бас сәулетшіге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында коммунистік қоғамның құндылықтарын жаңғыр­тып насихаттау іс-шаралары қарастырылмағанын айтып түсіндіретін бір шенеунік табылмаған сияқты. Нұрлан інімізге: «Қарағым, сұхбатыңда отаншыл азаматтардың намысын қорлайтын, егемен еліміздің ұлттық саясатымен үйлеспейтін сөздер айтқаның қалай?» деп, өзімен сөйлесуге бел буғанбыз. Кездесудің сәті түспеді, басқа қызметке ауысып кетіпті. Оның орнына келген бас сәулетші бұрыннан айтылып жүрген «әлеуләйлімге» назар аудармайтын шығар деген үміттеміз.

P.S: Шарбақты ауданы әкімдігі ғимаратының жанында Лениннің мүсіні әлі тұр. Қола мүсінді балқытып, Абайдың мүсінін құйып шығарудың уақыты жетті деп білеміз.

Арман Қани,

Павлодар қаласы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5353